Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ОҚО мәслихатының депутаты: «Жер халық игілігінде болуы керек»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ОҚО мәслихатының депутаты: «Жер халық игілігінде болуы керек»

– Оңалбай аға, алғашқы сұрағымызды Жетісайдағы  Сырдария университеті төңірегінде бастасақ. Біліуімізше, сізге бағынышты осы оқу орны Венгрия мемлекетімен әріптестік орнатып, тығыз қарым-қатынас жасап жатыр екен. Әріптестік шеңберінде нендей жаңалықтар болмақ?

– Мақтарал ауданы – Оңтүстік Қазақстан облысының ең шалғай өлкесі. Тұрғындарының басым бөлігі қазақтар. Өзбекстанның Сырдария, Жызақ облыстарымен шекаралас. Халқының саны 350 мыңнан асып жығылады. Аудандағы 123 мектептегі жетпіс төрт мыңға жуық оқушыға тоғыз мың мұғалім білім береді. Сондай-ақ ауданда  5 колледж, бірнеше кәсіптік-техникалық училище, талапқа сай мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жұмыс істейді. Мақтаралдықтар өте еңбекқор. Жоқтан бар жасайды. Осы халық шөл жерден жасыл желегі жайқалған, алтын алқапты Мырзашөл жасады. Ол үшін халыққа мың да бір тағзым.

«Сырдария» университетін ашуға мұрындық болғаным рас, оны мақтаныш тұтамын. Мақтарал халқы осы еңбегімді жоғары бағалап, мені ҚР Парламенті мәжілісінің 3 шақырылымының депутаты, сосын ОҚО мәслихатының Ү және ҮІ шақырылымының депутаты етіп сайлады.

Иә, Сіз дұрыс айтасыз, кейінгі уақытта «Сырдария» университеті шет елдермен қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыс істеуде. Англия, Франция, Германия, Түркия, сонымен қатар Мажарстанмен тығыз байланыс орнатылды. Мұндағы мақсат: жоғары білім беруде әлемдік стандартқа сай болу, түлектерді әмбебап іс-әрекетке дайындау. Бұл мәселеде мен депутат ретінде «Сырдария» университетінің ұжымы дұрыс жолда деп есептеймін. Оның үстіне «Сырдария» университетінің студенттер контингентінің негізгі бөлігін Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың ұл-қыздары құрайды.  Осыдан 25 жыл бұрын өзбек ағайындар Өзбекстанда 1 миллиондай қазақ тұрады деп мәлімет таратқан еді, қазір олардың қанша болғанын бір Алла біледі. Сондықтан «Сырдария» университетін көтеру бар қазаққа ортақ.

– Соңғы кездері жер мәселесіне қатысты дау-дамай ушығып тұрғанын білесіздер. Талай жылдан бергі ОҚО мәслихатының депутаты, халық қалаулысы ретінде осы мәселеге қатысты қандай көзқарастасыз?

– Мен ауыл шаруашылығы маманы емеспін. Сондықтан маған кәсіптік көзқараспен түпкілікті жауап беру қиын. Бірақ азамат ретінде менің ойым былай: Жер-ана біздің ата-бабаларымыздың бізге аманаттап кеткен мұрасы. Біз оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Елбасы да осылай айтты емес пе?! Түсінбейтін несі бар? Жер-ана құдіретін біз тиімді пайдалануымыз қажет. Былайша айтқанда, жер халық игілігінде болуы керек.

– Жер мәселесін талқылау үшін комиссия құрылды.  Шын мәнінде бұл комиссия Парламент әлдеқашан мақұлдап жіберген заңның олқы тұстары табылған соң, халық ашуға берілген соң жасалынып отырған нәрсе. Бұл жерде нені байқауға болады.  Парламент заң шығаруға икемсіз бе? Осылай олар заңды мақұлдап жіберіп, артынан үнемі комиссия құрып, қайта қарап отырамыз ба? Мұндай Парламенттің не керегі бар? Мүмкін осындай әр саланы талқылауға арналған комиссия жасақтап, заңды солардың талқылауына тастағанымыз дұрыс шығар?

– Мемлекетке заң шығарушы орган – Парламент керек. Бұл сұрақ талқылауды қажет етпейді. Парламент жұмысына мен баға бере алмаймын. Бұл көргенділікке жатпас еді. Этикалық тұрғыдан да дұрыс болмайды. Ал жер мәселесі бар деген азаматтар жер мәселесін талқылау үшін құрылған комиссия жұмысына қатыссын. Ұсыныстарын енгізсін. Түсінбеген мәселесін түсінсін. Игі іс бірлікке әкеледі.

– Парақорлық дейтін жағымсыз құбылыстың жоғары оқу орындарына дейін кіріп кеткенін жақсы білесіз. Қай оқу орнының студентінен сұрасаң да мұғаліміміз пара дәметеді дейді. Сіздерде қалай? Осы мұғалімдердің студенттерден пара алуын қайтіп қойдыруға болады?

– Сіз маған өте қолайсыз сұрақ қойдыңыз. Бізде парақорлық жоқ деп айтқым келеді, бірақ... Қазақта айтады ғой: «қарғайын десем жалғызым»... Сол сияқты ырық бермей жүргендер бар, сеземін. «Бұлақ басынан тұнады» деген сөз бар, мен басшы ретінде бұл індетке қарсымын, әлім келгенше күресіп келемін. Қызметке адалдық таныту – азаматтың арына сын екенін жақсы түсінемін. Парақорлық туралы қарамағымдағы декандар мен кафедра меңгерушілеріне қатты ескертілген. Жауапкершілік соларда, олар оны жақсы сезінеді. Ал бірақ параны ұсынатын, беретін студенттер ғой?! Олар да өз кінәсін түсінуі керек. Намыс қайда, ұят қайда? Неге ата-анасының еңбекпен тапқан дүниесін өзгенің алақанына салуы керек? Парақорлықты тоқтатудың тиімді әдісі – студенттердің сапалы білімі. Ең бастысы, студенттерді енжарлықтан арылту. Олардың білімге деген талпынысын, мамандығына қызығушылығын ынталандыру, атқарған іс-әрекетке кәсіптік тұрғыдан баға беруге баулу – басты міндетіміз. Біз кәсіптік еңбегімізді болашақ ұстаздардың білімінің сапасын көтеруге жұмсаймыз. Әрине, кемшіліктер бар. «Бес саусақ бірдей емес». Бағытымыз дұрыс. Ұстаз шәкіртке қамқоршы, ақылшы, керек десеңіз әріптес болуы керек. Парақорлықты тоқтатуға арналған дайын рецепт жоқ. Сондықтан қоғамда бір күнде парақорлық ғайып болады деуден аулақпын. Ондай қиялға сенбеймін. Бірақ, таза өмір сүру, адал еңбек ету бәрімізге парыз.

Құран Кәрімде «Ғылым және білім адамның жоғалтқан малы. Ол малды жер шарын шарлап жүріп табу – әр пенденің парызы» делінген, бұдан артық не айтуға болады?!

Менің ұстанымым: өзгенікін иемденбе, қиянат жасама, өзіңдікін ешкімге берме, қиянат жасатпа. Қолыңнан келсе көмектес, келмесе тыныш жүр. Кісімсінбе. Еңбегіңе адал бол. Жаның ашыса шындықты айт. Оңашада. 

– Жоғары оқу орны болған соң, онда жоғары білімді мамандар жұмыс істеуі керек. Ғалымдардың шоғыры болуы тиіс. Және ол ғалымдар ғылымда үлкен жаңалық ашқан болуы шарт деп ойлаймын өз басым. Сіздерде қалай? Ғалымдарыңыз немен мақтана алады? Ашқан, ғылымға енгізген атышулы жаңалықтары бар ма?

– Институттың ғылыми-кадрлық әлеуеті 57% құрайды. Бұл қанағаттандырарлық көрсеткіш. Ғылым мен инновация менеджментін модернизациялау мақсатында 19 ғылыми-зерттеу бағыты бойынша жұмыстар жүргізіледі.

2015-2017жж ғылыми-зерттеуді гранттық қаржыландыру байқауына қатысу үшін жоспарланған ғылыми жобалардың ҚР Білім және Ғылым министрлігіне  жіберілгені - 9, жеңімпаз атанып 7,5 млн. теңгені құрайтын мемлекеттік грантқа ие болғаны  -  тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы А.Б.Есимова. Сонымен қатар  профессор А.Ашировтың жетекшілігімен 20 млн қаржыны құрайтын шаруашылық-есептік келісіммен 1 ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта болатын байқауларға   институт бойынша  барлығы  25 ғылыми жоба жоспарланып отыр, оның ішінде 8 ғылыми жоба халықаралық жоба ретінде ұсынылуға  даярлануда  және де 9 ынталы ғылыми-зерттеу жұмыстары Ұлттық ғылыми-техникалық ақпараттық орталыққа  тіркеліп,  орындалуда.

Сондай-ақ, биылғы жылы Пошаев Данабек  Қалдасұлы «ЖОО үздік оқытушысы» номинациясының иегері атанса, доцент Битемірова Әлия Еркегуловна Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі тарапынан ғылыми жұмыстар нәтижесі бойынша инновациялық патент иеленді. Әлібекова Балдырған Болашақ бағдарламасы бойынша болашақ стипендиясының иегері атанды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау мақсатында ғылыми-зерттеу ұйымдарымен,  жоғары және орта  білім беру мекемелерімен институт  бойынша  барлығы 27  келісім-шарттар жасалған, оның ішінде 7-і Халықаралық ынтымақтастық байланыс аясында жүзеге асады.

Институтымызда «ОҚМПИ Хабаршысы – Вестник ЮКГПИ» журналы жұмыс жасайды. «ОҚМПИ Хабаршысы – Вестник ЮКГПИ» журналына мақалалар үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланып келеді.  Басылым педагогика және психология, тарих және археология, тіл білімі мен әдебиеттану, жаратылыстану ғылымдары мен математика, қоғамдық ғылымдар, құқық және экономика, кәсіптік оқыту, мәдениет пен өнер, спорт салалары, жас ғалымдар ізденістері, сонымен қатар жалпы білім беретін орта мектептердегі оқыту және тәрбие әдістемелеріне қатысты өзекті мәселелерді қамтиды.

Барлығы керемет деуден аулақпын. Бірақ біз тақыр жерден шаңырақ көтердік. Бес жылда бәсекелестікке қабілетті ұжым құрдық. Осыған тәубе дейміз.

– Ғылым саласында Нобель сыйлығын алған бір қазақ жоқ. Тіпті түркі халықтары ішінде жоқ. Әдебиет саласы бойынша бір ғана түрік жазушысының алғанын білеміз. Мұны қалай түсінсек болады? Пәленбай мың ғылым докторлары мен сан жүздеген академиктердің аты ғана айқайлап тұрғаны ма?

– Нобель сыйлығына ие болуға лайықты ғалымдар мен саясаткерлер Қазақстанда бар. Ал оларға осы үлкен сыйлықты беру туралы шешім қабылдау көптеген факторларға байланысты. Комиссия мүшелерінің Нобель сыйлығының лауреаттарына деген өз талаптары мен көзқарасы бар. Әрине, бұл жерде саясат та жоқ емес.

Сөз соңында «Корреспондент» газетінің ұжымына ел мүддесін қорғайтын, бірлікті арттыратын, қазақты мадақтайтын біртума мақалалары жиі болып, әділдіктің шыңына шығыңыздар деген тілек айтамын.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter