Месси және Мәсімов
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Месси және Мәсімов

Месси және Мәсімов
  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Тақырыпты бұлай қоюымыздың мәнісін аздап түсініңкіремей отырған боларсыз. «Месси кім? Мәсімові несі? Екеуінің арасын не байланыстырады?» деп. Иә, иә, ойыңызға ә дегеннен-ақ Аргентинаның атақты футболшысы, әлемге әйгілі Лионель Андрес Месси сап ете қалды ма? Қателеспедіңіз. Меңзеп отырған Мессиіміз – сол. Ал, Мәсімов? Жер-жаһанға мәшһүр болмаса да, өзіміз білетін, бәріміз танитын Кәрім Қажымқанұлы ғой. Қазақстанның Премьер-министрі. Бірі – спортшы. Бірі – саясаткер. Әйткенмен екеуін тоғыстыратын бір нүкте бар. Ол – «Панама жанжалы».

Өмірбаянына үңілсек, Л.Месси 1987 жылдың 24 маусымында Аргентинаның Росарио қаласында дүние келіпті. Әкесі Хорхе Орасио – құрыш құю комбинатында қарапайым жұмысшы, ал, анасы Селия Мария сыпырушы болып еңбек еткен. Бес жасында футболға деген қызығушылығы оянған Лионельді ең алғаш «Грандоли» әуесқой футболшылар клубына «Менің немеремнен мықты футболшы шығады» деген үмітпен әжесі ертіп апарған екен. Араға 3 жыл салып ол «Ньюэллс Олд Бойз» кәсіби клубының намысын қорғай бастады. Осында жүріп он жасында Перу Достық кубогын ұтты. Өкінішке қарай, 11 жасында Мессидің өсу гормоны тапшылығы дертіне шалдыққаны анықталды. Ем-домы әжептәуір ақша тұрады. Айына – 900 доллар. Несібесі шығар, жас қыранның табиғи талантына әуелден-ақ тәнті болған «Барселонаның» акционерлері 2000 жылы оның әкесіне отбасымен бірге Еуропаға қоныс аудару жөнінде ұсыныс жасайды. Әрі көшіп-қону шығыны мен Лионельді дертінен айықтыруға жұмсалатын жылына 90 мың еуроны өз мойындарына алуға уәде етеді. Содан бастап ол «Барселонаның» жастар клубының жейдесін киді.

Ал, аталмыш клубтың шабуылшысы ретінде жасыл алаңға атой салып шыққанда Месси 17 жаста-тын. Ордабұзар жасқа бір-ақ қадам жетпей тұрған бұл жігітті бүгінде төрткүл дүние таниды. Мойындайды. Футбол әлемінде ол бағындырмаған шың, алмаған жүлде жоқтай көрінеді бізге. Атақ-даңқтың ешбірінен кенде емес. Әлемнің ең қымбат футболшыларының қатарында. Беделіне де пәлендей дақ түсірмей келеді. Ештеңеге қарамастан...

Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) мен Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) биыл сәуір айында дүниені дүр сілкіндіріп, офшорлық айла-шарғылар жайлы мәлімет таратты. Ал, мамырдың 9-ында ол материалдар шетсіз-шексіз ғаламторды шарлап-ақ кетті. Офшорлық компанияларды құруға қол ұшын созатын панамалық «Mossack Fonseca» заңды фирмасының ішкі мұрағатындағы 11 миллион құжатты зерттеп-зерделеуге журналистер бір жылын арнапты. Офшорлық аймақтарға қыруар қаржысын бағыттағандардың ішінде жақсылар мен жайсаңдардан кімдер жоқ дейсіз?! Есімдерін естігенде дүниежүзі елең ете қалатын спортшылардың, бизнесмендер мен саясаткерлердің талайы жүр. Өкінішке қарай, «Панама жанжалы» аталып кеткен шатаққа Л.Мессиіңіз де шатылып отыр. Жалпы, бұл оған тағылған бірінші айып емес. 2013 жылдың маусым айында әкесі екеуінің Белиз бен Уругвайда офшорлық компаниялар ашып, 6,5 миллион доллар көлеміндегі салықтан жалтарғаны анықталған-тын. Содан бері Испанияда Месси әулетіне қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасып келеді. Лионельдің 10 миллион еуро айыппұл төлегенін, ал, әкесінің сотқа істі бейбіт түрде шешу мақсатында 15 миллион еуро ұсынғанын, өз кезегінде соттың бұл сомадан бас тартқанын да әлемдік ақпарат құралдары жарыса жеткізді. Ал, бұл жолы Панамада тіркелген «Mega Star Enterprises» атты тағы бір офшорлық мекемесі бары мәлім болды. «Өз табыстарыңды жалған офшорлық ұйымдар арқылы жасырдыңдар» деп айып тағып отырған Испанияның прокуратура өкілдері әкелі-балалы Мессилердің осынау әрекетіне алааяқтық һәм ақша ізін жасыру деп баға берді. «Енді айыппұлмен шектелмей, екеуін де түрмеге тоғыту керек» дейді прокурорлар. Әйткенмен Месси әулеті «Панама құжаттарындағы» мәліметтерді теріске шығарды. «Қатысымыз жоқ» дейді. Іле-шала әлемнің түкпір-түкпірінде «Барселона» ойыншысына қолдау көрсету жөнінде мәлімдемелер жасалып, дүркін-дүркін акциялар ұйымдастырыла бастады. Әсіресе, испандықтардың Лионельге деген жанашырлығын, жанкүйерлігін көрсеңіз… Шық жуытқысы келмейді. Испанияның абыройын аспандатып, айбынын асырған форвардқа төбесінен әлдеқашан орын беріп қойыпты-ау. Тіпті, Мессиді пір тұтады десек, бізбен ешкім жаға жыртыса қоймас. Өйткені расы солай...

Енді «Панама жанжалының» Қазақстанға қатысты тұсына тоқталайық. «Панама құжаттары» интернет беттеріне ашық түрде жарияланған соң араға 2 күн салып Мәжіліске «Ақ жол» партиясынан сайланған депутат Азат Перуашев Үкімет жетекшісі К.Мәсімовке офшорлық аймақтар арқылы жасалатын қаржылық іс-әрекеттерді реттеу шараларын қабылдауды сұрап, сауал жолдады. «Бұл тізімде қазіргі Үкімет мүшесі, аудан әкімі, мемлекеттің қатысы бар кейбір кәсіпорын басшылары жүр. «Панама құжаттары» әлемде шенеуніктердің бизнеске қатысы жоқ, бұлыңғыр, ашық емес құрылымдар арқылы мемлекеттік компаниялардан қаржыны қалай шығарып, қалтасына басқанын көрсетті» деген А.Перуашев оффшорлы аймақтардың қатысушыларының тізімінде Қазақстаннан шыққан 265 жеке тұлға мен 8 компанияның, 7 делдал мен 243 мекенжайдың бар екенін ашық айтты. Сондай-ақ ол, біріншіден, Үкімет тарапынан ұлттық экономиканы офшорсыздандыру бағытында қандай шаралар жасалып жатқаны туралы хабардар етуді, екіншіден, «Офшорлық аймақтар арқылы атқарылатын қызметті реттеу туралы» заң жобасын дайындап, Парламентке жіберуді сұраған-тын. Саусақ бүгіп санасақ, содан бері 1 ай өтіпті. Сең қозғалды ма? Көңіл көншітерлік емес. Тек Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев қана мемлекеттік қызметке дейін ұзақ жыл бизнеспен айналысқандығын көлденең тартып, түсініктеме берді. Қалғандары – ләм-мим. Тіл қатпайды. Әйтпесе жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің оффшорлық есепшоттарының болуы туралы ақпарат көптеген елдерде толқулар мен наразылықтар туғызып жатыр. Тіпті, Исландияның премьер-министрі өз еркімен қызметтен кетті. Ұлыбританияның премьер-министрі ақпарат құралдарына мәселенің жай-жапсарын түсіндіруге мәжбүр болды. Ал, К.Мәсімов ше? Тым болмаса «Ел экономикасын оффшорсыздандыру бойынша мынадай шараларды қолға алдық» деген сөз де әл-әзірге ол кісінің аузынан шыға қойған жоқ.

«Соған қарағанда...» деп топшылай бергеніміз сол еді, апта басында Франция прокуратурасының аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібіндегі француз-герман біріккен алып кәсіпорны – «Airbus Group» басшылығына қатысты бірнеше тексеру жүргізгені туралы ақпарат дүңк ете қалды. Аталмыш компаниядағы жемқорлық дауы жайлы жазған Францияның «Mediapart» интернет басылымы таратқан мәліметтерге сенсек, «Airbus-тың» Қазақстандағы әрекеттерінің заңдылығына шұқшию 2013 жылы-ақ басталған екен. Ал, қызық жері, аталмыш мемлекеттің қаржы прокуратурасы «Airbus» топ-менеджерлерін 2010 жылы құны 2 миллиард еуро тұратын 45 француз тікұшағын сатып алуға ықпал еткені үшін Қазақстан Премьер-министрі К.Мәсімовтің есепшотына 12 миллион еуро аударған деп айыптап отыр...

Осыдан соң қараптан-қарап Месси ойға оралады. Қандай қылмыс жасаса да, мың жерден салық төлеуден жалтарса да, испандықтар сол футболшының жолында құрбан болуға бар. Неге? Өйткені, Месси ешқашан қаумалаған қалың халықтың ортасынан ешқайда жырақтаған емес. Өйткені, Месси өзін осынша биіктерге көтерген, зор бедел сыйлаған сол миллиондаған, миллиардтаған жанкүйерлерінің ыстық ықыласы, кіршіксіз махаббаты екенін жақсы біледі.

Егер алда-жалда Үкімет басына екінші рет келген Мәсімовтің басына қиын-қыстау күн туып жатса, қазақстандықтар Мәсімов үшін тұра ала ма? Егер елімен етене болып, жалпақ жұрттың қамын күйттеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, бүгін Қазақстанның мына түкпірінде, ертең ана қиырында арқа еті арша, борбай еті борша боп жұмыс істеп жүрсе, сұрақты бұлай төтесінен қояр ма едік, қоймас па едік? Жалпы, қалай ойлайсыз, Мәсімовтің қазаққа қадірі бар ма?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter