Дағдарысты сылтау етіп, жұмыстан қысқарту көбейді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Дағдарысты сылтау етіп, жұмыстан қысқарту көбейді

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Жыл басталғалы 4 ай енді өтті. Сол аралықта 11,5 мың адам қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалған. Бұл жұмысшылар көбінде өнеркәсіп орындарында, құрылыс компанияларында, ғылым, сауда, әкімшілік қызмет көрсету және мемлекеттік басқару органдарында жұмыс істеген. 

Сондай-ақ көптеген кәсіпорындар жабылып, соның кесірінен тағы мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып отыр. Олар негізінен байланыс (4300 адам) және мемлекеттік басқару (1100 адам) саласында еңбек еткен екен. Одан бөлек 146 мың адам өз еркімен жұмыстан кетіпті.

«Жұмыс таба алмай отырмын»

Дағдарыс жағадан алғанда кәсіпорындардың жабылып немесе жұмысшыларды қысқартуы – заңды құбылыс. Сондай қысқартуға ұшыраған жұмысшының бірі – Азамат Садығалиев. Ол байланыс саласындағы компаниялардың бірінде жұмыс істейтін. Шалғай ауылдарға байланыс желісінің құрылғыларын орнатып, әр үйге сапалы интернет пен телефон байланысының келуіне ықпал етуші еді. Көп ұзамай компания ең өзекті деген елдімекендерге телефон тартып болған соң бірқатар жұмысшыларды қысқартқан. «Жұмыссыз қалатынымды бір ай бұрын айтты. Сол бір айда басқа жақтарға резюме жіберіп, жұмыс іздеуге тырысып көрдім. Одан бері де 2 ай өтті. Әзірге еш жерден мен күткен жауап келмеді. Үйдегі 4 бала несібесіз қалмас, Құдайдан үмітім зор. Әйелім мұғалім болып жұмыс істейді. Әзірге соның жалақысымен жан бағып отырмыз» дейді Азамат.

Атырауда 2355 адамды қысқартпақ болған

Жұмысшылар көп шоғырланған аймақ – еліміздің батыс облыстары. Былтырдың өзінде Атырауда 700 адам қысқарып қалған еді. Олардың барлығы – мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін компаниялардың жұмысшылары. Басым бөлігін «Теңізшевроил» компаниясының мердігерлері шығарып жіберген. Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай Өтеғалиеваның айтуынша, олар негізінен «Арктик Групп Интернешнл», «Болат Жол» ЖШС сияқты кәсіпорындар. Барлығы – 36 компания. 

Енді биыл Атырауда тағы 724 жұмысшы қызметтен босатылды. Одан бөлек, облыста жұмыс көлемі азаюына байланысты 23 мекемеден 324 адам жұмыстан қысқартылған. 

Негізі қысқартылатын адам саны бұдан көп еді. Жұмыс берушілер жалпы саны 2355 адамды жұмыстан шығарамыз деп жоспарлаған. Облыстық әкімдіктің араласуымен ғана 2031 еңбеккер орнында қалды. «Жұмыс берушілермен жұмыста қалдыру мүмкіндіктерін қарастыру немесе басқа жобаларға ауыстыру бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді. 42 мекеменің басшыларына заң талаптары түсіндіріліп, нұсқаулар берілді. Нәтижесінде, қысқартуға жоспарланған 2355 адамның 2031-і өз орнында қалды»,- дейді Балдай Өтеғалиева.

Өз құқығын білмейтін еңбеккерді жұмыстан шығару оп-оңай

Былтыр қабылданған жаңа Еңбек кодексінде қысқартуға түскен жұмысшылардың өтемақы сомасын арттыру қарастырылған. Бұрын қысқарту кезінде өтемақыны бір айға төлейтін, енді 2 айға төленетін болды. Кәсіпорын басшылары жұмысшыға бір ай бұрын оның орны қысқаратындығын ескертуі тиіс. 

Алайда, қысқартудың бәрі заңды деуге болмайды. Жұмыстан шығару кезінде жұмыс беруші көп жағдайда жұмысшының құқықтарын бұзады. Осындай қиын жағдайдан сізді еңбек заңнамасының қарапайым қағидалары алып шығуы әбден мүмкін. Заңгер-маманның кеңесіне құлақ түрсек, жұмыстан шығару кезінде жұмыс берушілер мынадай қателіктерді жиі жасайды: 

- ҚР Еңбек Кодексінде қарастырылмаған себептер бойынша жұмыстан шығару;

- шын мәнінде болмаған себептер бойынша жұмыстан шығару;

- нақты болған себептің орнына басқа себепті көрсету;

- теріс қылық пен еңбек міндеттемелерін өрескел бұзу жағдайын (жұмыстан қалу, мас күйінде жұмысқа келу, қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда, ұрлау және т.б.) тиісті қағаз құжаттарға түсірмей жұмыстан шығару;

- қызметкерлердің санын немесе штатты қысқарту деген желеумен нақты қысқарту жүргізбей өтірік сылтаумен жұмыстан шығару

- ойдан шығарылған себептермен жұмыстан босатылған жұмысшыға жалақысы бойынша қарызын төлемеу.

Көп жағдайда жұмыс беруші өз бастамасымен жұмыстан шығарады. Және ол сізге өз еркіңізбен жұмыстан шығам деп арыз жаз деуі мүмкін. Егер жұмыстан шығару шын мәнінде заңсыз түрде жүргізілсе, онда ешқашан әлгіндей арызды жазбаңыз (оған келісу арқылы сіз шын мәнінде өз құқыңыздың сот арқылы қорғалу ықтималдығын төмендетесіз).

Жұмыстан себепсіз шығарса, қайда арыздану керек?

Мемлекеттік еңбек инспекторына шағымданғаныңыз жөн. Мұндай лауазымды тұлғалардың еңбек заңнамасының сақталуын тексеруге, заң бұзушылықтарды жою бойынша міндетті түрде орындалуға тиіс бұйрықтарды беруге, заң бұзушыларды жауапкершілікке тартуға құқығы бар. Бірақ жұмысқа қайта қабылдану үшін, оның үстіне моральдық залалдың өтемақысы мен жалақыны төлету үшін сотқа жүгінген дұрыс. Сотқа жүгінбес бұрын, сізге мұқият дайындық керек. Жұмысқа қабылдаған кезде сізбен еңбек келісімшартын жасасу керек еді. Жалақы мөлшері нақты көрсетілген еңбек келісімшартының болуы өте қажет. Жұмыс берушіден еңбек келісімшартын жасауды және оның бір данасын сізге алдын ала беруді талап етіңіз (еңбек шарты мерзімді немесе мерзімсіз болуы мүмкін екендігін ескеріңіз). Жұмыстан шығып жатқанда мұны істеу өте қиын болады. Сіздің еңбек кітапшаңызда жұмысқа қабылдау мен жұмыстан шығару туралы жазбалар болуы тиіс. 

Сот сіздің ісіңіз бойынша оң шешім шығарғаннан кейін бұзылған құқығыңыз қалпына келеді. Мәжбүрлікпен жұмыстан қалған уақытыңыз үшін орташа жалақының көлемінде өтемақы аласыз.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter