Сағадиевке бес сауал немесе ана тілі тағы әдірем қалмай ма?
- Айдын СӘТЖАН
Үш тілде білім беру бүгінде ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі десек, артық айтқандық емес. Көп тіл үйретеміз деп жүріп әлі буыны бекімеген, ақылы жетілмеген баланың миын ашытып алмаймыз ба деген мәселе кез-келген ата-ананы алаңдатары анық. Әлеуметтік желілердің бірінде осы мәселеге байланысты журналист Жарқын Сәленұлы ҚР Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлына бес бірдей сауал жолдады. Әрбіріміз үшін маңызды мәселе болған соң біз де бұл сауалдарды басыбүтін беріп отырмыз.
«Қазақ елі таяу жылдары үш тілде білім беруге жаппай көшуді жоспарлап отыр. Осыған орай бірнеше заңды сауал туындайды:
1.Алдағы уақытта барлық мектепте дүниежүзі тарихы тек орыс тілінде, ал жаратылыстану пәндері (химия, биология, информатика, физика) ағылшын тілінде ғана оқытылмақ. Қазақ елінде тұрып, тым болмаса мектептегі барлық пәндерді қазақ тілінде оқып бітіру мүмкіндігі неліктен сақталмайды? Бұл Ата заңға қайшы емес пе? (Ата заңымыздың 19-бабында: «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар», – делінген).
2.Үш тілді білім беру жүйесі жүзеге асқанда қазақ тілінің қолданыс аясы керісінше төмендеп кетпей ме? Өйткені, мектептен бастап қазақ тілінде оқыту аясынан дүниежүзі тарихы мен жаратылыстану пәндері алынып тасталмақ. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында да аталған пәндер бойынша (техникалық, медициналық сала да бар шығар) оқытылатын мамандықтар ағылшын тілінде оқытылса, сол салалардағы қазақ тілді маман азаяды деген сөз (қазақ тілі пән ретінде оқытылғанымен мамандық ағылшын тілінде оқытылса мамандар да ағылшын тілді болып шығады ғой). Сонда қазақ тілі жаратылыстану ғылымдар саласынан мүлдем ығысып кетпей ме? Демек, қазақ тілі гуманитарлық сала мен ауызекі тіл немесе тұрмыстық тіл деңгейінде ғана қалмай ма? Бұл Елбасымыздың алға қойған мақсатын орындауға қайшы емес пе? (Елбасымыз 2012-жылғы халыққа жолдауында: «қазақ тілі 2025-жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарай алмаймыз», – деген еді).
3.Алдағы жоспар бойынша елімізде ағылшын тілін меңгерген мамандар көбейе түспек. Алайда, еліміздегі еңбекақының төмендігіне байланысты, білім мен ғылым, техника мен медицинаны меңгерген мықты мамандар жоғары жалақы беретін шет мемлекеттерге бет бұрып кетпей ме? (бұл үрдіс қазірдің өзінде бар).
4.Болашақта қазақ тілді қарапайым халық пен ағылшын тілді маман (олар қазақша білгенімен мамандықты ағылшынша оқыса сол тілде ғана ойын еркін жеткізуге мәжбүр болады ғой) арасында түсінбестік пайда болмай ма? (БАҚ өкілдері де техника саласын ағылшын тілінде бітірген маманнан ағылшынша сұхбат алып, қазақша аударып беруге мәжбүр болуы мүмкін ғой) Қысқасы, қазақ тілі – мемлекеттік мәртебеге көтерілудің орнына аударма және тұрмыстық тіл деңгейіне төмендеп кетпей ме?
5.Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе – ұлттық тәрбие мәселесі. Тіл мен техниканы жаппай меңгертеміз деп жүргенде ұлттық тәрбие мен отаншылдыққа тәрбиелеу – тағы да қалтарыста қалмай ма? Келешекте бүгінгіден де қатігез ұрпақ көбейіп кетсе ше?
Елбасымыз 2014-жылғы халыққа жолдауында: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады», – деген еді. Үш тілде білім беру – осы идеяны қаншалықты қорғап нығайта алады?
Ескерту: ел ертеңіне бей-жай қарамайтын азамат ретінде жоғарыдағы сауалдардың денін жазбаша түрде министрдің атына жолдадым. Заңда көрсетілген құқықтарымды пайдалана отырып жазған хатыма заң бойынша белгіленген мерзімде жауап алам деп ойлаймын. Жауап қолға тиісімен БАҚ-та жарияланады».
Құрметті оқырман, сіз осы мәселелерге қалай қарайсыз?
- білім беру
- ҚР Білім және ғылым министрі
- Ерлан Сағадиев
- тіл
- мектеп
- Корреспондент
- қызық ақпарат
http://news.caravan.kz/news/ministru-obrazovaniya-sagadievu-zadali-pyat-neudobnykh-voprosov-o-budushhem-kazakhskogo-yazyka-newsID434319.html#addComment
Қазақша да жазғаным бар.