Қыз әулие
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қыз әулие

Қыз әулие
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Шымкенттен Таразға қарай шығар жолда орналасқан Қыз әулие туралы білетіндер бүгінде көп демесек те, аз емес. Әсіресе, оң босағада отырғандар мен үйленбеген жігіттер, денесінде әлдебір түйін секілді ісік пайда болғандар, тұрмысынан таршылық көргендердің көбі әулиеге қарай ағылады екен.

Шырақшы әйел

«Алла берген ғұмырды Алланың жолына арнап келе жатырмын», – деп сөзін бастаған шырақшы Ұлтуар Мешбаева – жетпіс үште. Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін біз барған талай-талай әулиелі жерлердің шырақшылары ұдайы ер кісілер болатын. Сондықтан таңданысымызды жасырып қала алмай, сұрақты төтесінен қойдық. «Бастапқыда мен де «әйел адамның шырақшы болғаны несі?» деп ойлағанмын. Бірақ кейін ауру-сырқауым асқынып кетті, сосын бірде «осы жолды ұстанбасаң, майып боласың» деп аян берді. Содан жүрексіне келіп, жердің астынан жертөле қаздырып, осында 5 жыл отырдым», – дейді ол, қиын-қыстау шаққа қайта көз жүгіртіп. Кейін ел ішіндегі игі жақсылар жиылып, әулиенің маңынан үш бөлмелі үй көтеріпті. Осылайша, осыдан жиырма жыл бұрын жалғыз төмпешікті құшақтап жатқан алып атырап бүгінде зиярат ететін орынға айналған. Ал шырақшы әжейге келер болсақ, естеріңізде болса, Айша бибінің күтушісі Бабаджа хатун да әулие ананың көзі кеткен соң басында шырақшы болған еді.

Бір төмпешікке айналған үш қыз

Қалмаққырылған соғысына осы жердегі ордадан Әмірхан бастаған Мұхаммед (ғ.с) ұрпақтары қатысқан. Әмірхан бабадан Шешушi, Шешушіден Дiлдәрбек тарайды. Өз заманында Меккеден Ислам дінін игеріп, асыл дінімізді хан Ордаға таратқан Шешуші бабаның адамдардың шешілмей жүрген қиындықтарының түйінін тарқатып, дуаланғандар мен жолы жабылғандардың жолын ашатын қасиеті болған екен. Ал оның қызы Нұрзада өз заманында суырыпсалма ақын, жырау болыпты. Уағында ешкімнен жеңілмеген сол Нұрзададан үш қыз тарайды. Оларға Үбби, Сүбби, Бүбби деп азан шақырып ат қойған. Ал кейін қараша халық оларды Сұлушаш, Қарлығаш, Сандуғаш деп атап кетіпті. Олардың қасиеті сол, өздері ән шығарған, оны өздері орындап, билейтіндігі, тігін тігетін ісмерлігі мен оюшылығы оларға «он саусағынан өнер тамған» деп бір-ақ ауыз сөзбен баға беруге болатынының бір дәлелі іспетті.

Ел басына күн туып, бесіктегі балалары шырылдап, ер азаматтары жаппай қырылған шақта қарап отыра алмаған олар қолдарына қару алып, атқа қонып, айқасуға жауға аттанған екен. Алайда көп ұзамай-ақ олардың қыз екенін аңғарған қалмақ қаумалап кеп, оларды қатындыққа алмақ болады. Бірақ жауға қыз бермейтін бұл жұрттың қанына сіңген қасиеті бар-тын. Сондықтан беріспеген қыздардың қылығына қынжылған қалмақтар оларды қоршап алып, қырып салады. Осылайша бір үйдің үш қызы бір төмпешікке айналған екен.



Қан аққан қара ағаш...

Шырақшының айтуынша, Сандуғаштың жары Садақсалды соғыста шейіт болыпты. Бір оқпен қашқан аңды, ұшқан құсты құр жібермеген, құралайды көзге атқан мергендігі бар Садақсалды өз заманының батыры еді. Атқан жебесі 2 шақырым жерге барып түскенде халық «Бұл тегін бала болмаса керек. Оның садағы түскен жерді Садақсалды деп атайық» дескен көрінеді. Осылайша, қалмақтармен шайқаста ол өзі жантәсілім еткен жерге жерленіп, Алланың құдіретімен, сол жерге қаумалап ағаш шықса керек. Араға жылдар салып ол ағаш жайқалып, алып ағашқа айналады. Содан бірде тұрмыстан теперіш көрген шаруа барып отын қылмақ болып кескенінде, қара талдан қан ағыпты. Алайда сол шаруа алысқа бармай-ақ көз жұмып, ал кесілген ағаштың жанынан үш бұта шығып, қайтадан қаулап, қанатын жая, жайқала беріпті.

Қалмаққа қыз бермеген Орда

Тап осы орданың өз ұстаханасы болған. Сондай-ақ орданың қазынасын сақтайтын қамбаның кілті сауыт-сайман мен зергерлік бұйымдар жасайтын Базырдың қолында болған деседі. Сол замандарда сауда-саттық Түркістан мен Шолаққорғанда болғандықтан, керуендердің жолын тосатын қарақшылар көп болыпты. Сондықтан барар, қайтар сауда керуенін осы Базыр атаның өзі бастап апарып-әкелген деседі. Оның үстіне сауда-саттықпен Базыр атаның қызы Зейнеп те осы жорықта тұтқынға түсіп, су мен астан қанша тарықтырса да, қалмақтарға берілмей, шейіт болады. Осылай ішіндегі жеті айлық баласымен бірге 33 жастағы ана аналық махаббатынан арын биік қойып, бұл өмірмен бақұлдасса керек.

Киелі құдық

Бұл құдықтың суы – 70 түрлі дертке шипа. Ашылғанына 14 жылдан асқан құдықтың қазіргі күйі мүшкіл. Алғаш осы әулиелі жер ашылғаннан бері зиярат етіп жиі келетін, алыстан адам әкелетін зияратшы Сұлтанғали Дүйсенбаевтың айтуынша, бұл құдықты қайбір жылдары қатты жауын жауғанда топырақ басып қалған. Енді бүгінде есігі тарс жабық тұр. Өйткені тазалау керек, ал оған тағы да адам жұмылдыру үшін азды-көпті қаражат қажет-ақ. Мұнда келіп жүргеніне 20 жылдай болған ол бұл маңды бір кісідей білетін болып шықты. Тіпті кезінде жапан түзге жүргінші жолдарын өзі салыпты. «Мына аяғыңыздың астында жатқан жолдарды, бос жүрген соң, бірде келіп өзім салдым. Жалғыз адамға оңай соққан ба, белімді ала алмай, қатты ауырдым. Содан құдықтан бір шелек су алып, үйге барсам, барлығы аң-таң. Сөйтсем, бұл құдықтан су шықпағалы, біраз болған екен. Содан ішіп, әбден терлеп, ауруымнан айығып кеттім. Сонда барып, бұл құдықтың суының шипалы екеніне сендім» – дейді ол.

«Оқта-текте өзім әкелген зияратшыларға мазар маңын өзім аралатып көрсетемін» деген ол әдеттегідей қызметіне кірісті. Бұл әулиелі қорымның төрт жағында төрт бірдей есігі бар екен. Бір есіктен кіріп, құран бағыштап болған соң, қайта шығып, келесі есіктен енесіз. Осылайша «төрт рет құран бағыштаған адамның төрт құбыласы тең, түгел болады» деген сенім бар. Тап осы жерден жоғарыда аталған әулиелердің қабірі мен тілеухана бар. Яғни, жоғарыда көрсетілген күмбезді орынға отырып, маңдайыңызды темірге тигізіп, Алладан қажетсінген дүниеңізді сұрасаңыз болады-мыс.

Қыздардың бағы ашылып, тұрмысқа шығатыны рас па?

Бүгінде оң босағада отырған қыздарымыз көп-ақ. Қыз әулиеге келетіндердің көбі – ақ көйлек киюді армандайтын арулар мен өмірлік серігін таппаған бойдақ жігіттер екен. Біз бас сұққан бірер сағаттың ішінде шырақшы апа алты қызға ақ көйлек кигізіп, ақ батасын берді. Соның бірі – Ақмарал есімді отыз екідегі келіншек. Осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуінен айырылған ол: «Әйел затының арманы бала сүю емес пе?! Біз балалы болып үлгермеген едік, енді тұрмысқа шығып, перзент сүйіп, ана атанғым келеді», – дейді ағынан жарылып. Сондай-ақ тағы бір 24 жасар бойжеткеннің Алладан адал жар сұрап, алақан жайып, әулиенің басына келгенін байқадық. Олардың бірі әулие жайлы құрбысынан, енді бірі туысынан естіген болып шықты. Ал Ұлтуар әжейдің сөзіне сенсек, мұнда үш күн келіп, тұшпара түйіп, тарқатқандардың өміріндегі шешілмей жүрген қиындықтарының түйіні шешіліп, үш күн келіп, ақ көйлек киіп, Алладан адал жар тілегендердің отау көтергендерінде есеп жоқ екен-міс.

Қыз әулиеге Асанәлі Әшімов те келген

Шырақшы әженің айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын әлгі киелі құдықтың ашылуына мұрындық болған Қазына есімді келіншек қазақтың бір алыбын Қыз әулиеге ертіп келеді. Содан ағаш басында тұрған қос алманы Асанәлінің келіншегінің қолына ұстатқан шырақшы не мақсатпен келгенін сұрап, «Алладан сұраңдар!» дегенін айтады. Кездейсоқтық па, жоқ әлде әулиелі жерге аяғы тиген алыптың жетпісінде әке атануына әулиелі жерге келуінің қандай да бір қатысы бар ма? Кім не десе де, кешегі Байбөрінің Алпамысының, тіпті бертін келе Елбасының да жарық дүниеге келуіне әулиелі жерлердің қатысы бары рас-ақ. Сондықтан күмәндану мен иланудан алшақтау тұрып, көзімізбен көріп, білетіндердің баяндағанын қаз-қалпында өздеріңізге жеткізуді жөн көрдік. Ал сіздер Қыз әулиенің қыз баласын қалыңдыққа айналдыратынына қаншалықты сенесіздер?

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter