Жеңімпаздарға қандай сый-сияпат жасалды?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Жеңімпаздарға қандай сый-сияпат жасалды?

Жеңімпаздарға қандай сый-сияпат жасалды?
  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Төрткүл дүние көз тіккен Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарының өз мәресіне жеткеніне де бір аптадан асып қалды. «Баласы атқа қонса, әкесі үйінде отырып тақымын қысады» дегендей, спорт жанкүйерлерінің ортақ әңгімесіне айналған аламанның қызуы әлі басыла қойған жоқ. Алтыннан алқа таққандардың алды баспаналы болып, арты көлік мініп жатқан жайы бар. Мерейі үстем болған мемлекеттер өз спортшыларының жетістіктерін айтып, шаттанып жүргенде кейбір елдер жүлделі орыннан көріне алмай, жүзін төмен қаратқан спортшыларын жерден алып, жерге салып жатыр.

Биылғы Олимпиадаға біздің елден 104 спортшы қатысып, оның 17-сі жүлделі орындардан көріне білді. Бұл көп пе, аз ба? Қазақстан медальдің саны жағынан рекорд жаңартты. Отандастарымыз төртжылдықтың басты додасына 1996 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылы Атлантада өткен Олимпиадада 11 медаль (3 алтын, 4 күміс және 4 қола) иеленді. 2000 жылы Сиднейде - 7 медаль (3 алтын, 4 күміс), 2004 жылы Афиныда - 8 медаль (1 алтын, 4 күміс, 3 қола), 2008 жылы Бейжіңде - 13 медаль (2 алтын, 4 күміс, 7 қола) жеңіп алған болатын. Ал 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада 13 медаль алған болса, оның жетеуі алтын, біреуі күміс, қалғаны қола болып, жалпыкомандалық есепте 12-орынға тұрақтаған-ды. Биыл 17 медальмен 22-орыннан көрінді.

Иә, алдымен қазақтың көк байраған көкке желбіреткен спортшыларымыздың жетістіктеріне аз-кем тоқтала кетейік. Рио Олимпиадасы қазақ спорты үшін Лондондағыдай табысты болмаса да, ірі жетістіктерден кенде болған жоқ. Егер ауыр атлеттеріміз допинг дауына шырмалып, бірінен соң бірі мұрттай ұшпағанда қазақтың олжасы бұдан да қомақтылау болатыны талассыз еді. Әрине, кейбір елдер құралақан қайтып жатқанда біздің еншіміздегі 3 алтын, 5 күміс, 9 қоланың өзі аз жетістік емес.

БАЛАНДИННІҢ БАҒЫ ЖАНДЫ

200 метрге брасс әдісімен жүзуде ерекше көзге түскен Дмитрий Баландиннің бұл жетістігі, шыны керек, ешкім күтпеген жағдай еді. Тіпті өзі де бұл биікті бағындырамын деп ойламаған екен. Бұған дейінгі додаларда спорттың басқа түрлерімен көзге түсіп жүрген қазақстандықтар су спортынан да нәтиже шығара алатынына көз жеткізді. Осылайша 21 жастағы Алматы қаласының тумасы Д.Баландин жүзу спортынан Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш спортшы ретінде тарихта қалатын болды.

Жарайсың, ЖАЗИРА!

Қазақстанның, оның ішінде Оңтүстіктегі Арыс қаласының атын танытқан Жазира Жаппарқұлдың жеңісі, сөз жоқ, барша қазақтың рухын асқақтатты десек, артық емес. Біріншіден, бұған дейін қазақ қыздары үшін Олимп шыңын бағындыру мүмкін болмаған еді. 69 келіге дейінгі салмақта Олимпиаданың күміс жүлдесін жеңіп алған Жазираның бұл жеңісі анау-мынау алтынға бергісіз еді. Екіншіден, төрткүл дүние көз тігіп тұрған тұста тек қазақ тілінде ғана сұхбат беретінін айтып, қазақ елінің асқан рухын бүкіл әлемге паш етті. Міне, осыдан кейін «Жарайсың, Жазира!» демегенде не дейсің? Айтпақшы, жүректі һәм білекті қыздың бұл жетістігін кейіннен балуан қыз Эльмира Сыздықова мен боксшы Дариға Шәкімова жалғағанын да ерекше айта кетейік. Айтулы додада ел қоржынына алғашқылардың бірі болып медальді облысымыздың мақтанышы Галбадрах Отгонцэцэг салды.

ТӨРТ ЖЫЛ БАБЫНДА ЖҮРГЕНДЕР

Лондонда жүлде алған боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычко өз жетістіктерін қайталады. Әділбек Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері атанса, Иван екі дүркін қола жүлдегер атанды.Ал, үш қарғып секіруден төрт жыл бұрын Олимпиада чемпионы атанған Ольга Рыпакова Риода қола медалды қанағат тұтты. Лондон Олимпиадасынан кейінгі аралықта дүниеге ұл бала әкеліп, өзінің аналық парызын өтеген оның бұл жетістігін жанкүйерлер жоғары бағалады.

Еркін күрестен алтынға бір аттам қалған Гюзель Манюрова шешуші сәтте сүрінді. Дегенмен жаман өнер көрсеткен жоқ. Бір кездері Ресейдің атынан Бейжің Олимпиадасына бара алмай қалған ол осылайша Қазақстанның өзіне жасап отырған мүмкіндігін қалт жібермеймін дегендей бар өнерін салды. Нәтижесінде бүгінгі жетістікті бағындырып отыр.

АЛТЫНҒА БЕРГІСІЗ КҮМІС

Риодағы даулы оқиғалардың бірі ретінде Василий Левит пен Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жекті айтуға болды. Көрер көзге В.Левиттің өз қарсыласын айқын басымдықпен жеңгені көрініп тұрды. Төрешінің әділетсіз шешіміне наразылық білдірген қалың көрермен айқайға басып, «Қазақстан, Қазақстан!» деп ұрандатқанының өзі Василийге халықтың берген әділ бағасы еді. Кейіннен АІВА тарапынан атышулы жекпе-жек қайта қаралды, бірақ бұл жолы да төрешілердің шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Дегенмен қазақ жанкүйерлері үшін Василий Левиттің күмісі алтынға бергісіз болғаны анық.

ҚАЗАҚ БОКСШЫЛАРЫ НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРГЕН ЖОҚ

Риодағы Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары төмен нәтиже көрсетті деп айта алмаймыз. Қайрат Ералиевтің алғашқы кездесуі әлем назарын аударды. Мұхамед Әлидің стиліндегі өнерін танымал басылымдардың өзі жоғары бағалады. Бірақ өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевке қарсы жекпе-жекте ширақ жұдырықтасқанмен, төрешілер қарсыласына жеңісті берді. Ал Олжас Сәттібаевтың әзірбайжан боксшысы Эльвин Мамишзадеге қарсы жекпе-жегі де төрешілер тарапынан күмәнді бағаланды. Айта кетерлігі, соңғы үш Олимпиадада қазақ боксшылары намысты қолдан берген емес. 2008 жылы Пекинде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Серік Сәпиев, Риода Данияр Елеусінов жеңіс тұғырынан көрінді. Тіпті, бұл қатарға 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған Бақтияр Артаевтың да жеңісін қоссақ болады. Бірақ ол кезде қазақстандық боксшы 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған еді. Бір сөзбен айтқанда, жұдырықты жігіттеріміз намысты қолдан берген жоқ.

ҚАЙРАТТЫҢ ҚЫЗДАРЫ ЕРЛЕДІ

Боз кілемде белдескен ерлеріміздің ешқайсысына жүлде бұйырмады. Есесіне әйелдер құрамасы есе жібермеді. Бақ сынасқан төрт қыздың үшеуінің қоржыны майланды. Атап айтсақ, ә дегеннен Гюзель Манюрова финалға шықса, Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова қола жүлдегер атанды. Ал жүлдеге ілікпей қалған Жұлдыз Ешімованың өзі қолаға таласта қарсыласына жол беріп, бесінші орын алды. Осылайша Қайрат Сағадиев жаттықтыратын құрама жарап тұр.

Тағы бір ерекше тоқтала кететін жайт, серпе көтеруден Ниджат Рахимов рекорд жаңартты. Киелі саналатын 77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған спортшы серпе көтеруде 214 келіні басынан асырып, чемпион атанды.

Әрине, ел намысы сынға түсетін тұста жерге қаратпаған спортшыларға қандай сый-сияпат жасасақ та жарасады. Осы тұрғыдан алғанда, біраз әкімдер өз өңірінен шыққан чемпиондарды марапаттап та үлгерді. Атап айтсақ, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өзі басқарып отырған өңірдің түлектері Дмитрий Баландин мен Дариға Шәкімованы қабылдап, біріне 3, екіншісіне 1 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Сондай-ақ, демеушілер есібінен екеуіне «Джип» деген ат мінгізді. Яғни, Д.Баландин Bank RBK АҚ ұсынған «Тойота Ланд Крузер-200» автокөлігін тақымдаса, Д. Шәкімоваға кәсіпкер Рүстем Ақтаевтың атынан берілген «Тойота Ланд Крузер Прадо-150» көлігіне қол жеткізді.

Жергілікті билік тарапынан болатын жөн-жоралғы шығысқазақстандық спортшыларға да бұйырды. Облыс әкімі Даниал Ахметов Риодан төртінші орыннан көрінген Денис Улановқа Өскеменнен екі бөлмелі пәтер берсе, Рио Олимпиадасының «қоласын» еншілеген Ольга Рыпакова Toyota Land Cruiser Prado көлігі мен 50 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. Сонымен бірге, әкім осы өңірден шыққан басқа да Олимпиада қатысушыларын құралақан қалдырған жоқ. Диск лақтырушы Евгений Лабутов, жеңіл атлет Ирина Смольникова, 400 метрге жүгіру бойынша жеңіл атлет Элина Михина және ескекші Екатерина Смирнова облыс әкімінің бір жылдық стипендиянты атанды.

Оңтүстіктің оғландары да сый-сияпаттан сырт қалған жоқ. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұлға 2 бөлмелі пәтер мен «Toyota Land Cruiser-200» автокөлігінің кілтін тапсырса, қола жүлдегер Галбадрах Отгонцэцэгке 1 бөлмелі пәтер мен «Toyota Prado» автокөлігін тарту етті. Автокөліктер жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен берілгенін де айта кетейік.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter