Ана тілін білмейтін министр қазақта ғана бар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ана тілін білмейтін министр қазақта ғана бар

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Соңғы кездері қазақшаға қырын қарайтындардың қарасы көбейіп келеді. Не десек те, бұл күні бүгін қылаң берген құбылыс емес. Әйткенмен билікте отырғандардың біразы өз ойын ашық айтып, қазақшаны орыс тілдің тасасында қалдыратынды шығарды. Сонда дейміз-ау, ана тіл, туған тіл, әрі-беріден соң мемлекеттік тілдің ресми тіл құрлы құны болмағаны ма?

Өткен айда ғана Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың басы дауға қалды. Сондағысы, 16 мамырда Парламентке келген министрдің бар «кінәсі» өзіне мемлекеттік тілде сұрақ қойған Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің сұрағына орысша жауап бергені. Естеріңізде болса, 16 ақпанда Алматыда өткен жиында елбасы Н.Ә.Назарбаев «Сұрақ қойылған тілде жауап бермегендер қызметтен қуылсын!» деген еді. Алайда біздің кеңпейіл қазақ «кінәліні» құрықтатпайтын мына заманда министрді осынысы үшін қызметтен қуа қоймас. Бірақ бұл жөніндегі «Тілдер туралы» заңда да: «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштеріне жауаптары және басқа құжаттар мемлекеттік тілде немесе өтініш етілген тілде қайтарылады»,- деп жазылған еді ғой. Жоқ әлде осыған дейін әжептеуір істерімен көзге түскен Қасымов «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» әзірге түк те қатысы жоқ пе екен? Иә, күнделікті сөйлеп жүрген үйреншікті тілімен жауап беріп байқамай қалған шығар...

Сөзімізге дәлел болсын деп диалогты сөзбе-сөз келтірсек. Мәжіліс депутаты Генадий Шиповских министрге: «Соңғы 8 жылдың көлемінде республика бойынша уақытша оқшаулау орталығы, бейімделу мекемелеріне 70 мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер жеткізілді. Сізге сұрағым, осы көрсеткіштерді азайту үшін қазіргі кезде нақты қандай іс-шаралар қолданып жатырсыздар?» деген болатын. Міне осындай қазақша сарнап тұрған азаматтың сауалына ол: «Сұраққа рахмет! Рұқсат болса, мен орысша жауап берейін. Я сказал, что нам надо заниматься. Какие школы нам надо решать. Всего у нас 8 учебных заведений и всего одна спецшкола для тех, кто совершил преступление», – деп мүдірмей, мүлт кетпей жауап берген жоқ па?

Бұл биылғы ішкі істер ми-нистрінің «бүлдіргені». Ал өткен жылғы тіл төңірегіндегі шу Сыртқы істер министрінің төңірегінде туындаған еді. «Ыдырысов қашан қазақша сөйлейді?» деген сұрақтан ығыр болғандар «Әлемде өз тілін білмейтін Сыртқы істер министрі бар ма?»-деп байбалам салған-ды. Шынында да бүгінгі министрлердің ғана емес, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгілердің көбі көпке түсінікті тіл – орыс тілі деген түсінікпен қалып қойған. Орысша білсең өз еліңде де, көрші елде де өлмейсің дейтіні тағы бар. Ал бір кездері осы Ыдырысовтың өзі: «Қазақ тілі – дипломатияның тілі емес, қазақ тілі дипломатияның, халықаралық саясаттың тілі бола алмайды» деп бөсіп еді. Бұл өз тілінен безінгеннің айқын белгісі.

Біздің елде бір тіл түгілі бірнеше тілді білетіндер жетіп артылады. Қазақ тілінің тазалығы сондай, исең қай тілді игеруден де именбейді ғой, жарықтық. Сондықтан қаны қазақ, жаны қазақ азаматтарымыз кез-келген тілді оп-оңай меңгеріп алады. Соның бірі осы біз манадан бері айтып отырған Әбілфайыздың Ерланы. Ағылшын тіліне судай оның там-тұмдап тұрған французшасы да бар. Пәкістанның ресми тілі – урду тілін де бір пәкістандықтай біледі. Ол ол ғана ма, хинди тіліне де жетік. Бір сөзбен айтқанда кәдуілгі полиглот. Бірақ неге екені белгісіз, қазақ тіліне келгенде сауаты жетпей-ақ қойды. Мұның бәрі мақтаныш екенін білетін басшының туған тілін білмеу ұят екенін білмеуі мүмкін емес шығар енді. Ішкі істер министрін қоя берші не істесе де ішімізде ғой, Сыртқы істер министрінің сыртқа шығып келетінін айтсаңызшы... Ол тілін құрметтемесе оған кім құрмет танытуы мүмкін?

Ал жуырда ғана Қалиев қазақ тіліне тағы да қарсы шықты. Көкшетаудағы жер реформасы бойынша жасақталған комиссияның 21-мамыр күнгі оқиғаны талқылаған отырысында «Ауыл» партиясының экс-төрағасы, қазіргі профессор Ғани Қалиев мырза тағы төбе көрсетті. Білдей төраға болған ол: «Біріншіден, әрине біз осы үлкен мәселені талқылап отырмыз. Бізге бәрі қарап отыр. Оның бәрін қайталап айтқым келмейді. Ал дегенмен, бізде осы комиссияның сөздерін, пікірлерін халық түсінуі үшін, біз осы комиссияның ішінде бір-бірімізді ұғынып, жақсы түсініп алуымыз керек. Мұқаңа айтайын деп отырмын (Мұхтар Шаханов – ред.) біз сөйлегенде, мен мысалы өзім сөйлегенде менің айтқан сөзімді осы отырған халық түгел ұқса екен, түсінсе екен деймін. Ал енді бәрі бір тілді маман болмағандықтан, осында әр ұлттың адамы отыр. Оны енді орысшасын бір айтып, қазақшасын бір айтып, қайталамай, кейде бәріне ұғынықты болсын деп, орысша да айтуымызға болады деп ойлаймын. Мұқа, мен ақын, жазушы болмасам да, қазақша бір адамдай-ақ білемін. Ал мынау біреуіміз орысша айтсақ, мынау жартылай орыс боп кеткен деген әңгімені қою керек. Біз бір-бірімізге сыпайылықпен түсінісейік», – деген еді. Осылайша сыпайылықпен түсінісуді сұраған ол неге «Халық түсінуі үшін» деді екен? Сонда оның ауылшаруашылығымен айналысатын аудандар мен шалғай ауылдардағы халықтың тағдыры туралы талқылауға келген жерде «халық түсінуі үшін орысша сөйлесек» дегені қай сасқаны? Егінін егіп, малын бағып күнелтіп жүрген ауыл адамдарына орыс тілі «түсінікті тіл» дегені несі? Ал комиссия құрамындағы 75 адамның 67-інің ұлты қазақ және әлеуметтік биографиясында мемлекеттік тілге судай екендігі көрсетілген болса орысшасымен кімге нені түсіндірмекші? Онда, Қалиев мырзаның жоғарыдағы сөзіне жол болсын!

Қазақшаға судай Қалиевтің сөзінің сиқы мынадай болса, басқаларға не өкпе десеңізші... Әліге дейін Мәсімовтің тілге шорқақтығын айта-айта шаршаған ел енді өз қазақтарын қалай ақтап алмақ? Ақтап алар-ау, олар осындай шалажансар баладай тілім-тілім еткен тілімен кімге үлгі болмақ? Бәрінен бұрын, бұлардың іштен шыққан шұбаржыландай шорқақтығына қынжылмай көріңіз. Бір сөзбен, қазақ тіліне «ақсүйектер» қырын қарап жүр.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter