Оқшы ата
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Оқшы ата

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Көне архитектуралық ескерткішке жататын Оқшы ата мазары Шиеліге қарасты Жөлек ауылынан 7 шақырым жерде, теміржол торабында орналасқан. Мазарға жерленген кісінің шын аты – Ибраһим шайхы, лақап аты – Көгентүп, ал Оқшы ата – кейіннен елдің берген есімі. Түрколог Әуелбек Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Қазір батырдың көне қорымы бар өңір кезінде шаһар болған деседі. Ел ішінде ІХ–Х ғасырлардан бастау алып, ХV–ХVІ ғасырларда белгі қойылған қорымның күмбезіне қатысты аңыз-әпсаналар да аз емес.

Көгентүп қалай Оқшы атанды?

Шиеліде Оқшы ата мен Есабыз әулиенің аты қатар аталады. Бір қорымда қатар жатқан екі арысты жұрт бөліп-жармай, бірге атап, бірге құран бағыштайды. Сол сансыз аңыздардың бірі Көгентүптің жастайынан жетім қалып, күнкөріс үшін ел аралап кетуінен басталады. Өстіп ел кезіп жүрген ол жалғыз қызы бар бір кемпір-шалға кезігіп, асыранды ұл атанады. Әке-шешелі болған жігіт енді есейгенінде қос қарт пен қарындасына қамқорлық көрсетіп қана қоймай, оларды асырау үшін егін егіп, диқандықпен айналасады.

Еңбекшіл болып ержеткен ер азаматтың кірпігіне көзі көргеннің бәрі таңданатын. Себебі тым қалың болып өсетін, қалындығы сондай, тіпті көзін жауып тұрады екен. Сол Көгентүп кірпігін қолмен көтеріп қалғанда, бір күншілік жердегіні көреді деген сөз де сол заманда желдей есіп тұрған-ды. Сондықтан көбіне ауыл арасындағы малын жоғалтқан адамдар ағылып Көгентүпке келеді екен. Осылай ірілі-ұсақты баққанын тауып беріп жүрген оның аты ауыздан-ауызға тарайды. Алайда осы ел көп ұзамай қалмақтың қолына өтеді. Жаулап алған жұртына хан өз тәртібін орнатып қана қоймай: «Мені күнде бір үй асырап, қалыңдыққа қызын беретін болсын!»-деп шарт қояды. Көп ұзамай-ақ ауыл адамдары ханның сөзін екі етпей, жарлығын жүзеге асыруға кірісті. Содан тағдыры таразыға түскен бойжеткендер көбейіп, ел іші нілдей бұзыла бастайды. Осындай күндердің бірінде ханды күтіп, оған қыз беру кезегі Көгентүптің үйіне келіп жетеді.

Үйіне келген ханға қыздарын қимай, қос қария зар еңіреп жылағанда, кермеде байлаулы тұрған ат тыпыршып, қосыла зор дауыспен кісінеп коя береді. Кісінеген аттың дауысы арпа орып жатқан Көгентүптің құлағына жеткенде ол арпаның қылтығын алақанына салып құран оқып, жебе етіп, “Құдайдың оғы болып атыл” деп ханға бағыттап үрлеп жібереді. Көп ұзамай қаза болған хан туралы ел: «Жауызды өлтіріп, халықты азаптан құтқарған кім болды екен» — деп толғана бастайды. Бірінің қылышы, бірінің қанжары, енді біреуінің пышағы қан жалаған талай жігіттер ханды өлтірген өзі екенін айтып қызу талас-тартыс жүріп жатады. Сонда Көгентүптің ата-анасы: «Біздің баламыздан да сұраңдаршы, мүмкін сол білер кім өлтіргенін»,-дейді. Жиналған жұрт адам жіберіп, Көгентүпті алдыртады.

Келген соң, «ханды мен өлтірдім» деп, таласқан талай азаматтарды көріп, Көгентүп ханның неден өлгенін сұрайды. Жүрегінен жаралы болып өлгенін естіген соң: «Онда жүрегін жарып көріңіздер, егер арпаның қылтығы жүрегіне қадалып тұрса, менің атқан оғым, — дейді. Расында да солай болып шығады. Осылайша Көгентүп Оқшы атанады.

Ясауи кесенесі салынғанша хан-сұлтандар жерленген қорым

Сыры кетсе де, сыны кетпеген Сыр өңірі тарихи ескерткіштер мен киелі орындарға толы. Оғыз - қыпшақ заманының жәдігері болып табылатын ескерткіш көп зерттеуді қажет етеді. Ол туралы тарихи мәліметтер мен ғылыми зерттеулер жоқтың қасы. Бірақ, бұл дегеніңіз Оқшы Ата мен қала орнының көне дәуірлерден болғандығына күмән туғызбайды.

Тарихи айғақтарға сенсек, Оқша ата қорымында Асан қайғы бастаған XIX ғасырда ғұмыр кешкен Досбол датқалардың сүйектері жатыр. Оқшы бабамыз X - XI ғасырларда оғыз ұлысы немесе Қазан Салардың хандығы кезінде өмір сүрсе, онда мазарда жатқан сол ұлы бабамыздың бейіті XI - XII ғасырдың ескерткіші болғаны. Кейбір ғылыми деректерге ден қойсақ, осы қасиетті мекенге бабаларымыздың жамбасы бұдан мың, мың жарым жыл бұрын-ақ тиген. Яғни Ақсақ Темір ХІҮ ғасырда Қожа Ахмет Ясауидің даңқты кесенесін салғанға дейін оғыздар мен Түркі - қыпшақтардың игі көсемдері, әулие-көрегендері, батыр-шешен-дері осы Оқшы атаға жерленген. Қазір Оқшы атада Есабыз, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол би сияқты ұлылар жатыр.

Бұл жәдігерлердің ең әсем әрі көрнектісі - Асан қа йғы мазары. Кей зерттеулерде Асан қайғының жерленген жері туралы түрлі пікірлер бар болғанымен, оның мазары осы Оқшы ата қорымында деп көрсетіліп, Асан ата кесенесі 1992 жылы мемлекет қорғауына алынған. Сондай-ақ мұндағы «Жеті әулие» қорымында Оқшы ата мен Есабыз, Абыз ата, Қыш ата, Қайып ата, Кітап ата, Қабыл ата кесенелері қатар орналасқан. Кесене күйдірілген тақта кірпіштен қаланып, 7,60 метр биіктіктегі 11,5х7,30 метр аумақты алып жатыр.

Асан қайғы қайда жерленген?

Біз жоғарыда атаған «Асан ата» шынында Асан қайғы ма? Әрине, өмірде Асандар аз болмағаны айдан анық, ал тарихта ше? Шиелідегі бұл кесене талайды ынтықтырып, біраздың қызығушылығын туғызып ке-леді. Жергілікті жұрт оны ел аузындағы Асан қайғының нақ өзінің кесенесі деп айтады. Сонда Асан қайғының өмірінің соңғы жылдарын Сыр өңірінде өткізгені рас болғаны ма? Бұл жөнінде тек долбардан өзге дәнеңе де жоқ.

Асандай алыптың көзін ашып көргені Атырау аймағы болған деседі ел. Ал оның атына тіркескен «қайғы» сөзі желмая мініп, жер жәннатын іздегеніне байланысты берілсе керек. Осы сапарында ол Қаратау мен Сырдың сағасына келгенде ұлан-ғайыр қазақтың атырабына көз тастап тұрып: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен. Қаратауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен» деген жоқ па еді?! Демек «Оқшы атадағы» қорым шынымен Асан қайғының тап өзіне тиесілі болуы бек мүмкін. Өйткені бұл маңда сол кезеңде Асан есімді елге белгілі, атақты адам болмаған-мыс.

XVIII ғасырда лаймен тұрғызылған кесене

Оқшы ата кесенесі сазды лай мен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Іргетасы де күйдірілген кірпіштен 0,8 метр тереңдікте салынған. Кесене қабырғаларының қалыңдығы 1,1-1,2 метр. Көпірі 25х25 көлемді күйдірілген кірпіштен салынған. Ал олардың бертініректе бүлінуінің себебі лайдың дымқыл, сыз тарту себебінен. Яғни, ол дегеніңіз кесене қабырғалары тез ылғалданады деген сөз.

Бүгінгі таңда аталмыш өңірде кесенемен аттас мешіт те бар. Асарлатып салынған мешіттің құрылысы 1999 жылы басталып, 2000 жылы аяқталған. Аумағы 750 шаршы метр, биіктігі 8 метр. Мұнарасы 3,5 метр.

Жергілікті жамағат қасиетті кісілерді ешқашан жадынан шығарған емес. Алғаш рет 1997 жылы олардың әруағына арналып ас беріліп, содан бері бұл игі іс жалғасын тауып келеді...

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter