Баспасөз хатшыларына бостандық бермей, бастықтар жұмыс істемейді
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Баспасөз хатшыларына бостандық бермей, бастықтар жұмыс істемейді

Баспасөз хатшыларына бостандық бермей, бастықтар жұмыс істемейді
  • Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

«Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай...», «Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше...», «...баспасөз қызметінің мәліметіне сүйене отырып...» деген сөз тіркестері бүгінде әр құлаққа таныс. Әзірге мектеп пен балабақша ғана баспасөз қызметін құра қоймаған болар, бірақ бүкіл министрліктер мен құзырлы орындар, азулы мекемелердің бәрі де сізбен тек баспасөз қызметі арқылы ғана сөйлеседі. Егер бетіңізден ұрғандай етіп «без комментариев» демесе, өлген қойдың өкпесіндей ылжыраған шикі ақпаратты болса да тауып, шығарып салма болса да жауап айтып, арқадан қағып, ағайын болып тарқасуға тырысып жатады. Алайда тірі тұрып араздасуға жол бермейді. Ендеше мұны баспасөз қызметі деп емес, екі тарап ымыраласа келіп кемшілікті жасыруға тырысқан «бауырмалдылық қызмет» деп атағанымыз жөн шығар.

Рас, баспасөз қызметінсіз де осы мекемелер өмір сүрген. Бірақ журналистер алдымен бастығына телефон шалады, ол орынбасарына сілтейді, орынбасар арнайы айналысатын нағыз маманын нұсқайды, ең аяғында ол маман мәселеден мүлде хабарсыз болып шығады. Сөйтіп өзің де діңкелеп шаршап, қолды бір-ақ сілтейтінсің. Қазір осы жұмыстың бәрін «баспасөз хатшысы» дейтін бір-ақ адам атқарып береді. 

Әрине, қалай атқарып беретіні ол басқа мәселе, бірақ ыңғайлы...

Үкіметтің қоғаммен байланысын жетілдіру үшін баспасөз қызметін құрып, жолға қою ісі біршама жыл бұрын басталып кетті. Биліктің өз ішіндегі саяси қойылымдар, баспасөзбен бұғымбақ ойнау, ол үшін баспасөз қызметіне жүгіну бүгінде қалыпты нәрсеге айналды. Қазіргідей мағынасы жоқ театрландырылған қойылымдар көбейген кезде бұл қызметтің бағасы тіпті артып тұр. Өйткені Үкіметтің өз қызметіне сенбесе де, қойылымды қызықтауға қай-қайсысы да құштар. Мұндай жағдайда баспасөз бен қоғам арасы, Үкіметтің өз іші, оның ішіндегі ірілі-ұсақты мүдделес топтар арасындағы мәселе де тереңдей түседі.

Баспасөз қызметінің салалық жұмысына мерзімді БАҚ-қа бақылау жасап отыру, журналистің ақпарат жинауына көмектесу, өзі жұмыс істеп отырған мекеменің беделін көтеретін имидж материалдар ұйымдастыру, журналистермен үнемі жылы қарым-қатынас орнықтыра білу секілді маңызды міндеттер кіреді.

Бүгінде барлық мемлекеттік қызмет пен бизнес компаниялар үшін ақпараттық кеңістіктің ахуалын қадағалап отырудың маңызы зор. БАҚ-та жарияланып жатқан материалдарға үнемі бақылау жасап отыру мекеменің беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз факторлардың жылдам алдын алуға, оған қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Әр министрліктегі баспасөз қызметтерінің өз «қара тізімі» де болатыны бұл күнде ешкімге жасырын емес. Министрінің мазасын қашыратын қолайсыз сұрақ қоюға шебер және баспасөз мәслихатынан шыға салып, жамандай жөнелетін тілшілерді қара тізімге қосып, екінші қайтып мекемесінің маңайынан жүрмейтіндей жасауға жанын салатын баспасөз хатшыларының кімдер екені сол саланы төңіректейтін тілшілерге таныс шығар.

Кейбір министрліктер сауаттылығымен, жұртқа жұғымды мінезімен танылған білікті баспасөз хатшыларын ресми өкіл дәрежесіне дейін көтерген кезін білеміз. Шетелдегі шулы оқиға, даулы мәселелерге қатысты СІМ-нің ресми өкілі болған, қазақша, орысша бірдей сайрайтын халықаралық қатынастар ісінің белді маманы Ержан Ашықбаев баяғының бала билері сияқты екі иығын қомдап алып, тілшілер алдында түсініктеме бере жөнелгенде, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» терең мәселенің тігісін жатқызатын өнеріне еріксіз сүйсінетін едік. Интеллект, мінез, тұлғалық қасиет – түгел төгіліп түсіп жататын. Дипломаттың ділмарлығы мен аудиторияны мәдениетті түрде емін-еркін билеп-төстейтін харизмасы қоғаммен байланыс қызметінде үлкен роль атқарды.

Баспасөз қызметі жоқ кейбір құзырлы орындарда қоғаммен қарым-қатынас жасау міндетін тап осы ресми өкілдер атқарып жүреді. Мысалы, сыбайлас жемқорлықпен күрескен Қаржы полициясының ресми өкілі ретінде көрінген Мұрат Жұманбайдың эмоциядан ада суық жүзі өзі жұмыс істейтін мекемесіне сәйкес ызғарлы, сұсты еді. Түріне қарап, «тұзы жеңіл қай сорлының түбіне жеткендерін хабарлағалы тұр екен мына жігіт?» деген сумақай ой секундтың ішінде ми қуысын аралап өтетін. Ашықбаев әріптесі секілді шешен де емес, ашық шырайлы да емес, Мұрат мырза камераның алдында қаралы хабарға бергісіз қорғасындай ауыр ақпаратты міз бақпай тұрып айтқанда, азын-аулақ адреналин аласың. Қоғаммен байланысқа шығарылған өкілден жұғымдылық емес, керісінше сықиған шенеуніктік мінез басым түсіп жатты. Бірақ бұл нағыз баспасөз қызметінің маманы үшін жат мінез. Керісінше, билік пен бұқара арасындағы көпір қызметін атқаратын баспасөз қызметкерлері қай жағынан болса да ашық, қарапайым, «қолжетімді» болуы керек еді. Бұл орайда қоғаммен ашық қарым-қатынас жасауға әбден төселіп алған Алматы қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек пен оның Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптесі Салтанат Қаракөзованы атауға болады. Бір терінің ішінде бірде толып, бірде арып қызмет атқарып жүрген қос қалқатай басшыларының бүкіл жауапкершілігі мен міндетін өздеріне артып алған. «Ана жерде атып кетті», «мына жерде тонап кетті» деген ақпаратты күн сайын тарата-тарата бүгінгі күні бұл қыздар тележұлдызға айналды. Тап осы жерде негізгі сауалымыз туындайды: күннің, аптаның, айдың емес, жылдың сорғалаған сұмдық оқиғасы жұрттың үрейін алып жатады, сонда бұлардың бастығы қайда жүреді? Баспасөз қызметі өкілін Зоя Космедемьянская мен Павлик Морозов жасап, алдыңғы шепке салып қойып, тасада тығылып жатуы дұрыс па? Жыл соңындағы есеп беруде, жақсы жаңалықтарымен бөліскенде ғана төбе көрсетіп, ал жұрт назарын тіккен оқыс оқиға орын алғанда, жым-жылас жоғалатынын қалай түсінуге болады? Ұстатпайды, бірақ ұпайын баспасөз хатшылары түгендеп береді.

Министрліктердің, департаменттердің баспасөз қызметін таратпай, министрлер жұмыс істемейді. Олар неғұрлым ықпалды, тәжірибелі журналистерді баспасөз қызметінің жетекшілігіне жұмысқа шақырады да, қоғаммен байланыс жұмысын біржола мойындарына іліп береді. Артық айтылса, айып болмас, бірақ бүкіл министрліктердің артын жауып отырған осы баспасөз қызметінің өкілдері. Алдын-ала дайындалған ақпаратпен қаруланған прессектер министрліктің жақсысын асырып, жаманын жасырып, кейде жамап сөйлеп, кейде жалған айтып, тілшілердің кез келген сауалы мен шабуылына тойтарыс берумен келеді. Ал осы уақытқа дейін баспасөз хатшысы жоқ министр болса, ол сөзсіз Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының кебін киеді. Министр болып тағайындалғалы бері мазаққа айналумен келе жатқан Мұхамедиұлының бар кінәсі – баспасөз хатшысы жауап беретін болмашы мәселеге өзінің түсініктеме беріп жататыны, тілшілерге шектен тыс ашықтығы. Құнанбайшылап айтқанда, «ит те, құс та келіп малшылайтын жайдақ су». Басқа бірде-бір министр Арыстанбектің осы қарапайымдылығын өз бойына салып өлшеп көруден өлердей қорыққан болар еді. Негізі, дұрысы – Мұхамедиұлы мырзаныкы. Ісіне де, сөзіне де, ісі мен сөзінің дұрысы мен бұрысына да өзі жауап береді. Жауап беріп еді, бірақ біз қабылдамадық. Себебі жүйесі қатал, жүйкесі темір, былыққа белшесінен батқан қоғам «бер жақтағы балалардың» – баспасөз хатшылары мен қоғаммен байланыс бөлімі дейтіннің пиар-ақпаратына ғана алданып, соны місе тұтып үйренгенбіз. «Осындай өресіз, сауатсыз адамды кім министр етіп тағайындаған?» деп шабынып шықтық.

Жарайды, сөзге шорқақ музыкант Мұхамедиұлы деңгей-дәргейін байқатып қойған екен, ал «баспасөз хатшысы» дейтін бір-бір бұлбұлды ұстап, сайратып, өздері жақ ашпайтын, қоғамның алдына шығып пікір айтып, көзқарас білдіруден ат-тонын алып қашатын министрлердің өресі мен сауатының мөлшерін біз білеміз бе? Мүмкін, Арыстанбек мырзаны ақымаққа балап, сыртынан мырс-мырс күліп, мысқылдап отырғандардың араларында одан да асып түсетіндері бар шығар? Өресі мен сауатын білдірмес үшін беттерін бүркемелеп, баспасөз қызметін құрып алып, қос-қостан қызметкер ұстаудағы сыры сонда жатқан болар, бәлкім? Әйтпесе нағыз баспасөз хатшысы білек сыбанып жұмыс істейтін жер осы Мәдениет министрлігі еді. Драма театрларына да, опера театрларына да, басқа да ірі өнер ошақтарында баспасөз қызметі аса қажет. Себебі өнердің насихаты үздіксіз жүріп жатуы тиіс.

Түйін.

Бір сөзбен айтқанда, баспасөз хатшысын қолбала жасап, өзі жұмыс істемейтін, әгәрәки қара тырнағы азырақ қимылдап қалса, сонысын баспасөз қызметі арқылы алаулатып-жалаулатып көрсететін, ал шындыққа келгенде бұғып қалатын шымылдықтың ар жағында тым-тырыс отырған шенеунік керек емес. Баспасөз хатшысының басына бостандық беріп, өзіне тиесілі тікелей шаруамен айналысатын уақыт жетті.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter