Аты жоқ ауыл, жарықсыз кітапхана...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Бейсенбi, 18 ақпан 2016

 Кіру / Тіркелу

Аты жоқ ауыл, жарықсыз кітапхана...

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Иә, басқасын былай қойғанда жарықты ауадай қажет ететін кітапханада «свет жоқ» дегенге сенгің келмейді. Бірақ бір кем дүние емес пе, озық отыз елдің қатарынан көрінуге үмітті біздің елде жылуы мен жарығы жоқ, жертөледен де жаман жерге орналасып, елге қызмет жасап отырған мекемелер бар.

Алғашқыда бұл әңгімені естігенде, шыны керек, онша сенбедік. Құлаққа түрпідей тиетін бұл хабарды айтып келген ауыл ағасының редакцияға арнап жазған хаты да қызық көрінді. Өйткені ауылы деген тұсқа бір емес, екі емес, үш бірдей ауылдың атын көрсеткен. «Навои», «Зағамбар», «Қамышлақ» деп... Сөйтсек, бұл ауылдың аты да әлі нақты шешілмеген екен. Он бес мыңнан астам халықтың тұрғылықты мекені болған ежелгі ауыл неге осы уақытқа дейін атаусыз отыр? Бұл сұрақ біздің сол ауылға сапарлап шығуымызға түрткі болды.

Рас, Төлеби ауданы, 1-мамыр ауыл округіне қарасты «белгісіз» ауылдың кіреберісіндегі көрікті аркада тек «...ауылы» дегеннен басқа жазу жоқ. Сонда бұл ауылға сырттан келетін бөтен адам болса межелі жерін қалай тауып барады деген сұрақ сізді де қызықтырып отырған шығар. Және бұл анау-мынау емес, төрт бірдей елдімекеннен құрылған іргелі ауыл болса... Оны айтпағанда Төлеби мен Қазығұрт аудандарын байланыстыратын төте жол да тап осы ауылды кесіп өтеді емес пе? Күре жолдың бойында жатқан, күні-түні көлік қозғалысы бір саябырсымайтын, ауданның айнасы саналатын ауылды атаусыз қалдыру кімге керек болды? Бүгінгідей өркениетті заманда атсыз-затсыз қалай болар екен? Ресми құжаттар қалай толтырылады? 

Бәлкім, ауылдың кіреберісіне жазылмаған атау басқа бір мемлекеттік мекемелердің маңдайшасында бар шығар деген оймен ауылдың шұрық тесік жолдарымен жүріп, жоқ іздедік. Міне, қызық. Ауылдағы «Қазпошта» «Тағайна» есімімен аталатын болып шықты. Бұл енді бір ауылға тиесілі болған төртінші ат! Оның сәл берірегіндегі тоқал тамға «Қазақстан Республикасы Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Әлішер Науайы ауылдық кітапханасы» деп жазып қойған. Аты әдемі болып тұрған кітапхананың заты әдемі емес екенін сырт көрінісінен-ақ байқауға болады. Кір жаю үшін кіреберіске тартылған жіп... Есік алдында жүрген ит... Анадайда жатқан ағаш... Бейне бір көштен қалып қойған жұртта жүргендей боласың. 

Өзін кітапхана қызметкерімін деп таныстырған Гүлсана Тұрлыбекова бізге былай деп мұңын шақты: «Мен 2011 жылдан бері жұмыс істеймін. Ауылдың жалғыз кітапханасы болған соң қалайда сақтап қалу керек. Бүгінде 9900 кітап бар. Бірақ жарық жоқ, жылу жоқ. Кітапхананың бір бөлігі жекеге сатылып кеткен. Бір есіктен кіріп шығамыз. Бізге тиесілі екі бөлменің де жағдайы мәз емес. Жарық тек терезеден ғана түседі. Ертеңгі күні кітапхананың іргесінен құрылыс салатын болса, біздің бөлме тас-түнекке айналады. Оқырмандармен тығыз байланыс орнатайық десек, есік алдында ілулі тұратын ішкиімдерден ыңғайсыздана ма, әлде бос жүрген иттен қорқа ма, әйтеуір әрең келеді. Түрлі іс-шараларды да ауылдағы мектептің бір бөлмесін сұрап алып, сонда өткізіп жүрміз. Біздің мүшкіл хәлімізге түсіністікпен қарап, анда-санда жасаған өтінішімізді жерге тастамайтын мектеп ұжымына, оның басшысы Марат Сүттібаевқа алғысымызды білдіреміз. Бірақ қашанға дейін осылайша бейшараның күйін кешіп, қараусыз қалған ескі үйді паналап отырады екенбіз? Кейде біреулер ауыл кітапханасының терезесін сындырып, есігін бұзып кетеді. Біреулер ішіне кіріп арақ ішеді. Екі рет терезеге әйнек салдырдық. Есіктің құлыпын да бір-екі рет жөндеттік. Мемлекеттің мүлкіне жанашырлық танытуымыз керек емес пе?!»

Шынында да кітапхананың жалғыз терезесі тұрған тұсқа құрылыс салу үшін іргетасын құйып қойыпты. Ертеңгі күні терезеге күн көзі түспейтіні белгілі. Онсыз да суық жерде тұрып, әбден ылғалданған кітаптар күн жылыған кезде шіруге айналады емес пе?! Бір қызығы анадай жерден табиғи газ тартылған. Бірақ ауылдағы жалғыз кітапхана жылусыз отыр. Көрші үйдің терезесі жарық сәуле шашып тұр, алайда бір дуалдың бергі бетіндегі аядай екі бөлме тас қараңғы. Еліміз жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында, бірақ жер құрып қалғандай ауылдың маңдайына біткен жалғыз кітапхананың жерін аукционға шығарып сатамыз. Рас, бір кездері қараусыз қалған ғимараттар жекенің меншігіне беріліп, ел экономикасы еңсе тіктіген соң мемлекет балансына қайта алынып жатқандары бар. Сол бір жылдары жекеге өтіп кеткен болса, одан бері де оншақты жыл өтті емес пе, енді неге ел игілігі үшін қайта қайтармасқа?! Әлде бір ауылдан кітапхана етуге лайық екі бөлме табылмағаны ма? Кітапхананың жеріне көз тігетіндей басқа жер жоқ па? Шынында да бұл мәселенің күрмеуін шешу тіпті қиын дегенге кім сенеді? Бәлкім, енжарлық шығар...

Енжарлық демекші, ауылдың бір атауға тұрақтай алмай жүргеніне де осы бір осал тұсымыз кінәлі ме? Айтпақшы, ауылдың ресми атауын, яғни жоқ іздеп жүріп жаңылысайын дедік. Өйткені орталық жолға көлденең жатқан төрт көшенің үшеуінде ат жоқ та, ең соңғысына «ен» салыныпты. Яғни, ат берілген. Сөйтсек оған ауылдың белсенді азаматтары атсалысыпты. Ауған соғысының ардагері, майдан даласында шейіт болған Миралиев Нуриддинді мәңгі есте қалдыру үшін ауылдағы аты жоқ көп көшенің бірін сол кісінің есімімен атауды жөн көріпті. Көпшілік ортадан қор жинап, еңселі ескерткіш тұрғызған. Өзін Мираммад деп таныстырған ауыл тұрғыны енді жолға асфальт төсете алмай әлек болып жүргенін айтады. «Мынау тұрған ескерткіш менің ағамның баласы, яғни ініме арналып тұрғызылды, - дейді ол. 

– Ол ауған соғысына қатысып, әне-міне қайтамын деп жүрген кезде ұрыс даласына қайта шақыртылып, ерлікпен қаза тапты. Ауыл жастарына оның ерлігін үлгі етейік, есімін мәңгі есте қалдырайық деген ниетпен ортадан ақша жинап, ескерткіш салдырдық. Өзі тұрған көшеге есімін бергіздік. Енді сол көшеге асфальт төсете алмай жүрміз. Көше тұрғындары бір-екі рет ортадан ақша жинадық. Бірақ әлі асфальт төселген жоқ. 

Иә, біз көрген ауылдың хәлі міне, осындай. Көшелері күл-қоқыстан көз ашпай қалған, жолдары шұрқ-тесік, кітапханасы жарыққа жарымай отырған ауылдың мүшкіл жағдайы аудан әкімін де бей-жай қалдырмайтын шығар деген ойдамыз.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Танымал журналист Сара Назарбаеваның мерейтойына қатысты жақ ашпаған мемлекеттік БАҚ-тарға таң қалды

Орыс тілді қазақстандық белгілі журналист Ержан Сүлейменов мемлекеттік БАҚ-тардың жұмысын сынға алды. Нақтырағы, ол елдің бірінші ханымы Сара Назарбаеваның 75 жылдық мерейтойының кеңінен насихатталмағ...

Korrespondent.kz Саясат

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің басшысы Валентин күнімен құттықтады

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан виртуалды достарын әулие Валентин күнімен құттықтады. Жылы лебізін шенді қызметкер «фэйсбук» әлеуметт...

Korrespondent.kz Қоғам

Шымкенттік жастар балалар үйіне барып, палау таратты

Шымкенттің белсенді жастары Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнайы барып, қой сойып,  палау таратты. Асты  әзірлеу үшін ұйымдастырушылар 16 жылдан бері ас...

Korrespondent.kz Қоғам

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, мұғалім: "Шәкіртінен пара дәмету - өз балаңды баққаныңа ақы сұраумен бірдей"

Шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлы ұстаздардың шәкіртінен пара алуына қатысты өткір ойын әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында бөлісті. Тіпті ол өзінің басынан өткен оқиғаны мысалға келтіріп, б...

Korrespondent.kz Қоғам

Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

41
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

41
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №3

42
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №2

42
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №1

39
Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter