6 жыл әкім болса да...
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

6 жыл әкім болса да...

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері Қайрат Әбдуәлиевтің Түлкібас ауданына әкім болып барғанына алты жылға жуықтады. Қайрат Аманкелдіұлы «екінші Швейцария» атанып кеткен ауданның билік тізгінін ұстағанда жергілікті халық қуанғаны белгілі. Өйткені жаңа әкім түлкібастықтар үшін жат емес. Сол аймақтың тумасы әрі бұған дейін де Түлкібастың өсіп-өнуіне атсалысып жүрген азамат тұғын. Облыс басшысының көзіне түскен ол бағы жанып, өз жерлестері тұратын ауданға әкім болып барды.

Алғашында өзге басшылар секілді «бәрін қатырамын», «айтқандарыңыз болады» деп уәдені үйіп-төккен жоқ. Қызметке кірісе сала елге сабырлықпен, байыппен мән-жайды түсіндіріп, бірінші кезекте ауыз су, көгілдір отын, жарық секілді халық үшін өзекті мәселені шешуге кірісетінін, ал өзге проблемалар кейінге шегерілетінін айтқан еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Бүгінде түлкібастық жұртшылықты инфрақұрылымға қатысты проблема мазаламайтын секілді. Бұған ауданға жасаған сапарымызда көз жеткіздік. 

Табиғаты талайды тамсандыратын ауданның басшысы жақында ғана журналистерге 2015 жылы атқарылған жұмыстары туралы брифинг өткізіп, жергілікті тұрғындарға өкпе-назын айтып қалған еді. Оған себеп – тазалық мәселесі. Ауданды таза ұстау мақсатында қоқыс тастағандарға айыппұл салынса да, жағдай оңалмай тұрғанға ұқсайды. Осыдан соң Әбдуәлиев мырза халықтың сана-сезімі төмен екенін айтып, өкінген болатын. Тіпті сол брифингте басшы жергілікті кадрлардың тапшы екенін де жасырмады. Ал бұған аудан халқының өз айтары бар. Тіпті әкіміне сәлемдеме жолдағандары да табылды. 

Есімін айтқысы келмеген Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны халық жұмыссыздықтың салдарынан көше кезіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Өзі орталықтағы дүкендердің бірінде сауда жасап, нәпақасын тауып жүр екен. «Бала-шағаны бағу керек. Саудаға шықпасам тағы болмайды. Мәселен, бізде орташа жалақы 30-40 мың теңге десек, оның 20 мыңдайы коммуналдық төлемдерге кетеді. Соның ішінде көгілдір отынға алынатын төлем жыл басынан бері шамамен 29 теңге болды. Оған дейін 19, кейін 22 теңге болатын. Өткен айда тек газдың өзіне 16 мың теңгеден астам ақша төледім. Сенбесеңіз, міне», – деп қолындағы түбіртегін де көрсетті. «Әкіміміздің бар екенін білеміз. Бірақ, жұмысын айта алмаймын. Керек десеңіз, аудан әкімі кім екенін білмеймін. Халықпен кездессе, кездесіп те жатқан шығар. Бірақ, өзім есеп туралы хабарсызбын. Тұрғындармен ашық тілдесуге шақырса, барар едім»,-дейді ол. 

Жұмыссыздық мәселесі осы ауылдың Фатима есімді тұрғынын да мазалайды. «Мен өзім оралманмын. Қазақстанға қоныс аударғаныма екі жыл болды. Үлкен ұлым мүгедек. Уақыты келгенде зейнеткерлікке қалай шығамын деп ойлап отырмын. Ташкентте 20 жылдай медицина саласында жұмыс істедім. Тәжірибем бар. Ал ауданда кәсіби мамандығым бойынша жұмыс жоқ. Жұмыспен қамту орталығының табалдырығын талай тоздырдым. Нәтижесіз»,-деді Түлкібасқа қоныс аударған қандасымыз. 

Қарақалпақстаннан Түлкібасқа тоғыз жыл бұрын көшіп келген Райхан апа (есімі өзгертілді) жергілікті биліктен шындық іздеп жүр. Оның сөзіне сенсек, көпбалалы келіні мемлекет тарапынан берілетін көмекті толықтай ала алмай отыр. «Бұл мәселемен келінім жауапты мекемеге барған. Ондағылар «оралмансың» деп намысына тиіпті. Айта берсем, сөз көп. Әділдік жоқ бізде» деп шырылдады сауда арқылы күнін көріп жүрген тұрғын. Райхан апа ауданда су, жарық, көгілдір отын секілді инфрақұрылым мәселелері шешімін тапқанын жасырмайды. Бірақ, ауданға басшылық ететін азаматты мүлдем танымайды. «Жұмыс болғанда жақсы болар еді. Сауданы да тастар едім. Сауда бүгін бар, ертең жоқ. Бізге өндіріс орны керек. Өзімнің мамандығым – технолог. Кім өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейді дейсіз?» - деп сөзін аяқтады ол. Айта кетерлігі, Т.Рысқұлов ауылындағы базарға барар көшенің ойдым-ойдымы шығыпты. Бұл да халықтың ығырын шығарған мәселелердің бірі. 

Дауан ауылының зейнет жасындағы тұрғыны Рашида әжей де жұмыссыздық өршіп тұрғанын жеткізді. «Төрт қыз, үш ұлдың анасымын» – деп сөзін бастаған ол бір зейнетақыға қарап отыр екен. «Ұлымның бірі жұмыс іздеп Сайрам ауданына кетті. Отбасымен сонда тұрады. Кейінгісі аудан орталығында. Жақында ғана қара жұмысшы болып жұмысқа тұрды. Алты баланың әкесі. Басында баспанасы жоқ. Келінім де жұмыссыз. Аяғы ауыр. Өткенде ғана келінім екі күн аш жатқандарын айтты», – дейді әжей мұңлы үнмен. Кіші ұлы өзімен бірге. Ол да жұмыссыз. Тек жаздыгүні үй сылап табыс табады екен. 

Бұрынғы Корниловка, қазіргі Жас-кешу ауылының тұрғындары да екі қолға бір күрек таппай жүр. Астында көлігі барлар аудан орталығы мен ауыл арасында жолаушы тасымалдап күн көреді. «Күніне табатын табысымыз 1000 теңге. Кейде ол да болмай қалады. Көлік бұзылып, оны екі-үш күн жөндеп жүргенде нәпақадан айырылып қаламыз. Жолаушы тасымалдап жүргеніме бір жыл болды. Оған дейін тұрақты жұмысым болатын. Қысқарту болып, жұмыссыз қалдым. Ал қазір барлық жерде жұмыс жоқ. Бала-шағамды асырау үшін қандай жұмыс болсын, баратын едім. Әйелім де жұмыссыз. Жұмысқа орналастыру үшін қомақты «ставкасын» беруің керек. Ондай ақша менде жоқ», – деп Абай есімді азамат шынын айтты. Ол да аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиевті танымайтын болып шықты. 

Түлкібастық тұрғындармен кездескендегі естігеніміз – жұмыссыздық. Тек Азаттық ауылының Раушан есімді тұрғыны ғана бүгінгі күніне шүкіршілік етеді. «Үйдің жанындағы сүт шығаратын өндіріс орнында жүргізуші болып жұмыс істеймін. Аудан орталығында құбыр шығаратын зауыт бар. Ауылдың біраз тұрғыны сонда жұмыс істейді. Жолдарымыз жақсы, бірақ мектепке баратын ішкі жолдардың тозығы жеткен. Үлкендер мейілі, кішкентай балалардан обал. Жаңбырлы күндері батпаққа батып, қиналып жүр» деген Раушан аудан әкімі қолынан келгеннің барын жасап-ақ жатыр деді. Өзі еңбек ететін өндіріс орнының ашылуында әкімді жүзбе-жүз көрген де екен. «Жұмыстағы адам болған соң одан кейін көргенім жоқ. Халықпен кездесіп жатқанын естимін» – деді.

Айтпақшы, жыл соңына қарай 48 жасқа толатын Қайрат Аманкелдіұлын жұрт өзге әкімдермен салыстырғанда жағдайы «нашарлау» басшы ретінде таниды. Неге дейсіз бе? Осыдан төрт жыл бұрын облысқа қарасты аудан, қалалардың басшылары табысын жариялаған еді. Сонда Түлкібастың әкімі меншігінде автокөліктер мен екі үйі бар екенін айтқан. Білетіндер бір үйінің құрылысы әлі бітпегенін сөз еткен еді. Үй салу демекші, Әбдуәлиев мырза бұл баспанасының құрылысына қатысты пікір де білдіргені есімізде. «Шымкенттен бір үйдің құрылысын бастағаныма бірнеше жыл болғанымен, жұмыс қазір тоқтап тұр. Жобасын амалсыз өзгерттім... Басқа табыс болмаған соң солай екені рас. 195 мың теңге жалақым бар» деп, әкім қайбір жылы ағынан жарылған. Өз үйі болғандықтан мемлекеттен берілетін қызметтік баспанадан бас тартқаны да бар. 

«Біз арық сөйлеп, семіз шыққанды ұнатамыз» деп қызметке кіріскенде елді елең еткізген басшы «пиар-ходқа» онша жоқтау секілді. Басқа әріптестері жоқтан бар жасап, тіпті кітапханаға барса да қасына «пиарщиктерін» ертіп жүр. Бұл әкімнің бойынан мұндайды байқамадық.

Қысқасы, ауданға жасаған сапарымыздан түйгеніміз осы болды. Әрине, жергілікті билік барлық тұрғынға бірдей жұмыс тауып бере алмасы анық. Дегенмен есебін тапса, шешілмейтін түйін жоқ емес пе? Бәрінен бұрын, алты жылға жуық бір ауданды басқарып отырған әкімді халқының онша танымайтыны таңданысымызды туғызды. 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter