Бір тонна бензиннен 6 доллар алатын кімдер?
- Бекжігіт МӘУЛЕНОВ
Қазақстанда бензин бағасының 60 % мұнайды өндіру мен тасымалдауға кететін шығындар, 22% оны өңдеуге, тағы 16% түрлі салықтарға кететін шығындардан құралады екен. Қалғаны оны сататын делдалдардың табысы. Бұл осы саладан хабары бар мамандардың келтіретін цифрлары.
Осы жақында ғана «Қазақстандағы бензин бағасы – әлемдегі ең арзандардың қатарына жатады» деген ақпарат тарады. Сол жерде бензинді бізден арзан сататын елдердің тізімі де берілген. Сонда деймін-ау, өз мұнайы жоқ елдермен салыстырсақ біздің елдегі сұйық отын құны арзан екен. Ол түсінікті. Ал, өз мұнайы бар мемлекеттер ішінде қазақстандық бензиннің қымбат болуын жоғарыда айтылған аргументтермен түсіндіргісі келетіндер жеткілікті. Есесіне біздің елде бензиннің бағасы қалай қалыптасатынын дөп басып энергетика министрінің өзі де айтып бере алмайды. Өйткені, Қазақстандағы жанармай бизнесінің түсініксіз, түсініксіз болғандықтан қараңғы тұстары көп.
Мысалы: қондырғысы көнерген мұнай өңдеу зауыттарын жаңалауға қыруар қаржы табылады. Ал, төртінші мұнай зауыты әлі күнге дейін салынған жоқ. Осы уақытқа дейін ешкім жүйелеп тұрып, көкейге қонымды дәлелдермен неге жыл сайын егін егу мен жиын-терім науқаны тұсында мұнай зауыттары жөндеуге жабылып қалатынын түсіндіріп бере алған жоқ. Бейресми ақпараттар бойынша ай сайын әр өңірге бөлінетін жанармайдың әр тоннасынан жергілікті «қарақшылар» 6 доллардан үлестерін алатын көрінеді. Мәселен, бір облыс бір айда 100 мың тонна жанармай тұтынатын болса 600 мың доллар жергілікті дөкейлердің қалтасына кетіп жатыр деген сөз.
Өткен аптада, мұнай бағасының арзандауына байланысты Еуропадағы бірнеше елде бензин арзандады. Еуропаны айтпағанда, көрші Қырғыз елінде де сұйық отынның құны аздап түсті. Әйтсе де олар біз секілді мұнайлы мемлекет емес. Қара алтын мен одан шығатын өнімдерді өзгелерден сатып алады. Ал, бізде бензин неге қымбат? Мұны біз осы мақала арқылы энергетика министрінен сұрайық. Егер жауап беріп жатса алдағы нөмірімізде оқырманның назарына ұсынатын боламыз.
- бензин
- доллар
- баррель
- мұнай
- Қазақстан