Тәжиннің «дұшпандары» Тасмағамбетовке де ауыз сала бастаған ба?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Тәжиннің «дұшпандары» Тасмағамбетовке де ауыз сала бастаған ба?

Тәжиннің «дұшпандары» Тасмағамбетовке де ауыз сала бастаған ба?
  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Марат Тәжиннің бастамалары неге аяқсыз қалды?

Жаңылмасақ, 2013 жылдың 5 маусымы болса керек, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжиннің төрағалығымен қазақтың ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға белгілі тұлғалар, ел басқарып жүрген лауазымды азаматтар, ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Негізгі баяндаманы Мемхатшының жасағаны да – есімізде. Ұлттық тарихты зерделеу жөнінде кеңінен толғаған М.Тәжин бүгінгі заман тарих ғылымының алдына жаңа талаптарды, басқаша көзқарасты қойып отырғанын, тарихшының міндеті – ұлттық тарихты қайдағы бір әмбебап заңдылықтардың қасаң қалыптарына салып жібермей, ұлттық тарихтың «жанды ағзасы» қалай дамитынын түсіну қажеттігін алға тартып еді.

«Тарихқа арқа сүйемесек, болашақ бұлыңғыр. Күллі әлемде рухани құндылықтардың мылтықсыз майданы жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы» дегенде, төл тарихымыздың өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешкенбіз. Сондай-ақ ол Елбасы тапсырмасы бойынша «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасы жасалатынын, оның мақсаты – қазақ ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру екендігін де атап өткен-ді. Және бұл реттегі міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керектігін, ол стандарт осы заманғы зерттеу тәсілдері мен оқыту әдістеріне негізделуге тиістігін ескерткен. Расын айту керек, Мемлекеттік хатшының осынау бастамасы тарихшыларды былай қойғанда, тұтастай қазақ қоғамына тың шабыт берді. Көңілімізге «Енді біздің ұлттық тарихымыз жаңа деңгейде, халықаралық өреде қазіргі өркениет, мәдениет тұрғысынан жазылатын болды. Оған тарихшылардың мүмкіндігі де, материалдық-кадрлық даярлықтары да бар. Сондықтан мемлекет тұрғысынан бүгінгідей қолдау тарих ғылымының жаңа көкжиегін ашып отыр» деген сенім ұялап еді.

Өкінішке қарай, сол жылдың қазанында-ақ Марат Мұханбетқазыұлының Қазақстан тарихын зерделеуге қатысты қам-қарекеті Мемлекет басшысы тарапынан сынға ұшырады. Үкімет отырысында «Мен мемлекеттік хатшыға ел тарихы бойынша канондық оқулық жасау жайын тапсырған едім. Марат Мұханбетқазыұлы оны мүлде «базарға» айналдырып жіберді, бір топ адамды жинап алған. Тарихты да Ата заң секілді кәсіби мамандар жазады, оларға деректермен, құралдармен көмектесу қажет және оны тек кәсіби мамандар ғана талқылай алады. Ал сіздер мұны неге айналдырып жібердіңіздер? Яғни, «Тарих жайлы тағы да сөз қозғап көрейікші» деген тақырыпқа тапсырма бергендей болдық», - деді Н.Назарбаев.

Осыдан соң М.Тәжин аталмыш креслода көп отырмады. 2014 жылдың 21 қаңтарында мемхатшылықпен қош айтысты. Марат Мұханбетқазыұлының мемлекеттік хатшылыққа келуінен кетуі тез болғаны іспетті (1 жыл 5 күн – автор) қазақтың ұлттық тарихының бары мен жоғын түгендеудің де ғұмыры ұзаққа бармады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, дәл осы лауазымда қолға алған тағы бір ісі еліміздің идеологиялық алаңы – баспасөзге төңкеріс жасау, оның бір сарындылығын түбегейлі өзгертіп, шын мәнісіндегі тәуелсіз ақпараттық кеңістікті құру мәселесін күн тәртібіне қоюы еді. Ол да аяқсыз қалды. Бәлкім, оның ұлттың тарихын тірілтіп, идеологиямен қарқынды айналысуы кейбіреулерге ұнамады ма екен, ақпан айында Ресейге «посол» болып кете барды.

М.Тәжин елші болып кеткенімен, жұртшылықтың көкейінде «Ұлттық тарихты зерделеу бағытындағы идеологиялық жұмыстың құрдымға кеткені туралы ойға Елбасыны кім жетеледі?» деген заңды сауал сол күйі кептеліп тұрып қалғаны жасырын емес. Иә, тарихқа қатысты жазылуы тиіс білім ошақтарына арналған оқулықтарда еліміздің қазіргі басшылығына да әжептәуір орын берілуі тиіс-тін. Сірә, әлгі канондық еңбектердің авторы болу үшін бақталастықтың оты тұтанып кетті-ау... Әлде биліктің жоғары эшелонындағы ықпалды топтардың көзге көріне бермейтін өзара текетірестерінің салқыны тиді ме екен?..

Осы тұста Досым Сәтбаевтың Қазақстандағы бюрократтық аппараттағы түрлі лауазымдарды пайда болу себептеріне қарай шартты түрде 4 топқа жіктейтіні жайлы пікірі ойға оралады. «Біріншісі функционалдық қажеттіліктен туындайды, – дейді танымал саясаттанушы. – Келесісі имидждік тұрғыдан дүниеге келеді, мәселен, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл секілді қызмет. Үшіншілері – министрліктердегі жауапты хатшы сияқтылар – ұшы-қиыры көрінбейтін әкімшілік реформалар шеңберіндегі эксперименттердің нәтижесі. Ал төртіншісі «доступ к телу» үшін элитаішілік бәсекелестіктің қорытындысы ретінде қалыптасады». Сарапшы М.Тәжин қош айтысқан мемлекеттік хатшылықты аталған соңғы топтағы лауазымның қатарына жатқызыпты. Бұл ретте ол М.Тәжин мемхатшылықтан босатылардан сәл бұрын ғана Аслан Мусиннің Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағалығынан түсуін тілге тиек ете отырып, екі кадрлық ауыс-түйістің астарына үңіліп, түйісетін нүктесін іздейді. Ал түйісетін нүкте: М.Тәжин де, А.Мусин де – Ақтөбе облысының тумалары...

Жалпы, ҚР Президентінің Мемлекеттік хатшының мәртебесі мен өкілеттіктері туралы 2007 жылғы 13 тамыздағы №379 Жарлығында да біраз гәп бар тәрізді. Өйткені аталмыш құжатты назар салып, асықпай оқып шықсаңыз, мемхатшылықтың әу бастан-ақ «АП-ның» қызметін «дублировать» ететінін аңғару қиын емес. Оның үстіне М.Тәжиннен кейін Мемлекеттік хатшының лауазымы бос тұрған 2 айда оның міндетін сол кездегі Президент әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімовтің уақытша қатар атқарғаны да көп нәрседен хабар берсе керек...

Иә, Президент Жарлығына сәйкес, «госсекретарь» дегеніңіз өз қызметін тек мемлекет басшысының басшылығымен жүзеге асырып, соған ғана есеп беріп, бақылауында болады. Яғни бір-ақ адамға бағынып, соның тапсырмаларын ғана орындайды. Міндеті – Елбасы үшiн iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстарды тұжырымдап, елдегі һәм жер-жаһандағы маңызды оқиғаларға сараптама жасап, ақпараттық-талдау материалдарымен қамтамасыз ету, Парламентпен, басқа да мемлекеттiк органдармен, қоғамдық бiрлестiктермен, сондай-ақ халықаралық қарым-қатынастарда оның мүдделерiн бiлдiру, ҚР Президенті жанындағы түрлі консультативтiк-кеңесшi органдардың қызметiн үйлестiру, шет мемлекеттердiң елшiлерiнен сенiм грамоталарын қабылдау. Яғни мемлекеттік хатшыңыз – түрлі мемлекеттік шешімдер қабылдауға ықпал ететін-ақ тұлға. Бірақ бұл лауазымның құдырет-күшін пайдалану шенеуніктің өзіне де байланысты. Себебі «парадный генералдықтан» әріге бармаған кісілерді де жұрттың іші біледі... Ал талдау мен сараптауға жүйрік М.Тәжин үшін «госсекретарьлық» өте қолайлы қызмет-тін. Оның үстіне М.Мұханбетқазыұлының Президенттің төңірегіндегі бір-біріне үнемі көз алартып отыратын элитаішілік топтардың арасында белгілі бір деңгейде «мозговой центр» рөлін атқарғанын да саясаттанушылар жиі айтады. Соған қарағанда, үлкен кісінің маңайында бір-бірінің функциясын қайталайтын екі «мозговой центрдің» болғаны әлдебіреулерге ұнамаған сыңайлы. Бәлкім, хатшылық тізгінін қолына ала сала ірі-ірі сөйлемегенінде, үлкен-үлкен мәлімдемелер жасамағанында «құда да, құдағи да тыныш» боп, ұзағырақ отырар ма еді? Бірақ М.Тәжин өйтпеді. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың олқы тұстары хақында батырыңқырап, батылдау пікірін білдірді. Ал бұл салаға кімнің, қай органның жетекшілік ететінін біліп отырған боларсыз.

Әйткенмен қандай қысастық ұйымдастырылып, қалай аяғынан шалса да, М.Тәжин «орбитадан» алшақтап кеткен жоқ. Өзінің адал сарбаз екенін дәлелдеді де, Ресейге кетті. Оның бар айыбы өзі отырған қызметінде қоғамға қажетті һәм айналасының «қытығына тимейтін» «дозаны» мөлшерлей алмағандығында ғана болды-ау.

Иманғали Тасмағамбетовке тас лақтырып жатыр ма?

М.Тәжиннің басына туған күн бүгінде Үкіметке білім-ғылым мен мәдениетке, денсаулық сақтау мен спортқа, ақпарат пен коммуникацияға, жалпақ тілмен айтсақ – жалпы идеология саласына жауапты вице-премьер болып қайта оралған И.Тасмағамбетовке де туып тұрған секілді. Себебі, соңғы уақытта Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты дау-дамайлардың кландар арасындағы ақпараттық майдан екені, бұл жерде министр жай ғана сыныққа сылтау екені, ал негізінде «жебенің» Иманғали Нұрғалиұлына қарай бағытталғаны ел аузында жиі айтыла бастады. Әрине, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Шамасы, Имекеңнің «жаулары» оның мықты идеологтық қадір-қасиеттерінің көлеңкесінде қалудан қорқып отырса керек.

Жалпы, И.Тасмағамбетовке қарсы тасада тұрып тас ататындардың төбе көрсеткені тек бүгін ғана емес. Естеріңізде шығар, 2013 жылдың көктемінде де ғаламторда бiр топ ұлт зиялыларының атын жамылған әлдебiреулер «Ел болашағына алаңдаймыз» деген тақырыппен ашық хат жариялап еді ғой. Онда бiрнеше ұлттық, елдiк мәселелермен қатар болашақ ел президентiн ертерек анықтау керектiгi айтылған-ды. Үшбу хаттың түйiндеме сөзiнде И.Тасмағамбетовтi болашақ мемлекет басшысы ретiнде қолдауға ашық шақырған-тын. Іле-шала ашық хатқа «қол қойды» делінген азаматтардың барлығы шын мәнiнде өздерінің қол қоймағанын, бұл арандатушылық әрекетке жататынын айтып, ақталғаны – есімізде. Әрине, хатты кiм немесе қандай топ жазғанын нақты дөп басып айту қиын. Өйткені мұндай хатты жазуға ниеттi бiрнеше күштердiң бар екенi анық. Бұдан бөлек И.Тасмағамбетовтiң Елбасымен ара қатынасын бұзып, саяси элитадан аластатуды мақсат етiп жүрген топтар да жоқ емес. Ол уақытта Имекеңнің Астана қаласын басқарғанына 5 жылға жуықтап қалған. Алайда ашық хат оның қылшығын да қисайта алмады. Елорданы 6 жарым жыл тізгіндеген ол соңыра Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Расы керек, қоғамдық пікірге қозғау сала білетін орта И.Тасмағамбетовті «премьердің орынбасары» дейтін лауазымға қимағанын айтып та, жазып та жатты. «Бұдан да жоғары қызметке баруы керек еді» десті олар. Сондағысы – Сенат төрағалығы. Яғни, Қасым-Жомарт Тоқаевтың орны. Ал Тоқаевтың креслосы Конституция бойынша екінші орында тұр. Көпшілік «екіншіні» Тасмағамбетовке еншілегісі келеді. Алайда мемлекеттік қызметтің барлық баспалдақтарына табаны тиіп, талай биіктерді көрген салмақты саясаткер И.Тасмағамбетовтен «екіншілікті» немесе «үшіншілікті» еншілегісі келген пиғылды байқамаппыз. Тіпті Астананың әкімі боп тұрған кезінде «Мен қарбаласты, үнемі белсенді жұмыс істегенді жақсы көремін. Сондықтан Парламентте отырғанымды еш елестете алмаймын. Қызметсіз қалсам да, депутат болмас едім» дегенді ашық айтқан. Бірақ Мемлекет басшысы ұсынған қай қызметті де абыроймен атқарып келе жатыр.

Демек, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулинге де, Сенат төрағасы Қ.Тоқаевқа да И.Тасмағамбетовтен төнетін «қауіп» жоқ деген сөз. Немесе керісінше.

Айтпақшы, «Қорғаныс саласының жұмысын аз уақытта оңалтып, жөнге салған Иманғали Нұрғалиұлы бүгінгідей аумалы-төкпелі, алмағайып заманда ҰҚК төрағасы болуы қажет еді» деп жатқандар да болып еді. Әйтсе де ҰҚК төрағалығы И.Тасмағамбетов вице-премьер болардан үш-төрт күн бұрын ғана Үкіметтің екі дүркін экс-жетекшісі К.Мәсімовке тиіп қойған-ды. «Есесіне, мемлекетшіл И.Тасмағамбетов қорғаныс пен қауіпсіздікті тоғыстыратын үлкен бір салаға – идеологияға қайтып оралды. Енді қатты күйзеліске ұшыраған қазақ руханияты еңсе тіктейтін болды...» деп өз-өзімізді жұбаттық. Алайда саяси элитаның ішіндегі серкелердің ойында не барын кім біледі?!.

Әйткенмен Қазақстанда И.Тасмағамбетов туралы сан қилы көзқарас барын жоққа шығаруға болмайды. Қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі Фариза Оңғарсыноваша айтсақ, оны «Біреулер жек көреді. Екіншілері Иманғали десе, ішкен астарын жерге қояды. Неге? «Ол өте шапшаң, ашуланшақ, кешірімі жоқ, менмен, мінезі бірде көл, бірде шөл, жұрттың бәрінен мақтау-мадақтау күтеді, сабырлы шешімге жоқ». Бұл – алдыңғы топтың, «Елбасыға жақынырақ болып кетті» деп қызғанатын, оның аман-сау жер басып жүргенін көре алмайтын топтың пікірі. «Әдебиет пен өнерді жаңғақша шағады, өзі де өнерлі – дауысы қандай! Гитарада, пианинода өзі ойнап, қазақша, орысша салатын әндерін естісеңіз ғой! Ауылда жалаңаяқ, табанына шөңге кіріп, бұзау айдап, тайға мініп жылқы қайырып өскен бала; қазақтың тарихын, тілін, дәстүрін бұл күнде одан артық білетін шенеунік жоқ. Моңғолдың даласында ұмыт қалған Күлтегінді салып ұрып барып елге алып келуінің өзі ерлік қой! Көп балалы отбасыда, әженің әлдиі жанына сіңген, ертегі мен мақал-мәтелді сәби кезінен түсініп өскен. Кісі танитын қасиеті бар әрі өте қарапайым, кішіпейіл; өзім деген кісіні басы жерге жеткенше сыйлайды, сөзге жүйрік, тілі шешен; жақсылық жасайын десе, бас-көзге қарамай жасап тастайды; қазақты жүзге бөлмейді, топ құрмайды, маңайына жерлестерін жинамайды». Бұл – Иманғалиды құрметтеп, қадір тұтатын, оның ойшыл да терең болмысын о бастан байқап, үлкен үміт артатын Амангелді, Ақселеу, Қуаныш секілді жақсы көретін сансыз тілеулестерінің мінездемесі. Бір қарағанда, бұл екі мінездеменің екеуінің де жаны бар, тіптен негізсіз емес. Көп жұрт өзінің шынайы мінезін, бар болмысын көрсетуден тайсақтайды, жұғымды, жақсы болып көрінуге тырысады. Әсіресе, өзгеге жанын ауыртпайтын, өз қара басының тыныштығын ойлайтындар алдына келген адамды жасанды жаймашуақ кейіппен шығарып салады. Күле сөйлеп, күлімсірей қарап, сүйкімді көрінгенмен, жанашырлық, бауырмалдыққа, әділін айтуға келгенде, іш жағы тастай қайраң жандар көбейіп барады».

Біздіңше, «өзгеге жанын ауыртпайтын, өз қара басының тыныштығын ойлайтындарға» ұлттың қамын жейтін М.Тәжин де, И.Тасмағамбетов те қажет емес. Тіпті сыртынан мысқылдай қарап, миығынан күлетін де шығар. Бірақ уақыттан асқан төреші жоқ. Ертең-ақ бәрін сүзгіден өткізіп алады. Тәжиннің де, Тасмағамбетовтің де қай жерде қай қызметті атқара жүрсе де, біреудің қаңсығын қазаққа таңсық қылып көрсетіп, жаңалық ретінде тықпалай беретін жат қылықтарға тойтарыс беріп, қазақ қоғамының рухани келбетін қалыптастыруға күш салатынына сенгіміз келеді.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Еркін
0 Еркін 10.12.2016 00:21
Уайым орынды. Тәжин мемлекеттік xатшы болып тұрғанда "белгілі адамдар" Президент әкімшілігінде ақпараттың-идеологиялық жұмыстарға жауапты болды. Олар сол қызметтерінде әлі отыр (бір-екеуі шеттетілгендей күйде жүр) және олардың кім екенін мемқызметтегілер мен саяси сауатты БАҚ өкілдері өті жақсы біледі.

Елбасының тапсырмасын орындаймын деп тырысқан Тәжиннің әрекетін мемтапсырысты жүзеге асыратын БАҚ-тарға басын жарып, көзін шығарып берген де солар.
Жауап беру
Еркін
+2 Еркін 10.12.2016 00:22
Мәселен, Тәжиннің Қазақстан тариxына қатысты берген тапсырмаларын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында айына 15 000-16 000 материал күштеп шығарылған дейді. Сонда, Тәжин тағайындалғаннан Елбасы оның қызметін сынағанға дейін 10 айдың ішінде Тәжиннің тариx бойынша көтерген бастамалары қатысты БАҚ-та 100 мыңнан астам материал жарық көрген, яғни "дозаны" арамы пиғылдылар асырып беріп жіберген деген сөз. Сосын, Елбасыға "мынау өзін жарнамалаумен айналысып жатыр, қараңыз, сіз туралы пәлен мың, ал Тәжин бойынша түген мың материал" деп кіргендердің кім екендерін де шамалауға болады. Дәл осы тәсіл вице-премьер болған Көшербаевқа да, Сапарбаевқа да қолданылды. Енді Тас сақ болмаса оған да қолдануды бастап кеткен секілді. Бұл кәдімгідей назар аударатын мәселе.

Бірақ, әлгілердің арамы пиғылын кеш болса да түсінген Тәжин біраз арласатын адамдарына солар туралы саусағымен шұқып тұрып көрсетіп жүрген көрінеді.
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter