Шымкенттіктің айлығынан қайыршының шайлығы көп
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu
Сәрсенбi, 11 мамыр 2016

 Кіру / Тіркелу

Шымкенттіктің айлығынан қайыршының шайлығы көп

  • Жанат ҚАПАЛБАЕВА

Шымкенттіктердің орташа айлық жалақысы Қазақстанның көптеген қалаларынан кем, бар-жоғы – 84 179 теңге. Ал бүкіл Қазақстан бойынша орташа жалақы көлемі – 133 922 теңге. Оңтүстік өңір жалақы көлемі жөнінен бүкіл аймақтар ішінде 14-орында! Парадокс! Шымкент қанша өркендеп, креатив, даму, бизнес жағынан бүкіл елдің алдына түсіп алғанымен, айлығы көтерілмей-ақ қойды. Керісінше, жолақы 70 теңгеге көтеріліп, Алматыға жетейін деп қалды (Алматыда – 80 теңге). Сол Алматыдағы орташа жалақы – 178 000 теңге десек, сенесіз бе? Бүкіл қазақстандық көрсеткіштен асып түсіп отыр. Жалақымыздың түрі мынау, соған қарамастан жолақыны Алматы, Астанамен теңестірудің қажеті бар ма еді?! 

Жуырда бір зауытта болдық. Штаттағы жұмысшының айлық жалақысы – 30 000 теңге екен. Алайда, бұл штатта тіркелген жұмысшыныкі. Қалғандарына күндік 1000-1500 теңге ақысын беретін болып келісіп, жұмысқа алған. Олар тапсырыс мол болған күні ғана жұмысқа шығады, қалған күндері бос. Расында неге Шымқалада адам еңбегі әділ бағаланбайды? Бәлкім арзан жұмыс күші – өзбектер көп болған соң осылай істейтін болар?! Қиын сұрақ. 

Әдетте басқа өңірдің тұрғындары Шымкентте бәрі арзан, аз айлыққа шалқып өмір сүруге болады деп санайды. Шын мәнінде олай емес. Девальвация кезінде барлық өңірдегі баға шарықтап кетті. Өткен жылы дүкеншілер сұйық майдың литрін 270-300 теңгеден асырмаған еді.

Қазір 400 теңгеден арзан өсімдік майын емге таппайсыз. Азық-түлік басқа аймақтарға қайдан келетін болса, Шымкентке де сол жақтан келеді. Доллар құны өскен соң импорт тауарлардың бәрі қымбаттады. Демек, «Шымкентте бәрі арзан» деген стереотип қазір ескірген. Тіпті көкөністің өзі қымбат. Неге? Өйткені, биылдан бастап жылыжай бизнесіне берілетін субсидия алынып тасталды. Амалы таусылған диқандар қияр-қызанақтың бағасын жылдағыдан әлдеқайда қымбатқа сатуға мәжбүр болып отыр. 

Жоғарыда айтылған зауытта ерлі-зайыпты Шортановтар жұмыс істейді. Күйеуі Нұрлан – шебер, әйелі Қаракөз – қарапайым жұмысшы. Отбасында мектеп жасындағы 2 баланы тәрбиелеп отыр. Екеуінің табысын қосқанда ай сайын отбасылық бюджетке 80 000 теңге келіп түседі екен. Оның 30 000 теңгесін Тассай елдімекенінде жалдап тұрып жатқан пәтерінің ақысына берсе, тағы 10 000 теңге – коммуналдық қызметке жұмсалады. 5000 теңге – жұмысқа барып-қайтатын жолақы. Сондағы ас-ауқат пен киім-кешекке қалатыны – 35 000 теңге. Осынша ақшаға 4 адамдық отбасына бір ай азық қылатын құнарлы тамақ сатып алу мүмкін бе? Биылғы сәуірде азық-түліктің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 13,1%-ға өсті. Демек, 35 000 теңгеге көп нәрсе ала алмайсыз.

Нақты айтқанда не қымбаттады?

Қант бағасы – 45,1%, кофе, шай және какао – 27,3%, май және тоң май – 26,3%, жармалар – 24,4%, нан – 22,4%, балық және теңіз өнімдері – 21,2%, кондитерлік өнімдер – 19,5%, тоқаш және ұн өнімдері – 16,8%, макарон өнімдері – 14,3%, жемістер мен көкөністер – 12,3%, ұн – 9,2%, сүт өнімдері – 7,5%-ға қымбаттаған. Шұжық өнімдерінің, құс етінің құны – 9,5%-ға өсті.

Осы орайда статистиканың тағы бір термині – азық-түлік себетімен таныстыра кеткенді жөн көрдік. Бір айға, бір адамға арналған азық-түлік себетінің құны – 12 000 теңге. Бұл баға белгіленгелі 11 жыл болды. Алайда, оны жаңартуды Үкіметтің қолға алар түрі жоқ. 

12 мың теңгеге не алуға болады? Оған сіз 43 түрлі тағамды сатып ала аласыз. Ұн – 1 кг, нан – 6 кг, макарон – 350 гр, күріш – 700 гр, қарақұмық – 80 гр, ұнтақ жармасы – 80 гр, бұршақ – 80 гр, картоп – 8 кг, сәбіз – 1,6 кг, пияз – 1,6 кг, қант – 1,5 кг, қиыр – 400 гр, қызылша – 400 гр, қарбыз – 800 гр, тұз – 200 гр, жеміс-жидек – 400 гр, қызанақ – 400 гр, шошқа еті – 750 гр, жылқы еті – 260 гр, сиыр еті – 1250 гр, құс еті – 400 гр, қой еті – 500 гр, бауыр – 30 гр, шұжық – 250 гр, балық – 700 гр, сүт – 7 л, жұмыртқа – 12 дана, сыр – 200 гр, маргарин – 100 гр, майонез – 40 гр, сұйық май – 600 гр, орамжапырақ – 2 кг, шай – 50 гр, қаймақ – 250 гр, ірімшік – 400 гр, май – 350 гр, жеміс – 2 кг, дәмдеуіштер – 2 гр, құрғақ жемістер – 40 гр. Көріп тұрғаныңыздай, тағам түрі көп болғанымен мөлшері өте аз. Тойып тамақтану мүмкін емес. Көбінде адам денсаулығына зиян нан, ұн өнімдері, картоп басым. Асқазанды алдау үшін соларды талғажау қылмасаң, басқа не амал? Өз есебімізше, мына азық-түлік себетін алған адам күніне жарты бөлке нан жейді. Жалпы, тамағын сонымен ғана тойдыруға мәжбүр болады десек, дұрыс болар. 

Шымкенттіктердің аз ғана айлығы мен азық-түлік себетінің арасында байланыс жоқ емес. Өйткені, бұл өңірдің тұрғындарының басым бөлігі осы себеттен асып тамақтанады деуге негіз жоқ. Абайдың «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей...» деп жырлағанындай, ел болашағы – балалардың құнарлы, дәруменге бай тамақтан қағылуы ел экономикасының «локомотиві» саналатын Шымкенттегі төмен жалақының салдары емей немене?! Сол үшін шығар, еті тірі шымкенттіктердің бір бөлігі бұл қаладан жыраққа кетіп, басқа жақта табысты қызметке орналасуды ойлайды. Кетіп жатқандар аз емес. Ал ауылдық жердегілер көбінде еліміздің батысындағы мұнай-газ кен орындарында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Өйткені, ауылда 120-150 мың теңге жалақы төлейтін жұмыс жоқ. Бұлардан басқалары осы өмірге көндіккен. Тіпті, аз айлыққа да балаша қуанады. Өйткені, сол жалақысы мардымсыз жұмысқа орналасу үшін мыңдаған көк қағаз беретіні тағы бар. Соған қарап шымкенттіктер үшін «қанағат қарын тойғызар» деген мақал өмірлік ұстанымға айналған ба дерсің.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  +7 (702) 5361474

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter