«МС Айымбетов» гастрольде жүр
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Жұма, 19 ақпан 2016

 Кіру / Тіркелу

«МС Айымбетов» гастрольде жүр

  • Асқар ӘДІЛЖАН

Идеологиямыз бар-жоғы белгісіз болғандықтан шығар, біз идея сүйгіш халықпыз. Сол идея сүйгіштігіміз бізге үнемі идеология іздеттіреді. Миллиондарды мызғымайтын бір идеяға бағындырған кеңестің кешегі қуатты идеологиясына мойысұнғандардың соңы шау тартуға жақын, ешқандай идеяны қажетсінбейтін бейтарап қарттыққа аяқ басты, ал, жастар кімді, нені идеал тұтуды білмеген күйі асау өзеннің ағысымен өз бетімен жүзіп барады. 

Тәуелсіздік алғалы бері жаңа Қазақстанның бейнесін қалыптастырып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, биік құндылықтарды бағалауға үйрететін, бүгінгі билік жүйесі мен қоғамды ұйыстыра алатын идеология керек-ақ еді. Ұлттық құндылықты айтамыз, ұлттық мінезден де ажырап бара жатқан соң идеологияға жауапты биліктегі, бас партиядағы жанашырларымыз, обалы қанекей, әрнәрсеге жармасып, халыққа ұлттық қаһарман тауып беруге тырысып-ақ жатады. Ол мәдениет пе, ол спорт па, ол әдебиет пе, бұларға бәрібір. Тек жұрт табынатын қаһарман табылса, болғаны. «Елім, жұртым, қайтесің, Қазақстанға Геннадий Головкиннің еңбегі бір қазақтай сіңді, ендігі жерде ұлттық идеямыз Гена болсын!» дедік. «Болсын! Болсын!» «Жоқ, болмасын!» «Жарайды, онда анау Илья Ильин одан кем бе еді? Идея болуға Ілиямыз да жарап тұр» деп өзеуредік. Хош. Енді міне, жаңа қаһарман Айдын Айымбетовті аспандатып, аяғын жерге тигізбей Қазақстанның түкпір-түкпірін аралатып, идея іздеген итшілеген тірлігімізді тағы жалғастырып жатырмыз. 

«Айдын Айымбетов – қазіргі заманның жарқын тұлғасы. Өскелең ұрпақ қазақтың батыр ұлынан үлгі-өнеге алуы тиіс» депті І.Жансүгіров атындағы университеттің ректоры. Қызды-қыздымен «І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің құрметті профессоры» атағын беріп тастады. Атақ деген не тәйірі, иыққа жабыла салатын арзан шапан құрлы құны жоқ. Бірақ онсыз да Талдықорған өлкесінің төлтумасы Айдынға дәл осы атақтың не керегі бар? Дәргейі жоғары шетелдік университеттегідей, дәл осындай құрметті атақты иеленген профессорлар секілді жылына өз кәсібінің саласы бойынша ең болмаса екі рет келіп студенттерге ғылыми тағылымы мол дәрістер оқып тұра ма? Оқымайтыны бесенеден белгілі. Бұл бар болғаны Айымбетовті алдарына салып алып, Қазақстанды көлденеңінен көктетіп, тігінен түгендетіп жүрген биліктің сол баяғы жандайшаптарының тірлігі. Ғарышкерден ғаламат идея жасау керек, идеал жасау керек, идеология жасау керек. Сонда А.Айымбетов Қазақстан идеологиясының жеткен жері, соңғы жүгінері болғаны ма?

Құнын түсіретіндердің құзырында жүре бермей, Айдын мырзаның өзі де бір уақ тізгін тартса болар еді. «Ойбай, Айымбетов келе жатыр!» деп облыстың игі жақсылары журналистерді, балаларды әуежайға қуып апарып, қолына жалауша ұстатып, кернейлетіп-сырнайлатып қарсы алып, сол үшін арнайы шаралар мен кездесулер ұйымдастырудан өзара жарысқа түсіп жатыр. Аспанға ұшамын деп жерге түсе алмай қалған ба, Айдын да әр ауылға барып, селфилетіп, сейілдеуден қолы тиер емес. Бұлай жүре берсе тіпті, әйгілі «МС Сайлаубек» сияқты рэп айтып, «МС Айымбетов» атанып кетпесе екен деп жұрт алаңдай бастады. Қазіргі жүрісі гастрольде жүрген әншінің жүрісіне ұқсайды. 

Айдынның аспанға ұшсам-ау деген арманы орындалды. Көңіл тоқ. Қазақ халқы үшін әр ғарышкердің мәртебесі Гагариндей биік екені рас, сондықтан қайда барса да, құшағын ашып қарсы алатын қазақ табылады. Тоқтар Әубәкіровті де, Талғат Мұсабаевты да сөйткенбіз. Ендеше Айдынның да алашының алақанында дәл солай еркелеп жүруіне хақысы бар. Бірақ ... 

«Роскосмос» компаниясына 30 млн. АҚШ долларын төлеп, ғарышқа саяхаттап қыдырып баруды көздеп, артынша бір себептермен ұша алмаған ағылшын әншісі Сара Брайтманның орнына жедел түрде А.Айымбетовті Байқоңырды жалға беру есебінен ғарықша ұшырғанын, ал оның ұшу ақысы 20 млн. долларды құрағанын бәріміз білеміз. Ресей «ақыры ит ішпеді, ит ішпесе, сен іше салдың» керін келтіріп, Айдынды аспанға амалсыз аттандырды. «Скидка» жасағансып, «Сара төлеуге тиіс болған 30 млн-ды 10 млн-ға дейін шегердік» деп қамқорсыды. Ел басына қашан аяқталары белгісіз экономикалық алапат ауыртпалық түскен кезде, 20 млн. доллар дегеніңіз еңсе көтертпес шығын ғой. Сол 20 млн. долларға Қазақстанның Аэроғарыш комитеті ғарышкер болуды армандаған, ғарыш саласын игеруге қызыққан қазақ жастарын шетелде оқытып, кәсіби маманның мол шоғырын неге қалыптастырып алмайды? Авиациядағы жаңа технологияларды меңгерген өз мамандарымыз болмаса, жалпы Байқоңырдың бізге не керегі бар? Протондарын ұшырып, гептилімен улап отырған Ресейдің авиациялық амбициясын қанағаттандыра бергеннен қазақтың елі де, жері де қажыды, бірақ алпауыт мемлекеттің тастай салатын сорпа-сүйегіне біздің билік тойып болмады. Үш бірдей ғарышкеріміз аспанға барып келді, содан авиациялық әлеуетіміздің артып кеткені қане? Алайда А.Айымбетовтің халық қаржысының есебінен аспанға барып келгені аздай-ақ, таусылмайтын мына сапарларының мәнін қалай түсінсек екен? Оның әр облысқа жасаған сапарының аймақтық бюджетті айтарлықтай шығындататынын ойласа нетті? 

Айымбетовтің ғарышқа барудағы мақсаты не, адамға, елге қажетті нендей пайдалы іс атқарып келді, жалпы адамзаттың игілігі үшін қандай ғылыми жаңалықты не зерттеуді жүзеге асырып келді, міне, осы сауалдардың жауабын ешқашан біле алмайтынымыз секілді, бұл сапарлардың да мақсаты мен бір-бірінен асып түсіп сияпат жасайтын әкімдер жомарттығының да мөлшерін біле алмаймыз. «Орамал тон болмайды, жол болады» мен «қуыс үйден құр шықпа» деген қазақтың сойылдай мықты салты тұрғанда, Айдын мырзаны да мұртынан күлдіріп аттандырып жатқанында күмән жоқ. Халық баяғы азып-тозған тоқсаныншы жылдардағы топалаңмен тағы да бетпе-бет келіп, ит мініп, ирек қамшылайтын заманға тап болдық-ау деп алаңдап отырғанда, сол бір елең-алаң уақытты көзімен көрген Айымбетов айылын жиып, өзін идеал жасауға ұмтылып, ұпайын түгендегісі келгендерге «тәйт!» десе, тыйылар ма еді? 

Сөз жоқ, идеология – мемлекет иммунитеті. Егер идеология жоқ болса, ел жүрер жолынан адасады. Отанын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, жұртының бір қажетін өтеуге ұмтылған ұлт тұлғалары секілді А.Айымбетов те жастарға идеал болуы мүмкін, мемлекеттік, отандық мүддеге жұмыс істеуі мүмкін, бірақ идеология құралы бола алмайды. Идеологияны жасаумен халық емес, қоғам емес, мемлекет айналысуы керек. Тұлғалар ұлттық рухты ояту үшін, мемлекет мақтанышы болу үшін, намысты жану үшін ғана керек. Айымбетов облыстарды кезекке тұрғызып, ел аралағаннан гөрі осы тікелей міндетін ұғынып жүрсе, азамат болғаны.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Шымкенттік жүргізушілер полицейлерді таң қалдырды

Шымкенттік полицейлер қаладағы көлік жүргізушілерінің жедел жәрдем қызметіне қаншалықты құрметпен қарап, жол беретінін анықтау мақсатында әлеуметтік эксперимент ролигін түсірді. Бір қызығы, нәтижесінд...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің басшысы Валентин күнімен құттықтады

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірхан виртуалды достарын әулие Валентин күнімен құттықтады. Жылы лебізін шенді қызметкер «фэйсбук» әлеуметт...

Korrespondent.kz Қоғам

Бердібек Сапарбаев қар тазаламаған қызметкерлеріне ұрсып тастады (видео)

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коммуналды шаруашылық саласының қызметкерлеріне ашуланғаны соншалық, эмоциясын жасыра алмады. Бұл туралы youtube.com хостингіне Асқар Ақтілеуі есімді азаматты...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Отандық азық-түлік сатып алған Назарбаевтың төлеуге ақшасы жетпей қала жаздады (видео)

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев қалтасына 5 мың теңгеден артық ақша салып жүрмейтін болып шықты.

Korrespondent.kz Саясат

Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

85
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №4

85
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №3

79
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №2

86
Жарнама

Корреспондент газетінің жарнамасы. №1

79
Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter