...Қызылордадан қашып несі бар?!
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

...Қызылордадан қашып несі бар?!

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар». Бұл мәтелді Сыр өңірімен қабыстыра айтсаңыз, онда қайран да қайран Арқамен жылап көрісесіз. Қызылорданың қысы түгілі жаймашуақ жазы да тіршілік иесінің қай-қайсысына да жайлы тимейді. Миыңды қайнатып, кенезеңді кептірер ыстық лептен бас сауғалау мұң. Оған жыл он екі ай толастамайтын, шаң-тозаңнан көз аштырмайтын желді қосыңыз. «Қайтеміз, Тәңірдің берген сыбағасы сол шығар. Жұрттар Сахарада да күн кешіп жатыр ғой» деп, көндігуге де болар еді. Бірақ соңғы жылдары облыстағы экологиялық ахуалдың күрт нашарлауы жығылғанға жұдырық болып тұр.

Әдетте экология туралы сөз қозғағанда, Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындап жатқан зардаптар, оның жергілікті жамағаттың денсаулығына кері әсері алдымен ойға оралады. Ол заңды да. Өйткені, теңіз табанындағы тұздардың ауаға ұшуы салдарынан талай трагедияны халық бастан кешіп келеді. Жан түршігерлік жағдайлардың бәрі-бәрі – елдің көз алдында. Арал теңізінің сарқылуы мен апаты нәтижесінде өңір экологиялық күйзеліс аймағы деп танылған. Мысалы, Жаңақорған, Қазалы, Арал секілді аудандарда ауадағы азот диоксиді 1,2 есе, ал, Шиеліде 1,5 есе нормадан тыс өскені жасырын емес.

Өкінішке қарай, қоршаған ортаның жұтаңдануына байланысты жыр тек Аралмен бітпейді. Беріректе Байқоңыр ғарыш айлағы тұр. Алпыс жыл бұрын іргетасы қаланған космодром – бүгінде зымырандардың ғарышқа ұшырылуы жөнінен (былтыр – 18 зымыран-тасығыш) төрткүл дүние бойынша көш басында. Арасында әуедегі әудем биіктіктен жер жастана құлап жатқан зымыран қаншама! Демек, оның климат пен жұмыр басты пендеге тартқызар тауқыметі де орасан деген сөз. Алайда жергілікті жұртшылық Байқоңырдан келер зардаптың нақты мөлшері хақында жарытып ештеңе білмейді. Себебі, ондай ақпарат мүлдем жоқтың қасы. Берілмейді. Бәлкім, белгілі бір мүдделерге қайшы да келетін шығар... Әйтсе де мамандар «Байқоңырдың зардабынан Қызылорда облысының мыңдаған гектар жері мен табиғаты уланған, адамдардың арасында түрлі дертке шалдығу сипаты жыл сайын өсіп барады» деп дабыл қағып отыр.

Бұдан бөлек Сырдария өзені де көрші мемлекеттердің экологиялық саясатының олқылығынан біршама ластануда. Нақты деректерге сүйенсек, Кіші Аралға құятын өзен суының құрамында сульфаттар белгіленген нормадан 4 есе, мыс пен магний 2 есе жоғары көрінеді. Сырдария суының ластанғаны соншалықты, тіпті оны егістікке де қолданудың қауіпті екені айтыла бастады. Дәрігерлер онкологиялық аурулардың көрсеткіші бойынша Сыр бойының республикада алдыңғы орын алуын да сонымен байланыстырады.

Бұл ретте «қара алтын» өндірісінің де Қызылорданы қақалтып-шашалтып тұрғанын атап өткен жөн. Мәселен, Құмкөл кен орнынан атмосфералық ауаға азот диоксиді мен оксиді, метан, күкірт қышқылы, формальдегид сияқты ластаушы заттардың 26 түрі бөлініп шығатынын біреу білсе, біреу білмес. Облыстық экология департаментінің 2012 жылғы мәліметі бойынша, 667 мұнай-газ және өзге саладағы кәсіпорындардан ауаға 27,257 мың тонна ластаушы зат шыққан. Соның 85%-ы, яғни 24,427 мың тоннасы ешқандай тазартылмаған күйі ауаға тараған. Жалпы, Қызылорда облысында ауаға шығарылатын ластаушы заттардың 63%-ы мұнай және газ өндіру саласындағы кәсіпорындарға тиесілі. Бұл фактілерден нені аңғарасыз? Әрине, компаниялардың қоршаған ортаны қорғауға жете көңіл бөлмейтінін. Біздіңше, олар сол өңірдегі адамдардың өміріне, денсаулығына, табиғаттың ахуалына қауіп төндіретінін түсіне бермейді не түсінгісі келмейді.

Сыр өңірі экологиясының тағы бір дерті – уран. Шиелі және Жаңақорған аудандарында «Қазатомөнеркәсіптің» №6 кен басқармасы, «Байкен-U» және «Қызылқұм» серіктестіктері уран өндірумен айналысады. Күкірт қышқылы зауыттары тағы бар. Себебі, кен орындарында табиғи уран ұңғылар арқылы жерасты сілтілендіру әдісімен өндіріледі. Өкінішке қарай, уран өндірісінің залалдары туралы жауаптылар жақ аша бермейді. Рас, оқта-текте аудандық басылым беттеріне «Пәлен елді мекендегі радиация деңгейі мынанша, бұл қалыпты мөлшерден де төмен» деген мәліметтер жарияланып тұрады. Ал, оның қаншалықты шындыққа жанасатыны бір Аллаға, сосын өндірісті бақылаудың басы-қасында жүргендерге ғана аян. Тіпті жанасқан күнде де сол байбалам салатын дәрежеге жетпеген радиация адам денсаулығына қауіп төндірмесіне, жердің астындағы байлықты аламыз деп, үстіндегі капиталдан айырылып қалмасымызға кім кепіл? Тіпті бәрін былай қойғанда, техникалық қателіктер салдарынан жерге тамшылаған күкірт қышқылымен араласқан уран ертіндісі үлкен зардаптың басы ғана екен. Ал, біз «Қазақстан уран қоры бойынша әлемде екінші орында тұр, ал, оның өндірісі бойынша бірінші орынға шықтық» деген әдемі сөздерді биік-биік мінберлерден айтқанымызға мәзбіз. Бірақ айдың арғы беті бар емес пе?! «Ауруын жасырған арам өледі» дейді атам қазақ, ең абзалы, уран өндірісі мен оның зиянды әсерінің құпия тұстарын жасырмай, керісінше жариялай отырып одан қорғанудың қам-қарекетін жасау қажет.

Қысқасы, Қызылорда облысының экологиялық жағдайы жақсы деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Ал, жақсы емес жерге кім тұрақтасын?! «Естіген құлақта жазық жоқ», соңғы жылдары аталмыш өңірден көшіп кетушілер қарасы біртіндеп қалыңдап бара жатқан ұқсайды. Оның үстіне өткен айда облыстық статистика департаменті таратқан деректер де көзі қарақты жанды біраз ойға жетелері хақ. «Жалпы халықтың туу коэффициенті 1000 тұрғынға есептегенде 24,48-ден 24,28-ге азайған. 2016 жылдың қаңтар-наурыз айында облыста өлім көрсеткіші 1157 адамды құрап, 115 адамға көбейді, ал, жалпы өлім көрсеткішінің коэффициенті әрбір 1000 тұрғынға шаққанда 5,58-ден 6,03-ке артқан. Тұрғындар арасындағы өлім себептерінің негізгі топтарының басым үлес салмағын қан айналымы жүйесінің аурулары алады».

P.S. Сөйтіп, Арқадан арқар ауса, Сыр өңірінен адамдар ауып жатыр. Әлбетте, Қырымбек Көшербаевтың қаталдығынан, ішерге – ас, киерге киім таппағандықтан емес. Өзінің һәм ұрпағының денсаулығы мен болашағына алаңдағандықтан.

Әділ АЙТАР

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter