Дүкен ашқыштар үйлерді құлатып жүрмесін
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Дүкен ашқыштар үйлерді құлатып жүрмесін

Дүкен ашқыштар үйлерді құлатып жүрмесін
  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Пайдалануға берілгеніне көп болмай жатып құлап қалатын құрылыс нысандары кейінгі кезде көбейіп барады. Қарағандыдағы «Бесоба» кешеніндегі көпқабатты үйлердің өкініші әлі ұмытыла қойған жоқ. Оның ізін ала Астана мен Қызылорда қаласында жаңадан салынып жатқан мектептің төбесі опырылып түсті. Бұл – елді елең еткізгендері ғана, бұдан басқа елеусіз қалып жатқандары қаншама.

Ең өкініштісі, осындай сапасыз құрылыстардың зардабын көбіне қарапайым халық тартады. «Бесобадағы» бассыздықтан кейін тұрғын үй жинақ банкіне жылдап ақша құйып, енді баспанаға қол жеткіздік-ау дегенде онысы құлап қалып, шыр-пыр болған ағайын айлар бойы құлатылған үйлердің үйіндісінің үстінде өмір сүруге мәжбүр болған еді.

Таяуда тағы бір үй пайдалануға берілгеніне жыл толмай жатып жарамсыз болып қалды. Алматыдағы «Алғабас-6» ықшамауданындағы жаңадан салынған №136-шы тұрғын үйдің қабырғасы жарты метрге дейін қисайып, әлі қоныс тойын да атап өтпеген қаншама тұрғын далада қалды. 72 пәтердің 300-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік шараларына байланысты үйден шығарылғанымен, оларға басқа баспана беру мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген бұл үйдің бас мердігері – «НСК Астана Құрылыс» компаниясы. Қисайған үйдің құрылысына 400 миллион теңге жұмсалғанын ескерсек, сапасыз істің салдарынан қыруар қаржы құрдымға кетті деген сөз. Тағы да тергеу, тағы да соттасу... Ақыры сиырқұйымшақтанып барып сұйылып кетеді. Зардабын қарапайым халық тартады.

Егер бір қателіктен сабақ алып, ондай олқылықтарды қайталамау жағы қатаң бақылауға алынғанда бірінен соң бірі құлайтын сапасыз істер де сап тиылған болар еді. Апатты үйді зерттеген комиссия құрылыс барысында тұрғын үй тұрғызылатын жердің топырағын нығыздау жұмыстары жүргізілмегендігін, жауын су ағатын құрылымдардың дұрыс жасалмағандығын анықтап отыр. Сонда әкімшілік, жобалаушы компания мен техникалық қадағалау жасаған қаптаған мекемелер қайда қараған? Және арнаулы комиссия бұл үйді қалай қабылдап алған? Демек, бұл жерде де жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен тамыр-танысты тыққыштаған бармақ бастылық белең алған.

Жасыратыны жоқ, біздегі құрылыстар тендер атты табалдырықтан бастап, үйді қабылдағанша «откат» дегендерден көз ашпайды. Әр бастықтың құлқынынан қалған арзымайтын қаржыға қандай сапалы құрылыс салуға болады? Ең өкініштісі, қолдан жасалған қателіктер түзелудің орнына, күн өткен сайын асқынып барады. Үшінші қала мәртебесінен үмітті болып отырған Шымкенттің өзінде кейбір құрылыстардың заңға томпақ тұстары көрер көзге ұрып тұрады. Орталық көшелердегі көпқабатты үйлер құдды сиам егіздері сияқты жапсырма құрылыстардан көз ашпайды. Белден басушылықтың белең алғаны сонша, тіпті тұрғын үйлердің балалар ойнайтын алаңшалары мен аулаларына дейін дүкен-дүңгіршектер салып тастаған. Сауда орталықтарын ашу үшін көпқабатты үйлердің астыңғы қабатын түгел сатып алатындар бар. Дүкенге лайықтап кеңейтуді көздегендер қабырғаларды қақыратып бұзып жатады. Төрт тіреуішке ілініп тұрған төрт қабатты үйдің үстінде отыратындар иманын үйіріп отыратын шығар...

Осыдан бірер жыл бұрын саябақтардағы жекешеленіп кеткен қоғамдық нысандар мемлекет меншігіне қайтарылғаны белгілі. Қала тұрғындарының тынығатын орындарына салынып кеткен құрылыстар қиратылды. Елдің тынысы ашылып қалғандай «әп, берекелді» десті. Енді келіп басқа жер құрып қалғандай орталық саябақтың ішінен төбесі көк тіреген көпқабатты үй салып жатыр. Көпқабатты үйлерге қосарланып жатқан құрылыстар қаншама... Балалар ойнайтын аулаларға да ауыз сала бастадық. Ендігі жетпегені, саябаққа қол салу еді. Қара түтінге тұншыққан қаланың тынысы күн санап тарылып барады.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter