Біздің жұмыс берушіміз – халық!
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Біздің жұмыс берушіміз – халық!

Біздің жұмыс берушіміз – халық!
  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

«Үйдегі ойды базардағы баға бұзады» демекші, біздің ойымызды биліктің «базары» бұзғалы тұр. Олар халықтың «көзі ашылып» кетерінен өлердей қорқады. Қорықпағанда ше, кемшілігін бетіне басып, жүйесіз жұмысын сынап отыратын «ақылдыдан», айтқанға көніп, айдағанға жүретін тобырды бастау оп-оңай. Ол алдағаныңа да сене береді. Тек оның мықты, данышпан, данагөй екеніне елді сендіруге көмектесетіндер болса болғаны.

Бәрін басынан бастап, рет ретімен тарқатайын. Алғаш жарыққа шыққаннан-ақ «Корреспондент» газеті қоғамды толғандыратын мәселе көтеріп келеді. Елдің мұңын жазып, халықтың базынасын билікке жеткізу үшін барын сала кірісті. Шемен бола бастаған шерін жазып, шығарды. Ондағы мақсат – атына заты сай, бұқара мен билік арасына алтын көпір болу. «Корреспондентте» жарық көрген біраз мәселе мемлекеттің ең жоғарғы мінберлерінен де айтылып жүрді. Бұл дегеніңіз, біздің көтеріп жүрген мәселеміз – қазіргі әкімқаралар дағдыланған «журналистердің ойдан шығарғаны» емес, қарапайым халықтың шынайы пікірі. Содан болар, алғаш жарыққа шыққалы жарты жылда газетіміздің таралымы он мың данаға жетті. Біз о бастан-ақ өзгеден ерекше бағыт ұстандық: мемлекеттен тендер де алмаймыз, қаражат табу үшін газетте жарнама да баспаймыз. Таза өз қаламымызбен нәпақа тауып отырған басылымбыз. Біздің жұмыс берушіміз – оқырман. «Сауда дүңгіршектерінен таппадық», деп газетті редакциямызға келіп, алып кетіп жатқан оқырмандар да баршылық. Әр келген сайын осындағы корреспонденттерге бір жылы лебізін білдіріп кеткенде еңбегіңнің еш емес екенін сезініп, төбең көкке бір елі жетпей тұрады. Тілшілік деген тіршілікті таңдаған тұлға үшін оқырманның көңілінен шығудан асқан бақыт бар ма?!

Кез келген Бұқаралық Ақпарат Құралының ұстанымы «қожайын тастаған сүйекті үнсіз мүжіп, керек кезде ғана үру емес», мемлекеттің негізін құрайтын азаматтың ойын сол азамат өзінің салығының есебінен жалақы төлеп, жалдап отырған билік басындағы қызметкерінің құлағына жеткізу. Ал, елдегі болып жатқан ілкімді істер мен тың бастамаларды халықтың көкейіне қонымды етіп баяндау. «Корреспондентті» тек мегаполистердегі тұрғындар ғана емес, шалғай ауылдағы шопан мен шаруа да оқысын деген мақсат – біздікі. Елдің әр тұрғыны өзінің азаматтық позициясын митингке шықпай-ақ газет бетінде ашық айтып отырса, сол арқылы мемлекетіміздің әлеуметтік-саяси өміріне белсене араласып отырса, Ұлы Дала елі сонда болмаймыз ба? Осы мәселеде қолғабыс жасауын өтініп, әдепкі әдетпен аймақ басшылармен біраз келісімдерге келіп те қойған едік.

Қазақстандағы 17 миллионның әр қайсысымен жеке тілдесетін мүмкіндігіміз әзірге болмай тұр. Сондықтан аудан, ауылдарда газетке жазылу жұмыстарын ұйымдастыру үшін халықтың атынан қамшы ұстаған жергілікті әкімқаралардан көмек сұрағанымыз заңдылық. Оны жасырмаймыз. Қала берді, сол мемлекеттік қызметкерлер халықтың әлеуетіне ғана жауапты емес, Ата заңымызда көрсетілген азаматтардың ақпарат алу құқын да қамтамасыз етуге міндетті. Бірақ, солардың көбі берген уәдесінен тайқып шықты. Кей аудан басшылары мен құзырлы департаменттерге облыс орталығынан қоңырау шалынып, «Корреспондент» газетінің қалың қарашаға тарауына кедергілер ұйымдастырыла бастады. Сондай әңгіменің бірнешеуі біздің өкілдердің көзінше болған. Ал, өзі жоқтың көзі жоқ жерде не айтылып жатқанын ішіңіз сезіп те отырған шығар.

Өкінішке қарай, біздің жергілікті атқамінерлер халықтың ойлау қабілетінен қорқады. Әрі бұл қорқыныш жылдан – жылға ұлғайып бара жатқанына көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан болар, қазір шындықты айтатын БАҚ-ты бақсы етіп көрсетіп, оймақты ой айтатын басылымды «қуғынбай» қып көрсету әрекеті етек жайып барады. Оған негізінен Елбасы билік тізгінін сеніп тапсырған жергілікті әкімқаралар мүдделі. Өйткені өзінің шала тірлігі жоғары жаққа жетіп қалса, ұрыс естуі, тіпті қызметінен айырылуы мүмкін. 

Қызметте отырған шендінің барлығының шаруасы шала деуден аулақпыз. Бірақ, көрмейін десек, көзіміз бар. Алысқа бармай-ақ, осы жуырда ғана Оңтүстік Қазақстанның шаруаларын шырылдатып кеткен оқиғаға тоқталайық. Зиянкестердің таралу аумағы мен оның қауіптілік деңгейі дер кезінде анықталмағандықтан, күнгейдің бірнеше аудандарында егін салған диқан тақырға отырды. Түйіні көзге көріне бастаған егіннен тәп-тәуір өнім аламыз дегенде алқаптарды қаптаған қара шегіртке жалмап, ертеңіне үміттеніп отырған шаруаларды қып-қызыл шығынға батырды да кетті. Ал, осы зиянкестер алғаш бой көтергенде-ақ дабыл қаққан БАҚ-ты биліктегілер жоқ жерден жау шаптыратын жексұрын етіп көрсеткісі келді. Ал, аграрлық аймаққа әкім боп келген қазіргі ОҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Серік Тұрбековтың сөзі тіпті тұрпайы шықты. Ол шегірткенің қаптауына қайдағы жоқ Патшалық Ресейдің императорын айыптап, журналистерді «жынды» етіп көрсетуге тырысқанын елге қалай түсіндірерімізді білмей дал болдық. Шегірткемен арпалысып жүрген ағаның маңдайынан күн өткен болар дедік те, түсіністікпен қарауға тырыстық. Дегенмен, ол кісінің зиянкестермен күреспек түгілі жапырылып қалған жайлау мен егістікте болды ма деген сұрақ туды көптің көкейінде. Оны бұл қызметке тағайындаған кім? Облыс басшысы, әрине. Өңірге жаңа келген адам. Оңтүстіктегі тізгін ұстар кісілердің сыр-сипатын таныстарынан суыртпақтап алатын Бейбіт Бәкірұлы бұл жақтың тумасы да емес. Төрт аяқты тұлпар да сүрініп жатқанда екі аяқты адамға өкпелеген тағы болмас.

Бұл билікті әкесінен қалған мұра санайтын атқамінерлердің шала тірлігін жасырып, журналистерді жек көрінішті етуге тырысу әрекетінің бір ғана мысалы. Және бір облыста болып жатқан жағдай ғана. Басқа өңірлерде не болып жатқанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Бірақ, айта алмайды. Айтса да үні шықпайды. Міне, «Корреспондент» газеті солардың үні, билік пен бұқараның пікір алмасатын алаңына айналу мақсатын қойғаны сондықтан. Ал, енді келіп шындықтан қорқатын шенеуніктердің аяқтан шалып жатқаны мынау.

Ия, «Корреспондет» бетке айтады. Алдымен, ескертіп айтады. Сосын батырып айтады. Оған болмаса, шала тірлігін әшкерелеп баршаға жар салып, бақырып айтады. Ал, оған шыдайтын қазіргі бастықтар ма? Елбасының өзі қоғамға ашық билік құруды, атқамінердің тілшіден табанын жалтыратпай, шынайы сұқбат құруын қаншама қайталап айтты. Президент жалғыз. Ал, 17 миллионға жетер жетпес халқы бар Қазақстанда 100 мыңға тарта мемлекеттік қызметкер бар. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы оның қайсысының қолынан жетектеп, журналистің алдына әкеліп беруі керек? Кешегі, жер мәселесіне қатысты туындаған дау да осы билік пен бұқараның арасында байланыстың болмауынан туындап отырған жоқ па? Ал, сіздер болса, мәртебелі мемқызметкерлер, халықпен ел тізгінін ұстаған тұлғалар арасын байланыстырғысы келетін дәнекер «Корреспондент» газетінің таралуына кедергі келтіруге тырысып отырсыздар. Оу, шенеунік мырзалар, көздеріңізді ашыңыздар! Ел аузына қақпақ болар заман кетті келмеске, қазір, ақпарат көзі жетерлік. Қараша халық біз болмаса басқа деректен ақпарат алады. Гәп, оның сапасында ғана.

Ақпарат сапасы демекші, біздің ақпаратты экстремистік немесе Қазақстанның мүддесіне қарсы топтардан қорғай алмайтынымызға құзырлы органдар көз жеткізген болар. Тек тексерілген деректерді жариялайтынымызды барша көріп отыр. Мұны айтып отырғанымыз, кешегі жер дауына қатысты көлемді мақала жариялағанымыздан кейін редакциямызға ұры түсіп, барлық қолданыстағы сандық техниканы алып кеткені баршаның есінде шығар. Иті келмесе де милиция... кешіріңіз, полиция келіп жедел-іздестіру шараларын жүргізгенсіп кетті. Одан бері айдан асты, әлі дерек жоқ. Қылмыскер табылмады. ХХІ-ғасырдағы заманауи техниканың кез келген сандық құрылғылардың қайдан, қашан іске қосылғанын анықтап бере алатын мүмкіндігі бар. Сондықтан дамыған елдерде цифрлық техниканы ұрлау қылмыстары тез әрі оңай ашылатын құқықбұзушылықтың қатарына жатады. Ә, иә, сол заманауи техниканы меңгеретін ми болуы керек екен ғой. Адами факторды ұмытып кете береміз. Қайтеміз, біз де пендеміз. Дегенмен, ынта болса ондай қылмысты да ашуға болады. Әйтпесе бақандай жеті ноутбукты айға алып кетпеген шығар. Әлде оның ішінде сақталған ақпараттар әлдекімге керек болды ма? Сол қылмыс болғаннан бірер күн өткенде лауазымды қызметтегі бір адам «бұл сендерге ескерту болатын, әрі сол құрылғылардағы хат алмасу қызметтері арқылы сендерге ақпараттың қайдан келіп жатқанын анықтау керек болды, ұрлық сол үшін ұйымдастырылды» дегенде аса сеніңкіремеген де едік. Енді істің арты сиыр құйымшақтанып бара жатқанына қарап, бізде әдетте тек «заказной» қылмыстар ғана ашылмай қалатыны есімізге түсті. Айналайын, полицей ағалар, ішіндегісін тексеріп болсаңыздар, қайтарып беріңіздерші. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегіміз келмейді, әрине. Тек, тірлікке есір мен кесір қолбайлау болмаса болды.

Ал, «Корреспондент» пен халық арасында дәнекер болуға уәде берген шенділер, газетіміздің таралымы көп болса бізді байып кетеді деп жүрген боларсыздар. Нағыз корреспондент әулие сықылды. Ішерге асы болса болды. Әлде қазақтың арасында тек сіздер ғана қалталы болуыңыз керек пе?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter