Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, Ордабасы ауданының әкімі: «Темірлан тоқырап қалады» деген пікірге қосылмаймын»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, Ордабасы ауданының әкімі: «Темірлан тоқырап қалады» деген пікірге қосылмаймын»

  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Ордабасы ауданының еліміз үшін орны бөлек. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда үш елдің президенттері Ордабасы тауында бас қосып, елдің татулығы мен ынтымағы жайлы сөз еткені де белгілі. Күш атасы Қажымұқан да өзінің мәңгілік мекенін осы өңірден тапты. Әрине, еліміздің басқа өңірлері сияқты бұл ауданда да атқарылып жатқан жүмыстар аз емес. Есесіне, әлі шешімін таппай жатқан шаруалар да бар. Біз бүгін киелі өңірдің тыныс-тіршілігін сөз ету үшін аудан әкімі Алмасбек Мамытбековты сұхбатқа шақырып отырмыз. 

– Бұған дейін Оңтүстік жұртшылығы сізді идеолог ретінде білетін. Енді, міне, сан түрлі шаруашылықпен айналысып, халықпен етене араласатын қызметке келдіңіз. Ордабасыға әкім болғаныңызға таяуда 1 ай толады. Басқа әкімдер сияқты емес, келе салып, ауыл-ауылды аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қандай мәселелер бар екенімен танысып қайттыңыз. Осы сапарларыңыздан не ұқтыңыз, Ордабасы ауданына ғана тән қандай проблемалар бар екен?

– Идеология саласында жұмыс істегеніммен, ауылдың да тыныс-тіршілігімен етене таныспын. Ауылда өстік, жетілдік. Ендігі кезекте ауылдардың дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосуыма мүмкіндік туды. Ордабасы – облыс орталығымен шектескен аудандардың бірі. Жыл сайын экономикасы дамып, кәсіпкерлік саласы қарыштаған өлкені тоқыратып алмай, одан әрі өркендету – үлкен жауапкершілік жүктейтіні мәлім. Әзірге, аудан орталығымен қатар, Бөген, Жеңіс, Шұбар, Қарақұм, Төрткүл ауыл округтерін аралап, шешімін күткен мәселелерге қанықтым. Ауданда орналасқан индустриалды аймақтардың жағдайымен таныстым. Елдің арманын бір күнде орындау мүмкін емес, сонда да, түйткілдердің түйінін тарқату жағын жоспарлап, жұмыстар жүргізудеміз. Ордабасылықтардың басты тілегі – газдандыру мәселесі. Аудан халқының 6,9 пайызы газбен қамтылған. (Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар және Бадам елдімекендері). 2016 жылға «Темірлан» АГРС құрылысы мен Темірлан ауылы арқылы өтетін магистралды газ құбырын Арыс қаласына дейінгі құрылысына облыстық бюджеттен 3 млрд. 170 млн. 260 мың тенге қаралды. Осы бағыттағы тірліктерді тиянақтап, тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз етуге күш салу – бірінші кезектегі мәселе.

– Ордабасы тауының қазақ үшін орны қашан да бөлек. Қазақтың небір игі жақсылары осы таудың басына шығып, елдің жайын сөз етті. Ең берісі тоқсаныншы жылдардың басында үш ел президенті дәл осы таудың басында бас қосып, татулықты, туыстықты, жұдырықтай жұмылған бірлікті ту етіп көтерді. Ордабасы тауының маңызы баяғыдан да арта түскендей еді. Десек те, бір өкініштісі, уақыт өткен сайын Ордабасы тауын ұмытуға айналдық. Дәл қазір оны кие тұтып жүрген ешкім жоқ. Ешкімнің аузынан естімейтін болдық. Қазақ мемлекеттігінің, дала демократиясының, дала парламентінің төлсипаты болған Ордабасы тауына қатысты қандай жоспарыңыз бар? Мемлекет идеологиясының бір тетігі ретінде пайдаланатын-ақ дүние емес пе?

– Бірлік пен ынтымақтың төлсипатына айналған Ордабасы өңірі - тұнған тарих. Ордабасы тауының баурайында 1726 жылы Орда тігіліп, қазақтың үш жүзінің игі жақсылары бас қосып, жоңғарларға қарсы күш біріктіргені тарихтан белгілі. Сол кездегі елдің ынтымағы қазақты жеңіске жеткізгені тарих деректерінен мәлім. Мәні терең осы оқиға орнына 1993 жылы Елбасымыз арнайы келіп, ту тікті, 150 мың адамның алдында «Береке басы — бірлік» деп, болашаққа жасалатын қадам барысын баяндады. Міне, осы сапарында мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өлкемізге «Ордабасы — ел жүрегі, жер кіндігі» деп, баға берген-ді. Қазақты үш ғасырда бауырына екі жиған Ордабасының екі жиыны да қайырлы болып, ел тірлігіне, жеңісті істеріне бастау болды. Күш атасы — Қажымұқанның да мәңгілік мекенге Темірланды таңдауы тегін емес. Жердің киесі мен елдің қасиеті арқасында Ордабасы өсіп, өркендеуде. Ордабасы тауы – тарихи маңызы төмендемейтін мекен. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1993-жылғы 26-мамырдағы №1213 Жарлығына сәйкес, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығы құрылған. 1134 гектар аумақты қамтитын қорықта тастағы таңбалар жиынтығы, 300-ден астам мола, тас әулиелер, мұражай, аруақтарға арналып тастан қаланған ескерткіш бар. «Бабаларға тағзым» тақырыбында оқушыларға ауданның тарихи орындарына саяхат ұйымдастыру ойда бар. Себебі, жас ұрпақты өткенімізді құрметтеуге үйрете отырып, болашақты бағдарлайтын жастар қалыптастыра аламыз.

– Келесі сұрағымыз Бөген су қоймасына қатысты. Кезінде бұл нысан Ордабасы ауданының атағын шартарапқа шығарғанын білесіз. Мыңғырған малы, жайқалған ақ алтыны, тайдай тулаған балығымен аты шыққан Бөген еді ғой. Қазір мұнда шаруашылық шатқаяқтап, халық шетінен көшіп, мыңдаған тұрғыны бар Бөген ауылынан сән кетіп тұр. Ел арасында Бөгеннің балығындай дәмді балық Оңтүстікте жоқ дейтін сөз бар. Басқа болмаса да осы балық шаруашылығын аяққа тұрғызып, мүмкіндік болса дамытып, Бөген ауылына жан бітіруге мүмкіндік бар ма?

– Бөген ауылы – аудандағы даму динамикасы тұрақты ауылдардың бірі. Бөген су қоймасына келер болсақ, бұл нысан Оңтүстік Қазақстан облысындағы аса ірі гидротехникалық құрылыстың бірі. Сиымдылығы 370 млн. текше метр. Арыс-Түркістан арнасы арқылы Арыс, Бәйдібек, Түркістан, Ордабасы, Отырар аудандарының егін танабын суландырады. Жоба бойынша 52,4 мың гектар жер суландыру жоспарланған, іс жүзіндегі көрсеткіш - 60,0 мың гектар. Мұнда балық шаруашылығын дамыту да дұрыс жолға қойылған деуге болады. Мәселен 2015 жылдың желтоқсанында Бөген су қоймасына 15 мың шабақ балық жіберілді. Шабақтар «Дариябалық» серіктестігінде өсіріліп, жарты жыл бойы «Жамбыл балық» тәлімбағында жетілдірілген. Осы тектес жұмыстар үздіксіз атқарылып, балық шаруашылығы дами түспек.

– Қазақ жерінде ақындар аллеясы тек Темірланда ғана бар. Бұл өте мақтанарлық дүние. Сол аллеядағы ақындардың бірі Өтебай Тұрманжанов. Өтебай атамыздың әсіресе балалар әдебиетіне қосқан үлесі зор. Тіпті бір ұрпақ сол кісінің өлеңдерімен өсті. Мектептерде ол кісінің өлеңдері жатқа айтылатын. Бір өкініштісі, Өтебай ақынның есімі соңғы кездері көп айтыла бермейді. Ел ұмыта бастаған сияқты. Сізден сұрарымыз, осы бір аяулы ақынымыздың аты республикалық дәрежеде насихатталса. Ең болмаса еске алу іс-шарасы өтсе екен дейміз. Осыны қолға алуға бола ма?

– Аудан орталығындағы Ақындар аллеясы 1991 жылы мамырда ашылып, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын жырлаған, туған жерін ұлықтап, өзінен кейінгі ұрпаққа өнегелі өсиет қалдырған ордабасылық ақындардың мүсіндері орын алған.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Орынбай Тайманұлы, Бейсенбай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Көпбай Омаров, Қосжан Мүсірепов бейнелерін жас ұрпаққа насихаттап, есінде қалдыру үшін ауданда ұдайы іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ауданның кітапсүйер қауымы жерлес ақын-жазушылармен қатар, жалпы қазақтың маңдайына біткен от ауызды, өткір тілді, әдебиетте өз орны бар барша ақын-жазушылардың туған күндерін атап өтуді дәстүрге айналдырған. Арнайы кештер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, аға мен жас ұрпақтың диалогы жүйелі жүргізілетініне көзім жетті. Әрине, бұл қуанатын жағдай. Ақпараттық технология дамыған заманда жастарымыз әдебиеттен қол үзіп қалмауы керек. Өтебай Тұрманжановтың 110 жылдығына орай да аудандық кітапханалар жүйесінде әдеби кеш ұйымдастырылған. Ө.Тұрманжанов тек ақын-жазушылығымен ғана емес, аудармашылығымен де тарихта қалған тұлға. Кезінде Қазақ мемлекеттік баспасы оқулықтар шығаратын бөлімнің меңгерушісі болды, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Әдебиет майданы» журналы редакторының орынбасары болды. 30-дан аса кітаптің шығармагері, Л.Толстойдың 50 мысалын аударып, оқырмандарға ұсынған аудармашы Өтебай Тұрманжановтың есімі Ордабасыда Жеңіс ауылындағы жалпы орта мектепке берілген, сонымен қатар аудан орталығында ақынның есімімен аталатын көше бар екенін атап өткім келеді.

– Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің бір бөлігі Ордабасы ауданының аумағынан өтеді. Осы күре жолдың аудан экономикасы мен инфраструктурасына қаншалықты пайдасы тиіп жатыр. Мұны сұрап отырған себебіміз, көлік дәлізі аудан орталығы Темірланды айналып өткелі ауыл шетте қалып, кезінде жолдың бойында сауда-саттық жасап, көлік жөндеп, шаруасын дөңгелетіп, нәпақасын айырып отырған халыққа біраз қиын соғып қалды деп, темірландықтар жиі айтады. Шынымен солай ма?

– Халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағынан өтуі, әрине, аудан экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді. Күре жол бойында кәсіпкерлік нысандарын көптеп тұрғызып, халыққа қызмет көрсету нысандарының қатарын көбейтуге мүмкіндік бар. Ол тек жанар-жағар май бекеттерімен шектелмеуі тиіс, қонақ үйлер, көліктерге техникалық қызмет көрсету, тамақтану орындары халықаралық стандартқа сай дамып жатса, нұр үстіне нұр. Ал, аудан орталығы – Темірланға келсек, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің бас жоспарына аудандағы азаматтардың тілегі ескеріле отырып, өзгеріс енгені баршамызға аян. Әйтсе де, «Темірлан тоқырап қалады» деген пікірге қосылмаймын. Облыс орталығымен іргелес орналасуымыз біздегі кәсіпкерлікті дамыту әлеуетін арттыра түспек. Тек, еңбекқорлық керек. Табиғи газбен қамту мәселесі шешілгеннен кейін, ауданымызда кәсіпкерлік нысандарының артатынына сенім мол. Өйткені, тоғыз жолдың торабында орналасудың өзі Ордабасыда өндірілген тауарларды алыс және жақын елдер мен шет мемлекеттерге таныту мүмкіндігін күшейтеді.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter