Айтыстың «қайтыс» болғаны рас па?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Айтыстың «қайтыс» болғаны рас па?

Айтыстың «қайтыс» болғаны рас па?
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Өткен аптада Оңтүстік жұрты қара өлеңге қарық болды. Қос «шаршы алаңда» қырық шақты ақын шама-шарқынша көсіліп бақты. Сүбелі сөз сапталды, киелі қара домбыраның күмбірімен көптің көкейіндегі шемен-шер тарқады. Бір сөзбен айтқанда, Алматы мен Шымкентте аламан айтыс өтті. Бір ақынның екі айтысқа қатыспағаны, бірінде «Алтын домбыраның» жоқтығы болмаса, екеуіне де қыруар қаржы бөлінді, екеуінде де әділдік сұраған халықтың айғайы анық естілді.

Шымқаладағыны қойшы, «ұстағанның қолында кеткені» рас болған күннің өзінде қай айтыскер мінбей жүрген көлік дейсіз... Ең бастысы Алматыдағы «Алтын домбыра» тістегеннің аузында кеткендей ел іші азан-қазан, у-шу. Әп-сәтте бізге де жеткен жаңалықтан анық-қанығын білгіміз келіп, Алматыдағы айтысқа барған танысымызға қоңырау шалдық. «Несін айтасың, айтыс- халықтікі деуші еді ғой. Иә саған, Болатбек алу керек еді, Мұхтар Ниязовқа бере салды. Оны қойшы, елдің шулағанын көргенде халықтың баласы деген Мұхтарымыз қыңқ етпеді-ей. Үш миллионын бермесе де, қазақтың қара домбырасын жұрт лайық көрген азаматқа ұстата салса болар еді ғой. Көзіңмен көріп тұрған соң жаман болады екенсің»,-деп біраз күйіп-пісті. «Айтыстың аламанынан емес, ала доптың алаңынан келгендей» күйде отырған оның мына әңгімесінен кейін «халық айтса, қалт айтпайды» деп қалғанбыз. Оның үстіне, ертесіне, яғни желтоқсанның бесіне көкейдегі күмәнді журналист Нұргелді Әбдіғаниұлының мақаласы тіптен сейілткен-ді. Аяғы айғай-шуға ұласқан айтыстың айтылғаны мен айтылмағанын «Абай.кз» сайтында бүкпесіз баяндаған ол Ринат Зайытовтың афишада бар, айтыста жоқтығын, Мұхамеджан Тазабек, Аманжол Әлтаев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла, Әділбек Ыбырайымұлы, Қонысбай Әбілов, Қойлыбай Асанов сынды «зейнеттегі ақындардың» қазылық еткенін де жеткізген. Қазылар қорытынды шығармай-ақ, халықтың бас жүлдені Болатбек Оразовқа беріп қойғанын, Жансая Мусинаның шоу айтысына тәнті болғанын айта келіп, әңгімесін әрмен қарай былай жалғапты. «Алтын домбыраның» алғашқы иегері атанған Мұхтар Ниязов та бұл екеуінен кем түспеді. Шаппа-шап айтысты, дайындап келген шумақтарын да айтты. Тек жалғыз ақсаған тұсы – жиі сасқалақтады. Шумақтары шымыр болғанымен, соны жеткізу жағынан есе жіберді». Ал ең қызығы, сахнаға шыққан Жүрсін Ерманның «Сіздерді қайдам, әйтеуір мен осы айтыстан кейін біраз уақыт айтысты көргім келмейді. Тіпті, маңайына жолағым...»,-деп сөз бастағанын, есім-сойын жасырып қалуды өтінген бір қазының «Мұхамеджаннан сұра!» деп діңк еткенін айтып салыпты. Сөздің тоқетері, айыптың Мұхтарда емес, Мұхтарды сүйрегендерде екенін айтты.

Көп ұзамай қазылар алқасының төрағалығына Мұхамеджан Тазабектің түк қатысы жоқтығы, Болатбекке тоғыз көтерген төраға Әділбек Ыбырайымұлы екені мәлім болды. Ал төраға болса, ендігі аузымен құс тістеген кіл саңлақтар қатысқан сайыста «сұңқардың ішінен самұрығын» таңдағанын желіде жеткізіп үлгерген еді. Сондай-ақ Алматыда өткен соң алматылық ағайынның өз өрендерінің аты озғанын қалағанын айтып, қысқа қайырған.

Осы орайда, Шымкенттегі айтыс ойға оралады. Мұнда бас жүлдені алған Анар Жаппарқұлова да – шымкенттік. Оның үстіне әділқазылар шешім шығаруға кеткенде-ақ мұнда да жұрт бас жүлдені Жандарбек Бұлғақов алады деп тон пішіп қойған. Елмен кеңесусіз пішілген тонды көргенде ел шу ете қалды. Бірақ сөз алған Әселхан Қалыбекова: «Кімнің жеңгенін іштеріңіз біліп отырған шығар. Негізі бас жүлде Жандарбектікі еді. Бірақ жаңа айтысқанда өздеріңіз көрдіңіздер, егіз тапқан ана ғой деп Жандарбек жолын Анарға берді»,-деп басты. Ел түсіністік танытты, інілік танытқан азаматын да атқа қондырып, арқасынан қағып шығарып салды. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш». Ал Алматыдағы айтыстың түйіні сол жерде тарқатылса, ендігі ел де даурығып, дауды одан әрмен ушықтырмас па еді, кім білсін...

Айтыс болған күні-ақ өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай «Алтын домбыраның» айтыскер емес, әнші мен күйшінікі екенін айтты. Білдей-білдей Əміре Қашаубаев пен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық əншілер конкурсының бас бәйгесіне 200 мың теңге ғана тігілетінін, яғни айтыскерлерге келгенде табыла кететін қомақты қаржының дәстүрлі әнші мен күйшіні айналып өтіп кете беретініне деген өкпесін желіде жеткізді. Бірақ әншіліктің ауылында жүрген соң оның мұнысын жоқ жерден ши шығардыға телігендер де телегей. Алайда «Себебі əнші мен күйшіден «пайда» жоқ. Тым болмаса, «дұрыстап» уахабист бола алмайды. Өйткені «құрғыр» əн мен күй тым биік, тым асқақ. Жердегі жемге көзі қызарып түспейді. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болмайды. Ал қазір билікке «тауық» керек. Өйткені тауықтан келер қауіп жоқ. Қитұрқы ағымдарға да солай. «Дін тарату» үшін «тауықтар» – таптырмайтын «құс». «Шіркін, тауық, шыр айналар, жемің болса, қолыңда..!»-деп жазды. Оқырмандар да қарап қалған жоқ, «сойқан жазба», «сойып салыпсыз» деген сынды пікірлер лезде-ақ қаптап шыға келді. Ал блогер Айгүл Орынбек болса, айтысты толық көріп шыққанын айтып ертеңіне «Сәләфиттер айтыстың жаназасын шығарып, кейбір ақындарды баяғыда дүбәра қылып жіберген. ... Қазақтың дәстүрлі салт-дəстүріне айналған айтысқа сақалдылардың араласуы – бұл енді шектен шығу. Айтыс қайтыс болыпты шынында да. Енді бұндай айтысты өткізіп қажеті жоқ!»,-деп аттандады. Әңгіменің төркінін түсінгендер қолдап-қолпаштап жатты, жасыратын несі бар, ел арасында да осы әңгіме төңірегіндегі сөздер желдей есіп тұр емес пе?! Естеріңізде болса, осыдан 4 жыл бұрын, яғни алғашқы «Алтын домбыраны» нақ осы Ниязов алған-ды. Келер жылы Жандарбек Бұлғақовқа бұйырған жүлдені сосын Балғынбек Имашев еншіледі. Былтыр Аспанбек Шұғатаевтың мерейі үстем болып еді-ау... Ал биылғы айтыста халықтың домбыраны ұстата қоймаған Мұхтарға да, бас жүлдені Болатбекке бере қоймаған қазылар алқасына да өкпесі қара қазандай.

Осы уақытта ақын, сазгер Олжас Отар расында Мұхтардың бәсі биік болғанын айтса, журналист Асхат Садырбай халықтың да пікірімен санасу керектігін алға тартты. Ал аузын тосқан халыққа Мұхамеджан Тазабек көп ұзамай тіл қатты. Анау-мынау мінберге шығуды қажет етпейтін мына заман желінің дәурені жүріп тұрған заман ғой. «Фейсбуктегі» парақшасында Аманжол Әлтаевпен Алматының әуежайында айтысты кең талқылапты. Болатбекке тек қана 10 ұпай берген ол бұрмалау немесе қиып түсер қиянат жасалды дегенге келіспейтін көрінеді. Оның айтуынша, көрермен мен қазылардың ойының бір жерден шықпауы – арагідік болып тұратын қалыпты жағдай. Айтыстан әділдік кетіп, төл өнеріміздің «қайтыс болғанын» естіп келе жатқанына 25 жыл болғанын айтқан ол: «...сақалды болғаны үшін ғана Мұхтарды қолдапты немесе жюрилерді жүгендеп отырыпты деген пікірлер - тым асығыс айтылған ойлар. ...Шын тұлпарға тұсау жоқ. Уақыт өте келе шын тұлпар бойын жазып, жүйріктігін дәлелдесе, жабылар жанын қинағанмен, бірінші кездескен биікте-ақ алқынып сыр береді»,-деп түйіндеді. Осылайша, 1997 жылы мұндай жайттың өз басынан да өткенін, Аманжол Әлтаевпен айтысқан сол додада ел өзін, қазылар алқасының Әлтаевты жеңімпаз деп тапқанын есіне алады. Сосын біраз жылдар жылжыған соң он рет көріп шығып, он рет оқыған сол айтыстың барысында өзінің Аманжолдан тактикалық тұрғыдан төмен болғанын мойындапты-мыс. Осымен Тазабектегі сөз тәмам. Алайда «Айтыс ел арасына іріткі салатын болса, енді өткізбей-ақ қою керек. ...жол шынымен де, Болатбектікі еді, бірақ Мұхтарда кінә жоқ қой» деді Айбек Қалиев. Енді кімге сенеміз?!

Бұл айтыс кеше де, бүгін де қышыған сайын айызы қанғанша қаситын қотыр да, бас та емес еді. Бірақ айызы қанғанша айтқан ауыздарды не деп жазғырасың?! Әншейінде «үй демейді, бүй демейді» деген қазақты енді «үй-бүйі» үшін жазғырғанымыз қаншалықты қисынды?! 10 миллионнан аса ақша бәйгеге тігілген бәсекеде Болатбектің бабы, Мұхтардың бағы жанса ше? «Болатбек пен екеуміз – бір адамбыз негізі» деген Мұхтар неге «Алтын домбыраны» өзімсінген адамға бере салып, онысын сөзімен емес, ісімен дәлелдемеді?! Әдетте сұрақ қойғанда шеберміз, әйтсе де жауап қандай болды?

Бәрі сөйлеп болғаннан кейін асықпай тіл қатқан Мұхтар Ниязовтың да жауабы осы тақылеттес. Осынау айғай-шуды халықтың айтысқа деген жанашырлығы деп қабылдаған ол «Қазақпарат» тілшісіне: «Баяғыда бір анадан біреу: «Қай балаңызды жақсы көресіз», деп сұрапты. Сонда әлгі ана: «Жазылып кеткенше, ауруханадағы баламды, үйге жеткенше, жолдағы баламды жақсы көремін» депті. Сол сияқты егер «Алтын домбыраны» менен басқа біреу алса, «Мұхтар» деп шулауы мүмкін»,-деп мысалдатты. Сосын әлеуметтік желілердің қайнап жатқанынан хабардар екенін, қанша көрермен болса, сонша көзқарас болатынын білгендіктен де ешкімге ренжімейтінін айтқан ақын-азамат: «Әркім не айтқысы келеді? Соны айта берсін»,-деді.

Ал біз елді ұлардай шулатып, халықтың ұнжырғасын түсірген айтыс туралы сан-саққа жүгірген сөздердің ақырын күттік. Ептеп-ептеп сөз саябырсығанымен, залдағы қаншама қазақтың әділ деп білетін айтысқа деген сеніміне селкеу түскен сыңайлы. Одан бөлек, енді ел жақтаған жігіттің аяқ алысын аңдитындар да жоқ емес, сірә...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter