Он балалы ана баспанасыз қалмады
- Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Шымкенттегі бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқан он балалы Дәрібаевтар отбасы 2016 жылды естен кетпес етерліктей етіп қарсы алды деуге болады. Өйткені бұған дейін шеттей бала-шағамен қуықтай бөлмеде тұрып келген отбасы бес бөлмелі пәтерге көшірілді. Мұндай қайырымдық шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі мен кәсіпкерлер бірлесе қолға алған.
Пәтер ақысы алты айға төленіп те қойыпты. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша Дәрібаевтар жанұясы көп бөлмелі пәтерде мемлекеттік бағдарлама арқылы берілетін баспанаға кезегі келгенше ақысыз тұрады. Жаңа жыл қарсаңында әкімдіктегілер жағдайы төмен отбасыны жаңа үйге көшіріп қана қоймай, оларға азық-түлігі мен балаларына арнап мерекелік киім-кешектер сыйға тартуды да ұмыт қалдырмады. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше уақыт бұрын Дәрібаевтар отбасының аядай ғана жерде он баласымен қиын күн көшіп отырғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жайттан хабардар болған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов аз уақытта мәселенің оң шешілуіне мұрындық болды.
- көпбалалы ана
- үй
- Дәрібаевтар отбасы
- шымкент