Жік-жікке бөлініп, ескерткіш салу - елдіктің белгісі емес!
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Бейсенбi, 14 сәуiр 2016

 Кіру / Тіркелу

Жік-жікке бөлініп, ескерткіш салу - елдіктің белгісі емес!

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Ынтымақ пен татулық әр кезде де ауадай қажет. Тату елдің тұғыры қашан да биік болатыны тарихтан белгілі. Тарихи деректерге көз жүгіртсең, дала халқының даналығы мен тапқырлығы, ел басқару саясатындағы ақылдылығы мен алдағыны болжай білетін көрегендігіне тәнті боласын. Небір қиын-қыстау замандарда, «тар жол тайғақ кешу» кезеңдерде көш бастап, елді аман-есен алып шығу жолында хандардың ықпалы зор болған. Сонымен бірге, елдің бірлігі мен ынтымағын ұйыстыра білген билер мен батырлардың, көсемдер мен шешендердің, ақын-жыраулардың да зор үлесі бар. 

Міне, осындай бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен елдіктің үлгісін көрсете білген дана халықтың бүгінгі ұрпағы неге тым ұсақталып кетті? Кейде ел-елге, жік-жікке бөлініп жасаған жиын-тойларымызды елдің ауызбіршілігіне балап жататынымыз бар. Сайып келгенде әр рудың өз алдына отау тігіп, мешіт салып, кесене тұрғызуын – тұтас елдің бірлігі деп есептесек, қателесеміз. Қазақ елінің байлығы мен салт-дәстүріне қызыға қарайтындар қалайда іріткі салғысы келеді. Сондай ішіне шынашақ бойламайтын іштарлар мен елді ірітуге құштарлар қазақтың жік-жікке бөлінуін өзінің сасық саясатына пайдаланып, бір-біріне айдап салмасына кім кепіл?!

Егер оқырман қауымның есінде болса, біз осы мәселеге байланысты бір-екі рет мәселе көтердік. Дұрысы, өздерінің ұйымшылдығы мен ауызбіршілігін ұлттық мүдде жолында емес, тек рулық деңгейде ғана ысырап етіп жүргендерге ой салуды ойладық. «РУ РУШЫЛДЫҚҚА АЙНАЛЫП БАРАДЫ немесе ЕЛ ЕКЕНІҢДІ БІЛЕЙІН, ЕСКЕРТІШІҢДІ КӨРСЕТ!» деген мақаладан кейін редакцияға хабарласып, өз пікірімен бөліскендер аз болмады. Оның ішінде бірі құптап, енді бірі қарсы пікір айтып жатты. «Елдің ауызбіршілігі ең алдымен өздерінің кішігірім басқосулары мен ас-жиын өткізуінен басталады, бұл біздің елдің ауызбіршілігіне бастайтын алғышарт» дегендер де, «Қазақтың ру-руға бөлініп, жік-жікке жіліктенуін жаманниеттілер өздерінің пасық әрекеттеріне пайдаланып кетпесе екен...» деп алаңдағандар да аз болмады. Енді бірі «Жас-жеткіншектеріміз батыстың дүдәмал дәстүріне еліктеп дүбара болып бітетін болды, ең құрығанда ата-бабалары мен қазақтан шыққан батыр-билерді біліп жүрсін, қалталы азаматтардың ескерткіш орнатып жатқаны құптарлық іс» деп қолдағандардың да қатары аз емес. Әрине, айтылған пікірлердің қай-қайсысы да қазақтың ауызбіршілігі мен татулығына тілеулестік танытып тұрғанын аңғартады. Және бір ғана мақаланың оқырман қауымды осыншалық ойландырып қойғанына қарап, «Шынында да бұл бүгінгі қоғам үшін өте өзекті мәселе болып тұр екен ғой» деген ой келеді. Жаңа жоғарыда елдің бірлігіне байланысты айтқан пікір-пайымдарымыз да, міне, осының негізінде айтылып отыр. 

Бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған тақырыптың көтерілгеніне де бірер айдың жүзі болды. Қоңырау шалып, ой-пікір айтушылар да азайған-тұғын. Таяуда редакцияға келіп, өзін Өскен Абамүсілімов деп таныстырған ел ағасы да осы мәселеге байланысты біразырақ ой айтты. «Мына газет өте орынды мәселе көтерді, - деді ол қолына қыстырып алған «Корреспондент» газетінің ақпан айындағы №7 санын көрсетіп. – Ескерткіш елге керек, әрине, мен оны қолдаймын. Бірақ ол жекелеген адамдардың мүддесі үшін емес, мемлекеттің идеологиялық ұстанымына үн қосып тұрса ғой. Бұған дейін орнатылған үлкенді-кішілі ескерткіштер үшін еңбек етіп, қаржылай қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтуымыз керек. Өйткені олар елдің рухын асқақтату үшін қалтасындағы қаржысын аянып отырған жоқ. Міне осындай елдің ертеңі үшін мүдделі азаматтарға қолдау білдіріп, жол көрсетіп, жөн-жобасын айтып отыру керек».

Осылай деген Өскен аға Қазақ хандарының есімдерін ұлықтап, ертеңгі ұрпаққа үлгі ету үшін біраз басшыларға хатпен шығып, ұсыныс айтып жүргенін де жеткізді. «Қазақ хандығының 550 жылдығын кең көлемде атап өту жайлы Елбасымыздың көтерген мәселесін ел қызу қолдады, - деді өзінің ой-ұсыныстарын бізбен бөлісе отырып. - Сайын даланы жайлап, елеусіз жатқан ұлыстардың басын қосқан, қазығын қағып, туын тігіп, Қазақ мемлекетін құрған Керей мен Жәнібектен бастап бүгінгі Елбасымыз Н.Назарбаевқа дейінгі әрбір Ұлы тұлғаның орны мен қазақ халқы алдындағы еңбегін қалай ұлықтасақ та артықтық етпейді. Қазақ елін тарихтың қилы замандарынан алып өтіп, Атырау мен Алтайға дейін созылып жатқан ұлаңғайыр жері бар алып мемлекетті бүгінгі ұрпағына аманат етіп жеткізген қасиетті бабалар рухына ұдайы тағзым етіп тұруымыз керек. Талай шапқыншылық пен зобалаңдарда Қазақ хандары өздері құрған мемлекет алдындағы жауапкершілігін жан-тәнімен сезініп, елі мен жерін кеудесімен қорғай білді. Тарих бетінен жоғалып кеткен ұлттар мен ұлыстардан біздің артықшылығымыз – халқын ардақтап ынтымаққа, батырларын баптап жауға қарсы ұйыстыра білген хандарымыздың ерлігі мен данышпандығында, саяси көрегенділігінде! Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ешнәрсе жоқ», - деген сөзі қазақ халқының тектілігі мен оны басқарған хандардың орасан еңбегінің арқасы деп түсінеміз. 

Халқы ақ киізге салып хан көтерген Ұлы бабаларымыздың өлшеусіз еңбегі мен төгілген қанының арқасында араға 550 жыл салып, абырой-беделін әлем таныған Елбасымызбен бірге әлемдік қауымдастықтан ойып орын алған, саясатымен жаһан санасатын, экономикасы қарыштаған іргелі ел болып отырмыз. Демек осынау күніміз үшін біз шүкіршілік етіп, данагөй халқымыз бастаған сара жолдан айнымауымыз керек. Ал, ол үшін хандарымыз бен билерімізді, батыр-бағландарымызды біле жүрейік, ұлықтай білейік. 

Бүгінде батырларға, билерге, ұлы тұлғаларға қойылған мәдени ескерткіштер жетерлік. Алайда, ел басқарған хандарға келгенде ұяттылау жағдайда жүрміз. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан облысында хандарға арналған ескерткіш жоқ. Бұл мәселеде Тәуке хан даңғылы, Ақназар хан көшелері өздері аттас ұлы тұлғалардың сомдалған бейнесін күтіп тұр. 

Шымкент қаласының екінші даму кезеңі басталды. Жаңа заманға сай Нұрсәт мөлтекауданынан бой түзеген әкімшілік аумағының болашағы зор болғалы тұр. Осы аймақтан түсетін жаңа көшелердің сәйкестігіне орай Абылай ханның атына бір даңғыл берілсе деген ұсыныс бар. Сондай-ақ, «Қазақтың егемендігін алып беремін, тәуелсіздігін қайтарамын» деп ат жалында күн кешкен ханымыз Кенесарының оңтүстік өңіріндегі өткізген тарихи жолдарының куәсі ретінде бір көшенің атын беріп, еңселі ескерткішін орнатсақ, қазақ руханияты үшін берері зор істің бірі болар еді. 

Иә, қазақ халқы бақиға аттанған асылдарының сүйегін ардақтап кең даланың әр түкпірінен әкеліп қасиетті Түркістанға жерлегені белгілі. Бүгінгі күнде 28 хан жерленген деп есептелетін Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жанынан «Хандар пантеонын» ашып, соған лайықты көз тартарлықтай мазмұнды архитектуралық ғимарат салуды қолға алып жатсақ құба-құп болар еді. Егер бұл ұсыныстар жүзеге асатын болса, егемен еліміздің абыройы асқақтап, жас ұрпақтың бойындағы өз еліне деген мақтаныш сезімін оятып, бір тудың астына бірігуге, рухын көтеруге септігі зор болатыны сөзсіз».

Міне, біздің бүгінгі кейіпкер өз ойын осылай бөлісіп отыр. Әрине, қанша адам болса, соншалық пікір болатын заңдылық. Дегенмен, оқырман өзіне керегін алып, құптарлық іске қолдау білдіретіні белгілі. Бір сөзбен айтқанда, елдің бірлігі үшін қандай әрекет жасасақ та артықтық етпейді. Жік-жікке бөлініп, әркім өз алдына бір-бір ескерткіш, кесене, мешіт салып жатса, ол енді елдің ауызбіршілігін білдірмейді. Түбі бір тудың астынан табылып жатқанға жетпейді. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Шымкенттік кәсіпкер әкімдіктегілерге велосипед сатып алып берді

Шымкенттік кәсіпкер әкімдік қызметкерлеріне велосипед сатып алып берді. Нәтижесінде ретсіз сауда орындарымен күресетін мамандар жаяу жүрмейтін болды. Әл-Фараби ауданының қызметкерлеріне жеке кәсіпкер ...

Korrespondent.kz Қоғам

Астаналық тұрғын жолы шұрық-тесік көшеге Жақсыбеков атауын беруді ұсынды

Астана тұрғындарының бірі Есілдің оң жағалауындағы Кенесары көшесіне қазіргі қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың атын беру керек деген ұсынысын айтып отыр. Азамат Көшенов есімді елордалық аталған жолды...

Korrespondent.kz Қоғам

«Мәсімовтану» пәнін енгізу туралы ұсыныс желі қолданушыларын күлкіге қарық қылды

Осыдан бірнеше күн бұрын елдегі мектептерде «Назарбаевтану» пәні енгізілейін деп жатыр деген әңгіме желдей ескен болатын. Алайда Білім және ғылым министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарды. Жаңа пән тура...

Korrespondent.kz Қоғам

АҚШ компаниясы Головкинге табанында Қазақстан ту бейнеленген аяқ киім сыйлады (видео)

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF версияларының орташа салмақтағы чемпионы Геннадий Головкин Jordan Brand атрибутикасын шығарушылармен келісім-шартқа отырды. Бұл ж...

Korrespondent.kz Спорт

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter