Кәрі тарихқа қырын қарап жүрген кімдер?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Кәрі тарихқа қырын қарап жүрген кімдер?

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Балаларды ана тілінен бездіргені несі деп үштұғырлы тілге байбалам салған ел тарихы тасада қалса қайтпек? Қазақ тарихын қысқартып оқыту кімге керек болды? Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнін тек 1991 жылдан бері қарайғы дәуірмен байланыстырып қана оқытуды қолға алуды ұсынды. Алайда Білім және ғылым министрінің бұл реформасы оқу жүйесі мен балаға білім беруде, одан қала берді ұлт болашағы үшін қаншалықты тиімді?

Министрдің мұндай идеясын қолдамай-тындардың қата-рында Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов те бар. Ол: «Тарихқа эксперимент жасау – ұрпақ санасын улаумен пара пар» дей келіп, төл тарихымызды оқытуды бұлайша шектеудің қате екенін айтты. Сондай-ақ, Талас Омарбеков, Мәмбет Қойгелді, Хангелді Әбжанов сынды бірқатар тарихшыларымыз да алдағы жылы тарих мамандығынан басқа мамандықтардың тәуелсіз Қазақстанның ғана тарихын оқитынын құптамайты-нын аңғартқан еді. Бірақ осы қарсылықтарға қарамастан еліміздегі бірнеше жоғарғы оқу орындары бұл ұсынысты жүзеге асыруға кірісіп кеткенге ұқсайды.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі ұрпақтың есте сақтау қабілеті мен білімді қабылдау көрсеткішіне тым жоғары баға бере қою қиын. Әсіресе, бұл сөз студенттер төңірегінде өрбіп отырғандықтан, мұның оларды айтарлықтай ауыртпалықтан құтқаратыны да айдан анық. Алайда осылай қарақан бастың қамын күйттеп ата-бабамыздың қан кешіп, басын өлімге тіккен күндері жайлы ұрпаққа ештеңе айтпай, өткеннің еншісіне қалдырып кете барғанымыз қаншалықты қисынға сыяды?

Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде оқу жүйесінің осындай жаңа әдісін қолға алған елдердің қарасы қалың. Бірақ кеше ғана тәуелсіздік алған біздің қазекең асығыс. Осынымызбен «Қазақстанда бұрын мемлекеттілік болмаған» деген-дердің күмәндана түсуіне одан әрі жол ашып бергелі отырғандаймыз. Ертеңгі күні тәуелсіздік алғаннан бергі тарихын ғана білетін өскелең ұрпақ өз елінің атам заманнан мемлекет болып қалыптасқанын ақтап алғысы келген күннің өзінде айтарға дәйек таппай даурықпай ма? Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Бізге бабалар тұлпарының тұяғымен жазылған, ата тарихымыздың әр парағы ерекше қымбат» деп еді ғой. Ұялмасақ, қымбат көрсек онда «Отан үшін отқа түскен» елдің кешегісіне парақ пен сиямызды қимай отырмыз ба? Болмаса әншейінде «өзге тілдің бәрін біл» деп сарнап, сан мың сөзді санасына жастайынан сіңіретін балалардың «мисауытына» ойда-жоқта аяушылығымыз оянып кетті ме? Жоқ әлде биліктегілер тарихты қаузай беретін сауалдардан ығыр болып, амалын тауып осылай оп-оңай құтылғысы келді ме екен?

Әйтеуір, болжам жасауға келгенде бәріміз де шеберміз-ау... Бірақ Жүсіпбек Аймауытов: «Келешек күннің қандай болатынын білуге тарих анық құрал болады. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы боп тұрады» демеп пе еді? Кешегі ата-бабамыз озған елдің тарихын таспен жазатынын айтқан еді, ал біз болсақ тас түгілі кітап пен миға жазуды қиынсынып отырғанымыз мынау. Иә, өлетін баланың молаға қарай жүгіретінін айтқан көреген қазақ бір кездері осы сөздің бүтіндей өз еліне қаратыла айтыларын білмеген шығар, сірә...

Осыған орай ҚР ЖОО Қауымдастығының прези-денті Рахман Алшанов: «Жоғарғы оқу орындарында «Қазақстан тарихын» ертедегі тарихтан бастап оқыту арқылы уақыттан ұтылып келеміз. Онсыз да мектепте оқытылатын «Қазақстан тарихы» пәнінен оқушылар ежелгі және орта ғасырдағы тарихты меңгеріп келеді» деген еді. Бір қарағанда бұл сөздің жаны бар. Бірақ, мектеп оқушылары тарихты қарық қылып оқып жүр ме деген сауалға оралсақ... Бұл Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге тағдыры байланғандардың заманы. Заманының заңғарына айналам деген бала күні-түні тестке телміруге мәжбүр. Олай болса қайдағы жетік меңгерген? Бүтін, бүкіл кітапты қаузағанмен оның әр сөзін санаға сіңіре қою қайда, одан гөрі тест жаттау оңайырақ емес пе? Алгебрамен алысып, орысшаны оқып, қазақшаны қарық қылып, тарихты қаузап, оған қоса бесінші пәнге пәрменділік көрсеткен баладан тарихыңды білесің бе деп сұраудың өзі ыңғайсыз. Күні-түні кітапша құшақтап, тест жаттап жүрген олардың тарихтың теориясын меңгергеніне ешкім де кепілдік бере алмайды. Ал бүгін жоғарғы оқу орындарына енген үрдістің мектепке де жетпесіне кім кепіл? Мұндайда қазекем «сиырға туған күн бұзауға да туады» демейтін бе еді?

Тарих дегеніміздің өзі адамзат баласының өткенін зерттейтін ғылым. Олай болса біздің елдің өткенін тәуелсіздік алған жылдармен ғана өлшегеніміз қай сасқандық? Қазіргі таңда жоғарғы оқу орындарында тек қазақтар, я болмаса тек қана қазақстандықтар ғана білім алмайды. Оқу орындарында тарихымызды тәуелсіздік алған жылдардан бергі дәуірін оқытып жатсақ, шетелдік студенттер нендей ой түйіп кетуі мүмкін? Үздіксіз дамып отыратын бұл ғылым саласын дамытамыз деп қысқарта берсек ертеңгі ұрпақтың алдында бұл ғасыр да ұлы қысқартуға ұшырайтыны айдан анық. Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келедінің кері де. Бәрінен бұрын сағаттан ұтыламыз деп жүріп, тарихымыздан мақұрым ұрпақ өсіріп, өз-өзімізден ұтылмасақ игі...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter