Мемлекеттік аппарат жеті басты айдаһар іспетті
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Мемлекеттік аппарат жеті басты айдаһар іспетті

Мемлекеттік аппарат жеті басты айдаһар іспетті
  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

«Борсық ұрған сайын семіреді» демекші, «Мемлекеттік қызметшілердің қарасын сирету керек» деген сайын олардың қатары қалыңдап барады. Түнеугүні Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков те дабыл қақты. Ол министрліктердегі қызметкерлердің санын қысқартуды ұсынды.

«Мемлекеттік органдардағы өзекті мәселенің бірі – кадрлардың тұрақтамауы. Сол себепті көптеген лауазымдар біраз уақыт бос тұрып қалады. Үшінші тоқсанның қорытындысына үңілсек, Қаржы министрлігінде – 970, Ұлттық экономика министрлігінде – 900-ден астам, ал Ауыл шаруашылығы министрлігінде 280-нен аса орынның бос екені байқалды. Бұл фактор мемлекеттік аппараттың тұрақтылығына кереғар әсер етіп, қалған қызметкерлерге күш түсіреді, ал бұл өз кезегінде жұмыстың сапасынан көрініс табады. Демек, бізге «Мұндағы гәп неде? Неліктен бос жұмыс орындары көп?» деген тұрғыда толық талдау жүргізу керек. Бәлкім, әлгі министрліктердегі штат санын қысқарту қажет шығар» дейді «АП-ның» басшысы. Және мұндай түйткіл өңірлерде де бар көрінеді.

Жалпы, Ә.Жақсыбековтің сөзінің жаны бар. Өйткені халықаралық тәжірибе мен қазақстандық статистика мемлекеттік қызметшілердің саны мен елдің экономикалық өрлеуі арасында тұрақты байланыс бар екенін көрсетіп отыр. «Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік сектордың шығыны жалпы ішкі өнімнің 22 пайызын құрайды. Егер бізде бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» секілді басқа да бюджеттен тыс қорлардың, яғни квазимемлекеттік сектордың бар екенін ескерсек, аталмыш көрсеткіш 30 пайызға дейін жетеді. Оның үстіне экономикамыздың 20-25 пайызы көлеңкелі саналады. Анығырақ айтсақ, экономикалық өсім қарқынының құлауын, біздің пайымдауымызша, экспорттық тауарлар бағасының құлдырауымен ғана емес, мемлекеттік қызметшілер санының артуымен де түсіндіруге болады» дейді экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков. Сарапшы олардың санын кезең-кезеңімен қысқартып, бүкіл күшті индустриялық-инновациялық бағдарламаға шоғырландыруды ұсынып отыр. Экономист-ғалым «Егер мұндай қадамға бармаған жағдайда келешекте экономикалық ахуал нашарлайды. Ол уақытта мұнайға қатысты ірі жобалардың өзі мемлекетті тығырықтан алып шыға алмайды» деген болжамын да жасырмады.

Қ.Арыстанбековтің дерек-дәйектері рас болса, шынында біздің билік ертерек қамданып, оң нәтиже шығаруы тиіс-ақ. Өкінішке қарай, мұны жүзеге асыру әзірге қиынға түсіп тұр. Жалпы, мемлекеттік қызметшілер қысқартылмай жатқан жоқ, әрекет бар, бірақ бір қызығы, кезекті әр қысқартудан кейін көп мерзім өтпей, штаттар қайтадан ұлғайып шыға келеді. Тіпті аталмыш мәселеге Елбасының өзі алаңдай бастады. Президенттің бастамасымен соңғы он жылда отандық мемқызмет жүйесінде бірқатар реформалар жүргізілуін жүргізілді-ау, алайда бәрібір «ат айналып қазығын таба беретіні» түсініксіз. «Біз министрліктерді, комитеттерді, агенттіктерді қысқарттық. Ал шенеуніктерді қысқартпадық. Қызық, иә? Құдды суға батпайтын кеме іспетті. «Самұрық-Қазынадағылар» өз қызметкерлерін қысқартып жатқанын айтады. Алайда ешкім ешқайда кетіп жатқан жоқ. Бәрі – өз орындарында. Керексіз адамдардың біразы отыр. Бір бөлімде жеті адам болса, соның екеуі ғана жұмыс істейді, қалғандары солардың мойнына мініп алған. Қалайша бұл түйткілдің түйінін тарқата алмайсыздар?». Былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Н.Назарбаев осылай деген-ді. Әйткенмен үнемшілдікке үндеген Елбасының сөзі шенеуніктердің қыртына да кірмейтін сияқты. Қыртына кірсе, «ҚазМұнайГаз ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев өзінің қосшыларының санын көбейтпес еді. Қайбір күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялаған ақпаратқа сенсек, компанияның жаңа басқарушылық құрылымының штатына компания президенті (басқарма төрағасы), оның орынбасары, 3 атқарушы вице-президент, 11 аға вице-президент, 8 «жай» вице-президент, 6 басқарушы директоры кіреді екен. Сұмдық қой! Қаптаған орынбасарлар не істей береді сонда?

Осыдан 2-3 ай бұрын республика бойынша мемлекеттік құрылымдардағы сіз бен біз асырап отырған қызметкерлердің саны 100 мыңға жуықтағаны және олардың күнкөрісіне жылына 600 миллиард теңге жұмсалатыны жайлы хабарды құлағымыз шалып еді. Осыған орай, газетіміз арқылы «17 миллион халқы бар елге соншама атқанамінердің қажеті не?! Олардан келіп-кетер пайда қайсы?» деп алаңдаушылық танытқанбыз. Сөйтсек, танымал саясаттанушы Расул Жұмалы «100 мың дегеніңіз нақты дерек емес. Өйткені ол тізімде квазимемлекеттік сектордағы, мемлекеттік органдар құрамынан қағаз жүзінде шығарылғанымен, шын мәнінде шенеунік болып есептелетін бақылаушы құрылымдардағы, түрлі ұйымдар мен компаниялардағы, кәсіпорындардағы қисапсыз қызметкерлер қамтылмаған. Мейлі, 100 мың-ақ бола қойсыншы, бірақ бәрібір біздікі әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, – дейді. – Мәселен, Жапонияда 130 миллион адам тұрады, ал шенділерінің саны 100 мыңнан асар-аспас. Яғни 17 миллион халқы бар Қазақстандағыдай. Кеңес заманында біздің елдегі шенеуніктердің саны 15 мыңнан аспайтын. Бәлкім, осынау жөнсіздікті түсінгендіктен шығар, билік 90-жылдардан бері мемқызметшілердің санын қысқартуға уәде етуден жалыққан емес. Бірақ парадокс! Күні бүгінге дейін олардың қатары қалыңдап келеді. Иә, жекелеген ведомстволар оңтайландырылды, бірақ іле-шала пәленбай штаты бар жаңа мекеме құрылып жататыны өкінішті. Және әрдайым ашықтық пен тиімділіктің орнына астаң-кестең көріністі байқаймыз. Тағы да сол бір-бірінің қызметін қайталау, кадрлар мен тумысынан жауапкершілік дегеннен жұрдай бастықтарды сапырылыстыру... Ал шындығында халықаралық тәжірибе ақжағалылардың санын көбейту жағдайды жақсартпайтынын дәлелдеп отыр. Мысалы, Халықаралық қайта құру және даму банкі түзген рейтинг бойынша Қазақстан мемлекеттік басқару сапасы жөнінен көптеген өлшемдер жөнінен 5-6 балды иемденіпті. Бұл ретте 1 балыңыз – жақсы, ал 7 балл нашар көрсеткіш саналады. Аталмыш тізімде «жетілік» ширек ғасыр бойына соғыстан көз ашпай, тіпті «қарақшылар жағалауы» аталып кеткен Сомалиге бұйырған екен».

Мемлекеттік басқару демекші, біздің атқарушы билік істен гөрі, қағазбастылықпен айналысқанды құп көретіндей әсер қалдырады. Тіпті оны бір кездері Президенттің өзі де «Соңғы жылдары министрліктердегі ішкі құжат айналымы 3-4 есе өскен» деп сынаған-ды. Кейде «Осы шенеуніктердің қағазбастылыққа құмарлығы мемлекеттің дамуын тежеп отырған жоқ па? Қағазбастылықтың астарында халықтың мүддесінен гөрі қарақан бастың қамы жатса ше?» деген де ой келеді екен. Әйтпесе неге министрлердің жалақысы 700-800 мың теңге болуы тиіс те, ал мұғалім мен дәрігер 70-80 мыңды қанағат тұтуы керек?

Шенеунік көбейген сайын сыбайлас жемқорлық та етек жайып бара жатқандай ма, қалай? Парақорлыққа байланысты «жетістіктеріміз» естен тандырады. Бұл мәселе бойынша шығарылатын халықаралық рейтингілердің ешқайсысында позициямыз кісі қызығарлық емес. Әлде саяси жүйені түбегейлі өзгертіп, шен-шекпенділердің бәрін жылы бөлмелерінен, жұмсақ креслоларынан бір шыбықпен айдап шығып, билікке мүлдем жаңа тұлғаларды әкелу керек пе екен? Мың жерден жемқордың талайының қолына кісен салынып, талайының дүние-мүлкі тәркіленіп жатса да, жазадан сабақ алмайтын шенділердің әрекетін көргенде осылай таусыла сөйлеуге ерік береді екенсің.

Шенеуніктер елдің өсіп-өркендеуін ойласа, қызметтік көліктерін шетелден алдырмай, отандық өндірістің өніміне қол созар еді; қалың бұқараға тигізер көк тиын пайдасы жоқ «күлтөбенің басында күнде жиын» өткізуден тыйылар еді; жаңа лауазымға тағайындалғанда жұмыс бөлмесін жөндеуге, оны жиһазбен толтыруға қыруар қаржыны шашпас еді; түрлі керексіз іссапарларды шектер еді... Егер осыларға кеткен ақшаның басын құрасаңыз, тау тұрғызуға жарайтынына сеніміміз кәміл.

Сонда не істемек керек? Жаһандық дағдарыс болса, анау: аузын кере қарыс ашып, жұтынып тұр, оған теңгенің құнсызданып, нарықты жаппай қымбатшылық жайлағанын қосыңыз. Мемаппаратты қашанғы өбектей береміз?! Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Ә.Жақсыбековтің министрліктердегі штат санын қысқартуды тілге тиек еткені, әй, бекер емес-ау. Алайда белгілі экономист Уәлихан Төлешовтің пікіріне сүйенсек, қуануға әлі ертерек сияқты. «Жаңа бағдарламалар мен жобалардың дүниеге келуі, интеграциялық саладағы ұйымдар қатарының артуы, өзге мемлекеттерде елшіліктеріміздің ашылуы секілді т.б. мәселелер көптеген мамандарды талап етеді. Шенеуніктер штатының үнемі толығып отыруының себебі – осы. Оның үстіне атқарушы билік Парламентке толық бағынышты емес. Заң шығарушылар мен қоғам өкілдері, сот билігі мен БАҚ тарапынан оны бақылау өз деңгейінде емес. Етек-жеңін қымтап, жабық түрде жұмыс істеу арқылы мемлекеттік аппарат мүлдем тиімсіз, сыбайлас жемқорлыққа бір табан жақын жаңа құрылымдарды оп-оңай өрбітіп жатыр» дейді ол. Шенділердің тым артықтығын айтқан сарапшы білікті басшы кадрлардың тапшылығы сезілетінін де жасырмады: «Басшылардың арасында, әсіресе, ұйымдастырушылық қабілеті зор мамандар аз. Парламент депутаттары бұл құбылысқа түк те ықпал ете алмайды, өйткені олар бюджетті талқылаудан әрі аспайды».

Сондай-ақ У.Төлешов айтуынша, атқарушы билік өкілдерінің өздерін басқарушы тап ретінде ұстап, буржуазияға жатқызатын көрінеді. «Қазіргі министрлердің көбісінің мультимиллионер саналуы да кездейсоқтық емес. КСРО-дағыдай Қазақстандағы бюрократтар да өзінше бір тапқа айналды. Тек соларға арналған шағынаудандар, ВИП-демалыс орындары, ВИП-дүкендер, ВИП-көліктер, дәлірегі, өз инфрақұрылымы бар. Иә, жалақысы аз шығар, бірақ әкімшілік ресурс арқылы түрлі мөлшердегі пара есебінде қомақты табыс табады. Сондықтан бір саланың тізгінін ұстаған шендіні қалталылардың қатарына қоса берсеңіз болады. Мысалы, жол құрылысына жауапты шенеунік өзінен тапсырыс алатын құрылыс фирмаларымен тонның ішкі бауындай...» дейді ол.

Сонда «АП-ның» басшысы меңзеген «госаппаратты» ықшамдаудың амалы қайсы? Біздің ойымызша, қанша тер төккенмен, «баяғы жартас – бір жартас» күйді елестететін мәселені шешуде әкімшілік шаралармен шектелу аз. Оңтайландыру да немесе соған ұқсас басқа әрекеттер де елде шынайы демократиялық реформалар үдерісі басталмайынша, қалыптасқан ахуалды өзгертіп, сірескен сеңді қозғалта алмайтынына жалпақ жұрттың көзі жетіп келеді. Реформаны, әсіресе, заң шығарушы биліктің рөлін күшейтуден бастаған жөн. Себебі Парламенті мықты мемлекеттердің барлығында депутаттар саяси таразының басын теңестіріп, билік тармақтарының баршасын ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап, ұдайы көзінен таса қылмай отыратынын аңғарып жүрміз. Үкімет жетекшісін де Парламенттің тағайындап, бақылап отырғаны дұрыс болар еді. Бәлкім, бұл ретте АҚШ-тың мемлекеттік басқару үлгісін тұтынып көрерміз. Бір жағынан президент билейтін-ақ мемлекет, алайда Парламенттің – Конгрестің құзыреті ерекше. Көппартиялы саяси жүйенің негізінде құрылған бұл органның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Бұдан кейін шенеуніктер қылтыңдап, сылтыңдап көрсін... 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter