Мақтаралдағы мазаратқа тағы да қауіп төнді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сәрсенбi, 20 сәуiр 2016

 Кіру / Тіркелу

Мақтаралдағы мазаратқа тағы да қауіп төнді

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Мақтааралдағы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының ернеуі опырылып, жақын маңдағы мазаратқа қауіп төніп тұр. Ата-бабаларының сүйегін су шайып кетеді деп алаңдаған тұрғындар таяуда тағы да дабыл қақты. Тағы да дейтін себебіміз, осыдан екі-үш жыл бұрын да бұл мәселе дүйім жұрттың құлағын көтерген болатын. 

Иә, бәрі де сол баяғы көрші елге кіріптарлықтан басталды. Яғни, үш жүз мыңнан астам тұрғыны бар алып аудан – Мақтаарал егістік алқаптарына ағынсуды Сырдария өзенінен алады. Ал, бірнеше мемлекеттің шекарасын кесіп өтетін өзен бізге Өзбекстан арқылы келеді. Көңілі бірде көл, бірде шөл болып отыратын ала тақиялы ағайындар көктем, күз айларында ешкімге керек болмайтын суды көл-көсір ағызады да, шіліңгір шілдеде алдын бекіп, сан мыңдаған егіндік алқапты сусыз қалдырады. 

Қолдан жасалатын құйтырқы әрекет қайталана берген соң біздің билік біреуге кіріптар болмаудың жолдарын қарастырып, ақыры Сырдарияның өзіміздің тұсымыздан өтетін төменгі жағынан төтелетіп канал тартты. Оған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» деген ат беріп, айдар тақты. Бірнеше жерден сусорғы қойып, жоғарыға қарай су айдайтын каналдың әуел бастағы жобасы дұрыс болмады ма, әлде басқа бір бізге беймәлім сыры бар ма, әйтеуір іске қосылмай жатып-ақ сыр бере бастады. Бар-жоғы жиырма шақырымға жетеғабыл каналдың біраз бөлігі бетондалғанымен қалған бөлігі қара топырақ күйі ашық жатты. Аздаған тас төсеп, сетка тастаған болды. Көрер көзге шикілігі білініп тұрған алып арықтан су айдады. Өзі жаңадан қазылған каналдың екі ернеуіндегі борпылдақ топырақ ә демей-ақ опырылып қалды. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысы осылайша көз алдымызда суға ағып жатты. Канал жағасына төселген тас жол қақ ортасынан екі бөлініп, жақын маңдағы электр бағаналары бірінен соң бірі ұзыннан ұзақ сұлқ түсіп, сұлап жатты. Сәл болмағанда сол маңдағы «Сүлеймен Ата» қорымына қойылған ата-бабалар сүйегін су шайып кете жаздаған. Тұрғындар дабыл қағып, мәселе көтерді. Баспасөз беттерінде мақала жазылды. Телеарналардың да тұрақты тақырыбына айналды. Шала жұмыстың арадан бірер ай өтпей-ақ сыр беретінін іштері сезсе де, көрер көзге білініп тұрса да, неге екенін, жиырма шақты адамнан тұратын арнайы комиссия жұмысты қабылдай салады. Арадағы келісім-шартта көрсетілгендей, атқарылған жұмыстардан ақау шығып жатса 12 жылға дейін қайта жөндеп беретін болған мердігер компанияны бүгінде канал басына келтіру қиын болып тұрғанға ұқсайды. Бұл жерде біздің пайымдауымызша, бір кілтипан бар. Жиырма адамнан тұратын қабылдау комиссиясының жауапты мердігерге сөзі өтпейтіндей араларынан «бірдеңе» өтіп кетпеді ме екен? Әлде, ісі иір, ізі шиір компанияның көк тіреген көкесі мықты болып тұр ма? Қалай айтқанда да заңдық күші бар құжатқа пысқырып қарамайтын құрылыс компаниясының бұл қылығын түсіну қиын болып тұр.

Иә, Асық Ата кентіне қарасты Ынтымақ ауылының іргесіндегі Сүлеймен Ата қорымы бүгінде республика халқына біршама танылып қалды. Қайта-қайта баспасөз бетіне шығып, телеарналардан көрсетіле берген соң жергілікті билік бір амалын жасау жағын қарастыра бастады. Мердігер компанияны іздеп, оған өз ісінің шала екенін түсіндіріп жүргенде біршама уақыт өтетін болды. Ал, күн санап жағаға қарай жақындап келе жатқан суды тоқтату мүмкін емес. Міне, осыны ойлап шыр-пыр болған тұрғындардың жанайқайынан кейін каналдың қожайыны болып саналатын «ҚазСуШар» өз қалтасынан қаржы шығарып, тек мазаратқа жақын жерді ғана бетондап берді. Каналдың басқа бөлігі екі жағасынан кәдімгідей кертіліп бара жатқаны болмаса ең бастысы қорымға төнген қауіп біршама сейілген еді.

Бірақ, баспасөз дабылынан кейін жөнделген жердің өзі көзбояушылық сияқты. Өткен нөмірлеріміздің бірінде осы көзбояушылық тірлікке көңіл шіркін онша сеніңкіремейтінін айтып, мәселе көтердік. Бекерге алаңдамаппыз, алыстағы ауданнан баяғы қорымға байланысты тағы да жағымсыз хабар жетті. Қоңырау шалған тұрғындар атқарылған жұмыс бірер жылға жетпей сыр бере бастағанын жеткізді. Қайта-қайта су шайып, қыруар қаржыны желге шашатын бұл не қылған бітпейтін шала жұмыс деді ме, кім білсін, кешегі аптаның аяғына таман әйгілі канал басына ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтың өзі келді. Астанадан арнайы келе жатқан Ислам Әлмаханұлына бар базынасын жеткізбек болған жергілікті тұрғындар сенбі күні түс қайта келіп, кешке дейін күтті. Алайда, сағат 16-00 де келеді деп күтілген төраға кешке дейін ол маңнан төбе көрсетпеді. Кейіннен келіп кеткенін ұзынқұлақтан естіп білген тұрғындар төрағаның қандай шешім қабылдағанын біле алмай әлек. Күні бойы сарғайып жолын күткен азаматтың ең болмағанда не айтқанын біле алмай отырған олардың талап-тілегі бойынша ізденіп көрген едік, «ҚазСуШар» мекемесінің басшылары өздеріне қатысты мәселені тек жазбаша сұрағанда ғана бере алатынын айтып шығарып салды. Сонда бұл жерде құжат-қағаздардың көшірмесін беруге қиналатындай не сыр бар?

Жалпы, кейінгі кезде Су ресурстары комитетінің айналасында әңгіме көбейіп кетті. Мақтаарал мен Шардара ауданын жалғайтын жолдың басталғанына да біраз жыл болды емес пе, тым кешеуілдеп кетуінің себебі неде? Бұған қатысты да елдің білгісі келетін мәселесі аз болмай тұр. Демек, жаңа жоғарыда айтқанымыздай бұл мәселеге байланысты арнайы сұратылған сауалдарымызға нақтылы жауап келгеннен кейін тағы бір айналып соғатын боламыз. 

Қай қырсық шалғанын қайдам, таяуда тағы да қауіп төнді. Яғни, қаншама қаржы шығындап жасалған бетон плиталар тағы да бүлініп, мазарат бетіндегі жарқабақ және құлай бастапты. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегендей, бірер айға көңілі тыныш тапқан тұрғындар өздеріне таныс төбенің басына тағы жиылды. Бәрінің де көңілінде «Айдың-күннің аманында ата-бабаларымыздың сүйегін суға ағызып аламыз ба?» деген уайым бар. Ынтымақ ауыл-округіне қарасты Үшкөпір ауылының тұрғыны Өтепберген Жүнісбековтың айтуынша, канал құрылысы сапа стандартына жауап бере алмайды. «Бұл каналдағы мәселенің көтеріліп жатқанына біраз жыл болды, – дейді ол. – Адамдар дабыл қағып шыққан кезде ғана билік мойын бұрып, сәл-пәл жөндеген болады. Бірақ онымен мәселе түбегейлі шешілмейді. Каналдың тереңдігіне қарай алдымен астына жылжымайтындай етіп бетон қадалар қағу керек. Біздің бұл өңірде жерасты суы жақын, бір-екі метр қазсаң су шығады. Демек тереңдеген сайын жер асты батпаққа айнала береді. Ал, батпақты анау-мынау бөгетпен тоқтата алмайсың. Жер сорланып кетпеуі үшін егістік алқаптарға қысқы су беріледі. Ол астына теуіп, осылайша тереңде орналасқан каналдардан лай болып ағып жатады. Сол үшін бір жұмысты бастамас бұрын жердің жағдайымен танысып алу керек. Осыны істеген мамандар неге екенін жерасты суының жақындығын ескермеді. Бұл – бірінші қателік!. Екінші қателік, каналдың екі жағасы жар болып опырыла бастағанын көре тұра қайта жөндегенде тереңірек етіп бетон қада орнатуды ескермедік. Содан жер асты суы көтеріліп, ол лайға айналып, кеше ғана жөндеп қойған цемент-плиталарды ағызып кетті. Енді тағы да қайта жөндеуге тура келіп тұр. Бір жұмысқа қайта-қайта қаржы бөліп, жөндете беру кімге керек? Бүгінгі таңға дейін 20 миллиард теңгеге жуық ақша жұмсалған екен. Бұл ақша бар-жоғы жиырма шақырым каналды бастан-аяқ бетондап шығуға жетпей ме? Бәлкім, жер жағдайына байланысты қорым тұсына құбыр тартқан дұрыс шығар»...

Өтепберген Жүнісбеков

Иә, ол кісінің сөзіне өзге ауылдастары да қосылады. Одан кейін сөз алған басқа тұрғындар да өз пікірлерімен бөлісті. Бірі бұл жобаның о баста дұрыс жасалмағанын айтса, енді бірі мәселенің себеп-салдарын жұмыстың сапасыз атқарылғанымен түсіндіргісі келеді. Тағы бірі тәп-тәуір дүниенің жылғы жетпей опырылып түсуін табиғат заңдылығына қарсы әрекет жасалуымен түсіндіреді. Онысы негізсіз де емес, әсілі ағын су шығыстан батысқа қарай ағатыны белгілі. Бірақ, Сырдарияның төменгі жағынан Мырзашөлдің қырлы беткейіне қарай су шығарғысы келетіндер табиғат заңдылығына қарсы шыққандай әрекет жасап отыр. Демек, белгілі бір деңгейде бұл пікірдің де негізсіз емес екені рас.

Түйін.

Қалай айтқанда да қорымға қауіп төніп тұр. Сапасыз жұмыстың салдарынан каналдағы су күн санап жағаға жақындап келеді. Жерасты суы көтерілген сайын, жері босаңсып, қара саз батпақ каналдың екі жағасындағы бетон плиталарды ішке қарай керіп, ернеуін кеңейтіп барады.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Кім кіммен бажа?

Бажа – қазақта туысқандықты білдіретін ұғым. Яғни, апалы-сіңлілі қыздарды алғандардың күйеулері бір-біріне бажа болып келеді. Олардың бір-біріне деген құрметі ерекше. «Екі аяқтыда бажа тату» деген осы...

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ Қоғам

Тұяқбаевты Түркістанға жіберу керек еді

Соңғы кездері ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев жиі сырқаттанып қалып жүрген көрінеді. Себебі де жоқ емес. Екі оттың ортасында (бұрынғы мен қазіргі командада) жұмыс істеу төзімің темірдей болса да та...

Korrespondent.kz Монша ішіндегі әңгіме

Атың шықпаса, өзіңе «қара пиар» жаса

Бүгінде қарапайым халық атақты адамдар туралы ақпарға келгенде кім көрінген түгілі журналистерге, тіпті оқиға кейіпкерінің өзіне де сене салмайды. Өйткені бұл «папарации», «қара пиар» дегенді бірлесіп...

Мақпал ТӨРЕБЕК Мәдениет

Әкім тоқал алды

Ордабасы ауданына қарасты бір ауылдың 60-қа келген әкімі жақында тоқал алған ғой. Өзінен шамамен отыз жас кіші келіншекпен жұп жарастырған әкім мұнысы үшін қымсынбайтын көрінеді. ...

Korrespondent.kz Монша ішіндегі әңгіме

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter