Темірші әулие
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Темірші әулие

Темірші әулие
  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Темірдің соғылған дыбысын танитын шығарсыздар... «Дың-дың» еткен дыбыс құлағыңызға келсе, Темірші әулиені есіңізге алар ма едіңіз? Шынында да, ел ішінде әулиеге қатысты аңыздар аз емес. Осындай ақиқат пен адам сенгісіз жайттарға толы оқиғалардағы өмірлік жартысын тапқан, енді кейбірі тап осы дауыстың қыруар уақыт құлағынан кетпегенін айтып, көп ұзамай пәтерлі, енді кейбірі көлікті болғанын айтса, сенер ме едіңіз? Иә, қарапайым халықтың арасында осындай ауызекі оқиғалар көп-ақ. Әйтсе де, әулиенің мазарына өзіміз барып, көзімізбен көрген, құлағымызбен естіп, қанық болған жайттарды өздеріңізбен бөліскіміз келіп тұрғаны...

Қолында темір балқыған ұста

Шырақшы Хәкім атаның айтуынша, ХІІІ ғасырда керуен сарай болған. Сол сарайда ағаш пен темір ұстасы болған Сайид Мұхаммед Қожа, яғни Темірші ата өз заманында қолына ұстаған темірі балқитын ұста болған деседі. Жалаң қолымен қылыш, қалқан, найза сынды құрал-саймандарды жасайтын әулиені ел-жұрт бертін келе «Темірші әулие» деп атап кетсе керек. Әмір Темірдің қару-жарағын жасап, аттарын тағалаған ұстаның қалай көз жұмғаны туралы еш дерек жоқ. Бірақ оның 120 жылдан аса жасағанын тілге тиек еткен ақсақал «Совет өкіметі кезінде кітаптары мен ол туралы жазбалардың бәрін өртеп жіберген» деп, әулиенің жасаған құрал-саймандарының барлығы мұражайға тапсырылғанын айтты.

Темірші әулиенің 17-ұрпағы саналатын Хәкім атаның да мұнда шырақшы болғанына жиырма бес жылға жуықтапты. 86 жастағы қария күннің суығына қарамастан ағаштарды бұталап, жүзімдерді қырқып жүр. Қурағандарын кескенмен, қайтадан өсіп шыға беретін көрінеді.

Әулиенің басына кімдер келеді? Кесенесі жоқ әулиенің басына зиярат ететіндер қаншалықты көп болуы мүмкін? «Көбінесе темірмен жұмыс істейтіндер келеді», – дейді ол. – Яғни көлік жөндеумен айналысатындар, «темір тұлпарымен» алыс сапарға шыққалы тұрғандар, сосын жол апатына ұшырағандар ат басын бұрады. Енді мұнда кісі аяғы басылмайды деп те айта алмаймын. Әйтеуір, қыстың күні келушілер жазға қарағанда көп болады. Осы маңда көлігінің жылдамдығын арттыруы себепті бұзылатыны бар. Оның үстіне қыста жолда жүрудің өзі қиын болған соң, жол апаты көп болады. Сондықтан қыс ауасында келушілер көбейеді».

Қабірдің үстіне кім ағаш отырғызды?

«Кесененің орны тұр да, кесене жоқ. Кесене салынбаған. Бірақ оның орнына атаның қабірінің үстінен ағаштар қаулап өсіп шыққан. Оны әдейілеп ешкім отырғызған жоқ. Мұндағы ағаштардың барлығы өзі шыққан», – дейді шырақшы ата. Тек азын-аулақ жеміс-жидек ағаштары мен гүлдерді өзі отырғызыпты. «Жазда келсеңіз, мына маң түп-түгел жап-жасыл болып жайқалып тұрады», – деді ол қазір сарғыш тартып, жалаңаштана бастаған ағашқа толы атырапқа қарай қолын сермеп.

Расымен де, арада жеті ғасырдан аса уақыт өтсе де, неге әулиенің басында кесене жоқтығына аң-таң болатындар аз емес-ау шамасы. Біз де таңданысымызды жасырып қала алмадық. «Кесене саламыз деп келді. Ағаштардың барлығын опырып тастап, кесене салмақшы болды да. «Мына ағаштар құдайдың құдіретімен шыққан, ешкім еккен жоқ» десем, міз бақпады. Бірақ өздері майып болды. Бірінің аяғы сынды, бірінің көзі көр болды, қолы сынды...», – дейді.

Өсіп тұрған ағашты қолымен жұлып алатын болған...

Ордабасы тауынан 2 тонна шығатын тас арқалап келіп, ойып, қолдиірмен мен судиірмен тасын жасаған әулие бес ағайынды болыпты-мыс. «Бесеуі де – әулие» деп сөзін жалғаған қарт оның Қошқар ата мен Дәруіш ата, Сыпырған ата мен Ғайып ата сынды төрт бауыры болғанын баяндап берді: «Өзі алып денелі, бойы 2,5 метр болған екен. Адам қараған, жас балаларға түкіретін тәуіпшілігі де болған. Талай адамның ажалына араша түскен ғой. Мынадай өсіп тұрған ағаштарды қолмен жұлып алатын, сондай мықты кісі болған екен».

Мазардың айналасын қоршауға көмектессе...

2002 жылы, яғни осыдан бақандай 14 жыл бұрын әкімдік тарапынан әулиенің бейітіне келетін жүргіншілер жолы мен жаздыгүні отырып, намаз оқылатын бір шағын бастырма салыныпты. Содан бері қарияның сөзіне сенсек, қайта келіп жөндеуден өткізген ешкім жоқ екен. Келімді-кетімді адамдарға арналған орындықтарды да баласы екеуі жасапты.

«Мемлекеттің тарапынан ешқандай көмек жоқ. Былтыр өзіміз қабырғасын көтеріп, алыс-жақыннан ат арытып келетін жамағат түсетін қонақүй салайын дегенбіз, күшіміз жетпей жатыр ғой» деген Хәкім ата әкімқаралардың алдына талай барғанын да айтып қалды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның ауылына аяқ басқан көнекөздің табанынан тоза берерлік әл-дәрмені жоғы айтпаса да аңғарылып тұр. «Оның үстіне мені тыңдай ма, тыңдамай ма?!» деген күмәні де жоқ емес. Әйтсе де, «осы әулие мазарының маңын қоршауға қол ұшын созса, қуанар едім. Ағашпен қоршадық, одан артығына күшіміз жетпей жатыр. Қысы-жазы мал қуумен боламыз», – деп, көкейінде жүрген түйткілдің тиегін ағытты.

Әулиені 2,5 метрлік жылан қорғайды

Темірші әулиенің бейітінің басындағы тостағанды көріп, аңтарылғанымызды аңдаған атай: «Ол – жылан. Сол жерде жыланның ордасы бар. Оқта-текте бір көрінеді, басында ұзын айдары бар. Өзі 2,5 метрдей, әжептеуір ұзын. Айран құйып қоямыз» дейді.

Иә, өмірде тылсымға толы жайттар жетерлік. Бүгінде Темірші әулие туралы дерек аз болғанмен, ол жайлы білетіндер баршылық. Олай болса, біз де «осы мазарға келіп, алақан жайып, әулиеге құран бағыштайтындардың қатары толыса түссе екен» дейміз. Шымкенттен шамамен 15 шақырым қашықтықта жатқан бейіт Түркістанға шығар күре жолдың бойында орналасқан. «Өлі разы болмай, тірінің байымайтынын» айтқан қазекем ары-бері өткенде бет сипай кетер, бәлкім...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter