Мәсімов неге ел араламайды, халықтың алдына неге шықпайды?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мәсімов неге ел араламайды, халықтың алдына неге шықпайды?

vc.com
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Дағдарыс дендеген сайын Қазақстанның Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың жұмысына көңілі толмайтындардың қатары көбейіп келеді. Премьер-министр сарапшылардың да сын садағына жиі ілігіп жүр. Әлеуметтік желілерде оның отставкаға кетуін талап ететін жазбалар қаптап кетті. Мамыр айының басында өткен жиында Елбасы да министрлер кабинетінің жұмысын жаратпай тастамағанымен, қатты ақсағанын қадап айтты. Соған қарамастан заманауи Қазақстан тарихында Үкіметтің тізгінін ең ұзақ ұстаған Қажымқанның ұлы орнынан кетпек түгіл, мұрты да қисаймағанын көріп жүрміз.

Бір кездері «қабырғасы қайыспай, дағдарысты еңсереді» деп тізгін ұстатқан тұлға соңғы кезде көп көрінбей жүр. Анығын айтсақ, мүлдем жоқ сияқты. Бір шаруаны бастаған министрлер «артық қыламыз деп тыртық етіп», елдің ашуына тиіп жатқан тұста қарамағындағы қызметкерлеріне «әй» дегені де естілмеді, «қой» дегені де көрінген жоқ. Жоқ әйтеуір. Байқасаңыздар, жұрттың премьері ел аралап, халықпен кездесіп ақша жоқ болса да «шыдаңдар» деп дем беріп қояды. Ал, біздікі ше? Халықтың қамымен жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырылдап жүрген Президентті көреміз. Ал, оның берген тапсырмасын жүзеге асыратын Үкімет басшысының бар-жоғы да байқалмай барады. Құдды бір, Кәрім Қажымқанұлының құзыреті «барып кел, алып келден» басқаға керек болмай қалған ба дерсің.

Бір жағынан, билік жүйесінде осылай болу керек сияқты: саясатпен – Президент, Премьер-министр – мемлекеттің әлеуетімен айналысады. Ал, көптің жағдайын ойлаған адамның көгілдір экраннан күнде көлгірсіп отыруға уақыты жоқ болар. Атқаратын шаруа шаш етектен. Өндірісті өркендетеміз деп «жаға жыртысып» жатқанда мұнай бағасы да мың құбылып, түзілген жоспарға күн сайын түзету енгізуге мәжбүрлеп отыр. Бірақ, осы қыруар шаруаны ел арасына шығып,  халықпен кеңесе отырып,  бірге шешсе оңай болмас па еді? Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Бірақ, Ағылшын, Қытай, Араб тілдерін білетін Кәрім Қажымқанұлы неге екенін қайдам, қазақпен тілдескісі келмей-ақ қойды. Қазақша демей-ақ қояйын, Қазақстанның халқымен жүзбе-жүз кездеспейді ғой сабазың. Әйтсе де, бір кездері Үкімет үйіндегі жиындарды мемлекеттік тілде өткізуге уәде бергенін ұмыта қойған жоқпыз.

Егеменді ел болғалы Үкіметті сегіз адам басқарған болса, соның ішіндегі ең жұмбақ тұлға осы Мәсімов. Билікке де ешкім күтпеген жерден келді. Ол туралы ел арасында түрлі қауесет жүрді. Бірақ, премьер тау қозғалса да қозғалмайтын сабырлы саясаткер екенін көрсетті. Бәлкім бұл оның КГБ-ның мектебінен өткендегі бойына сіңірген қасиеті болар. Кейде образға кіріп кетіп, шыға алмай қалатын агенттер туралы кітаптан оқыған едім. Алайда, Қазақстанда қызмет етіп жүрген шетелдің дипломаттары Мәсімовты сыр алдырмайтын саясаткер ретінде сипаттайды екен. Бәлкім сол сырын беріп қоймас үшін халық арасына шықпайтын болар? Әйтпесе, қалт айтпайтын халық қандай мықты болсаң да ішіңдегіні тауып алатын сыншыл да сыршыл келеді емес пе? Бірақ, біздің премьер көптің көзінше салмақты, сөзге сараң боп көрінгенімен, өз ортасында кәдімгідей ашылып ән айтатынын әлеуметтік желіде тараған бейнетаспадан көрдік. Біз оның әнші екенін біліп қойдық деп жүрсек, басқалар оның биші екенін баяғыдан білетін болып шықты. Мәсімов мырзаның әсіресе түнгі клубта «тіліп билейтіні» бар екен.

Wikileaks сайтында АҚШ елшілігі қызметкерлерінің хаты жария болды. Онда 2008 жылдың сәуір айында орын алған оқиға сипатталған. Бұл Кәрім Мәсімовтың үкімет тізгінін ұстағанына жылдан асқан кезі. Шетелдік дипломат Қазақстан үкімет басшысының бірнеше адаммен Астанадағы ең танымал «Шоколад» би клубына жасаған сапарын суреттепті. Сол кезде 100 адам сиятын би алаңында, жабық кеш өткен болуы керек, елу шақты қоғам қаймақтары болған. Ал, сахнада Мәсімовтің жалғыз өзі билепті-міс. Қасындағылары орнына жайғасса да Кәрім Қажымқанұлы денесінің пластикасын көрсетуді тағы 20 минуттай жалғастырған. Сөйтіп, түнгі 1-де клубтан шығып кеткен. Бәлкім, осы ақпарат көпке жария болған соң біздің Премьер-министр «жарыққа» шығуды қойған болар? Әлде, бір жерде кәсіпкерлермен керісіп, келесі аймақта бастаған құрылысын аяқтамай, жақында жетім балалардың үйін арзанға сатып жіберген әкесі Қажымқанның қылығынан ұялып жүр ме екен? Екінің бірі: елге қарауға беті жоқ, сол үшін халықпен кездеспейді немесе кездескісі келмейді. Бірақ, іштегі бір түйсігім «дағдарыс заманында атқаратын шаруаның көптігінен», деп сыбырлайды. 

 Менің оны қанша «жамандыққа қимағаныммен» факт деген қайсар дүние бар. 2007-2012  жылдары  Мәсімов премьер болып отырған кезінде ел экономикасын  үдетіп өндіріске бет бұрғызу бағдарламасы қабылданды. Елдің айтуынша, бұл жаһандық дағдарыстың бірінші лебі байқалған кез болатын. Қазақстан бойынша қаптаған зауыттар ашылғанымен жоба толығымен жүзеге асырылмады. Тек, сол жолы Шикізат ресурстарының құны қымбат боп, қазынаға қаражат түсіп, Кәрім Қажымқанұлының жаны қалды. Ол жобалардың қаншалықты жемісін беріп жатқанын бүгін көріп отырмыз. Сол кезде Кәрім Мәсімовты дағдарыспен дұрыс күресе алатын менеджер ретінде таныдық. Дәлірегі айналасындағы ақпараттық шабармандары оны халыққа солай танытты.  Араға бір жарым жыл және бір адамды салып Кәрім Қажымқанұлы Үкімет басына қайта келді. Бұл елдегі дағдарыстың дендеген кезі еді. Тек бұл жолы премьердің бұрынғы қарқыны байқалмайды. Елдегі ең ашық шенеунік атанғысы келіп, алғаш халық үшін ашқан арнайы интернет блогы да тоқтап тұр. Түрін көрмесек те тым құрығанда желі арқылы сұрақ жолдайық десек Үкіметтің сайтында «сұрақ-жауап» деген айдары да жоқ. Ал, үкімет жиындарының жабық есік жағдайында өтуі мүлдем Мәсімовтың «аты бар да заты жоқ», тек айтқанды орындау үшін ғана отырған басшы екенінің дәлелі. Тек, кімнің айтқанын орындайтынын әлі де анықтау керек сияқты. Президенттің айтқанын істейді дейін десек, қарамағындағыларға сөзі батпай, кешегі жер Кодексін халыққа түсіндірмей «бүлдіргені» анау.

Ұзынқұлақ оны әу баста билікке әкелген Тимур Құлыбаев деп жүр. Тек соның айтқанынан шықпайтынын да айтады. Үкімет құрамына енген Дариға Назарбаева Мәсімовті «басқарып отырған Барабастарға» премьердің жібін ұстатпай қойды деген де жорамал айтылып жүр. Не десек те осы жолы билікке келгенімен Кәрім Мәсімов кабинетінен көп шықпай жүргені көзге ұрып тұр. Әлде, шықсам орныма шымкенттіктер отырып алады деп қорқа ма екен?

Жоғарыда айтқанымыздай Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың ауыл-ауылды, аудан-ауданды аралағанын көрмеппіз. Көрмеген көзде жазық жоқ. Шаруалардың тұрмысымен, жұмысымен танысып, «қандай мәселелеріңіз бар, көмектесейін, осы елдің баласымыз ғой, бізден де бір жәрдем болсын» дегенін тірі жаннан естімейсің. Неге? Ел аралап, халықпен кездесуден қорқа ма? Қазақы ортаға барсам түтіп жейді деп қауіптене ме? «Сен кімсің» деп қазақ ешкімді бөтенсімейді. Алдына келген қонағын Құдайындай көреді. Бірақ Кәрім бармайды. Сол бармағанынан шығар, халық арасында онша сүйкімі жоқ секілді. Оның сол халықтың аузында жүрген небір сөздерден байқайсың. К.Мәсімов тіпті, облыс орталықтарының өзіне анда-санда бір барады. Барса да оның белгілі бір қалада болғанын ол кетіп қалған соң білесің. Сондай бір «жабық» адам. Ел араламаған, елге сүйкімін көрсетпеген басшыны сол елінің жақтырмайтыны айтпаса да түсінікті. Бірақ Мәсімовтың елге жақсам, халықтың көңілін тапсам, қиын сәтте қасынан табылсам екен дейтін ниетінің барына халықтың сенімі қалмай бара жатқан сияқты. Алайда, сол Кәріміңіз халықтың сеніміне, көңіліне қарап қарық қылар ма екен?!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter