Тұла бойы бітеу жара
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 2 сәуiр 2016

 Кіру / Тіркелу

Тұла бойы бітеу жара

Тұла бойы бітеу жара
  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Егер біз білім саласын тұтас бір организм деп қарайтын болсақ, сол организмнің бойында денені солқылдатып, мазаны қашыратын бітеу жаралар бұғып жатыр. Және ол жаралардың өзегін ота жасап алып тастаудың орнына жеңіл-желпі ем-дом жасап, жылы жауып келеміз. Қанша жерден сырқыратып, жанымызды көзімізге көрсетіп жатса да сырт көзге сездіргіміз келмейді. Ең өкініштісі, болашағымыздың іргесін қалауға тиіс саланың «сырқаты» күн өткен сайын асқынып барады. 

Асықпаңыз, алдымен мәселенің мән-жайын терең түсініп алыңыз да айналаңызға зер салыңыз. Сіз тұрған ауылда екі мұғалім бір-бірінің сауатсыздығын әшкерелеп, кезек-кезек сотқа шапқылап жүрген жоқ па? Жиырма жылдан бері өз жұмысын мінсіз атқарып, елдің алғысына бөленіп жүрген мұғалімнің көз-жанарынан кейінгі кезде көңілсіздіктің көрініп жүргені несі? Әрбір іс-қимылымен былайғы елге үлгі болуға тиіс мұғалімдер кейінгі кезде жік-жікке бөлініп, бір-бірін жамандайтын әдет тапты. Бір кездері есімі құрметпен аталатын мәртебелі мамандық иелерінің мұншалықты төмендеп кеткеніне не себеп? Әншейінде мектеп табалдырығын аттап баспайтын кейбір ата-аналар баланың көзінше мұғалімге неге кейіп сөйлейді? Ертелі-кеш сыртта жүріп, кешкісін бала тәрбиесіне бір сәт көңіл бөлуге мұршасы болмайтын ата-ана бар жауапкершілікті неге мектепке арта салады?

Кәсібіміз болған соң ел ішінде көбірек болып, қоғамдағы келеңсіздіктермен бетпе-бет келіп қалатын тұстарымыз көп. Бала жанының бағбаны саналатын мұғалімдердің «адресіне» айтылатын әрбір айыптар бізді де бей-жай қалдырмауы тиіс. Баламыздың болашағын тәрбиеші-ұстаздардың қолына сеніп тапсырған соң біз оларды негізсіз айыптардан қорғай білуіміз керек. Ол үшін біріншіден, кез-келген көкаттылыны киелі білім ордасына жіберуге жол бермейік.

1.Сұмдық.

Бір мектеп директоры былай деп мұңын шақты: «Мектепке басшылыққа келгеніме көп бола қоймай жатып бір ағамыз келді. Жаңадан түсірген келіні жоғары оқу орындарының бірінде 4 курс оқитынын айтты. Қиылып отырып жұмысқа қабылдауымды сұрады. Бүгін-ертең қолына диплом алайын деп отырған келіні тіл маманы екен. Бізде оған орын жоқ, есесіне физика, математика немесе химия пәнінің мұғалімі болса бір амалын жасауға болатынын жеткіздім. Арадан бірер ай өтпей жатып әлгі «көкем» тағы келіп тұр. Жүзі жадыраңқы. Бес жыл бойы басқа факультет бойынша білім алған келінінің дипломын мектеп сұранысына қарай «Химия пәнінің мұғалімі» етіп алыпты. Өзінше қатырдым деп қояды. Бірақ, шаласауатты мұғалім айналып келгенде өзінің ұрпағына сабақ беретінін ойламайды. Мен оны көріп-біліп отырып қалай жұмысқа қабылдаймын. Сол ағамыз мені бүгінде жек көреді. Жүрген жерінде жамандайтын болды. Арагідік арандатушыларға еріп, жоғарыға арыз жөнелтіп қоюды да ұмытпайды. Бар айыбым – «уәдемде тұрмағаным».

2.Сұмдық.

Білім саласындағы «бітеу жаралардың» асқынып бара жатқаны сонша, редакцияға шағымданып келушілердің басым бөлігі осы мәселені айтып бас қатырады. Және «бас қатырғыштардың» барлығы дерлік саладағы сұмдықтардың төркінін сыбайлас жемқорлыққа әкеліп тірейді. Онысы негізсіз де емес. Мысалыға, әлеуметтік желіде қызу талқыланған Түлкібастағы колледжді алайық. Оқушы мен оқытушының арасындағы мұндай «саудалар» қоғамда аз кездеспейді. Бірақ оның бәрін аңдып, «видеоға» түсіріп жүрген кім бар дейсіз. Әйтпесе қаншама мұғалім ақшақұмар апайдың кейпін киері сөзсіз. Былтыр көктемде Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылындағы мектеп мұғалімдері арасындағы «ақша операциясы» диктофонға жазылып қалып, онысы газетке шығып, елді бір шулатқаны бар. Бірақ басшы да, оған қатысы бар «завучтың» да мұртын балта шаппады. Шардарадағы мектеп директорының жұмыс уақытында «масайып» отырған мәселесі де майда-шүйдеге баланып, жабылып кетті. Мақтаралдағы мектеп директоры мен мұғалімінің арасындағы «шайқас» итжығыс күйі ол қалды. Енді міне, Отырар ауданындағы Темір орта мектебінде тағы бір дау тұтанды. Мектеп мұғалімі құрмет грамотасын күштеп сатқаны үшін директорды айыптайды. Ең өкініштісі, «қағаз сату операциясында» облыстың кешегі бас мұғалімі А.Елшиеваның да аты аталады. Егер арызданушының айтқандары рас болса, ондай директорды несіне ұстап отырмыз? Әлде, ол да Түлкібастағы сияқты міндетті түрде әлеуметтік желі арқылы дүйім елдің жағасын ұстатуы керек пе?

3.Сұмдық.

Білім саласындағы тағы бір былық оқушылардың оқулығынан құлақ қылтитады. Бір елде тұратын, бір сыныпта оқитын екі бала екі түрлі оқулықты пайдаланып жүрсе былық демегенде не дейміз?! Бірі «Атамұра» баспасының кітаптарын оқып жүрсе, екіншісі «Мектеп», үшіншісі «Алматы кітапты» оқиды. Тағы бірі тіпті аты бар да, заты жоқ баспалардың арзанқол дүниелерін алуға мәжбүр. Егер бір ауылдан екінші ауылға ауысып барса, тіпті қиын. Өйткені бұған дейін алған біліміне келесі мектептегі кітаптар сай келмейді. Содан біліммен енді сусындап келе жатқан баланың миы ашымағанда қайтеді? Ең сорақысы, бүгінгі кітаптағы кейбір қателер сау адамның өзін жынды етеді. Сөзіміз жалаң болмауы үшін мына бір мысалды келтіре кетейік. Бізде баспасының аты көрсетілмеген, бірақ барлық мектептерге тараған 5 сынып оқушыларына арналған музыка оқулығы бар. Онда Е.Өтетілеуовтың «БІЗДІҢ ЕЛТАҢБА» деген өлеңі басылған. Оқып көріңіз: 

«Қыран бүркіт көмкерген, күлімдеген күні бар.

Әсем бейне сен көрген, жай бейне емес біліп ал!

Мағыналы, сымбатты, бізде осындай бар белгі.

Маған, саған қымбатты Елтаңбасы ол елдің»...

Байқасаңыз, «Қыран бүркіт көмкерген, күлімдеген күні бар» деп автор Елтаңбаны емес, Туды айтып отыр. Онысымен қоймай «Сен оны біліп ал!» деп шегелейді. Сөйтеді де «өлеңінің» соңында «Елтаңбасы ол елдің» деп түйіндейді. Осыны оқыған оқушы сізден Елтаңбадағы бүркіт пен күнді тауып бер десе не дейсіз? Бір таңқаларлығы, әйгілі өлеңге ән жазған А.Нұрымов та қатені байқамайды. Ол аз десеңіз, кітапқа авторлық еткен мүйізі қарағайдай төрт азамат та аңғармаған. Міне, осындай қателерге жол бере отырып, кімге жөн сілтемекпіз?

4.Сұмдық.

Жасыратыны жоқ, кешегі тоқырау жылдары елді жаппай жұмыссыздық жайлаған кезде тек мектеп мұғалімдері мен медицина саласының қызметкерлері ғана айлық-жалақы алып отырды. Содан, бұрынғы агроном, механизаторлар мен құрылысшы, шопандар амалсыздан айлық беретін мектеп пен медпункттерді маңайлай бастады. Алғашқыда «техработник», «завхоз» болып тіркелгендер уақыт өте келе бір-бір папкы ұстап шықты. Дәрігерліктен гөрі мұғалімдікті жеңіл санағандар мұғалімдікті көбірек таңдады. Шындығына келгенде екеуінің де жауапкершілігі жеңіл емес. Бірақ дәрігер жіберген қателік бүгін әшкере болса, мұғалімның кемшілігі уақыт өте келе біліне бастайды. 

Бүгінгі арсыз, намыссыз, сауатсыз «ұстаздардың» көбейіп кетуі – сол кезде кеткен қателіктердің көрінісі. Одан қалса, кейбір ата-аналар орта мектепті жарытпаған жаман баласына «Мұғалімдік оқуды бітіре сал, балаларға доп қуалатып қойсаң да аштан өлмейсің, әйтеуір» деп ақыл айтады. Бірақ, бір өкініштісі, осындай «ақылды» ата-аналардың айтқаны айдай келіп тұр. Ауылдағы мектептерге бара қалсаңыз, бір әулеттен бес-алты адам өріп жүреді. Бір-біріне «жеңеше», «жезде», «ата-ене» деп... Есесіне, бюджетті, мектепті сауын сиыр деп есептейтіндердің кесірінен көптеген мамандар жұмыссыз жүр. Өйткені, оның сағатын саған берсе, өзінің балдызы немесе басқасы жұмыссыз қалады. Басшы үшін бір жақсысы, оның өз адамдары анша-мұнша былықтарды жасырып бағады. Бір мектептің білдей мұғалімін ауылдастары Қарағандыда қауын сатып жүрген жерінен көреді. «Әй, сабақ қайда?» десе ақысыз еңбек демалысында жүргенін айтады. Сонда мектеп қаласа келіп, қаламаса кете беретін саудагерлердің мазағына айналғаны ма? Сөйтсек, әлгі саудагер сол айдың айлығын түгел алады. Өйткені оның орнына мектепте мұғалім болып істейтін әкесі (Басқа пәннің мұғалімі болса да) сабақ өте салыпты. Кейіннен барып журналистік зерттеу жүргізгенде барып білдік, өзі айналдырған 50 шақты мұғалімнің 10-ға жуығы директордың үрім-бұтағы екен. 

Шардарадағы С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектепке төрт жылдан бері жұмысқа орналаса алмай жүрген жас маманды білеміз. Себебі мектепте орын жоқ. Бірақ, жағдайы жоқ жас маманға табылмаған орын басқаларға табыла кетеді. Одан бері де оншақты адам жұмысқа алынған. Тексере келсең, ол жерде де директордың тума-туыстары жүруі ғажап емес.

(Жалғасы бар) 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Тұрмысқа шықпаған қыздар тележурналист Маржан Сұлтанбайдың сөзіне өре түрегелді

Қазақстанның бойдақ қыздары бұрынғы қазақтарды надан деп, басы дауға қалған тележурналист Маржан Сұлтанбайды бірнеше бала-шағасы бар қаламгердің төсегі суыған деген болжамы үшін тағы сынның астына алд...

Korrespondent.kz Қоғам

Шымкентте Қазақстанда теңдесі жоқ қолғап шығаратын цех іске қосылды

Қазіргі таңда Шымкентте Казақстандағы жылына 13,5 млн жұп мақта-мата қолғап шығаратын цех іске қосылды. Инвестициялық жоба оңтүстіккореялық инвесторлардың көмегімен жүзеге асқан. Өндіріс орны 0,8500 г...

Korrespondent.kz Экономика

Көптің ызасын тудырған "жартылай жалаңаш" мүсін өзгертілетін болды

Көптің ызасын тудырған Астанадағы «Ғашықтар мүсіні» өзгеретін болды. Қазақстан Парламент мәжілісіне қатысқан Мәдениет және спорт министрі осылай деді. Бұл туралы Қазақстан-zaman мәлімет таратты. ...

Korrespondent.kz Қоғам

ОҚО-да есек ұрлап, оны сойып сатумен айналысқан топ қолға түсті

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері есек ұрлап, оны сойып пайда тапқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.  Бәйдібек аудандық және Түркістан ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter