Кеденшілердің «пысықтығынан» ел қазынасына ақша түспей жатыр
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Кеденшілердің «пысықтығынан» ел қазынасына ақша түспей жатыр

Кеденшілердің «пысықтығынан» ел қазынасына ақша түспей жатыр
  • Жан КЕНЖЕ

Қазақстандық кеденшілер қазы-наға келіп түсетін қаржыны азайтумен әуре. Қалай дейсіз ғой? Ол жайлы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Парламент қабырғасында арнайы мәселе көтерді. Айтуынша, импортталатын тауардың кедендік құнын анықтайтын кезде баға тым қымбатқа шығатындықтан, бүгінде кәсіпкерлер өз тауарын көршілес Қырғызстан шекарасы арқылы өткізетін болған.

«Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) бүкіл әлемде кеден заңнамасындағы кемшіліктерді анықтау мен алдын алу үшін қажет. Ал бізде бұл жүйе негізінен бюджетке келіп түсетін алым-салықты арттыру үшін қолданылады. Осылайша, осы жүйенің арқасында кеденнен өтетін тауардың құны аспандап шыға келеді. Әрине, оған көне қоятын кәсіпкер ме. Ол арзанға түсетін жолды іздейді. Енді Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы Қытайдан тауар таситын саудагерлер заттарын Қырғызстанның Нарын облысы арқылы өткізуді дұрыс көретін болды» дейді халық қалаулысы.

Демек, отандық кәсіпкерлер алым-салығын көрші елге төлеп, солардың қазынасын байытып жатыр. Мысал келтіретін болсақ, бір ғана Алматы облысының өзінде сыртқы сауда айналымының көлемі 2016 жылдың алты айында 20 есе кеміген. Ол былтыр 20 млрд теңге болса, қазір – 51 млн теңге. Айдың-күннің аманында, тапа-тал түсте 860 млн теңгеден оп-оңай қағылдық. Толтырылған декларациялар өткен жылы – 10 987 болса, биыл – 1437. ҚҚС төлеу 9 есе азайыпты. Бұл – бір ғана облыстың мәліметі. Бүкіл елдегі көрсеткішті айтпай-ақ қояйық.

Жалпы, кеден саласындағы өзекті мәселе тек бұл ғана емес. Кеденшілердің әрекеті тіпті кәсіпорындардың банкротқа ұшырауына да себепші болады екен.

«Бұл жүйенің әдістемелік кемшіліктерін ерекше атап өткім келеді. Есеп комитетінің мәліметінше, 2015 жылы кеден 36 мың тексеру жүргізіп, небары 103 кемшілік тапқан. Ал, Атырау, Қостанай, Алматы және Ақтөбе облыстарында бірде-бір қателік табылмаған. Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қорытындысы бойынша 1455 кедендік сараптама жасалғанымен, 13 ағаттық дерегі ғана табылған. Соған қарамастан кей жағдайларда арнайы сараптама жүргізілген партияның сомасы – бар болғаны 6-200 доллар аралығында» дейді Аманжан Жамалов. Ең өкініштісі – сол сараптамаларға қомақты бюджет қаржысы жұмсалып отыр ғой.

Бұл саладағы тағы бір абсурд жағдай – біз Дүниежүзілік сауда ұйымына енгенімізге қарамастан, халықаралық нормаға сәйкес кедендік жеңілдіктерді енгізе алмай отырмыз. Оны есептеу оңай – жеңілдік пайызы тауарға ақша төлеу әдісіне қарай есептеледі. Есеп айрысудың мысалы мынадай түрлері бар: алдын ала төлеу, жекелей төлеу, консигнация, кредит және басқа. Мұнда сонымен бірге сату көлемі және басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Қазақстан қол қойған ережелерде соның бәрі тайға таңба басқандай анық жазылып тұр. Алайда, біздің кеденшілердің ол ережелерге түкіргені бар. Олардың ойынша, жеңілдіктер сатушы мен сатып алушыны өзара байланысты тұлғаларға айналдырып жібереді-міс. «Мемлекеттік кірістер комитетінің бұл орайдағы алым-салықтары түсіндіруге келмейді және ережеге мүлде сай емес» дейді кедендік брокерлер қауымдастығының төрағасы Геннадий Шестаков. Яғни, Қазақстан бүкіл әлемнің алдында өз мойнына жауапкершілік алып, ДСҰ мүшесі ретінде қол қояды, ал қарапайым қызметкерлер ол ережелерді мойындамайды. Абсурд емей немене?!

Қауымдастық төрағасы бұдан басқа бірқатар проблеманың бетін ашты.

«Кеден салығының көлемін анықтаудың 6 түрлі жолы бар. Ең негізгісі – келісімнің бағасы бойынша анықтау. Егер кеден қызметкері келісімнің құнына күмән келтірсе, ол басқа әдістерді қолдануына болады. Бірақ біздің кеденшілер экспорт елінің қандай да бір маркетингтік буклеттегі немесе сайттағы бөлшек бағасын негізге алады. Алайда, бұл бағаға сатылатын елдің бүкіл салығы қосылған және ол тауардың бөлшек құны. Негізі, тауардың экспорттық құны одан кем дегенде 30-50 пайызға төмен. Аталған ережелерге сәйкес, инспектор бұл жағдайды да ескеруге міндетті. Бірақ, бізде ең максималды құны есептеледі» дейді Геннадий Шестаков.

Бұл сергелдең кәсіпкерге оңай тимейді. Сосын олар не істейді? Әлбетте, әділдікті соттан іздейді. Дегенмен, сот Қазақстан қол қойған нормаларды жақсы білмегендіктен, үнемі кеденшінің мерейін үстем етіп, шешімді соның пайдасына шығарады екен. Сондықтан, көптеген кәсіпкерлер отандық кеденге қолды бір сілтеп, тауарын көрші ел арқылы өткізетін болды. Осылайша, біз қазынаға келіп түсетін мол пайдадан құралақан қалып отырмыз. Айыпты кім екені көз алдарыңызда. Айтылған ұсыныстар осы бастан ескерілмесе, келешекте кеденшілер жұмыссыз қалуы да ғажап емес. Өйткені, олардың бюджетке түсірген табысы бір жылда 20 есеге азайса, тағы бір-екі жылда не болмақ?! Елестетудің өзі қиын.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Архимедті Архимед қылған кім?

Ол Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалғанда 40 жасқа да толмаған-тын. Аты-жөні де республикаға анау айтқандай мәшһүр емес, ары барса, бір өңірдің жұртшылығы ғана біледі. Сірә, содан да болар, Мемл...

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК Саясат

Ипотека арқылы үй алудың машақаты аз емес

Жуырда ғана LSM.kz сайты жүргізген зерттеу нәтижесіне көз салсақ, әр банктың ипотека беру шарттары әртүрлі. Мысалы, «Сбербанк Қазақстан» басқарма директоры Мақсат Нұриденұлының айтуынша, бұл банктен А...

Жан КЕНЖЕ Қоғам

Қай облыс несімен мақтанады?

Қазақстанның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Соған орай өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы да әрқилы дамыған. Қазақстанда өнеркәсіптің дамуына жер асты байлықтары кең мүмкіндіктер берді. Елімізде қазба ба...

Жан КЕНЖЕ Экономика

Ақбура әулие

Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура әулие жайлы жергілікті тұрғындардың бірінен естідік. «Бала кезімізде көп баратынбыз» деп сөзін бастаған Жанеркенің айтуынша, жаз маусымында су астынан жыландар мен б...

Мақпал ТӨРЕБЕК Мәдениет

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter