Төлебиліктер әкімдерін танымайтын сияқты...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сенбi, 20 ақпан 2016

 Кіру / Тіркелу

Төлебиліктер әкімдерін танымайтын сияқты...

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Айдарымыздың бүгінгі кейіп-кері – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғынбеков.

Әуелхан Елтайұлы – 56 жаста. Қазақ ауыл шаруашылығы және қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Ленгердегі «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігінің аға инженер технологы болып бастаған. 2009 жылдың 28 шілдесінен бастап Төлеби ауданына басшылық етіп келеді. Ә.Тұрғынбеков үшін әкім болу таңсық емес. Төлебиге келмес бұрын ол Шардара мен Сайрам аудандарының билік тізгінін ұстаған. Сондай-ақ, талай жыл Төлеби ауданы әкімінің орынбасары да болды. Негізі бізде бір орында ұзақ жылдар бойы отыру кез келген шенеунікке беріле беретін бақ емес. Бірақ, Әуелхан мырзаның бұл бақты сезініп келе жатқаны қашан. Тек өкініштісі, сол алты жарым жылда Тұрғынбеков мырзаны төлебиліктер түгел танып үлгермеген сияқты. Оған ауданға жасаған сапарымыз барысында көз жеткіздік. 

Аудан орталығының тұрғындарын жол мәселесі әбден әбіржітіпті. Соның ішінде Достық көшесіндегі (бұрынғы Старый подхоз) жағдай мектеп оқушыларын әуреге салып келеді. Ұлымның қызметіне кесірі тиіп кетер деп, есімін айтудан бас тартқан 60-тан асқан зейнеткер ауданда игі істердің атқарылып жатқанын жоққа шығармайды. Тек «артық қыламын деп, тыртық қылды» демекші, жауаптылар су әкелеміз деп жерді қазып, салдарынан қопарылған жер әсіресе жауынды күндері жүріп-тұруды қиындатып жіберген. «Жолдың сапасыздығынан аяқ киім шақ келмейтін болды. Амал жоқ, керек болған соң қос-қостан сатып алып жүрміз. Бірақ мұнымен ауданда жұмыстар мүлдем жүргізілмеуде дей алмаймын. 1973 жылдан бері осы ауданның тұрғынымын. Жағдайымыз бұрынғыдай емес. Тәуір», - дейді зейнеткер. 

Банктің қасындағы бұрынғы Вахрущев, бүгінгі Төлеби көшесінде де жағдай мәз емес көрінеді. Мұнда асфальт төселгеніне бір айдан енді асқанымен, жолдар шұңқырлана түскен. Аудан орталығында тұратын Алтынбек есімді тұрғын болса, жолдан бөлек жұмыссыздық мәселесі шаршатты дейді. Жұмыстан босатылғанына бір жыл болған екен. Ұлы мен әйелі жұмыс істейді. Күні сол екеуін күтумен өтеді. Екі қолға бір күрек табылып, бәрі жақсы болар деген үмітпен күн кешіп жүр. 

Ауданға қарасты Жаңа ұйым ауылының халқын да жол мәселесі әбден мазалап біткен. Аудан орталығында халықты көлігімен тасып, нәпақасын тауып отырған Нұрбол есімді 27 жастағы жігіт өзі тұратын Жаңа ұйым ауылында жолдың сапасыз екенін айтқан болатын. Не де болса, мән-жайды өз көзімізбен көрейік деп әлгі ауылға ат басын бұрдық. Расымен де, жолдары қазан-шұңқыр. Таксист жігіттің тағы бір уәжі – көпір мәселесі. Ауылдағы «Жаңа ұйым» мектебіне келіп-кету алысырақта тұратын оқушылар үшін мұңға айналғанын айтады. «Көпір керек деп телеарналарға шықтық. Ауыл әкімі Зина деген апайға да бардық. Шағымдандық. «Келер жылы», «арғы жылы» деп уәде берумен ғана шектеліп келеді», - дейді жаңа ұйымдық тұрғын.

Осы ауылда тұратын 70 жастағы Седен апа да жол мәселесін алға тартты. Азық-түлік сатушы Нағима Каумешова ешбір проблема мазаламайды, барлығына ет үйреніп, әйтеуір жұрттан қалмай өмір сүріп жатырмыз дейді. Одан көпір мәселесі туралы сұрап едік, неге екені белгісіз, сатушы келіншек бұл проблемадан бейхабар болып шықты. «Ол бергі «жаныстардың» ауылы шығар. Біз жоғары жақта тұрамыз. Керемет бай болмасақ та күн көріп жатырмыз»,-дейді, селсоқ үн қатып. 

Алатау ауылдық округіне қарасты Қорған ауылында да жол мәселесі шешімін таппаған. Ауыз су мәселесі де елді елеңдетіп отыр. Қорғандық Бағила Тезекбаева суды қазылған құдықтан тасып ішетінін, ал қыстың күні онда мұз қатып, халық біраз әбігерге салынатынын жеткізді. «Қыс ауасында ауылдың төменгі жағындағы өзенге барып, сондағы бұлақтан суды тасуға мәжбүрміз» дейді ауыл тұрғыны Бағила ана. Ауыз су мәселесі Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Қызыләскер ауыл халқын да мазалағанына біраз жылдар өткен. Ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Жаңыл Кендірбаеваның сөзіне сенсек, ауылға ауыз су келеді деп осыдан үш-төрт жыл бұрын құбыр жүргізіліпті. Су да келген. Бірақ, бұл қуаныш көп уақыт өтпей су сепкендей басылған. Міне, содан бері халық құдықтың суын тасып ішіп келеді екен. «Ол мәселемен үлкендер әкімдікке барса, барған шыған. Шынымды айтсам, одан хабарым жоқ», - деп қысқа қайырды 34 жастағы келіншек. 

Ауданға жасаған бір күндік сапарымызда төлебилік жамағаттың басым көпшілігін жол мәселесі мазалап отырғанына көз жеткіздік. Айтпақшы, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әрине, цифр-ларды сөйлетпей-ақ, бір ғана туризм саласындағы жетістіктерге тоқталсақ жеткілікті. Бұл саланы дамытпау төлебиліктер үшін күнә болар еді. Себебі ауданның табиғаты туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Жарайды, бұл тұрғыда жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Білім саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістік жоқ емес. Оқушылар өздерінің білімді екенін түрлі додаларда дәлелдеп жүр. 

Тек тәрбие мәселесіне келгенде кішкене кідіріп қалуға тура келеді. Естеріңізде болса, былтыр Төлебиде болған жағдай республика жұртшылығының жағасын ұстатқан еді. Яғни, оқушылар мектептің «атаманын» анықтау мақсатында жаппай атыс ұйымдастырып, нәтижесінде жарақат алып, ауруханаға таңылғандары да болды. Осы ретте кенеттен еске түсе кеткені, былтыр аудан әкімі ел алдында бір жыл бойы атқарған жұмысы туралы есеп берген сәтте кейбір кемшіліктерді көпшіліктен жасырғысы келіп, тіпті облыстан барған журналистерге «Осында айтылғандарды бізден басқа ешкім естімей-ақ қойсын. Облыстан келген қонағымыздың да құлағына алтын сырға. Мұның бәрі залдағыларға ғана арналған. Сүйінші сұрап ары, бері жазып, даңғаза қылудың меніңше қажеті жоқ қой...» деп те қойып қалғаны бар. Соған қарағанда Тұрғынбеков мырза ішкі «кухнядағы» проблемаларды облыстағы басшылық естіп қойса, оңбай «таяқ» жеймін деп қорыққан-ау. Ол кісінің іскер, білікті шенеунік екенін ескерсек, болжауымыздың тағы бір нұсқасы пайда болды. Бәлкім аудан басшысы «Ішкі проблемаға араласпаңдар. Өзіміз шешіп алармыз» дегісі келді ме екен? Ол жағы бізге беймәлім. 

Айтпақшы, аудан басшысы Әуелхан Тұрғынбеков осыдан үш жыл бұрын есепшотында 8,5 млн теңге, меншігінде Шымкентте бір пәтері мен үш жер учаскесі бар екенін айтқан болатын. Одан бері біраз нәрсе өзгерген де шығар. Бүгінгідей дағдарыс заманында әкімнің меншігінде мүлік пен есепшотындағы қаржының артып не кемігенін әзірге біле алмадық. Ауданға барғанымызда әкім туралы елдің пікірін білуді де құп көрдік. Әдеттегідей «аудан әкімін танисыз ба және атқарған жұмысынан хабардарсыз ба?» деген сұраққа тұрғындар арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқан он екі адамның тек үшеуі ғана әкімнің есімін білетін болып шықты. Оның өзінде үшеуі де аудан орталығы Ленгердің тұрғындары. Бірақ, ауыз толтырып айтарлықтай жұмысын еске түсіре алмады. Тек бір ғана тұрғын, оның өзі Әуелхан мырзаның інісі Берікпен бір сыныпта оқығандықтан ба, әйтеуір Тұрғынбековтың оң жұмыс жасап жатқанын алға тартты. Ал қалғандары әкімін танымақ түгілі, есімін де білмейді. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Шымкенттік жүргізушілер полицейлерді таң қалдырды

Шымкенттік полицейлер қаладағы көлік жүргізушілерінің жедел жәрдем қызметіне қаншалықты құрметпен қарап, жол беретінін анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент ролигін түсірді. Бір қызығы, нәтижесінд...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Отандық азық-түлік сатып алған Назарбаевтың төлеуге ақшасы жетпей қала жаздады (видео)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қалтасына 5 мың теңгеден артық ақша салып жүрмейтін болып шықты.

Korrespondent.kz Саясат

Бердібек Сапарбаев қар тазаламаған қызметкерлеріне ұрсып тастады (видео)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлеріне ашуланғаны соншалық, эмоциясын жасыра алмады. Бұл туралы youtube.com хостингіне Асқар Ақтілеуі есімді азаматты...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Елбасы орысшаға қазақ тілінде жауап беретіндерді жұмыстан қуатынын айтты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орысша хатқа қазақ тілінде жауап беретіндер жұмыстан қуылатынын ескертті. Бұл туралы SN.KZ хабарлады. 

Korrespondent.kz Саясат

Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

87
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

87
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №3

79
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №2

86
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №1

79
Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter