Алғыс айту орнына аласарту
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 2 сәуiр 2016

 Кіру / Тіркелу

Алғыс айту орнына аласарту

Алғыс айту орнына аласарту
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Елімізде тұңғыш рет «алғыс айту күні» тойланды. Ия, атап өтілген жоқ. Тойланды. Бастамасы болған соң шығар, билік араласып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырды. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері бір-біріне және қазаққа алғысты сахналық қойылым кезінде ғана айтып жатты.

Шынымды айтайын, сол күні Қазақтың егемен ел болғанына ширек ғасыр болса да осынау тарихи шындыққа әлі күнге мұрнын шүйіріп қарайтын, аттан түссе де ерден түскісі келмей жүрген біздегі кей диаспораға емес, қазақ қоғамының қаймағы саналатын кейбір тізгін ұстар тұлғаларға жұмсартып айтқанда «қарным ашты». Әдеттегі жалтақтығына салып, алғыс айту күнінің астарын мүлдем өзге арнаға бұрып жіберді. «Көктемге жеткізген Аллаға рахмет» деді, «ата-анамызға рахмет», тағысын тағылар. Аллаға алғыс айту – мұсылманның парызы. Оған арнайы күнді белгілеудің қажеті жоқ. Өзгеге алғыс айту имандылықтың нышаны, ол күнде айтылу керек. Риясыз айтылған алғыс адамды бір-бірімен жақындастырады. Ал, 1-наурыздың жөні бөлек болу керек еді ғой. 

«Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» айдарымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясының ашылуында Елбасы: «Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде – 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады – барлық ұлттың бір-біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе, әділетті болар еді», – деген еді. Осы сөзден саяси сыпайылықты сыпырып тастасақ, бұл – кезінде келімсектерді кемсітпей қабылдап, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні. Қазақтың жерінде жүрген өзге диаспораларға шаңырақтың шын иесі кім екенін есіне салып қою болатын. Әйтпесе бізде халықтар достығын дәріптейтін 1-мамыр бар емес пе?

Ұят та болса айтайын, қазаққа «тұрып дәрет» сындыруды үйреткенін осы күнге дейін міндетсінетін, әлі де болса қазаққа бірдеңені «дәлелдегісі» келіп жүргендер бар екен. Сөзім негізді болсын. 1-наурыз күні түске қарай редакциямызға бір оқырманымыз қоңырау шалды. Алғыс айту күніне арнайы хабарласып, ризашылығын айтпақ болған шығар дегенбіз. Бірақ, байланыс желісінің арғы жағындағы азаматшаның айтары басқа екен. Апайымыздың айтуынша, Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде (ешкімді ренжітіп алмас үшін ешқандай мекеме аты мен адамның есімін айтпауды жөн санадым) Алғыс айту күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылыпты. Соған қатысқан қаладағы бір басылымның басшысы сөз алып, бірнеше минут ХХ-ғасырдың басында қазақ қоғамына «өркениет алып келген» өзге ұлттың өкілдерін тізбектеп шығыпты. «Арнайы баяндама жасаған адамның аузынан сол күйі алғыс ести алмадық», – деген оқырманымыз, «Қазақтың топырағында өсті. Сауатты қазақ табылмады деймісіз, пейіліміз кең болғасын қызғанбай, қызмет беріп отырмыз ғой. Оның үстіне басқа емес, «Нұр Отанның» арқасында өсті. Жарайды, қара қазақты сыйламаса да өзін өсірген сол партия төрағасын неге сыйламайды? Неге Елбасының айтқанын орындаудан қашқақтайды? Қазаққа алғыс айтпаса да суын ішкен Қазақстанға ризашылығын білдірсе, кісілігі кеміп қалар ма еді?» – деп, сөзін ашу аралас ызамен аяқтады. Бұл «сүйкімді көріну саясаты» мен «қызметке тұру үшін жағымпаздық жарысынан» жұрдай, қарапайым азаматтың пікірі. 

18 бен 20-ғасырдың аралығында Қазақ даласы эксперимент алаңына айналды. Еуропа мен Ресейдің, бертін келе Кеңес Одағының әр аумағын мекен еткен ұлттар тайлы тұяғымен қазақ даласына көшіріле бастады. Шұрайлы жерінен, шөбі шүйгін жайлауынан айырылған ел ығысып, келгендерге орын берді. Бірде өз еркімен, бірде ығысуға мәжбүрледі. Ал, 20-ғасырдың 30-жылдары, бір жұт пен бір ашаршылықты басынан өткеріп, саны екі есе азайып кеткен халық өзі әрең нан тауып отырса да Сталиннің бұйрығымен жер аударылған халықты далада қалдырмай, асын бөлісіп, баспана берді. Осылайша, өткен ғасырдың орта шенінде қазақ деген ұлт өз шаңырағында отырып «нацмендер», яки, ұлттық азшылықты құрады. 1959 жылы Кеңес Одағы аумағында жүргізілген халық санағының қорытындысы бойынша ҚазССР-інде жергілікті халықтың саны 30% аз болған. Бұл қазақ басынан кешкен тарихтың бір парасы ғана. Сонда да жойылмай, ұлттығын сақтап қалған халыққа қалай алғыс айтсаң да лайықты. Содан ба екен, алғаш рет тойланып отырған Алғыс айту мерекесінде негізінен бірін-бірі құттықтап жатқан да қазақ болды. 

Әрине, өзгеден алғыс дәмету - әбестік. Ашып айтқанда – ақымақтық. Ризашылық жүректен шығуы тиіс. Асылы Осман апамызды қазақ неге өзіндей жақсы көреді? Тағдыр тәлкегімен Қазақ еліне келген қаршадай қыз тұтас әулетімен бірге осы елді жақсы көріп кетті. Осы даланы өз үйі деп, оны мекен еткен халықтың намысын жеке басының мүддесінен артық қойғаны үшін қазаққа қызындай боп сіңіп кетті. Асылы апамыздай адамдар қазақ ауылдарында әлі де баршылық. Ақ пейлі мен таза ниеті үшін ауылдағы ағайын өз туысынан артық көретін Мехмедтер, Ким атайлар мен Ганс ағалар. Көршілері оларды өзіндей көретіні соншама тіпті, ұлтын да ұмытып кеткен. Оларсыз өз үйінде шәй ішілмейтін кездер болды. Қазір тағдырдың тауқыметі мен қазақтың дарқан пейілін көрген сол азаматтардың алды бақилық болды. Кейінгілері қартайды. Ал, Қазақ жерінде дүниеге келген жастар өзін осы елдің азаматы санайды. Бір жағынан ол дұрыс та. Екінші жағынан тарихын да білгені жөн. Міне, алғыс айту күнінің басты мақсаты да осы болуы тиіс. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Тұрмысқа шықпаған қыздар тележурналист Маржан Сұлтанбайдың сөзіне өре түрегелді

Қазақстанның бойдақ қыздары бұрынғы қазақтарды надан деп, басы дауға қалған тележурналист Маржан Сұлтанбайды бірнеше бала-шағасы бар қаламгердің төсегі суыған деген болжамы үшін тағы сынның астына алд...

Korrespondent.kz Қоғам

Шымкентте Қазақстанда теңдесі жоқ қолғап шығаратын цех іске қосылды

Қазіргі таңда Шымкентте Казақстандағы жылына 13,5 млн жұп мақта-мата қолғап шығаратын цех іске қосылды. Инвестициялық жоба оңтүстіккореялық инвесторлардың көмегімен жүзеге асқан. Өндіріс орны 0,8500 г...

Korrespondent.kz Экономика

Көптің ызасын тудырған "жартылай жалаңаш" мүсін өзгертілетін болды

Көптің ызасын тудырған Астанадағы «Ғашықтар мүсіні» өзгеретін болды. Қазақстан Парламент мәжілісіне қатысқан Мәдениет және спорт министрі осылай деді. Бұл туралы Қазақстан-zaman мәлімет таратты. ...

Korrespondent.kz Қоғам

ОҚО-да есек ұрлап, оны сойып сатумен айналысқан топ қолға түсті

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері есек ұрлап, оны сойып пайда тапқан топты қолға түсірді, деп хабарлайды облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.  Бәйдібек аудандық және Түркістан ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter