Заң жоқ. Коллекторлар бар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Заң жоқ. Коллекторлар бар

  • Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

«Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасының Мәжілісте қаралып жатқанына жылға жуықтады. Әлі қабылданған жоқ. Ұлттық банк әзірлеген құжатты депутаттар біресе «антихалықтық» десе, бірде «мафияны жеңу үшін мафия болу керек» деген риториканы еске түсіріп, мафиоздық жобаға теңеді. Соңғы рет бұл заң тіпті «ақылға қонбайтын» статусқа ие болды.

«Коллекторлық қызмет» туралы заң жобасында банктер мен шағын несие ұйымдарына тұрғын үй кепілдігімен алынған несие бойынша қарыздарды коллекторларға беруге тыйым салынған. Бұл халық арасында түрлі наразылықтарды тоқтатуға және банктер мен ШНҰ-дағы кредиттен қордаланып қалған қарыз жиынтығын азайтуға бағытталған. Оған қоса, жаңа жоба қарыз өндіруші коллекторлардың қызметіне қатаң шектеу қоюды көздейді.

Алайда, бұл заң жобасының қарапайым халықтың өмірін «қиындататын» тұстары да бар. Егер заң жобасы тура алғашқы ұсынылған күйінде қабылданып кеткенде, несие алушылардың құқықтарына нұқсан келер еді. Өйткені, ең алдымен коллектор мен коллекторлық агенттіктердің мәртебесі нақтыланбаған. Олар-дың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілмеген. Қарызды өндірушінің алдындағы борыш-кердің құқы да қаралмаған. Мысалы, алғаш ұсынылған заң жобасында коллекторлардың борышкермен жұмыс жүргізу ережесі коллекторлық агенттіктің жоғарғы органы тарапынан бекітілетіні айтылған. Бұдан шығатын қорытынды, қарыз өндірушілер борышкерден берешегін қалай өндірем десе де, өз еркі. Әрине, қылмыстық кодексте қаралған жауапкершілікке ілініп кетпесе болды. Ал, қылмыс жасамай-ақ адамды «сындырудың» сан тәсілі бар екені әмбеге аян.

Бұл қызметтің Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына 10 жылдай болды. Алайда, осы уақытқа дейін олардың жұмысы нақты бір құжатпен реттелген жоқ. Заң жоқ, ал коллекторлық қызмет бар. Сондықтан болар, коллекторлар, турасын айтқанда, қорқытып-үркітумен айналысып келді. Енді олардың бұл әрекетіне заңды статус бекітілмек пе? Мәжілісмен Тінікеевтің бұл құжатты «халыққа қарсы» деуінің де түпкі себебі осында. Тағы бір мәселе, борышкер туралы мәліметті коллекторлық агенттіктерге беру. Мұның ар жағында жеке тұлға жайлы мәліметті өз бетінше үшінші адамға бере салу жатыр. Ал, несие алған адам одан мүлдем бейхабар қалады. Ал, коллекторлық мекемелерді тіркеу туралы тармақ оларды мүлдем бетімен жібергелі тұрған. Заң жобасында заңды тіркелгеннен өткеннен соң, коллекторлық мекеме бір жылдың ішінде бақылаушы органға тіркеуге тұруі тиіс екені айтылады. Сонда олар жыл бойына бақылаусыз жұмыс істей бермек пе? Оларды бақылайтын – Ұлттық Банк. Бірақ, оның коллекторлық агенттіктерге ықпал етер тетігі жоқ. Өйткені, соңғысы қаржы ұйымы боп саналмайды. Бұл жерде тағы бір мәселе туындайды. Халықтың экономикалық жағдайы төмендеген сайын табысы азайып, тіпті жұмыссыз қалып, кезінде алған несиесін қайтаруға қауқарсыз боп барады. Бұл үрдіс алдағы уақытта артпаса, кемімейтін сыңайлы. Салдарынан банктерде қайтарылмаған несие қарыздары қордалана бермек. Бұл тұтастай ел экономикасына кері әсерін тигізеді. Ал, осыны болдырмау үшін Ұлттық Банк ең алдымен сол қаржы ұйымдарының сойылын соғады. Бұл «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасында анық байқалып қалды.

Құжаттағы ең басты мәселе – борышкердің қарызы коллектор-лық қызметке қалай беріледі? Бұл жағы да нақтыланбаған. Оны дайындаған Ұлттық Банк дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенгенін мақтанып еді. Алайда, жобаны бір шолып шыққанда-ақ, сарапшылар арада үлкен алшақтық бар екенін айтқан-тын. Коллекторлық лицензия Батыста қарыз өндірумен айналысуға ниетті әр азаматқа жеке беріледі. Ал, бізде бұл лицензияны мекемеге беру қарастырылған. Ол дегеніңіз, онда көлденең көк атты қызмет ете алады. Әрі ол көк аттының кім екенін де шырамытып тұрған шығарсыз. Осындай шикіліктерінен кері қайтарылған заң жобасын Ұлттық Банк айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар негізінде қайта түзеп шыққандай болған.

Бірақ, Мәжіліске қайта келген «Коллекторлық қызмет туралы» заң жобасын алдымен талқылаған жұмыс тобы бұл жолы оны «ақылға қонымсыз» құжат деді. Зағипа Балиеваның айтуынша, өңделген заң жобасы бойынша банктер өндірілген қарыздың жартысын сол коллекторлардың өздеріне беруге дайын екен. Мәжілісмен одан да сол елу пайызды борышкерлерге кешіре салудың тетігін қарастыруды ұсынып, кәмелетке толмаған балалары бар борышкерлердің ісімен коллекторлардың айналысуына мүлдем тыйым салу жағын ескеру керектігін айтты. Көп балалы аналар мен мүгедектерге жеңілдік қарастыру жағы да сөз болды. Жобаны дайындаған тарап, оны тағы да толықтыру үшін кері алып кетті.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter