Алтынды мақтаудың қажеті жоқ
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Алтынды мақтаудың қажеті жоқ

Алтынды мақтаудың қажеті жоқ
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

«Не шықса да, Шымкенттен шығады» дейтін сөз бар. Қазір «не шықса да, депутаттардан шығады» дейтін болдық. Мәжіліс депутаттары Астана атауын өзгертуді ұсынды. Осымен – екінші рет. Бұл жолғы бастамаға Қуаныш Сұлтанов мұрындық болды. Мәжілісмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі астана мен елдегі өзге де маңызды нысандардың атауында көрініс табуы тиіс деп есептейді.

Осы бастаманы көтерген Қуаныш Сұлтановтың елорданың болашақ атауы жайлы өз нұсқасы да бар. Ол Астананы «Нұрсұлтан» немесе «Назарбаев» деп атауды ұсынып отыр. Мәжілісмен бұл жөнінде Президентпен кеңеспегенін, бұл тек өзінің жеке ұсынысы екенін айтты. Оған қоса Қуаныш Сұлтанұлы Елбасының ерен еңбегін Конституцияда атап өтілгенін қалайды екен. Оны басқа депутаттар да қолдады. Бас қаланың атын өзгерту туралы ұсыныстың айтылып отырғаны бір бұл емес. Осыдан сегіз жыл бұрын да Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев «Астананы «Нұрсұлтан» деп өзгертейік» деп еді.

Қазақ тарихындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Хақысы да жоқ. Тәуелсіз елдің тағдырын өз тағдырымен тамырлас көрген Қазақстан Президентінің еңбегі әлемнің саяси сахнасында еленіп жүр. Астана қаласы да Елбасының өз идеясы еді. Елдің бас қаласын Ақмолаға көшіру туралы ойын айтқанда, көпшіліктің күмәнмен қарағанын өз естеліктерінде айтып та жүр. Сонша қарсылыққа қарамастан, осы ойын жүзеге асырып, Арқа төсінен жаңа қаланың бой көтергені, оны Астана атандырып, қазақстандық брендке айналдырғанын бүгін бақшадағы бала да біледі. Бәрінен бұрын елорданың атауын өзгерту «ЭКСПО-2017» көрмесінің қарсаңында айтылғаны таң қалдырады. Әлемге танылып қалған Астана брендін өзгерту қазынаға қаншама салмақ салатынын да ойлану керек еді. Қала берді, мұндай бастамалар елдің беделіне де нұқсан келтіреді. Сыртымыздан аңдып отырған дос бар, дұшпан бар. Қазақстанды өркендету жолындағы осыншама еңбегін ескеріп, мемлекетті дұрыс бағытта бастап келе жатқанына көзі жеткеннен болар, халықтың Елбасының президенттік мерзімін ұзартуға дауыс бергені. Қазақстандықтардың қалауы солай болғанына қарамастан, бізді «автократиялық» ел ретінде көрсеткісі келіп жүргендер аз еді. Енді шетелдік басылымдар кешегі бастамадан кейін демократиялы, зайырлы ел – «Қазақстанда жеке басқа табыну үрдісі күшейе түсті» деп жаза бастады. Біздің Президентке керегі ол емес еді ғой. «Артық қыламын деп тыртық қылды» дегеннің кері кеп тұр. Осындай боларын білген Президент те бұл бастамаға баяғыда-ақ қарсы екенін айтқан. Сол кезде-ақ Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Мен Президент боп тұрғанда, мен тірі тұрғанда, Астананың атын өзгертуге жол бермеймін» деп еді бір сөзінде. Сол кездері ғой, әкесінің атына көше беріп, тірі адамға ескерткіш орнатуға дағдаланған даңғойларды Елбасының сынағаны. Соған қарамастан, депутаттар тағы да баяғы әуенге басып отыр.

Осының алдында ғана БАҚ-та «Назарбаев Шыңғысханның ұрпағы екен» деген ақпарат пайда болды. Осыдан кейін қоғамда Президентті хан сайлау мәселесі қайта талқылана бастады. Естеріңізде болса, бұл бастаманы 2010 жылы «Қазақ хандығы» қоры көтерген еді. Сол кезде де қоғам пікірі екіге жарылды. Кешегі ұсыныстан соң да елдің ойы екіге бөлінді. Бұл мәліметке «Халықты өз Президентіне қарсы қою жолындағы ақпараттық арандату» деп баға беруден басқа амал жоқ. Өйткені, жуырда ғана Нұрсұлтан Назарбаев «Bloomberg» агенттігіне берген сұхбатында осы мәселе төңірегіндегі тартысқа нүкте қойып берген. Беделді басылым бетінде жарияланған мақалада Қазақстан Президенті өз балаларын президенттікке мұрагер етпейтінін айтқан. «Менің перзенттерімнің мұрагерлігін қарастырып жатқаным жоқ. Ол біз үшін емес деп ойлаймын. Біздегі биліктің алмасуы Ата Заңда жазылып қойған» деген-ді Қазақстан Президенті. Ал, жоғарыда айтылған сипаттағы мәлімдемелер Елбасының халықаралық аренадағы беделіне сызат түсіруі әдбен мүмкін.

Астананың абыройын қасықтап жинап, оны әлемге танытқан Назарбаевтың сол қаланың атауын өзгертуге деген көзқарасы түсінікті. Туғанда, өз перзентіне көкейінде жүрген есімді беріп, есейген соң оның атын ауыстыруға ешбір әке көнбейді. Астана да Назарбаев үшін төл перзенті іспеттес. Шындыққа айналған арманы. Бұл – факт. Егеменді елдің еңсесін тіктеудегі еңбегі бір бөлек, қысқа уақыт ішінде Арқаның төсінде – Дешті қыпшақтың қақ ортасында бой көтерген Астананың өзі – Назарбаевқа бір тасты қашап емес, біле білсеңіз, тұтас шаһардан салынған ескерткіш. «Алтынды мақтаудың қажеті жоқ» дейді қазақ.

Депутаттардың бұл ниетін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Президентке сыйлық жасау пиғылынан туындаған деп түсінейік. Ниеттері түзу. Тек халықтың атынан сайланып, сол бұқараның пейілін билікке жеткізіп отыруы тиіс азаматтардың айтатын мәселені айтпай, сөйлемейтін кезде көлгірсіп кететіні түсініксіз боп барады. Бұл құбылысты Досым Сәтбаев «даңғазалық жарысы» деп атапты. Белгілі саясаттанушы «Соңғы жылдары және биылғы оқиғалар, Парламенті бар, көптеген билікшіл саяси институттардың қоғамда болып жатқан дағдарыстарға дер кезінде ықпал етуге мұрындық болудан атау өзгертуге деген құлшынысы жылдамырақ екенін аңғартты. 2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиға кезінде де, жуырдағы Жер кодексінің төңірегіндегі митингілер кезінде де, терактілер кезінде де, қоғамда дау тудырған заң жобаларының төңірегіндегі тартыс кезінде де депутаттарымыз бен партия өкілдерінің үні естілген жоқ. Олар бар сияқты болғанымен, жоқ сияқты. Ақорда қоғамдағы наразылық ошақтарын өзгеден бұрын шешу қабілетіне ие саяси сақтандыру тетігінен айырылып отыр. Қоғаммен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, бірде-бір беделді әрі тиімді дәнекер жоқ. Қоғам депутаттардан кезекті даңғойлық пен атау өзгерткісі келіп, аузы қышып отыратын әдетті емес, нақты қауіптер мен қажеттіліктер қалыптасқан шындықты дұрыс қабылдай алатын қабілетті күтеді» дейді.

Шынында да, қарап отырсаңыз, халықтың атынан сөз ұстаған азаматтар сайлаушылардың мұң-мұқтажына бас қатыруға емес, ұпай жинауға кірісіп кеткен сыңайлы. Бұл, әсіресе, Тұңғыш Президент күні қарсаңында айқын көріне бастады. Елбасының бейнесін теңгеге басқан Ұлттық банк бастап берген эстафетаны депутаттар іліп әкетті. Елдегі дағдарыс дендеген сайын, қоғамның әлеуеті төмендеп, көпшіліктің күңкілі күн санап күшейіп бара жатқан тұста халық қалаулылары жұмысын тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағыттауы қажет-ақ. Қазір елде қала атауын өзгертуден де маңызды мәселелер тұр. Халық қазынасын сүліктей сорып жатқан квазимемлекеттік құрылымдарды азайтып, коррупцияны ауыздықтау, өндіріс пен өңдеу саласын дамытудағы бағдарламалардың кемшіліктерін жою, 21-ғасырда өмір сүріп жатқан қазақтың санасына соны серпін беретін идеология жасау секілді шаруалар шаш-етектен.

Астананың атауын өзгерту ұсынысы бір бұл емес. 2009 жылы бас қаланы «Сұлтан-Ата» деп өзгерту туралы Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі Назарбаевпен болған кездесу кезінде ұсыныс айтып еді. Тіпті, мұндайды күтпеген Нұрсұлтан Әбішұлы елшінің сөзіне таң қалғаны айтылады. 2011 жылы, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында осы секілді бастамалар тағы да бас көтере бастады. Астананы «Назарбаев» деп өзгертуді 2012 жылы «Желтоқсан жаңғырығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері де ұсынған болатын. Ал, 2013 жылы академик Сұлтан Сартаев та осы сарынды пікірін ортаға тастаған.

Елбасы үзілді-кесілді қарсы болған мәселені қайта-қайта қозғай бергеннен Қазақстан дамып кетпейді. Астананың атауын өзгерту туралы алғашқы бастама көтерілгенде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселені келешек ұрпақтың еншісіне қалдыруды жөн санаған. Егер ел өркендеп, онда ертеңіне сенімді халық өмір сүреп жатса, бұл кемелділіктің кімнің еңбегінің арқасында келгенін ажыратып алатын ұрпақ тиісті бағасын өзі-ақ берер. Ал, алтынды баптаудан емес, мақтаудан пайда шамалы.

Бет қатталып жатқанда...

ЕЛБАСЫ АСТАНАНЫҢ АТАУЫН ӨЗГЕРТУГЕ ҚАТЫСТЫ ПІКІРІН БІЛДІРДІ

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

«Бұл туралы талай айтқанмын. Мен айтқызып отыр деп ойлайтын шығарсыздар. Нұр, Нұрлы деп жазып жатыр. Кеше Парламент Астананы менің атыммен атауды ұсынды. Өз басым мұндай бастама көтергем жоқ және айтқан да емеспін. Біз үлкен іс атқардық. Бірақ жанымда сіздер болмасаңыздар, мұның бәрі істелмес еді. Өзім таңдаған әріптестерім үмітімді ақтады. Қателеспедім. Бірақ, бір адам ешнәрсе бітіре алмайды. Бәріне алғыс айтамын, Парламент өз жұмысын атқарды. Өз басым тапсырманы орындайтын сіздер барсыздар деп санаймын. Сондықтан табыс тілеймін! Бір адам ешнәрсе бітіре алмайды. Барлықтарыңызға және Парламентке еліміздің даму сатыларын назарға алған Декларация үшін рахмет. Менің орнымды айшықтадыңыздар. Әрине, бұл маған жағады. Парламент – биліктің тәуелсіз бұтағы. Олар шешім қабылдауға, өз пікірін білдіруге құқы бар. Кез келген елді мекеннің атын өзгерту мәселесін біз байыппен талқылайтын боламыз. Бұл мемлекетке, елге қажет пе қарастырамыз», — деді Н.Назарбаев.

«Бұл – мәселенің сыртқы жағы. Сауалдың нақты ішкі дүниелерімен айналысу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын депутат Қуаныш Сұлтанов Астанаға Елбасының есімін беруді ұсынған еді.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter