Бесінші қабаттағылар суды даладан тасып ішеді немесе «Әкім болып қайта тағайындалған соң айнып жүр»
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Бесінші қабаттағылар суды даладан тасып ішеді немесе «Әкім болып қайта тағайындалған соң айнып жүр»

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Бүгінгі айдардың кейіпкері – рухани астанамыз Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.

Әліпбек Шәріпбекұлы киелі өңір үшін жат адам емес. Осы өлкенің тумасы. 55 жастағы Өсербаев мырза әкімдік «креслоға» екінші рет қайта тағайындалған басшы. Оған дейін де талай мемлекеттік қызметтің басында жүрген. Бір қызығы, әкім отыз жылға жуық Түркістаннан алыстап кетпеген. «Өскен жеріме тереңінен еңбегім сіңсін» деді ме, әйтеуір Түркістандағы қызметін 1986 жылы Түркістан қаласының құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинатында уақытша зертхана инженері ретінде бастаған ол 2019 жылы қала әкімінің орынбасары болып тағайындалады. 2012 жылға өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, сол жылы әкімдік лауазымға көтеріледі. Бірақ, бұл жауапты міндет көпке созылмайды. 2013 жылы қызметі төмендеп, қайтадан қала басшысының орынбасары болып жүрді. Кейін облыс орталығы Шымкентке келіп, облыстық басқармалардың бірінде басшы болды. 2014 жылдың қыркүйегінде Түркістанға қайта барды. 

Киелі мекенге жиі ат басын бұратынымыз рас. Соған қарамастан облыс орталығында жүріп те жұртшылық Әліпбек Шәріпбекұлын іскер әрі жерлестеріне жаны ашитын басшы деп қабылдайды дегенді жиі еститінбіз. Жұрттан естігеннің жөні бөлек, көзбен көргенге не жетсін. Осы ойдың жетегінде түркістандықтардың өздерімен әңгімелесуді құп көріп, киелі мекенге жол тарттық. Расымен де, Өсербаев мырзаның жерлестері алдында абыройы жоқ емес екен. Жүзбе-жүз көргені, көрмегені бар, әйтеуір әкімдеріне шаң жуытпай мақтап шықты. Тарқатып айтар болсақ, өзін Захра деп таныстырған келіншек – Бірлік ауылының тұрғыны. Қала әкімі қолынан келгенше жұмыс жасап жатыр деген ол, басшыға айтар уәжі де барын жасырмады. Айтуынша, су, жарық секілді әлеуметтік проблемалар шешімін тапқан. Тек жұмыссыздық мәселесінің күрделенуі жергілікті тұрғындардың Түркістанды тас-тап, Астана секілді алыс-жақын қалаларға бас сауғалауымен жалғасып жатыр екен. «Бізде сол жұмыссыздық жағы проблема болып тұр. Өзімнің жолдасым, туыстарым жұмыс іздеп, Астанаға кетті. Қазір ол жақта да жұмыс табылмай жатқан көрінеді. ЭКСПО-ның құрылысы енді басталады дейді ғой. Әзірге күйеуім сонда. Әне-міне жұмыс басталып қалар»,-деді бірліктік келіншек. Жолдасы жырақта жүрген тұрғынның сөзін «Қуаныш» базарында сауда жасап тұрған Дәуренде де қуаттай кетті. Оның сөзіне сенсек, ауылда жұмыссыздықтан бөлек, ойдым-ойдымы шыққан жол халықты әбден шаршатқан. Сондай-ақ, «жарық қуаты тым әлсіз» деген ол, әсіресе кешкі уақытта өлеусіреген болымсыз жарық көзді ауыртып бітті дейді. «Әрине, қаншама үй сол ескі трансформатор арқылы жарық алып отыр. Кешкі уақытта бәрі электр плиталарын қосады. Сол кезде электр сәулесі тым «әлсіз» болады. Соның шешімі қашан болады екен?» деген тұрғын қала әкімінің жұмысына баға бермек түгілі, кім екенін де білмейтінін жасырмады. «Әкімді танымаймын. Кім екенін де білмеймін. Жұмысын көрген жоқпын, айта алмаймын» деп қысқа қайырды. 

Қаланың «Сауран» шағын-ауданындағы (жұртшылық «Хлопзавод» деп атап кеткен) жаңа құрылыс аумағының Қанат есімді тұрғыны да әкімнің атқарып отырған жұмысында шаруасы жоқ екенін ашып айтты. «Біз қарапайым адамдармыз ғой. Саясатта жұмысымыз жоқ» деп әңгімесін бастаған ол ішкі орам жолдардың жөнделмегенің, халық есік алдынан өздері құдық қазып, соның суын ішіп отырғанын алға тартты. Көгілдір отын кезегі саурандықтарға енді келіп жетіпті. Қала басшысы Әліпбек Өсербаев туралы жаңа құрылыс аумағының тұрғыны былай деді: 

- Әкіміміз екінші рет тағайындалды ғой. Алғашында келгенде жап-жақсы-ақ жұмыс жасады. Жолдар жөнделіп дегендей. Әліпбек – тұрғылықты жердің азаматы. Орнынан кетіп, қайтып келгеннен кейін жұмысы көрінбей қалды. Негізі билік халықпен санаспайды ғой. Есеп берсе, белгілі ардагерлерді, ақсақалдарды шақырады. Бізде несі бар? Ал басқасынан хабарым жоқ. Өзіме ел тыныш болса, басқа проблема жоқ. Бала-шағам қасымда, шүкір. Біздікі жаңа құрылыс болғаннан кейін проблемалар оңай шешілмей жатқан шығар,-деді түркістандық азамат. 

Орталықтағы «Қуаныш» базары арқылы нәпақасын тауып отырған саудагер келіншектердің (белгілі себептермен есімдерін айтудан бас тартты) айтуынша, халық жетіскенінен базар жағалап жүрген жоқ. Нәпақаны осы саудадан тауып отырмыз деген олар Түркістанда жұмыссыздық белең алып отырғанына алаңдаушылық танытты. Сондай-ақ, мұнда көгілдір отын мен ауыз су мәселесін шешіп беретін басшыға жарымадық дейді. «Мен Тұранда тұрамын. Газ жоқ. Күн жылығанда су уақытпен беріледі. Есіктің алдына көшет еге алмаймыз. Еткен еңбегіміз текке кетіп, судың тапшылығынан қурап қалады кейде» деген аяқ киім сатушысы қала әкімін жүзбе-жүз көрмесе де теледидар арқылы атқарып жатқан жұмыстарынан хабардар екенін жасырмады. Сонымен қатар ол Өсербаев Түркістанды дамытып, өркендетіп жатыр деген жылы пікірін де айтып қалды. Оған дәлел ретінде қалаға кірген бойда көшелер түгел жарықтандырылып, аллеяның бой көтергенін жеткізді. 

Бекзат Саттарханов шағынауданы халқының мұңы – жол жайы болса, Бабақорған ауылындағылар көгілдір отынды қанша армандаса да, жуық арада қол жете қоймайтынын ашына айтып отыр. «Біздің өтінішімізге кім жауап бере қояр дерсің? Сұрамадық ешкімнен. Көмір жағып отырмыз. Есігіміздің алдынан құдық қазып алғанбыз. Соның суып ішеміз»-деді Күлайша апай. Қалада тұрса да, үйін от жағып жылыту, құдық суын ішу – түркістандықтар үшін қалыпты дүниеге айналғаны көрініп тұр. Ал көшеде – 21 ғасыр. 

«Әндіжанда апам бар, менен де өткен сорақы» демекші, көрмегеніміз алда екен. «Сауран» шағынауданындағы бұрынғы жатақхананың жағдайы тіптен мүшкіл. Тұрғындардың кейбірі бұл ауданды бірінші шағынаудан деп атап кеткен. Нөмірі 14 Б бес қабатты үйде ауыз су жүйесі жүргізілмеген. Халық ауладағы краннан суды тасып ішеді. Әрине, бұл төменгі қабаттағылар үшін аса қиындық туғыза қоймас. Бірақ, 4-5 қабаттағылар нағыз тауқыметті тартып отыр. Аталған үйдің Гүлнәр есімді тұрғыны «Төртінші қабатта тұрамын. Суды қыздарым тасиды. Денсаулықтары жоқ...» деп шағымын айтты. Сусыз отырған әйел жылу жүйесі болмағандықтан ел көмір жағып отырғанын да жасырмады. Ол ол ма, «қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көресің» демекші, жұртшылық дәрет сындыру үшін үйдің артында орналасқан дәретханаға барып жүр екен. Себебі, мұндағы пәтерлерде дәретхана деген қарастырылмаған. Осы ретте «неліктен?» деген заңды сұрақ туады. Тұрғындардың айтуынша, бұл үй кезінде техникалық училищенің жатақханасы болғанға ұқсайды. Кейін бұл мекенді тұрғындар жалға алып тұрған. Уақыт өте өз меншіктеріне аударып алыпты. Қанша жылдан бері күрделі жөндеу түгілі, ағымдағы жөндеуден өтпеген, құлаудың сәл-ақ алдында тұрған бұл үйді жергілікті билік жөндеуден өткізуден ашық бас тартқан. Халықтың сөзіне сенсек, әкімдік қызметкерлері «үйдің сыртын жөндеуден өткізіңдер, сосын басқа проблеманы шешудің жолын қарастырып көреміз» депті. Көрдіңіз бе, уәде бермеген, тек «қарастырамыз» деп оңай құтылған. Ал енді ойланып қараңызшы, түннің бір уағында сыртқа шығатын тұрғын онсыз да криминалдық ахуалы мәз емес Түркістанда оқыс оқиғаға тап болмасына кім кепіл? Әрине, Алла сақтасын, бірақ алда-жалда жан түршігерлік бір жағдай болса, әкімдіктегілер жоғары жақтағыларға қалай жауап берер екен? Бәлкім, бұл үй жекенің меншігінде болған соң, мемлекет қазынасын мұндай ұсақ-түйекке жұмсауға болмайтын да шығар. Бірақ, «көп түкірсе – көл» демекші, қалталылар бас қосып, бір үйдің проблемасының оң шешілуіне ат салысса, қарапайым жұртшылықтың алғысын арқалап жүрмес пе еді... 

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter