Сорлаған диқан, кеміргіш шенеунік һәм сыбайлас шегіртке
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Сорлаған диқан, кеміргіш шенеунік һәм сыбайлас шегіртке

Сорлаған диқан, кеміргіш шенеунік һәм сыбайлас шегіртке
  • Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК

Ағымдағы жылдың 9 ақпанында Ақтөбе қаласында Ресей мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласының мамандары шегірткеге қарсы күрес мәселелерін талқылап, келелі жиын өткізген-ді. Онда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің мамандары «Биыл шегірткенің шабуылы жылдағыдан аз болады» деп уәде еткені де есімізде. Яғни 2015 жылы шегірткелер 2 миллион 200 гектар жерге таралса, биылғы болжам бойынша бұл көрсеткіш 1 миллион 700 гектардан аспау керек-тін. Сондай-ақ жауаптылар былтырғыдай сан соғып, өкініп қалмас үшін дайындық шараларын ертерек бастап кеткенін, дәлірегі, дернәсілдердің ошағын анықтау үшін алдын ала зерттеу жүргізілгенін, қауіпті аймақтар дер кезінде анықталғанын ауыз толтыра айтқан. Бірақ соның арты не болды?

Өкінішке қарай, қыста айтылған бұл әңгіменің көктемде күлі көкке ұшты. «Ыршып жүріп ән салған» шегірткелер Оңтүстік Қазақстан облысының шаруаларын шырылдатып, тақырға отырғызып кетті. Зиянкес жәндіктің «марокко» деп аталатын түрінен, әсіресе, Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласының диқандары қатты зардап шегіп отыр. Оған таяуда Ордабасы ауданы қосылды. Мәселен, бір ғана Шардара ауданында жайылымдық алқапты жалмап, егінге ауыз салған зиянкестер 10 гектар жерге егілген қарбызды жайпап өткен. Тіпті күн сайын қарқын алып күшейген зиянкестер алғашында тек сабағын қырықса, бара-бара қарбыздың өзін де шұрқ тесік қылыпты. Әрі-беріден соң бұл марокколық шегірткеңіз жусанды да қоймайды екен. Әйтсе де өз шығындарын ондаған миллионға бағалаған диқандар «Шегірткеге бас ауыртып жатқан шенеуніктер жоқ» деп зар илейді. Арыс пен Ордабасы жұртшылығының есебінше, шегірт-кеден күйген шаруа-лардың саны жүзден, ал, шегіртке жаулап алған егін көлемі мың гектардан асып кеткен.

Шегірткелер шабындықтың да, егіс-тіктің де шаңын шығарып жатқанына шыдай алмаған өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов мамырдың 26-сында шегірткеге қарсы күрес шаралары жөнінде аудан, қала әкімдерімен шұғыл селекторлық жиын өткізді. Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласы аумағында шегіртке ошағының пайда болуы және оны шұғыл түрде жою жолдары талқыланды. Шынын айту керек, өзінің жауапты орынбасары С.Тұяқбаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы С.Тұрбековтің, сонымен бірге ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық инспекциясының басшысы Бекзат Тілегеннің бұл реттегі атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамасын тыңдаған аймақ басшысы облыстық деңгейде шегірткеге қарсы күресу жүйесі толық қалыптаспағанын, соның салдарынан егістік алқаптарға қауіп төніп тұрғанын ашына жеткізді. Тіпті жұмысты дер кезінде жүйелеп, тиісті шаралар қабылдамағаны үшін деген себеппен Сарыағаш ауданы әкімінің тиісті орынбасары мен бөлім басшысын лауазымынан босатуды да ұсынды. Ал, Арыс қаласы мен Шардара ауданының әкімдеріне мәселені бір апта көлемінде шешпеген жағдайда тиісті шаралар қабылданатынын ескертті.

Жалпы, шегіртке атаулымен күрес мәселесінде «үйірсіз», «үйірлі» деген ұғымдар бар. Алғашқысын көбіне саяқ деп те атайды. Саяқ шегірткелердің көзін жою – жергілікті биліктің құзырындағы шаруа. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбековтің сөзіне сенсек, өңір бойынша саяқ шегірткелер мекендейтін аумақ 26700 гектарды құрайды екен. «Біз өзімізге тиесілі алқаптың барлығын әлдеқашан химиялық өңдеуден өткізіп қойғанбыз. Дәл қазір елді дүрліктіріп тұрғаны – аса қауіпті марокко шегірткесі» дейді ол.

Басқарма басшысы айтқан бұл шегірткелеріңіз – үйірлілердің қатарында. Ал, осы шегірткелерді ауыздықтау ісімен тікелей Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысуы керек. Бәлкім, мәселенің мәнісіне ҚазҰУ-нің заң факультетін бітіріп, бес жыл бойына Қазақстанның бас аграршысы болған А.Мамытбеков тереңдеп бойлай бермеген шығар, алайда өмірін ауыл шаруашылығы саласымен байланыстырған білікті кадр ретінде, оның үстіне Оңтүстіктің төл перзенті екені тағы бар, А.Мырзахметовке шегірткемен күрестің ереже-тәртіптерін ежіктеп түсіндіріп жату артық деп ойлаймыз. Бұдан бөлек Исабектің ұлы бір кездері Жәнібек Кәрібжановтың Ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан отставкаға кетуіне нақ осы «шегірткелер шабуылы» түрткі болғанынан да хабардар болса керек. Демек, бір қатаң шаралар қолдануы керек еді. Өзі кетпесе де, қарамағындағы осыған тікелей жауапты адамдарды қызметтен қуып, не болмаса аямай жазалауы тиіс болатын. Бірақ Мырзахметов өйткен жоқ. Өйтпегені былай тұрсын, дүйсенбі күні Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Алмабек Марс «өңдеу жұмыстары уақытылы басталды, жұмыстар әлі жүріп жатыр, препараттар толығымен бар» деп, бәрін қарық қылғандай жайбарақат отыр. Қарық қылса, бұған дейін қайда қалды? Анау шырылдап жүрген шаруалардың жанайқайын қайда қоямыз? Шегіртке жайпап өткен егістіктің бетін немен жабасыз? Жұмысты кеш бастап, жау кеткен соң қылышты тасқа шапқаннан не пайда? Шегіртке жейтінін жеп, диқандарды сазға отырғызып, қарызға, несиеге белшеден батырып кетті.

Сонымен, биыл облыс көлемінде марокко шегірткесіне қарсы фито-санитариялық іс-шаралардың қан-шалықты жүзеге асқанын білмек ниетпен аталмыш ведомствоға қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция коми-теті Оңтүстік Қазақстан облысының аумақтық инспекциясына сұрау салдық. Өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Темірхан Елғоновтың айтуынша, былтыр «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар-әдістемелік орталығы» ММ ОҚОФ мамандары жүргізген анықтау-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде ОҚО-да 2016 жылы ұзын-ырғасы 91440 гектар аумақты марокко шегірткесінің көзін құрту үшін химиялық өңдеуден өткізу болжаныпты. «Осыған байланысты республикалық бюджеттен қаржы бөлінді (жерүсті агрегатымен өңдеуге 49 миллион теңге, жеңіл ұшақпен өңдеуге 22 миллион теңге), улы химикаттар сатып алынды. Ал, өңдеу жұмыстары сәуірдің 15-інен басталды. Бүгінде соның 91,21 мың гектарын «Өсімдік қорғау-К» ЖШС 34 жерүсті агрегатымен және «Авиакомпания «Дельта-ЮГ» ЖШС» 3 жеңіл ұшағымен толығымен өңдеп шықты. Шегірткеге қарсы қолданылған препараттардың биологиялық тиімділігі 91-92 пайызды құрады» деген ол проблеманың туындау себептерінің баршасын ауа райына жауып құтылды. «Үйірлі шегірткелердің пайда болу ошағы саналатын Сарыағаш, Шардара аудандары мен Арыс қаласында кең көлемде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ ағымдағы жылдың бір ерекшелігі, жарытып қыс болған жоқ. 50 күн бойына қар да, жаңбыр да жаумай, құрғақшылық етек алды. Күн жылып кетті. 28-29 наурыз күндері жауған жылы жаңбыр марокко шегірткесінің дернәсілдерінің ерте оянуына себеп болды. Ал, 1-12 сәуір аралығындағы ауа температурасының күрт төмендеп, жауын-шашынның мол мөлшерде түсуі марокко шегірткесінің дернәсілдерінің шығуын екі толқынға бөліп жіберді. Сондықтан екінші толқындағы дернәсілдер кейінірек шыққандықтан, жайылымдық алқаптардағы шөбі қалың жерлердегі анықтау-зерттеу жұмыстарында кейбір кемшіліктер орын алды. Оның үстіне шегіртке тектес зиянкестердің өсу кезеңіндегі көп жылдық нәтижелерге үңілсек, әр сегіз жылда мұның өршу дәуірі кездеседі. Сол дәуір биылға тура келіп тұр» дейді Т.Елғонов.

Испекцияның жауапты маманынан тағы бір білгеніміз, оңтүстіктік диқандар дабыл қаққан соң 10 мың гектар жерді химиялық өңдеуден өткізу үшін ел қазынасынан қосымша қаржы қаралып, улы химикаттар алыныпты. Қазіргі таңда Ордабасы, Шардара, Сарыағаш аудандары мен Арыс қаласы аумағында өңдеу жұмыстары жалғасып, оған 18 жерүсті агрегаты, 30 маман, 36 анықтаушы қызметкер жұмылдырылған. Сөз арасында Т.Елғонов марокко шегірткесінің табиғи жойылу кезеңі жақындап қалғанын, нақтырағы 19-20 маусымнан бастап олар жаппай табиғи жойылатынын айтып қалды. Егер шынымен солай болса, онда бюджеттен соңғы бөлінген қаражат желге ұшты деген сөз. Былайша айтқанда, ұшып кеткен шегірткенің көлеңкесіне дәрі сепкендей. Мұны бір деңіз. Екіншіден, аумақтық инспекцияның «Пәленбай гектарды дәріледік» деген есебіне күмәніміз бар. Ақыры әр 8 жылда «пик» болатынан біледі екен, неге оған мықтап қамданбады? Егер бәрі уақытылы, дер кезінде және толық көлемде жүзеге асырылған болса, шегірткенің көбеюі ықтимал ошақтары о баста жақсылап дәріленген болса, оны Ауыл шаруашылығы министрлігі растап, қабылдап алса, соншама шегіртке қайдан тап болды? Демек, химиялық өңдеу өз деңгейінде жүргізілмеген немесе министрлік бөлген улы химикаттардың шегірткеге тойтарыс беретін қауқары жоқ. Мырзахметовтың министрлігіндегі шегіртке өлтіретін дәрілердің бір тиындық құны жоқ деген сөз емес пе?

Үшіншіден, дәрілеу процесіне бірден-бір жауапты орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі. Тендер өткізеді. Жеңімпаздарды анықтайды. Сол себепті тапсырыс беруші ұйым ретінде министрлік химиялық өңдеу жұмыстарының қаншалықты сапалы жүргізілгенін комиссия шығарып, жіті қабылдап алуы тиіс еді. Егер бітті делінген іске жанашырлық танытып, үңіліп қарағанында қарапайым халықтың бұлайша еңірегенде етегі жасқа толмас еді. Сондықтан бұл жерде «Бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілген жоқ па екен?» деген заңды сауал өзінен-өзі туындайды. Тіпті тұмсық тыға түссек, сыбайлас жемқорлықтың да иісі мүңкитіндей ме, қалай?

Қалай десек те, аталмыш жайтқа қатысты Ауыл шаруашылығы министр-лігінің атқамінерлері жауап беруі тиіс. Бәрін қатырып жатырмыз дегенге ешкім сенбейді. Үлкен ведомствоны басшылыққа алдың ба, мәселені жаба тоқып, құрғақ сөзбен шаруаларды алдай салмай, проблемалармен жүйелі түрде айналысу керек. Оңтүстікті пәлен жыл басқарған Мырзахметовтың шегіртке мәселесінен түк хабары жоқ дей алмайсыз. Ол әкім болып тұрғанда шегіртке талай жанын қинағаны – есімізде. Енді осымен тікелей айналысатын кезде қолды кеш сермей беруге болмас. Сірә, А.Мырзахметовке Елбасы тарапынан, Үкіметтен «Тек Жер кодексін түсіндірумен ғана айналыс, қалғанын былай қоя сал» деп тапсырма берілмеген болар...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter