Домалақ ана
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Домалақ ана

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Балаларымен бірге оқып жүрген Нұриланы Бәйдібек би неге әйелдікке алды? Он бес жасар бойжеткен неге үшінші әйел болуға бел байлады? Сексеннен асқан қарт ананы неге балалары жазық далаға жерледі? Осындай сансыз сауалдар төңірегіндегі аңыз-әңгімелерге арқау болған Домалақ ана мазары бүгінгі Оңтүстіктің Қаратау беткейінде жатыр. Немересі Дулат Бұхарадан арнайы Абдулла Шері шеберді шақыртып, салдырған төрт күмбезді кесенеге күн сайын келушілер көбеймесе, азайған емес.

Он ғасырдан аман жеткен

Арын жанының, жанын арының садағасы еткен ана бүгінде адалдықтың тағы бір символы іспетті. Осыған дейін бірнеше рет бұзылса да, XI ғасырда салынған оның кесенесінің он ғасырға аман жетуі де соның бір дәлелі болса керек. Осыдан алпыс жылдай уақыт бұрын қайта жөндеуден өткізілген кесене де көпке дейін қалпын сақтай алған жоқ. Сондықтан тұп-тура жиырма жыл бұрын оны Маңғыстаудан әкелінген ақ тастармен көмкеріп, 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріп, негізгі бөлігіне күмбез орнатты. Ал 2000 жылы айналасын көркейту үшін көгалдандыру жұмыстарын қолға алды. Естеріңізде болса, кесененің құрылысын жүргізіп, жобасын жасаушы сәулетшісі Саин Назарбеков болатын.

Нұрила неге Бәйдібек биге үшінші әйел болды?

Бәйдібек бидің үшінші әйелі болған Нұрила, яғни Домалақ ана қожаның қызы болса одан Ұлы жүздің Албан, Суан, Дулат сынды үш руы тараған.
Осыдан 644 жыл бұрын Түркістанда туылған Нұриланың анасы Нұрбикені суға түскенінде жылан шағып өлтіреді. Ал, әкесі әскерден қайтпаған ол жастайынан жетім атанып, бабасы Мақтым ағзам қожаның қолында өседі. Мақтым ағзам қазіргі Түркістанда кесенесі бар Ясауидің қызы Гауһар ананың ұрпағы.

Домалақ ана он тоғыз жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Оған «дихнат мама», яғни «әулие ана» деген атауды ел ішіндегі түбі түрікмен Қара Хайдар деген кісі қойса керек. Ең қызығы, сол «дихнат мама» сөзі дыбыстық өзгерістерге ұшырай отырып бірте-бірте Домалақ анаға айналған. Жылдар жылжып, сол құйтақандай қыз он төртке толады. Құдықтан су алуға барған ол шығырдың тұтқасын қоя беріп, су толы қауғаны ала бергенінде қауға-мауғасымен қопарылып, құдыққа күмп ете қалады. Оны көрген ауыл балалары дереу үлкендерге жеткізеді. Мұны алдымен естіген Бәйдібек алып-ұшып құдыққа келсе, қауғадан мықтап ұстап алған қыз судың бетінде қалқып тұр екен. Содан шелек жақындай түскенде білегінен ұстап құдықтан құтқарып, шапанына орап үйіне әкелгенде Мақтым баяғы Ясауидің түсіне кіріп: «Қызың дана әйел болғалы тұр. Оның білегінен кім ұстаса, соған бер. Бақытын содан табады» дегенін есіне түсіреді. Содан келесі жылы Нұриләні Бәйдібек биге ұзатады. Бұл кезде Бәйдібек бидің екі әйелі бар еді.

Сары бәйбішенің қызғанышы

Екі бума отынның бірін көрші үйге апарып беріп, бірін көтеріп келе жатқанын көрген Сары бәйбіше барып Нұриланы бас салады. Зәрезап болған Зеріп оның жарылған басының қанын әзер тоқтатады. Ертесіне жолдан келген Бәйдібек би мұны естіп Нұрилаға өз алдына отау тігіп береді. Осыдан жыл өткен соң ол Тілеуберді атты ұл баланы өмірге әкеледі. Бірде Нұриланың отауына келген Сары бәйбіше оны мал жайғауға жұмсап, баласының еңбегін бармағымен мыжып тастайды. Сырттан келіп жылап кеткен баласын Жантас атты қол астындағы емшіге көрсетіп, жабылып жүріп әзер аман алып қалады. Бас сүйектері жарылған Тілеуберді осылай Жарықшақ атанып кетіпті.

Осындай күндестіктен хабардар болған Бәйдібек Сары бәйбішені төркініне апарып тастамаққа оқталады. Алайда жаздым-жаңылдым деп кешірім сұраған бәйбішеге Нұрила түсіністікпен қарап, осылай шиеленістің шешімін тауып, бәрі тынышталған деседі. Ал Нұрила осы Тілеубердіден соң Ақбердіні, Күнбибі, Ақбибі, Сыбан атты үш қызды өмірге әкеліпті. Алайда, оның перзенттерінің Күнбибіден басқасы жастайынан көз жұмған делінген.

Бәйдібек әйелін тыңдаса, алты баласынан айрылар ма еді?

Домалақ ананың көрегендігі жөнінде ел ішінде әңгімелер аз емес. Бірде үйір-үйір жылқы, отар-отар қойы болған Бәйдібектің ауылын жау шабады. Ел азаматтары мен өзі алыста жүргенде басынған жаудың мұнысына жыны қайнаған ол келісімен бәйбішеден туған алты ұлын алып кетуге қол жинайды. Сонда Нұрила: «Құла айғыр қолда қалды. Аз шыдасақ, алты күннен соң жылқылар жауға ырық бермей қайта оралады. Жауды қума, әліптің артын бағайық» – дейді. Бірақ бойын кек кернеп тұрған батыр айелінің тілін алмай, жүріп кетеді. Бұл соғыста жау әскері Бәйдібектің жасағын ойсырата жеңіп қана қоймай, алты ұлын жер жастандырады. Алайда арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр бақыра кісінеп, сол күні-ақ шығыстан қалың шаң көтеріліп, Бәйдібектің қалың жылқысы қайтып келеді.

Елес кезген кесене

Кесене маңындағылардың айтуынша, мұнда түрлі елестер туралы әңгімелер көп. Соның бірі жас балаға қатысты дүниелер. Осыдан біраз жыл бұрын Алматыдан келіп зиярат еткен қос отбасының басынан ұқсас жәйттер өтіпті. Алғашқы жанұяның үш ер кісісі бір тапшанға жайғасып, ересегі қос баласының бір-бірін төпелеп жатқанынан оянады. Ал екінші оқиға да аталмыш қаладан келген әйелдер қауымына қатысты. Құлшылық қылып келген қос әйел: «әулие деген кім? Әруақ жоқ!» дескен екеу елдеріне жетісімен хабарласады. Сонда бірі кішкентай баланың жандарына келіп жатпақ болғанын, ал енді бірі суретке түскенінде-ақ жамылғылы баланың қосақтала суретке түскенін айтыпты. Бұл бұл ғана емес, Қарағандыдан келген қыздар мұнда суретке түскенінде өз бейнелері көрінбей, тек аппақ киімді апаның бейнесі ғана көрінгенін көрсетіпті.

Сондай-ақ бұл жерден мазараттан шыққан дауысты естігендер мен сиырдың елесін көргендер де бар екен. Бәрінен бұрын ол жерден топырақ әкетуге болмайды. Өйткені кесенеде ырымдап топырақ әкеткендер ауырып, топырақты қайта кесенеге әкеліп тастаған соң барып айыққан деседі.

Мұндай оқиғалар көптеп кездескенімен, күнделікті бас сұққан адамның бәріне ұшыраса қоятын жайт емес. Бірақ осындай жағдайға душар болмау үшін де тазаланып, ниеттеніп, ішімдік ұрттамай келген жөн екенін айтады мұндағылар.

Намаз үстінде көз жұмыпты

Бәйдібектің ауылы Ташкенттен Қаратауға ойда-жоқта көшеді. Осы сапарда жол-жөнекей Балабөген өзенінің тұсына келгенде тоқтап, ел-жұрт демін алса, Домалақ ана намазын оқып алмаққа кіріседі. Осылайша ол 84 жасқа қараған шағында намаз үстінде көз жұмыпты. Ал қазіргі, біз айтып отырған кесене, әулие әйелдің соңғы өтініші бойынша сол жазық далада бой көтерсе керек. Бүгінде айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазық далада сәулетті күмбез алыстан менмұндалайды. Осыдан алпыс жылдай бұрын бірнеше рет бұзылып, қайта жөндеуден өткізілген кесене де көпке дейін сақталмаған.

Бүгінде кесенеге барудың әдебін жұртшылық бес саусақтай біледі. Ниеттеніп, тазаланып қана қоймай, онда қыз баласы басына орамал тағып, денесін тұтас жауып тұратын киіммен, ал жігіттер жағы шалбар мен тақия киіп барғаны жөн. Осылай жабық киіммен келуді талап ететін орынның бірі осы.

Алақан жайып, түзу тұрмыс пен отбасының берекесін, кемелді келешегін, ертеңінің еңселі болуын, перзентті болуды сұрап баратын жұртшылық бірақ әлі де болса осы жоғарыдағы айтқан этикеттерге бой үйрете алмай жатқан көрінеді. Әсіресе той-томалақтың сауық-сайраны кезінде келетін жастар әулие ананың киесі мен қасиетінен қымсынбайды екен. Мұндайда жұртшылық кезінде басқаға білегін ұстатпай, ары мен адамшылығын ту еткен адамның қабіріне ашық-шашық киіммен келетіндерді көргенде: «Осындай әумесерлер неге келеді осы?» деп ашынатынға ұқсайды.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter