Ауыл шаруашылығындағы ауыр реформа
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ауыл шаруашылығындағы ауыр реформа

Ауыл шаруашылығындағы ауыр реформа
  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Ауыл шаруашылығы жайлы әңгіме қозғала қалса, көз алдымызға осыдан бірер жыл бұрын шет елдерден әкелінген сиырлар елестейді. Пәленбай миллион қаржыға аспанда әуелетіп ұшақпен әкелінген асылтұқымдылар біздің елге жерсінбейтіні әу баста-ақ айтылған еді. Алайда, мал басын асылдандыру арқылы ет өнімдерін көбейтуді көздегендер алған бетінен қайтпады. Бастарын ақ шалған ғалымдар мен осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар да шетелден мал тасу бастамасының нәтижесiз болатынын ескерткен еді. Ауыл шаруашылығындағы ауыр реформа ретінде жиі айтылатын бұл бастамадан бүгінде қандай із қалды? Өкiнiшке қарай, малдардың асылданғанынан аузы аққа жарып, итінің басына іркіті төгілген ешкімді көрмедік. Қайта, аттай қалап әкелген асылтұқымды сиырлардың әр-әр жерде теңкиіп-теңкиіп қалғаны жайлы жағымсыз хабар бар.

Атыңнан айналайын, ақбасым-ай...

Қазақ үшін ақбастан артық сиыр жоқ екенін айтқандар аз болмады. Ұқсата білген адам болса, жергілікті малдың жағдайын жасап жүріп-ақ мол пайдаға кенелуге болатынын күнделікті тәжірибе көрсетіп жүр. Айталық, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Белағаш ауылының тұрғыны Ерлан Ертаев алыстан ат арытпай-ақ қазақтың ақбас сиырынан мол өнім алып отырғанын айтады. «Басқалар сияқты шеттен мал тасымай-ақ, отандық мал тұқымын асылдандыру арқылы біз аудан бойынша жақсы нәтижеге қол жеткiзіп отырмыз. Ақбас сиырдың артықшылығы – еттілігі жағынан анау-мынау асыл тұқымды сиырларды жолда қалдырады. Бұқаларының тiрiлей салмағы 1400 келiге дейін жетсе, аналықтары – 1100 келi, 15-18 айлық тана-торпақтар 250-300 келi тартады. Күтімі жақсы болса, күніне 1,5-1,8 келі салмақ қосады. Ал, шетелден әкелінген сиырлардың бізге жерсінуі қиын. Ол үшін ұзақ уақыт керек. Негізі, малды бір жерден екінші жерге үйрету үшін жас кезінде әкелген жөн. Одан өрбіген ұрпақ қана ауырып-сырқамай жерсініп кетуі мүмкін. Ғалымдар ақбас сиырдың өзін асылдандыру үшін 30 жылға жуық еңбек сіңірді. Әр төл алған сайын жетiлдiрумен болды. Соның нәтижесінде ірілігі ауыз толтырып айтарлықтай сиыр пайда болды.

Шетелдік малдың шығыны

Еуропадан әкелiнетiн малдың тасымалдау шығынын айтпағанда, жыл он екi ай бойы жейтін азығы да – біз үшін үлкен мәселе. Өйткені олар түрлі биоқоспалары бар нәрлі азықты керек етеді. Яғни, осы қажеттілікті өтеу үшін тағы да шетелге кіріптар болуға тура келеді. Ол қымбатқа түседі десеңіз, мал азықтарын өзімізде өндiру ісін дамыту қажет. Біздің жазиралы кең даламыз малдың өз аяғымен жайылуға қолайлы, яғни егістік жерлерге мал азығынан басқа нәрсе егіледі. Осының өзі-ақ шетелдiк малдың шығыны шаш-етектен екенін айқындап тұр емес пе? Ал қазақтың ақбас сиыры біздің климатқа барынша бейім. Олар қар ерте әрі қалың түсетін өңiрлердiң өзiнде 7-8 ай бойы жайылымда болады. Тiптi, облысымыздың оңтүстік аймақтарында жыл бой жайылып шығатын жағдай бар. Былайша айтқанда, жергiлiктi асыл тұқымды мал өзiн-өзi асырайды деген сөз. Яғни, оларды асырап-бағудағы шығын азайып, оның өзiндiк құны төмендейдi. Бiрақ беретiн сүтi мен етi шетелден әкелiнген малдан артық болмаса, кем емес.

Ауру малға ақша шығындап...

Ақпараттың қайнар көзі саналатын интернетке кіріп, итпен іздесең де, шетелдік малдан пайдаға кенеліп, аузы аққа, тісі етке жарып отырған бір адамды таппайсың. Қайта келмей жатып ауруға шалдыққан «асылтұқымдылардан» көз сүрінеді. Жергілікті газеттер Шығыс Қазақстан облысының шекаралас аймақтарында шетелден әкелінген малдардан жұқпалы аурулар шығып жатқанын жазады. Шекара асып келген асыл тұқымды малмен бiрге жұқпалы инфекция келу мүмкiндігін мамандар да жоққа шығара алмай отыр. Мамандардың бұл пікірін жоққа шығарайын десең, сол бір жылдары шығыс өңірлердегі мал өлу фактісінің ізі суымай жатып солтүстіктен де шетелден келген малдардың қырылып жатқаны жайлы жайсыз хабар тарап жатты. 1 миллион 700 мың еуроға Австриядан әкелiнген 722 бас малдан “аз зерттелген Шмалленберг вирусы” табылып, түгелдей көзі жойылғанын жазды. Сонда ауру сиырға ақша шығындайтындай біздің үкімет басындағылардың басына ат тепкен бе, әлде қалтасына сыймай жатқан қаржысы бар ма? Жоқ әлде біздің ел әр реформаның берерін білмей жатып тәжірибеден өткізетін эксперимент алаңына айналғаны ма?

«Мамай» ауылы да мәз емес

Алғашқылардың бірі болып шетелден ірі қара әкелген Ақмола облысының Еңбекшi ауданындағы “Мамай” ауылының да жағдайы мәз болмаған екен. Мұхит асып АҚШ-тан келген сиырлардың қылыштың жүзінде тұрғандай қиын мәселесінен қашқан шенеуніктер қыруар қаржыға келген асылтұқымдыларды арзымайтын ақшаға сатып, әрең құтылғанға ұқсайды. Бірақ арзан дүниеге қызыққан жекелеген серіктестіктің де соры бес елі екен, ақша шығындап алған малдары жерсінбей жатып жер жастанған көрінеді. Аурудан аман қалғандары енді-енді үйренісейін дегендей төлдей бастапты. Биылғы көктемде төртінші рет төлдеген ірі қараның ірілігі өзіміздің жергілікті сиырлардан анау айтқандай айырмашылығы болмай шығыпты. Егер шетел сиырының пайда әкелетiнiне көз жеткiзгiсi келген адам болса, “Мамайдағы” осы малдардың бес жылдан бергі нәтижесiн тексерiп көруіне болады. Ең қызығы, осы жағдайдан кейін сол кездегi Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев республикалық бір газетке берген сұхбатында бұл реформаның «результатын» былай деп түсіндірген болыпты: “Бiрiншiден, бiз өндiрiп отырған мал өнiмдерiнiң сапасы төмен, әсiресе, олардың денсаулыққа қауiпсiздiгi халықаралық талаптарға сай емес. Екiншiден, бiзде мал өнiмдерi жыл он екi айда бiркелкi қарқынмен өндiрiлмейдi, яғни онда үлкен маусымдық ауытқулар байқалады. Себебi мал басының 85 пайы-зы үй және қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған, ал ол жерлерде өндiрiс технологияларын сақтау арқылы тұрақты түрде жыл бойы сапалы өнiм өндiрiп, оны нарыққа шығару мүмкiн емес. Яғни, бiз осы мәселелердi шешу арқылы мал өнiмдерi бойынша да экспорттық елге айналуға тиiстiмiз»...

Бір сөзбен айтқанда, еліміз мал шаруашылығын дамытудың дұрыс жолына әлі түсе алмай отыр. Шенеуніктер жергілікті ірі қараның саны мен сапасын арттырудың орнына шетелден асылтұқымды ірі қара әкелгенді жөн көрген еді. Онысы қазына қаржысын суға сіңіргендей нәтижесіз аяқталды. Әрқайсысы бірнеше мың долларға бағаланған малдың біразы ауру болып шықса, кейбірі қазақ топырағына табаны тимей жатып жарты жолда теңкиіп қалды.

Түйін

Қазақстан – аграрлы ел. Алайда азық егетін алқабы мен шөбі шүйгін жайылымы бола тұра, 17 миллион халықты ет өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай отыр. Бүгінде тұтынатын еттің 60 пайызы ғана – өзіміздікі, ал қалған 40 пайы-зы шетелден келіп жатыр. Оның ішінде шұжық өнімдері де, құс еті де бар. Кеңес құрамында болған кезде Қазақ елі сыртқа жылына 600 мың тонна ет шығарған екен. Демек, ет өнімдерімен-ақ елдің экономика-лық жағдайын жақсартуға біздің мүмкіншілігіміз мол. Тек ауыл шаруашылығын ауыр реформалармен «ауыздықтай» бермей, жүйелі жұмыс жүргізілсе болғаны...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter