«Әй, Сергей! Сергей, Сергей...»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

«Әй, Сергей! Сергей, Сергей...»

«Әй, Сергей! Сергей, Сергей...»
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Кітап сөресінде Сергей Есенині жоқ ақын-жазушыны табу – қиынның-қиыны. Қазақ әдебиетіне енді қадам басып келе жатқан жастардың жастанып оқитыны да – Есенин. Кешегі былай тұрсын, бүгінгі ұрпақ та Есениннің «Хулиганын» қосыла шырқап, «Шаганэ, ты моя шаганэсін» жатқа біледі. Олай болса, өзі кетсе де, бүгінде әлем төбесіне көтеретін «поэт» хақындағы пайымдауларды біз де біраз сараптап көрелік.

Есенин туған үй темекінің тұқылының шоғынан өртке оранған

Қыркүйекте алып әлемнің есігін қаққан Есениннің былтыр 120 жылдығы тойланды. Желтоқсанның 28-інде, небәрі отыз жасында ақын жарық дүниемен бақұлдасады. Константиновода дүниеге келген оның тағдырына Ленинградта көз жұму жазылыпты. 14 жасында Константинов шаруалар училищесін үздік бітірген ол шіркеудегі ұстаздар мектебіне оқуға тапсырады. Алайда ұстаздық қызметпен «қол алысуды» қаламаған ол көп ұзамай Мәскеуге оқуға кеткен.

Сергейдің әкесі 4 ағайынды болған екен. Сергейді әке-шешесі үш жасында ата-әжесінің қолына береді. «Есениндер» деп аталатын әулет көп ауылда Сергейдің атасы Никита Осипович өте құдайшыл адам болғандықтан, оларды «монашкиндер» деп атаған деген де деректер бар. Сол Никита 28 жасында 16 жасар қызға үйленеді. 56 шаршы метр жерді шаруадан 53 сомға сатып алып, үйленгеннен кейін екі қабатты үй көтереді. Сергейдің әкесі де, Сергей де сол үйде өмірге келеді. Тек 1922 жылдың 3 тамызында темекі тұқылының шоғы шөпке түсіп, содан тұтанған өрттің кесірінен Константиновадағы 200 үй өртке оранады. Оның ішінде Сергейдің де үйі бар болатын. Бірақ кейіннен осы үйдің орнына қайтадан нақ сондай үй салыныпты. Ол жөнінде ақын:

«Іздемедім атақтың қоңыр әнін,

Жолы таныс даңқ пен дабыраның.

Кірпік ілсем болғаны көз алдымда,

Тұрады да қояды шаңырағым!», -деп сары сабан мен ағаш үйлі Есениннің ақ босағасын суреттеуін Қадыр Мырзалиев қазақша сөйлетеді.

Кітаптары мен өлеңдерін сандықта сақтаған

Эссеші Айтбай Кәріпбековтың «Есенин-ғұмыр» атты 5 бөлімді акроэссесі жарық көрген болатын. Қателеспесем, содан алынған жазбалардың бірінде болу керек, автор өзінің Есениннің туған қаласы мен үйіне сапары жөнінде мол деректер жазады. Әсіресе, қарындасы Шура мұғалімдік мектепте оқып жүрген Сергейдің сандықта Лермонтов пен Пушкиннің, Гогольдің кітаптары мен өзінің жазып жүрген жырларын сақтағаны туралы баяндаған. Сондай-ақ 1965 жылға дейін Есениндердің үйі Константиновоның кітапханасы болып, одан кейін ақынның мұражайына айналыпты.

Сол жазбада мұражай туралы баяндағанда Константиново селосының Ока өзенінің оң жағалауында орналасқаны айтылған. Сонда Есенин «Қарашық» деп аталатын өзеннің маңында тұрған болып тұр ғой. Екі бөлмелі үйдің бірінде ақынның марапаттары мен фотосуреттері ілінсе, екіншісінде самаурын мен пілте шам, сосын үстел бар екен. Ал тысқа шықсаңыз, ауладан әріректе қойма орналасыпты. Сергей көбіне сондағы сәкіде кітап қаузап, өлең жазған көрінеді.

Әкесінің жасын да жасай алмаған жалғыз ұл

Сергей 18 жасында Анна Романовнамен Сытин баспаханасында корректор болып жүргенінде танысады. Көп ұзамай олар азаматтық некеге тұрып, бір жылдан кейін ұлды болады. Алайда Юрий де ақын-әкенің отбасын сақтап қалуына себепкер бола алмайды. Сергей көп ұзамай жалғыздықтан тұратын өміріне қайта оралады. Ал оның жары өзінің естеліктерінде оның көз жұмардан аз ғана уақыт бұрын қоштасқалы келіп «Қашып бара жатырмын, жолға шығамын. Өзімді нашар сезініп жүрмін. Бәлкім, өлер күнім жақын шығар» – дегенін, баласын тым еркелетпеуін сұрағанын айтады.

Сергей Есенин өмірден өткен соң Юрийді Мәскеудің соты ақынның ұлы ретінде мойындайды. Алайда Есениннен қалған жалғыз тұяқты 1937 жылғы репрессия кезінде «Сталинді өлтіру операциясына қатысы бар» деген айыппен ату жазасына кеседі. Ең өкініштісі, әкесінің жасына да жете алмаған бала ғұмыр 23 жасында жарық дүниеден жоғалады.

Ол неден қорықты?

«Неден қашсаң, соған тап боласың» деген ғой дана қазақ. Тері ауруларынан «қашқан» Есениннің де қыр соңына осы ауру түседі. Тіпті ол бетіне шыққан бөртпелерден құтылу үшін арнайы кітапханаға барып, медициналық жазбаларды жиі-жиі ақтарған екен. Алайда неғұрлым тері аурулары туралы көп білген сайын соғұрлым дегбірсізденіп, қорқынышы ұлғая түскен. Атақтылар мен ақылдылардың да түптеп келгенде пенде екенін аңғартатын бұл да бір дерек болса керек.

Бишіге ғашық болған

Жуырда ғана Әлия Іңкәрбектің «Есенин сүйген қызыл жалынын» оқып шыққан едім. Италиядағы «модерн» би жанрының негізін салған Айседора Дунканды бір көргеннен ұнатқан Есениннің сезімі туралы жазылған жазба жүрек қылын шертіп тұрғандай-ақ. Екі мықтының бірінің орысша, енді бірінің ағылшынша білмегенімен, тілсіз ұғысуы Абайдың «ғашықтың тілі –тілсіз тілінің» тағы бір дәлелі іспетті. Сергей туралы Есениннің тіліндегі «Изадора» «Сергей маған өлеңдерін оқыды. Мен оны түсінбегенмен, ол маған таңғажайып әуен сияқты болып естілетін», – деп естелік жазып қалдырыпты. Жер-көкке ерін далабымен «Есенин-періште» деп жаза берген Айседора, бәлкім, «періште» жүректен шыққан жырларымен жердің бетін әлі де кезіп жүрген болар, кім білсін... Әйтеуір, көлік доңғалағына ілініп қалған жалындай қып-қызыл шарфқа тұншыққан күйі Айседораның талқаны таусылыпты.

Есенин туралы қазақ ақындары не деді?

Орыс әдебиетінде Есенинге берілген баға өте жоғары. Поэзия әлеміндегі аты аталатын алғашқылардың бірі – Есенин. Ал қазақ әдебиетінде ше? Аз емес!

Мұқағали Мақатаевтың «Әй, Сергей! Сергей, Сергей, Сергей!, Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей» дейтін Сергейі Есениннің ессіздеу, ессіз де болса бүгінге аты мәшһүр сары баласы. Сергейге берілген біршама сипаттаманы да осы өлеңнен оқуға болады. Оның да ішкілікке салынғанын Мұқаң «Шаршағанда ширығам шарап ішіп, Саған ұқсап менің де жанады ішім»,-деп дертін бөліседі. Оны Мәскеу қалай қабылдаса, өзін Алматы солай қарсы алғанын айтады. Есенғали Раушанов та қой бағып жүріп Есениндей болсам деп ойланғандардың біреуі.

Пушкинді оқыды, Пушкинге өлең арнады. Есенин «өлең» деп білген Пушкинімен қоса Ұлықбек Есдәулет ол туралы «Петроград. Пушкин мен Есенин» атты өлеңін жазды. Ұшқалақтау Сергейдің образын фотографпен байланыстырып ерекше суреттеген өлеңнің соңы да, басы да бұлар емес. Тентексүрей, жындылау, бұзықтығы басым Есенин туралы Бақытжан Алдиярдың да: «Есениннің жатқа оқитын өлеңін, Есегіне теріс мінген сол бала» деген жыр жолдары бар.

Түйін.

Не де болса, азғантай ғұмырында жазған жүздеген өлеңі әлемнен өз оқырмандарын таба білді. Бүгінде орыс тегін иемденіп тұрған азаматтың ата тегін құмық болған, яғни арғы тегі түркіден шыққан дейтіндер де жоқ емес. Дүниеден қайтқанына 90 жылдан асып, ғасырға адымдап келе жатқан ақынның қалай өлгені туралы зерттеуге әлі де болса нүкте қойылмай келеді. Әлдебір деректер асылып өлген десе, енді кейбірі қастандық жасалған деп жорамалдайды. Ал оған қастандық жасалған күннің өзінде, ендігі ғасыр «Пой же, пой. На проклятой гитаре», «Мне грустно на тебя смотреть» деп басталатын оның әдемі өлеңдеріне, оның «Қара адамына» қастандық жасай алмайтыны анық.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter