Ру рушылдыққа айналып барады немесе ел екеніңді білейін, ескерткішіңді көрсет!
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Ру рушылдыққа айналып барады немесе ел екеніңді білейін, ескерткішіңді көрсет!

Ру рушылдыққа айналып барады немесе ел екеніңді білейін, ескерткішіңді көрсет!
Бейне google.kz сайтынан
  • Дәуіржан ТҰРДАЛЫ

Қанатсыз құс болмайтыны секілді русыз қазақ болмайды. Өкініштісі, біз ру деген киелі ұғымды рушылдық деген дертпен ауыстырып алған ел болып тұрмыз. Ру рушылдыққа айналып кетті. Әйтпесе ру қашан жаман болыпты?! Мәселен, ел болған соң ол елдің ішінде сөз ұстаған жақсысы да, бір аяқ асқа алғысыз жаманы да, байы мен бағланы да, отқа қарап отырған тас кедейі де кездеседі. Жақсылар – сол елдің абыройы! Керек болса төлқұжаты! Жамандар басыңды көтертпейді. Сыртта басыңды көтеріп жүргің келсе, алдымен жаманыңды тый! Міне, тәрбиенің көкесі!

Жақсы мен жаманды айыру үшін амал жоқ, салыстыруға барасыз. Мәселен, қазақ бұзылмай тұрған кешегі күні... Әгәрәки, оң жақта отырған қызың жүкті болып қалды ма, бітті, бұл бір шаңырақтың ғана қасіреті емес, тұтас рудың қасіреті. Тұтас рулы ел жер шұқып қалады. Биі дау шешуге бара алмайды, ақыны айтысқа түсе алмайды. Айтысса мәз бола ма, қарсыласы әлгі жағдайды көзге шұқиды да отырады.

Қазақ бұзылған бүгінгі күні... Қызының күйеуден қайтып келгені ұят емес, үйде туып қалғаны өлім емес. Екеуіне де жауап дайын. Біріншісіне «күйеу баланың бір әпкесі бар екен, сол қызымызға күн көрсетпепті» немесе «білмеппіз, күйеу бала наркоман екен. Құтылғанымызға қуандық». Екіншісіне «қазір үйінде кім туып қалмай жатыр, сорлы қыздың пешенесі осылай болды. Ана бәлесі қатынымен ажырасамын деп жүрді-жүрді де соңында ажыраса алмады. Алданып қалды қызымыз». Бітті! Осыдан кейін біреу бірнәрсе деп көрсін!

Кешегімізге қарағанда бүгініміз сұрықсыз. Неге? Себебі ол кезде бір руыңыз бір отбасы сияқты еді. Бүгінгі руыңыз әрі кетсе ОПГ (ұйымдасқан қылмыстық топ) сияқты. Мәселен, кедей кеше де болды. Бірақ ел тоқ болса ешкім аш қалмайтын. Отбасымды асыраймын деп ешкім елден шығандап шығып кетпейтін. Елде болса еріндері қимылдайтын. Бүгін жәй руласың түгілі жақын ағайының аузыңа су тамызбайды. Сосын ғой  ер-азаматтың күнкөріс үшін қиыр асып кететіні. Үйінде еркегі жоқ отбасының ұлы мен қызы осыдан кейін кімнен аяқ тартады? Руласың саған бұрылып та қарамайды. Ал, бірақ... Руын айтып мақтанғанда бар ғой, төбеңді ойып жібере жаздайды. Сол рудағы Пәленше батыр,  Түгенше ақынға ас беріп, ескерткіш орнатар кезде бұлардан асқан ұйымшыл жоқ. Ағайынының баласы аяқ киімі жоқтықтан мектепке бара алмай отырады, бұл он сегізінші атасына ескерткіш орнатып, әуреге түсіп жатады. Ескерткіш демекші...

Аттары аңыз болып ұлт тарихында қалған батыр-билерге, ақын-шешендерге ескерткішті мемлекеттің өзі қоюы керек еді. Өкінішке қарай, бізде ескерткіштерді өкімет емес, әр ру өздері қоятын болды. Алысқа бармай-ақ  осы Шымкенттегі ескерткіштерді ой  елегінен бір өткізейікші. Темір жол вокзалынан түссеңіз сізді Қапал батырдың ескерткіші қарсы алады. Жо-жоқ, «Қапал батыр болды ма, болмады ма?» деп дауласқалы отырған жоқпыз. Тіпті «ол кісіге неге ескерткіш қойылады?» деуден де аулақпыз. Мәселе бұл ескерткішті қапал руының адамдары қойғандығында болып тұр. Ескерткішті мемлекет емес ру адамдары қойғаннан кейін тұрғындар мен қонақтардың оған деген сүйіспеншілігі, махаббаты қандай дәрежеде болады? Мәселен, кешегі тәуелсіздік алғанға дейінгі жылдары Алматыдағы Абайдың, Амангелдінің, Шоқанның ескерткіші барша қазақтың көзқуанышына айналып тұрды. Ол ескерткіштерге тек тобықтылар, қыпшақтар, төрелер ғана гүл шоқтарын қойған жоқ, барша қазақ қасына барып, елдік туралы ойларға шомды. Әркім өз бойынан Абайды, Амангелдіні, Шоқанды іздеді. Өмірге Абайды, Амангелдіні, Шоқанды әкелген қазақ деген ұлттың өкілі болғандығына масаттанды. Бүгін Қапал батырдың басына барша қазақ барады ма? Барса Қапал батырды дүниеге әкелген қазақ болғандығына қуанады ма? Кешіріңіз, бұл арада өтірік айта алмайды екенбіз... Шаттанса қапал руының адамдары шаттанып жүрген шығар, бүкіл қазақтың жүрегі қуаныштан атқақтап кетті дей алмаймыз. Мұндай өтірікті айту үшін суперұятсыз болуың керек.

Шолаққорған, Шаян жақтан келе жатқан жолаушыны Бәйдібек бабаның ескерткіші қарсы алады. Айтары жоқ, алып ескерткіш. Қаланың көркіне көрік қосып тұр. Сол ескерткішті кімдер қойды деп ойлайсыздар? Мемлекет пе?  Шынымен мемлекет қойса да бұған енді жұртты сендіру қиын. Мемлекет болмаса енді кім? Ақтөбедегі адайлар ма, Арқадағы арғындар ма, жоқ, осындағы қоңырат ағайындар ма? Әрине, ішіңіз біліп отыр, дулат ағайындар қойған ескерткіш!

Күн қатып, түс қашып Мақтаарал жақтан келе жатқанда Шымкентке кіре берісте сізді кім күтіп алады? Дұрыс айттыңыз, Алпамыс батыр! Ол ескерткішті де мемлекет орнатпаған. Тоқсан баулы қоңырат елінің азаматтары «бастарын көтеріп жүруі үшін» ортадан ақша шығарып қойған ескерткіш.

Күні кеше ғана Шымкенттің қақ ортасына Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдыаяқ батырға ескерткіш қойылды. Күлбілтелемей ашығын айтайық, мұны қойған Кіші жүздің жігіттері. Бұдан да ашығын айтсақ, ол қос ескерткіштен «рухани ләззат алып» жүргендер де сол елдің азаматтары. «Басқалар» әрі кетсе «ту-у, мына ағайындар ұйымшыл екен ғой, ескерткішті қатырыпты»  дер. Одан арыға бармайды. Әділін айтқанда, ескерткіш қойғандарға да осыдан артық лебіздің қажеті жоқ. Себебі, о баста, ескерткіш қоярдағы мақсаттың өзі де осы болатын. Демек, мақсат орындалды!

Жеңіс саябағының кіре берісінде бағыс руы жақсыларының күш салуымен орнатылған Сабыр Рақымовтың ескерткіші тұр. Осылай кете береді...

Құдай сақтасын, бүгінде ескерткішке айналып тұрған осы тұлғалардың қай-қайсысын да мұндай құрметке лайық емес еді деуден аулақпыз. Лайық болғанда қандай! Алайда, бұлар бір ру адамдары ғана қоятын ескерткіштер ме еді?! Басқасын айтпағанда, сонда біздің өкіметке, біздің мемлекеттің идеологиясына Алпамыс батыр керек емес пе? Немесе генерал Сабыр Рақымов бағыстың жігіттеріне ғана керек пе?!

Міне, біздің жеткен жеріміз!

Кешіріңіз, айтайын деп айтқан жоқпыз, ашынғаннан айттық!

 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Бердалы ОСПАН
0 Бердалы ОСПАН 27.10.2015 16:27
Мен Алматыға бір журналға барсам бас редактордың алдында Шымкенттегі ескерткіш ашылуына шақыру қағазы жатыр екен. Сөйтсем журналдың иесі сол рудан екен. Кейін бір кісімен сөйлестім тіпті басқа мәселе бойынша. Ол да Шымкентке сол ескерткіштің ашылуына барыпты. Ол да сол рудан екен. Сонша ақшаны сол рудың, тайпаның кемшілік көріп отырған жанұяларына, жақсы оқып жүрген оқушы, студенттеріне көмек берсе сол дұрыс болар еді. Одан қалса мәдениет саласында аты шыққан бірақ үйі жоқ өнер адамдарына көмектессе ғой. Көмек қажет етіп отырғандар көп қой. Әсіресе жетімдер... Айта берсем көп. Тағы бір айтатын нәрсе ескерткіштердің көркемділік деңгейі қандай, өздеріңіз ақ ойлай беріңіз.
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter