Амантай АСЫЛБЕК, «Аттан» қозғалысының жетекшісі: «Қазақстанның туын көтеру үшін биік ағаштың басына да шықтым»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Амантай АСЫЛБЕК, «Аттан» қозғалысының жетекшісі: «Қазақстанның туын көтеру үшін биік ағаштың басына да шықтым»

Амантай АСЫЛБЕК, «Аттан» қозғалысының жетекшісі: «Қазақстанның туын көтеру үшін биік ағаштың басына да шықтым»
  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

«Аттан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбекті жұртшылық түрлі қоғамдық-саяси шараларға белсене араласып, ат үстінен түспей, қазақ қоғамын имандылыққа шақырып, сыбайлас жемқорлықпен күресуге үндеп жүрген азамат ретінде таниды. Ол өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында құрылып, Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада-Семей» қозғалысы белсенділерінің бірі болды. Тіпті Семей ядролық полигоны командованиесінің 1991 жылдың 28 тамызынан бастап сынақ алаңында ешқандай жарылыс болмайтыны жайлы мәлімдемесі мен хаттамасында, анықтамасында жауапты тұлғалармен қатар «Аттан» бейбітшілік шеруі қоғамдық комитетінің төрағасы һәм ядролық полигонды жою жөніндегі халықтық штабтың жетекшісі ретінде Амантай қажының да аты аталады.

Әрине, бүгінде киіз қалпақ пен кестелі шапан киіп, сесті асатаяғын қолынан тастамайтын оған біздің қоғамның көзқарасы алуан түрлі екенін білеміз. Әйткенмен өзін барынша емін-еркін ұстап, ойын бүкпесіз, ашық айтатын жанның миссиясы өзгеге қайдам, өзімізге «Мына жаһандану заманында қалғып кетпе, ояу жүр, сергек бол!» дегенді ұқтыруға бағытталғандай әсер қалдырады. Айтпақшы, өзі де ылғи сергек жүретін, ширақ қимылдайтын Амантай қажы биыл 75 жасқа толып отыр. Осыған орай, бұл азаматпен аз-кем тілдескенді жөн көрдік.

– Амантай Хантемірұлы, Сіздің Оңтүстің тумасы екеніңізді көпшілік біле бермесе керек.

– Кіндік қаным тамған жер – Шардара ауданының Қоссейіт ауылы. 1941 жылы 16 наурызда дүние есігін аштым. Алайда төлқұжатымда 1942 жыл деп жазылған, ол заманда туу туралы куәлікті дер уағында емес, кешіктіріп беруші еді ғой.

Бабам Тұрсын Ташкентті билеген. Қарадан шығып хан болған. Ал, Асылбек атам ұзақ жасапты, онда да 115 жасында суға ағып кеткен екен. Біздің әкеміз атамның төртінші әйелі Ережептен туылады. Әжем 99-ға жетіп, дәм-тұзы таусылды. Әкем 1942 жылы 6 маусымда Ұлы Отан соғысына аттанып, 1944 жылдың 14 ақпанында көз жұмған. Бірақ оның сүйегі майдан даласынан қайтпады. Қайда жерленгенін жетпіс жыл бойы іздедік. Тек 2013 жылы ғана бір дерегі табылды. Белоруссияның Витебск облысына қарасты Витебск ауданының Шапурово деген елді мекенінде жерленіпті. Үлкен ағам Мәлік-Айдар екеуіміз сол жерден бір уыс топырақ әкеліп, анам мен әжемнің қасына қойдық. Ауылда ас бердік.

Әкем қару асынып, Отанымызды қорғауға кеткенде, сәбимін ғой, оның түр-әлпетін көру бұйырмапты. Жетім өстім. Мені адам қатарына қосқан – анам Қызтумас. Көріпкелдік қасиеті бар әулие адам еді. Қоңыраттың Қаракөсе руында Түркебай деген батыр болған, шешем – соның немересі. Тоғыз құрсақ көтеріпті. Бірақ содан аман қалғаны – бесеуміз. Үлкен ағамның алдында екі қыз, одан кейін екі ұл сәби шағында шетінеп кеткен. Мәлік-Айдар тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техникалық қайраткері болатын. Былтыр 87 жасқа қараған шағында өмірден озды. Одан кейінгі ағам Амантұр ұстаздық қызмет атқарды. Шардара ауданында 17 жыл білім бөлімін басқарды. Еңбек сіңірген мұғалім, ағарту саласының үздігі-тін. Үшінші ағам Андақұл құрылыс саласының білгірі еді. Шымкентте зауыт басқарды, «обкомда» еңбек етті. Төртінші ағам Айнамқұл медицина ғылымдарының кандидаты, хирург ретінде Алматы қаласындағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жауапты лауазымда болды. Жаны жәннатта болсын, бүгінде асыл ағаларымның бәрі – бақилық. Үйдің кенжесі болып өскен мен қазір әулетіміздің қариясы болып отырмын.

Қазіргі Шардара, бұрынғы Қызылқұм ауданында Мақталы дейтін ауыл бар-тын, қазір ол Мақтаарал ауданына қарайды, сонда жетіжылдық мектепті мақтау грамотасымен бітіріп, оқуымды 1956-1958 жылдары Шымкенттегі индустриялық техникумда жалғастырдым. Ал, 1958 жылы Мәлік-Айдар ағам Алматы қаласына аспирантураға түскен соң, мені өзімен бірге алып кетті. Не керек, 1960 жылы Алматы индустриялық техникумын тәмамдадым. Осы жылы Алматы ауыр машина жасау зауытының слесарі болып жұмысқа тұрдым. Шовинистік саясаттың салдарынан онда еңбегім бағаланбайтынын сезгендіктен, араға бір жыл салып автожөндеу зауытына шебер болып ауысып, цех бастығы, бас инженер-технологы лауазымына дейін көтерілдім. Сондай-ақ комсорг, парторг қызметтерін де абыроймен атқардым. Саяси белсенділігімді аңғарса керек, 25 жасымда Алматы қаласының Фрунзе аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Қамаш Бегімов лектор-насихат жүргізуші етіп қабылдады. Бұл тұста жоғары білім алып та үлгерген болатынмын. 1967 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық сырттай политехникалық институтынан инженер-механик мамандығын игеріп шықтым. Жалындап тұрған жаспын, екі жылдың ішінде өз қызметімді ұршықша иіріп әкеттім. Газет беттерінде көрініп, радиодан атым атала бастады. 1969 жылы ғой деймін, бір күні Фрунзе аудандық партия комитеті аппаратының мәжілісіне Алматы облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Асанбай Асқаров қатысатын болды. Қасында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Матай Шөжебеков бар. Ол кезде аудандық партия комитетінің 1-хатшысы ауысқан-тын. Людмила Крашильникова мені мақтай жөнелді. «Зауытта жүрген жерінен партия жұмысына арнайы алдырдық, болашағынан зор үміт күттіреді...» деп. Сөйтіп, маған сөз кезегін берді. Тосылмадым. Атқарылып жатқан шаруалар төңірегінде сөйлеп кеп бердім. Бір кезде «Тоқта, тоқта!» деді А.Асқаров. «Әй, мына жігіт ағып жатқан өзен секілді сөйлейді ғой. Кейбір аудандық партия комитеттерінің 1-хатшылары ойын бұлай жатық білдіре алмайды. Қай жақтың жігітісің?» деп, жөнімді сұрады. Осы жерде әңгімеге М.Шөжебеков араласты. «Бұл азамат біздің резервте тұр. Әкесі соғыста қаза тапқан. Зауытта жұмыс істеп жүрген кезінен білемін» деп мені біраз мақтады. «Резервте ұзақ уақыт тұра ма?» деді Асекең іле-шала. «Қызметке қабылдау жөнінде ұсыныс жасаймыз» деп жауап қатты ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі. Екі аптадан кейін Алматы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы атандым. Оның үстіне дәл сол кезеңде жастарды ел басқару ісіне көптеп тарту саясаты жүргізіліп жатқан-ды. Соның арқасында 33 жастағы жігіттер «горком» хатшысы болып шыға келді ғой. Нұсқаушы болып 4 жыл тер төктім. Еңбегім еленді. Кеудеме медаль тақты.

Ал, 1973 жылы Алматы облыстық кәсіподақ кеңесіне ауысып, әуелі – нұсқаушы, кейін бөлім меңгерушісі болдым. 1974 жылы Алматы облыстық автокөлік және тас жол жұмысшылары кәсіподағы комитетінің төрағасы етіп тағайындады. 100 мың мүшесі бар еді. Мұнда да жемісті жұмыс істедім. Орденмен марапатталдым. Жалпы, Кеңес заманында 2 орден, 3 медаль алдым. Бірақ аталмыш кәсіподақты басқару оңайға түскен жоқ. Саладағы пара алу, сыбайлас жемқорлық секілді келеңсіздіктерге көз жұма алмадым. Көрген-білгенімді бетің бар, жүзің бар демей, ашық айттым. «Турасын айтып туғаныңа жақпайсың» демекші, бір жарым жыл жұмыссыз қалдым. Бұл – 1984 жылдың аяғында болған жағдай.

Осылайша кеудемді ашу кернеп жүріп 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының ортасынан бір-ақ шықтым. Жиырма жігітті бастап, алаңға бардым. «Горбачев – партияның сатқыны. Колбин, қазақ жерінен кет!» деп ұрандаттық. «Менің Қазақстанымды» үш күн, үш түн шырқадық. Бұл факт Заманбек Нұрқаділовтің кітабында көрініс тапқан.

1987 жылы қыркүйек айында Алматы қаласындағы №7 автокомбинат директорының орынбасары болып тағайындалдым. Мұнда қызмет атқарып жүріп те қоғамдық-саяси шаралардан қол үзбедім. Сүлеймен Юнусов басқаратын, мың адам жұмыс істейтін автокомбинат ұжымы 1989 жылы бірауыздан «Невада-Семей» қозғалысына қолдау танытты. Үндеу жарияладық, ол «Казправда», «Лениншіл жас» газеттерінде жарық көрді. Сондай-ақ КОКП-ның Орталық комитетіне «Қазақстанда ешқандай ұлтшылдық жоқ!» деп хат жолдап, мәселе көтердік.

– Шамалауымызша, «Аттан» қозғалысының құрылуына алғышарт сонау 1986 жылы жасалған болып тұр ғой.

– Дәл солай. «Аттанның» іргетасы Желтоқсан оқиғасы кезінде қаланды. Кейін Семей полигонын жабу жөнінде штаб құрып, «Аттан» бейбіт шеруін ұйымдастырдық. Нақты ресми түрде құрылған мерзімі – 1991 жылдың 18 мамыры. 100 күн өткен соң, ядролық жарылыс тоқтады. Бәрі бейбіт жолмен шешімін тапты.

– Енді «Аттанның» бүгінгі мұраты не?

– Қазақ халқына «Мына жаһандану заманында осал һәм бос болма! Қалғып кетпе, сергек жүр!» дегенді ұқтыру. Туасы, қазақ – батыр, қаһарман халық. Әйтсе де жайбарақат жату, «Үнедемеген үйдей бәледен құтылады», «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дейтін немқұрайдылық та біздің бойымыздан табылады. Осы нәрсеге тойтарыс берсек дейміз. Әрине, имандылыққа шақыра отырып. «Аттан» деген сөзді Құраннан алдық. Онда «Көтеріл» делінеді. Біздің бейбітшілік ұранымыз

«Алты алашты арысым,

Бүгін туған бала үшін,

Аттан, қазақ, атқа мін,

Тәуелсіздік туы үшін!

Аттан, қазақ, атқа мін,

Ұлы Ислам діні үшін!

Аттан, қазақ, атқа мін,

Ұлы ана тілі үшін!

Аттан, аттан, Қазақстан,

Аттан, аттан, көш баста!

Келешекке, ғасырға –

Иісі қазақ арманы.

Ниет етіп Алланы,

Мемлекетін қазақтың

Иман жолымен құруға

Аттан, аттан, көш баста!» дегенге саяды. Халыққа жеріне, еліне, тіліне, дініне ие болу – парыз. Ал, мұның тетігі – иманда. Міне, осы парызды орындауға үндеуді өзіме міндет санаймын. Имансыз мемлекет алысқа бармайды...

– Парыз демекші, Сізді қажылық парызын өтеу үшін Меккеге бірнеше мәрте сапар шеккен деп естиміз.

– Меккеге алғаш рет 1992 жылы табаным тиді. Ол кіші қажылық еді. Бұл ретте Олжас Сүлейменов ағам бүкіл жол шығынымды көтеріп, қол ұшын созғанын атап өткен абзал. 1993 жылы да кіші қажылыққа бардым. Ал, 1994 жылы Жаратқан ием үлкен қажылықты нәсіп етті. Жалпы, аян беріліп, Меккеде әруақтарға арнап он рет ас беріп, Құран бағыштағаным рас. Мың адам қатысты. Талай адамның қажылыққа баруына септігім тиді.

Одан бөлек Семей полигоны зардабынан жанары суалған зағиптарға, Алматы қаласында жетімдерге де хал-қадерімше 20 жылдан бері жәрдем беріп келемін. Қазақ «Оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін» дейтін халық қой, әйткенмен осы күні есептеп қарасам, 20 миллион теңгеден астам садақа беріппін. Әйтпесе өзім оңтүстік астанадағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында 45 жылдан бері өмір сүріп келе жатырмын. Ол пәтеріме қазақтың жақсы-жайсаңдарынан кімдер бас сұқпады десеңізші!

– Қайырымдылық шараларға ұйытқы болып, осынша сауап іс жасағаныңызға қарағанда отбасылық бизнесіңіз бар-ау...

– Жоқ, ненің бизнесі?! Зейнет жасына толғалы, 12 жыл болса да, тіпті зейнетақымды да алған емеспін. Өйткені өзімді жас санаймын. Зейнеткер деген сөзден ұяламын. Көзімнің жеткені, Алла Тағалам өзінің сүйікті құлына зор абырой берсе, оған ақша өзі іздеп келеді екен.

– Қажеке, әлемнің әр қиырында мемлекетіміздің көк байрағын желбіретіп жүретініңізді де дүйім жұрт жыр қылып айтады.

– Қазақстан туын талай рет АҚШ-та, Еуропа елдерінде көтердім ғой. Қазақстанның туын көтеру үшін биік ағаштың басына да шықтым. Оның мәнісіне терең бойламағандар мені келеке еткісі келеді. Енді бірі «мақтаныш үшін» деп пайымдайды. Түсінбейді. Талға өрмелегенім еріккендігімнен емес, ту көтеріп тұрмын. Жалпы, қазақ халқы ту көтеріп үйренуі тиіс. Неліктен байрағымыз тек билік органдары отыратын ғимараттардың үстіне ғана қойылуы керек?!

– Президент сайлауына түсуіңізге не түрткі болды?

– Сайлауға үш рет түскенім рас. Иманды мемлекет құрғым келді. Дегенмен Елбасы ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы менің көкейімдегі ойлармен қабысып жатқанын атап өткен жөн.

– Отбасыңыз жайлы айтыңызшы.

– Жұбайым Клара – Кіші жүздің қызы. Он жасында ата-анасынан айрылып, жетім өскен. 54 жылдан бері тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Екі қыз, екі ұлым бар. Бәрі Алматы шаһарында тұрады. Үлкен қызым – Бибігүл, үш перзент тәрбиелеп отыр. Ұлттық банкте қызмет атқарады. Екінші қызым Айман мектепті де, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді де үздік бітірді. Математик. Магистратураны да тәмамдады. Халықаралық компанияда бас менеджер. Өмірлік серігімен бірге үш бала өсіріп отыр. Ұлдарымның үлкені Дәулет – құқық қорғау саласында, майор. Екі ұлы бар. Кенжем Азамат – таэквондодан Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Төрт балалы. Келінім Диляра екеуі нотариус ашып, өз істерін дөңгелетіп жүр. Диляра – бұрын саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз атылып кеткен мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың немересі. Аллаға шүкір, осындай өсіп-өнген әулетпіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter