Ақтөбе оқиғасы мемлекеттің идеологиялық майданда жеңілгенін көрсетті
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ақтөбе оқиғасы мемлекеттің идеологиялық майданда жеңілгенін көрсетті

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Апта бойы Ақтөбе жұртын үрейде ұстап, күллі қазақстандықтарды қорқынышқа батырғысы келгендердің де көзі жойылды. Жоғарғы жақтағылар қылмыскерлерді жою шарасының сәтті аяқталғаны туралы баяндап та үлгерді. Дегенмен осы уақиғадан кейін бірнеше сұрақ жауапсыз қалды. Соның ең бастысы – құзырлы қызметтер бұған қалай жол берді?

Ақтөбедегі оқиғаның алдында ғана ҚР ІІМ барлық облыс орталықтарында лаңкестік жасалынуы ықтимал осал орындар жыл басынан бері тексеруден өткізіле бастағанын айтқан болатын. Тек сол тексерілетін нысандар тізіміне қару сататын дүкендер кірді ме, жоқ па белгісіз. Тексерген күннің өзінде қаржыны үнемдегісі келетін кәсіпкерлер сол дүкендерге бейнебақылау мен есік-терезеге темір тор орнатудан ары аспағаны ақиқат. Күзетті күшейтуге қайдан қаржы болсын. Тіпті 2011 жылы Таразда болған қырғын да қырағылыққа үйретпепті. Адам саны демесеңіз Ақтөбедегі атыс пен Тараздағы теракт екеуінің арасында ұқсастықтар көп. Сол кезде де қару-жарақ дүкені мен мемлекеттік органға шабуыл жасалған еді. 2010-2011 жылдардағы оқиғалардан соң Қазақстан антиреррорлық жүйені күшейткендей болып еді. Тек оның жұмыс жүйесі түсініксіз күйінде қалып қойды. Бұл бағытта шалалықтың барын Үкімет басшысы да мойындады. Біраз кешенді шаралар жасалу керектігін де айтты. Тек әдеттегідей, әңгіме аяқсыз қалды. Түсіндірілген жоқ.

Айтпақшы, 5-маусымдағы ылаң алдында ғана Астана маңында антитеррорлық жаттығулар өткізіліп еді. Онда күштік құрылымдар 100-150 адамнан жасақталған террористік топтардың қала аумағына еніп, бүлік ұйым-дастыруын болдырмауға машық-танған еді. Шындап келгенде, өмірде мүлдем өзгеше боп шықты. Біздің құзырлы органдар сырттан ұрандап келетін жау тобын тосып жүргенде іштен шыққан шиебөрілер де оңдырмай қабатынын көрсетті. Оған біз дайынбыз ба? Бар гәп осында. Түптеп келгенде лаңкестік әрекеттің зардабын ауырлатпай, оны дер кезінде танып, жоюға тұрғындар тарапынан көрсетілетін көмектің орасан екені әлемдік тәжірибеде дәлелденіп қойған. Басынан бірнеше терактіні өткерген елдің азаматтары сақ. Нендей дүниеге мән беру керек, кімдер күдік тудырады, қалай әрекет ету керек екенін біледі. Ал, бізде ше? Бізде 2010-11 жылдардағы оқиғадан кейін де билік «Қазақстанның бақытты мекен екеніне, бірен саран оқиғалар көбірек қылмыстық сипатқа ие екеніне» халықты иландырғысы келді. Сендірді де. Содан кейін бізде лаңкестік болуы мүмкін деген ойды қарапайым халық ұмытты. Ал, халық пен мемлекет қауіпсіздігіне жауапты қызметтер не істеді?

Күн санап кейпін өзгертіп, сағат сайын сұмдықтың жаңа түрін ойластырып отыратын содырлармен майданда жекпе-жек соғысу мүмкін емес екені түсінікті.

Экстремизм және терроризммен күресетін барлық заңнамамыз бар. 2011 жылы Үкімет лаңкестікпен күресуді ұйымдастыру ережелерін бекітті. Сол құжатта терроризмнің алдын алуға да мән берілген. Соның аясында, қоғамда экстремизм мен терроризмнен ада сана қалыптастыратын ақпараттық және үгіт жұмыстары қаралған. Лаңкестік жасалынуы ықтимал нысанның күзетін күшейту де қамтылған. Алайда, Ақтөбеде болған оқиғадан соң жоғарыда аталған шаралар орындалмағаны, орындалса да жүрдім-бардым жасалғаны байқалып қалды. Орайы келгенде айта кетейік Қазақстанда терроризмге «осал» саналатын нысандар 14 мыңнан асады екен. Жыл басынан оларда тексеру жүргізілді дегенмен, соның барлығында бірдей қауіпсіздік шаралары тиісті деңгейде қолға алынды деп айтуға, әй қайдам, келмейді. Күзетті күшейту мен қызметкеріне нысанға келгендердің қайсысынан қауіп төндіретінін тануды үйретуге, өз ғимаратында лаңкестікке қарсы жиі жаттығу жасап отыруға кәсіпкер ақша шығындай қоймауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде мемлекеттің көмегі қажет-ақ.

Ал, билік әдетінше алғашқы әрекетін тізгінді тартып, талапты күшейтуден бастады. Ақтөбедегі оқиғалардан соң күзет агенттіктері мен қару-жарақ дүкендеріне қойылатын талап күшейтілмек. Қазақстанда қару сататын 123 дүкен бар екен. Бұдан былай онда ұдайы күзет тұратын болады. Барлығына бейнебақылау орнату міндеттелмек. Ондай дүкендердің орналасу мәселесі де нақтыланатын болады. Бұдан былай қару сататын нысан көпқабатты үйлерде емес, арнайы салынған ғимараттарда орналасқан болуы да бақыланады. Аңшылық пен саятшылыққа қажетті қаруды сатуға әзірге шектеу қойылып отырған жоқ. Оған қоса қала көшелерін бақылау шараларын да күшейту көзделіп отыр.

Осы орайда, жергілікті атқару органдарының құзыреті туралы да ойланатын кез келді. Әкімдіктер жанынан құрылған антитеррорлық комиссиялардың немен айналысатыны да түсініксіз. Өзге ұйымға бір қосылып, бір еншісін алып, енді ғана дербес бола бастаған дін істері жөніндегі басқармалар да тек көрсеткіш үшін жұмыс жасайтыны көрініп қалды. Осының барлығының басты себебі ретінде – онда қызмет жасап отырған тұлғалар қауіпсіздік қамын емес, карьераны көбірек күйттейтіндігін атауға болады. Үкімет отырысында Премьер Мәсімовтың «ішкі шаруадағы олқылықтарымыз бар» дегені де сол болар бәлкім.

Ақтөбе оқиғасы – мемлекеттің идеологиялық майданда жеңілгенін көрсетті. Түрлі теріс ағымдардың еркінси бастауы осының айғағы. Осы бағытта қоғам санасымен жұмыс жүргізуі тиіс мамандар «дұрыс емес», «ол теріс» деумен ғана шектеліп келеді. Ал оның неге дұрыс емес екенін, неліктен теріс саналатынын саралап түсіндіріп жатқан тағы ешкім жоқ. Басқа-басқа, бұқараға жаппай таратылып жатқан ақпараттың ішінде ондай мәліметтерді өте сирек кездестіресің. Әсіресе, санасы сомдалып болмаған жастардың қоғамдағы түрлі кедергілерге тап болып, өзін таба алмай, содыр идеологтардың жетегінде кетіп қалуында үлкен қатер жатыр. Ал, жастармен жұмыс жасауы тиіс мемлекеттік орталықтардың бар білгені флешмоб ұйымдастыру. Осылайша билік халықпен қарым-қатынасын азайтып, оның проблемаларынан алыстап кетті. Не ексең соны орасың. Одан да үлкен қауіп – сол экстремистік идеялардың жетегіне ел сенген тұлғалардың да еріп кетіп жүргенінде. Егер осы пиғыл күштік құрылымдарға жұқса, нәтижесін болжау тіпті қиын.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter