Мұғалім – тәжірибе жасалатын қоян емес
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мұғалім – тәжірибе жасалатын қоян емес

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Жуырда ғана алдағы оқу жылынан бастап ұстаздарымыз әмбебаптық қызметке кірісетіні сөз болған еді. Бірнеше пәннен бір мұғалімнің сабақ беруін ата-аналардың бірі қостаса, енді бірі баланың білімінен ақша үнемдеуге көшкен биліктен қаймыға бастағанын да жеткізді. Кім не десе де, әй-шайға қарамаған Білім министрлігі өзінің кезекті реформасын 1-ші сыныптардан бастайтынын жария етіп кеп жіберді.

Қызықтың көкесі мұнымен біткен жоқ, ең қызығы, мұнан былай еңбек, сурет, дене шынықтыру, музыка сынды пәндер бір мұғалімге жүктелмек. Математика, физика, химия, биология сынды үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сабақтарда да оқушылар бір мұғалімді көретін болады. Осы жөнінде мектеп директорларымен кеңескен Білім министрі қазақстан тарихы мен географияны қосып қазақ тілінде оқытатынын айтқан еді. Әрине, мұнан соң мектептерде ғана емес, жоғарғы оқу орындарына да талап күшеймек. Енді мұғалімдерді даярлайтын оқу орындары анау-мынау емес, әмбебап ұстаздарды оқытып шығаратын «конвейерге» айналуы ләзім. Осы хақында: «Маман дайындау мәселесіне мұқият көңіл бөлеміз. Педагогикалық жоғары оқу орындарындағы оқытушылармен кездесейік. Жоғары курс студенттері мен магистрлермен кеңесіп, ақылдасу керек»,-деп қалды Сағадиев мырза. 

Ал енді әншейінде мойын созып қарағыш өзге елдерге көз жүгіртейікші. Білім беруден алғашқы үштікке енген Жапонияда әмбебап мұғалім туралы сөз өз алдына, тіпті біз осыған дейінгі әлжуаз балалардың көбеюіне әкеліп соқтырып жүрген ер ұстаздардың аздығының алдын алу мықтап жолға қойылған. Сонымен қатар ешқандай мектепте асхана жоқ, сондықтан олар сыныпта тамақтанады. Триместрден құралатын оқу жүйесі бойынша олар сәуірде оқуды бастап, шілдеде тәмамдайды. Бір ай демалыстан соң қыркүйекте екінші триместрге келген балалар желтоқсанда тағы демалып, үшінші триместрді қаңтар мен наурыз аралығында оқиды екен. Ал Норвегияда оқушылар жас мөлшеріне қарай, яғни бастауыш сыныптар бөлек, 14 және 18-дегілер бөлек-бөлек ғимараттарда білім алады. Ең қызығы, онда 8-сыныпқа дейін оқушыларға мүлде баға қойылмайды. Ал білімі мықты елдер санатындағы Финляндияда егер оқушының сабақ айтуға ниеті болмаса, оны тақтаға шақыруға болмайды. 

Ал қазіргі таңда біздің билік ұсынып отырған жүйе Чехияда бар. Оларда көбіне бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді. Бірақ... Бірақ мұнымен не айтқымыз келді? Басқа елдерде оқушылардың пікірімен санасу бары анық байқалады. Ал бізде ше?

Бірағы сол, бүгінгі таңда мұғалім мамандығына деген сұраныс қай деңгейде? Мектепті үздік бітірген оқушылар мұғалімдіктен неге басын алып қаша жөнеледі? Мысалы, биология пәнін таңдадыңыз делік. Сіз таңдаған балмен медицина саласынан бастап бірнеше мамандыққа құжат тапсыруға мүмкіндігіңіз бар. Алайда сіздің төмен балыңыз мұғалімдікке жетуі мүмкін. Онан төмен агроном сынды салалар болмаса, орташа балмен ойнап-күліп жүріп «апай», «ағай» атанып шыға келесіз. Ал атандыңыз делік, химиядан сабақ бере алуыңыз мүмкін бе? Өйткені мектеп оқушыларының дені химияны қиынсынып, биология пәнін таңдайтыны да белгілі. Ал физика туралы сөз мүлде бөлек...

Ал тарих пен географияның арасынан байланыс іздеп көріңіз... Мектеп қабырғасында екеуінде де картамен жұмыс жасайтыны болмаса ғаламшар мен жердің құрылымын зерттейтін пән мен өткен-кеткенді қопарып, тарихты қаузаудың арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Осыған дейін ауыл-аймақтарда музыка, еңбек, дене шынықтыру, сурет сынды пәндерден бір мұғалім сабақ беріп келді.

Бәлкім, қазірдің өзінде ондай әмбебап мұғалімдер көп шығар. Бірақ біздің елдің білім жүйесі уақыт керуенімен бірге ілгерілеудің орнына кейін кетіп бара жатқан жоқ па? Баланың шығармашылық қабілетін дамыту оның ой-өрісінің қалыптасуына тікелей ықпал ететінін бес саусақтай білеміз. Олай болса әнді керемет орындап, он саусағынан өнер тамып қана қоймай, спортқа бейім бір адамды табу қаншалықты оңай? Ондай өнерлі адамның мектептерге келіп мұғалімдік қызмет ететініне сенімді болу қаншалықты ақылға қонымды? Бүгінде осыған таңырқаған жастар: «Бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ бере алмаса, бір оқушы бірнеше пәнді қалай игеруі мүмкін?»-деп әзілдеп жүр. Әйткенмен оқушылардың қай сабаққа бейімі бәрібір көзге ұрып тұрады ғой. Олай болса, бір оқушы бірнеше сабаққа қатар бейім бола алмаса, бір мұғалім бірнеше сабақтан дәріс беруі мүмкін бе екен, кім білсін. Әсіресе сөз болашақ ұрпақтың келешегіне келіп тіреліп тұрса...

«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» екенін айтқан Ушинский қазекемнің мына қылығына қалай қарар еді? Әмбебап ұстаздардың артуы қаншама мұғалімдердің қызметімен қош айтысуына әкеп соқтырары анық қой. Ал жақсы мұғалімді «мектептің жүрегі» санаған Алтынсарин «жүректерге» қаншалықты ауыртпалық пен жауапкершілік жүктелерін білсе де, уақыт өте келе қоғам одан «әмбебаптықты» талап етерін білмеген шығар. Білген адамның білімді өмір бойы іздейтіні тайға таңба басқандай белгілі. Әйткенмен, қордағы қаржыны үнемдеу, сорымызға сауаты үнемді ұрпақтың санын көбейтіп бермесе деңіз...

2011 жылғы мәліметке сенсек, елімізде 5500-ге жуық мектеп болса, бүгінге дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда ұлғайған. Ал қазіргі таңда елімізде 2 миллионнан астам мектеп оқушылары бар екен. Демек бұл дегеніңіз 2 миллион ұрпақтың тағдырына бей-жай қарау болмаса болғаны да...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter