Студенттер «үйлі» болды
- Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірқатар студенттері енді баспана мәселесіне бас қатырмаса да болады. Өйткені оқу ордасын жанынан «Студенттер үйі» бой көтерді. №9 оқу ғимараты жанынан салынған нысан аумағы 9 398 шаршы метрді құрайды. 5 қабаттан тұратын ғимаратта екі және үш орындық 232 жатын бөлмесі бар. Яғни, мұнда 588 студенттің жатып білім алуына болады.
Бұдан өзге «Студенттер үйінде» 6 демалыс бөлмесі, компьютер сыныптары мен жаттығу, оқу залдары да орналасқан. Білім алушылар үшін он асхана жұмыс істейді. Онда студенттердің кез келген уақытта ас әзірлеуіне ыңғайлылық қарастырылған. Әрбір жатын бөлмеде арнайы жиһаздар және әр секцияда жуынатын душ бөлмелері де бар. Қысқасы, жатақхана заманауи талапқа сай бой көтерген. Оның ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов келіп, студенттердің қуанышына ортақтасты. Астанадан келген шенеунік қоныс иелерін құттықтап, елдегі білім саласының ілгері дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Соның ішінде 2016, 2017 жылдары өңірдегі үш ауысымдық және апатты мектептер проблемасын шешуге ведомство тарапы барынша күш салып, арнайы жоспар түзіп те қойғанын жеткізді.
- Алдағы екі жылда мектепке қатысты бұл проблемаларды жоямыз деген жоспар бар. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысында 40-тан астам мектеп салынуда. Биыл 21 білім ұясы ашылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, - деді Аслан Сәрінжіпов. Ғимараттың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі болса жаңадан пайдалануға берілген жатақхана жыл басынан бері Шымкентте өз жұмысын бастаған екінші нысан екенін еске салды.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан ашылған жатақхана жыл басынан бері республика бойынша пайдалануға берілген жетінші нысан. Барлығының құрылысына қаржы республика қазынасынан бөлінген.
- «Студенттер үйі»
- шымкент
- МӘуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті