Үкімет «Нұрлы жолмен» жүре алмай келеді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Үкімет «Нұрлы жолмен» жүре алмай келеді

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Елдегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасында 2015-2019 жылдар арасында 17 жобаны іске асыру көзделген. Соның 16-сы – көлік және тасымал саласында. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2016 жылға 349,8 млрд. теңге бөлінген. Соның 171,3 миллиарды – Ұлттық қордан. Мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысын бақылауды Елбасы «Нұр Отан» партиясына тапсырған еді. «Нұрлы жол» аясында ел аумағында жүргізіліп жатқан құрылыстарға тексеру жүргізген 231 ревизиялық топ Үкіметтің шайнап бергенді жұта алмайтынына көз жеткізді.

Астанада өткен депутаттық фракцияның кеңейтілген мәжілісінде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен бірқатар мемлекеттік мекеме, ұлттық компания басшылары нұротандытардың алдында біраз терлеуіне тура келді. «Нұрлы жол» аясында салынып жатқан нысандарды тұрақты түрде тексеріп отыратын комиссия министрлер мен әкімқаралардың алдына мемлекеттік жобаны жүзеге асыру барысында анықталған кемшіліктердің ұзынсонар тізімін тастады. Негізгі наз бағдарламаның әкімшісі болған Ұлттық экономика министрлігіне айтылды.

Партия өкілдерінің тексерісі нәтижесінде Астана мен Теміртауды жалғайтын күре жолды салу кезінде өрескел кемшіліктер орын алған. Қала берді құрылыс мерзімі де кешігіп жатыр. Сондай-ақ, биыл Ұлттық қордан арендалық және несиеге берілетін баспана құрылысына бөлінген 202 миллард теңгеден астам қаржының тек жартысы ғана игерілген. Ол аз десеңіз, сол қаржының 9 миллиардқа жуығы мақсатсыз жұмсалған. Онсыз да қазына қаржысы ортайып, мемлекет бар қаражатты барынша ысырап етпей жұмсауды ойластырып отырғанда қазына қаржысы далаға шашылып жатыр.

Биыл құрылысы бітіп, қолданысқа берілуі тиіс Алматы-Шу теміржол торабының тек 43%-ы ғана төселген. Қарағандыдағы Екібастұздан Ақсуға баратын автожолдың да жағдайы осыған ұқсас. Шығыс Қазақстан мен Атырау облыстарында мектеп пен балабақша дер кезінде қолданысқа берілмей қалды. Ал, Алматы облысында екі көпқабатты үйдің құрылысы тоқтап қалған.

«Нұр отан» тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық пен әлеу-меттік инфрақұрылым саласындағы «айықпас ауруларды» да жариялады. Мемлекеттік сатып алу шараларының кеш өткізілуі, жұмысты кестеге сай жүргізбеу – бұл бағыттағы жауыр болған мәселелер. Салдарынан қыруар қаржы желге ұшып жатыр.

«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ қызметін тексеру қорытындысы да ерекше атап өтуге «лайықты». Бұл жобаның жалпы құны – 83 миллиард теңге. Қазіргі кезде экономикалық аумақта 17 жоба бітпей тұр. Ал, негізгі деген үш нысанның тек біреуі ғана – құрлық порты жұмыс істеп тұр. Логистикалық және индустриалды аймақтардағы нысандар бойынша әлі инвестор таппай отыр.

Ел экономикасы тежеліп, дағдарыс дендеп жатқанына қарамастан қазынадан «Нұрлы жолды» жүзеге асыруға бөлінген миллиардтаған ақша желге ұшып жатыр. Тексеріс нәтижелері – мемлекеттік жобаларға қаржы бөлу бар мәселені шешпейтінінің тағы бір дәлелі. Керісінше, бар проблема сол қаржы бөлінгеннен басталады. «Басында отырып бармағын жалауға» дағдыланып қалған әкімқаралар «откат» беретін адам табылмайынша тендер өткізбейтіні, ал оны жеңіп алған мердігер мемлекеттік бағдарламаларды майшелпекке айналдырып алғаны бүгін ғана айтылып жүрген мәселе емес. Бірақ, таяқ тимей, тәубесіне келмейтіннің кері боп тұр. «Ауыл жылы» деп жариялап, ауылды дамытуға бөлінген қаржы, халықты ауызсумен қамтуға бөлінген ақша, айта берсең, Тәуелсіз Қазақстан тарихында талай жоба өтті, талай ақша желге кетті. Осының бәрі маңызды жобаларды жүзеге асыратын және бақылайтын органдардың арасында үйлесімділіктің жоғын көрсетеді. Жыл сайын ел ішінде мемлекет есебінен қаншама үй салынып жатса да, баспанаға жарымай отырған қазақтың саны азаяр емес. Соған қарап, билік басындағылар сол баспаналарды бәліштей көріп, тек тамыр-танысқа таратып жатыр ма деп қаласың. Ал, жол құрылысының сапасы туралы айтып ауыз ауыртуға тұрмайды. Алматыда құлаған көпір, бітпей жатып быт-шыты шыққан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы... Есіл қаржы далаға кетіп, алданған үміт қана қалды.

Ревизиялық топ өкілдерін тыңдап шыққан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед бұдан былай «Нұрлы жол» партияның ұдайы бақылауында болатынын айтып, «Нұр Отанның» республикалық деңгейден бастап жергілікті жердегі бастауыш ұйымдарына дейін осы мәселені назарда ұстап отыруды тапсырды.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter