Қазақстан су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін бе?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қазақстан су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін бе?

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Су тапшылығы, басқасын айтпағанда, жері негізінен шөлейтті болып келетін біздің ел үшін өте өзекті мәселе болып тұр. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Оның себебі, тіршілік көзін тұтынушылар саны жыл өткен сайын артып келеді.

Әрине, біздің елде су тапшылығы анау айтқан-дай сезілмегенімен, көрші Қытай үшін бұл – өте өзекті мәселелердің бірі. Қытай елі алдағы 50-60 жылдың ішінде су ресурстарына шөліркеген солтүстікке оңтүстік өзендерін бұруды жоспарлап отыр. Бұл дегеніңіз аспан асты елінде су мәселесі жылдан-жылға ушығып келе жатқанын білдірсе керек. Ал бұл бірнеше жылдар бойы трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқан Қазақстан үшін де өзекті. Су мамандарының айтуына қарағанда, Қытай жағы Қара Ертістен су алуды азайтпайтын болса, осылайша жасай берсе, 2050 жылға біздің көршіміз бүкіл өзеннің суын тауысатын түрі бар. Егер Ертістің Қазақстан өңіріндегі арнасы қаңсып қалатын болса, бұл жағдайда Шығыс Қазақстанның индустриялық әлеуеті әдірем қалады деген сөз.

Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген деректер де елімізде су қоры жыл өткен сайын кеміп келе жатқанын жоққа шығармайды. Қазақстандағы өзендердің жылдық көлемі 105,5 текше шақырым. Көрші елдерден келетін судың мөлшері 44 текше шақырым болса, оның ішінде Ресейден – 7,4 т/ш, Өзбекстаннан – 13,7, Қырғызстаннан – 3, Қытайдан – 19,9 т/ш су келеді. Демек, еліміз су жағынан көршілерге тәуелді.

Естеріңізде болса, өткен жылы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді деген болжам айтқан еді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа көтеріледі. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. «Ауа температурасының көтерілуі жем-шөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуіне әсер етеді».

Қарап отырсаңыз, алдағы уақытта еліміз шөліркей бастамақ. Демек су тартылған жерде, қарқынды даму да жоқ. Ал оның алдын алуға бола ма? Қазақстанның су теңгеріміне келетін болсақ, еліміздегі негізгі өзендердің сегіз бассейнінің жетеуі тарансшекаралық. Мәселен, суы мол Ертіс және Іле өзендерінің бастауын Қытайдан алады. Қазақстанның оңтүстік шығыс және орталық аумақтары үшін осы екі ірі өзен негізгі су көзі болып табылады. Осы екі өзен суының деңгейінің және сапасының төмендеуі ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика, өнеркәсіп және экология салаларына әсер етері хақ. Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады, оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал Қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды. Қазір Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне жарату үшін Қытай жағы суға тоспа қойып, оны басқа жаққа бұру жобасын іске асыру әрекетінде жүр. Ол аз десеңіз, Іленің бойында ГЭС салынып жатыр. Сондай-ақ, кейбір дерек көздері Іленің бастау алатын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға тоннель арқылы бұрғалы жатыр деседі. Егер де Іле суы тартылып қалатын болса, Балқаш көлі төрт бөлікке бөлініп кетпек. Онда екінші Арал қасіреті орнайды. Демек алдағы уақытта Қазақстандағы су проблемасы одан әрі асқына түседі деген сөз. Деректерге жүгінсек, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бар болғаны жақсы ғой, бірақ ондағы судың басым бөлігі бізге көрші елдер арқылы келеді. Ал, көрші елдерге деген кіріптарлық бір-бірінің қас-қабағын бағуға әкеліп соғатыны айтпаса да түсінікті шығар. Мұның ақыры Әмудария мен Сырдарияны қатар еміп жатқан Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан да өзара тіршілік көзіне таласып, текетіреске барып жүрмесін деңіз. Шынында да Тәжікстан «Рогун», ал Қырғыз елі «Қамбар ата-2» ГЭС-ін салып, суды алдынан бөгейтін болса, нағыз дау сонда болмақ. Бұл орайда жағына жылан жұмыртқалағыр кейбір жауырыншылар да Орталық Азияның «су соғысынан» сырт қалмайтынын болжайды.

Міне, осылайша су тапшылығы біздің елге де өз зардабын тигізбей өтпейді екен. Сол үшін бүгінгі бар судың қадірін біліп, ысырап етпей тиімді пайдалануды үйренейік. Судың да сұрауы бар.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter