102 делегаттың шығынын кім төледі?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

102 делегаттың шығынын кім төледі?

102 делегаттың шығынын кім төледі?
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Жастар форумы – өзекті мәселелерді талқылап, еліміздің жастар саясатының 25 жылына қайта көз жүгірту. Өткенге шегініс жасап, ертеңге жоспар құру. Бұл Елбасы күніне орай өткізілген биылғы Республикалық форумның өзекті мәселесі-дүр. Астанадағы «Тәуелсіздік» сарайына еліміздің түкпір-түкпірінен 1500 жасты жинаған шараға Оңтүстіктен 102 делегат аттанған болатын. Осы форум төңірегіндегі бірнеше сауалымызды біз де облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Болат Жанәбілге жолдаған едік.

Осы орайда аз-маз аялдап, делегаттардың қалай іріктелгенін тілге тиек ете кетейікші. Республикалық форумға таңдалған делегаттарды Президент Әкімшілігі 17 санат бойынша таңдауды ұсыныпты. Сондықтан білім мен денсаулық бастаған барлық саланың білікті, сондай-ақ шығармашылығын шыңдап жүрген жастары жетістіктері арқылы іріктелген. Санаттардың санаты мұнымен таусылмақ емес, әскери және құқық қорғау саласындағы мамандар мен еріктілер, студенттер, жастар ұйымдары мен жас депутаттар сынды тағы бір лек бар.

Бұл заман Күлтөбенің басында күнде жиын, күнде той қылатын заман еместігін аз естіп жүрген жоқпыз. Өйткені жау жағадан алып тұрмағанымен, етекке жармасқан дағдарыс деген бар. Ал кешегі форум мені де көп жастың бірі ретінде бейжай қалдырған жоқ. Әсіресе, сансыз алып конференция залында әрлі-берлі ағылып жүрген жастарды көргенде осынша адамның бәрі өз ұсыныстарын айтып үлгере алар ма екен деген ой санаға сап ете қалды. Бұл – бір. Екіншіден, онда барған 2000-ға жуық жасқа қызмет көрсетіп жүргендердің көрсеткіші де қатысушылардан бір мысқал кем емес сыңайлы. Үшіншіден, қалтасынан ақша шығарып, форумға қатысу немесе қызмет орнынан кеткен шығын жастарға не береді?! Жарайды, мыңның ішінен 100-і өз ұсынысын ортаға салып үлгерген де шығар, қалғандарының «бардым-келдімі» кімге пайда?!

Ол жөнінде форумға қатысып қайтқан жас журналист Ерболат Айнабековтен сұрап көрдік. Жастар форумынан алған әсерінің орасандығын айтқан ол, біріншіден, Елбасымен кездесудің өзі кез келген жастың басына бұйыра бермейтін бақ екенін жеткізді. Сонымен қатар бұл шара оның жастармен етене танысып-білісуіне, үлкен жетістікке жеткен жастардың өзіне ой салуына түрткі болғанын, «олардың орнында мен болсам ғой» деген тілектің туындағанын да бүгіп қалған жоқ. «Бұл форум менің үлкен жетістіктерге жетелейтін мотивациялық құлшынысымды оятты. Өзіміздің өңірден шыққан талантты, білімді жандармен жақынырақ араласуға мүмкіндік туғызды. Әр саланың пұшпағын илеп жүрген жастардың мұндай форумда бас қосуы игі шара деп есептеймін»,-дейді ол. Әрине, мұндай форумның жастарға керегі жоқ деп отырғанымыз жоқ. Халықаралық студенттер күні мен Дүниежүзілік жастар күнінде де осындай форумдарды өткізіп жатса да құба-құп. Тек санаулы адамның аузын бағуға соншама жасты әр аймақтан жинау қаншалықты қисынға келеді?!

Студенттер мен мамандардың басын тоқайластырған шараға кеткен миллион ба, миллиард па соманы неге жастар ісінің алға басуына, неге жұмыссыз жүрген жастардың жұмыспен қамтылуына жұмсамасқа?! Айтпақшы, аталмыш форумға бастапқыда бюджеттен қаржы қарастырылмағанын естігенде, елдің ертеңіне алаңдайтын жастардың көптігіне бір марқайып қалғанбыз. Қалтасынан ақша шығарып, елдің күйінішін күйттейтіндерге сүйсінбей не көрініпті?! Бірақ біз сұрастырғандардың бірен-сараңы болмаса барлығы дерлік оқу орындары мен қызмет орындары бөлген қаржымен барып-қайтқан болып шықты. Түптеп келгенде қазаны бөлек болғанмен, қазанға салынатын ас бір болып тұрған жоқ па?! Нақтылай кетсек, кеткен қаржы тұп-тура мемлекеттен бөлінбегенмен, мемлекеттік мекемелердің қалтасынан шығып отырғанын аңдауға болатындай.

Жастар – сөзбұйдаға салуды талап етпейтін тақырып. Өйткені олардың келешегіне жұмсалған ақша – елдің ертеңіне құйылған қаржы. Сол себепті елдің игілігіне кеткен көл-көсір көк қағазға көз аларту көргенсіздік болар-ау. Тырнақ астынан кір іздегіміз келіп отырғаны да шамалы. Алайда мемлекеттің қамбасындағы қаражаттың елге тиесілі екенін ескерсек, судың да сұрауы бар емес пе?! Сонымен алысқа бармай-ақ, Оңтүстікті түгендеп көрелік. Оңтүстіктен барған делегаттардың біразына қоңырау шалып, кеткен шығынды шамалап көрдік. 60 мыңның о жақ, бұ жағы. Үш күнге Астанаға аттанғандардың бару-қайтуы мен жатын орнына, ішіп-жеуіне кеткен шығын көрсеткіші осындай. Енді шамамен 102 адамға 6 миллионнан астам ақша жұмсалғаны айтпасақ та түсінікті шығар. Орта есеппен ай сайынғы жалақысы 50 мыңды құрайтын Оңтүстікте бұл 6-ақ миллионмен бір жыл бойы 12 адамды жұмыспен қамтып, 12 отбасын асырауға болады емес пе?! «Ойбайламай» көріңіз, осыдан бір жыл бұрынғы мәліметке сенсек, 800 мыңға жуық жастары бар өңірдің 12 мыңы жұмыссыз жүрген болатын. Бұл көрсеткіштің ауылынан әзірге анау айтарлықтай алыстап кете қойғанымыз шамалы. Ал жоғарыдағы 1500-ден асып, 2000-ға жетіп жығылатын жастарға жұмсалған жүз миллионнан астам қаржыға жастарға қажетті қаншама кем-кетіктің орнын толтырып, қаншама жыртықты жамауға болар еді десеңізші...

Басқармадан келген мәлімдемеде: «Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 9 ақпандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының 20-бабына сәйкес «Республикалық және өңірлік жастар форумдары ұйымдастырылады» делінген. Иә, «қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса». Біз мұнымен заңды белден басып, республикалық форумдарды түкке алғысыз қылып отырғанымыз жоқ. Тек 1500 адам ағылып барған Астанада жастар ұсынып еді деген дүниені көре қоятынымызға күмән көп-ақ. Әйтсе де, «үмітсіз – шайтан» деген тағы бар.

Форумнан кейін жастар ұйымының жас маманы Айгүл Әлішер «Фейсбукта» өзінің алған әсері мен көрген-білгенін 10-ға жіктеп, баяндап берген болатын. Сонымен, жастар форумы жастарға не бергенін аталмыш жазба арқылы зерделеп көрелік. Ең алдымен, жастар саясатының қоғамдағы рөлі мен маңызын арттырған шаралардың бірі болған бұл жоба қатысушылардың талпынысын арттырып, олардың әріптестерімен танысып-білісуіне септігін тигізген. «Пленарлық отырыста жастарға қатысты мәселелерді көтеріп, оны Иманғали Тасмағамбетовке білім, мәдениет, денсаулық министрлерінің алдында ұсыну - форумның нәтиже бергенін көрсетеді. Бұл үлкен іс болды»,-дейді Айгүл өзінің жазбасында. Демек, жастар тарапынан қадам жасалудай-ақ жасалды. 1500 жас 15 ұсыныс, бәлкім, 150, бәлкім, 1500 ұсыныс айтқан күннің өзінде енді сараптап-саралау, оның қажетін қаперге алу – биліктегілердің құзырындағы дүние. Ал, жасыратын несі бар, біз кеткен есіл ақша суға аққандай болмаса екен деп алаңдаймыз. Өйткені Күлтөбенің басында емес, Астананың алып ғимаратында өткен басқосудың басты мақсаты – Астананы аралату да, үш күн бойы жастарға қызмет көрсетіп, құрақ ұшу да, жастарды бір-бірімен таныстыру да емес, жастарға қатысты бағдарламалар мен жастар саясатының төңірегіндегі сан сауалдың жауабын іздеп, өткенді екшеп, жастардың ертеңіне жоспар құру болатын. Құрып қана қоймай, жүзеге асыру еді.

Бәрін айт та, бірін айт. Бүгінгі ұрпақ өз ойын бүкпесіз баяндауға шебер-ақ. Бәлкім, біз де соның біреуіміз. Не де болса, болар іс болды, бояуы сіңді. Ендігі тілек, ауызбен қопарған «таулар» еліміздің ертеңіне басылар қадамдардың жолын бөгемей, тілден гөрі істе ісмерлік танытатын жастар көбейсе дегенге ойысады. Ал жігерленіп қайтқан жастардың жетер жетістіктері көп болғай!

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter