Полатов және Отырар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Полатов және Отырар

  • Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысының батысында орналасқан Отырар ауданы 1935 жылы құрылған. Аудан орталығы – Шәуілдір ауылы. 2013 жылдың 28 шілдесінен бері ауданға Салыхан Полатов басшылық етеді.

Салыхан Сабырұлы 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округінде өмірге келген. Алла бұйыртса бірер күннен соң 57 жасқа толады. Полатов мырза Отырарға әкім болып тағайындалғанында жергілікті жұртшылық алдыңғы әкім Бейбіт Сыздықовтың жасап кеткен жақсы істерін бүлдірмей кетсе игі еді деген көрінеді. Жә, одан бері екі жылдан аса уақыт өтті. Бұл жылдар ішінде Салыхан мырза қол қусырып отырмады. Ауданның әлеуетін тіктеу үшін аттың терін құрғатқан жоқ. Жұмыс істемесе әлдеқашан сынның астында қалып, орнынан құстай ұшуы тиіс еді ғой. 

Апта басында отырарлықтардың тұрмыс-тіршілігін көріп қайтпақ ниетпен ауданға жол тарттық. Шымкенттен таксиге отырып, жол бойы көлік жүргізушісімен әңгіме-дүкен құрдық. Жасы 40-тан асқан ер кісі Отырар ауданының тұрғыны болмай шықты. Шымкентте тұрады екен. Отырардан көшіп кеткеніне 20 жыл болыпты. Сол себепті ауданның тіршілігі туралы кесіп ешнәрсе айта алмады. Дәл осы сәтте ортаға көліктің алдыңғы орындығында отырған жасы 60-тан асқан қария қосылды. Өзін «Бәке» деп таныстырған ақсақал Полатовтың өте жуас екенін тілге тиек етті. Адамгершілігін де атап өтті. Оған мысал ретінде мына бір жағдайды есіне алды. «Кейде ауыл адамдары болып бір жерге барамыз немесе бірге тамақтануға тура келіп қалады. Кейбір басшылар өзгенің есебінен жүріп үйреніп қалған ғой. Әкім Салыхан ондай емес. Жұртпен бірге қалтасынан ақшасын шығарып жүреді. Кейде «Бәке, қолыңыз бос болса, жұмыстармен Астанаға барып қайтсақ» деп біз сияқты қариялармен санасып отырады. Негізі әкіміміз өте мәдениетті адам. Ашуланып жүргенін көрмейсің. Жұмыс істеп жатыр. Бұған дейінгі әкім Бейбіт Сыздықов секілді тез шешім қабылдамайтын шығар. Иә, Бейбіт топалаңын шығарып, атқарған жұмысын ел әлі мақтанышпен еске алып жүр», - деп көсілді жолаушы қария. Бұған дейін облыстағы өзге аудан, қала тұрғындарының басшыларына деген мұндай жылы лебізін естімеп едік. 

Сонымен не керек, Отырар ауданына да келіп жеттік. Аудан орталығы Шәуілдір жұртшылығы арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқан адамдардың барлығы бірдей шәуілдірлік емес, бірақ осы ауданның тумалары. Шаруаларымен алыс-жақын ауылдардан арнайы келгендері де бар. Солардың бірі - Ақтөбе ауылының тұрғыны Бақыт есімді келіншек. Екі баланың анасы балабақшада еңбек етеді. Өзі тұратын ауылда шағымданатындай проблема жоқ дейді. Тек көгілдір отын мәселесі тезірек шешілсе деген тілегі бар. Бірақ, жас ана аудан әкімін танимын дегенімен, аты-жөнін айтып бере алмады. «Енді біз аудан орталығынан шалғайда жатырмыз ғой. Орталықта не болып жатқанынан хабарымыз жоқ» деп жылы жауып қойғысы келді. Ал Ескі Шілік ауылының тұрғындары әлі күнге дейін ауыз суға жарымай отыр. Негізінде ауылға су келген. Бірақ, тұрғындар сапасы нашар дегенді айтуда. Яғни, ішуге жарамсыз. Тұрғындар бұл мәселе былтырғы жылдың соңында көтерілгенін, жергілікті билік хабардар болғанын алға тартты. Ал Көксарай ауылының жастары екі қолға бір күрек таппай әлек. Тіпті бізбен тілдескенінде «сіздерде бос жұмыс орындары жоқ па?» деп өтініштерін де айтып үлгерді. 

Туризм саласын дамытып, одан қомақты табыс табуға қолайлы Отырарда келім-кетім адам көп екені белгілі. Арыстан баб кесенесіне келіп-кетушілерді айтпағанның өзінде Шәуілдірдегі мемлекеттік археологиялық қорық мұражайы да келуші туристерді өзіндік жәдігерлерімен қызықтыратыны сөзсіз. Айтпақшы, Отырарға жасаған сапарымызда әлгі мұражай ішіне кіре алмадық. Себеп – жөндеу жұмыстары. Тұрғындар бұл жайттан хабардар екен. Әйтпесе кей аймақтарда «сен тимесең, мен тиме» деп өз ортасында, өз ауылында болып жатқан оқиғалардан бейхабар тұрғындарды да көрдік емес пе? 

Отырарлықтар, әсіресе орталық тұрғындары Шәуілдірдің тазалығына қатты алаңдайды. Айтуларынша, Шәуілдірде санитарлық жағдай, көгалдандыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. «Шынымды айтсам, өзге қалалардан туыс, дос-жарандарымыз киелі Отырардың тарихымен танысқысы келеді кейде. Бірақ, орталық деген Шәуілдіріміздің кейпі мынау. Әкімдік көгалдандыру бойынша жұмыс жасап-ақ жатыр. Жыл сайын көшет отырғызады. Бірақ, бір жыл өтпей отырғызған ағаштары қурап, оған кеткен есіл ақша желге ұшып жатыр. Егер еккен көшетін қадағаламайтын болса, несіне жыл сайын еге береді екен?», - дейді жасы отыздан асқан Мереке есімді келіншек. Құдайшылығын айтайық, Шәуілдірдің жері сор, сол себептен де еңбегің еш, тұзың сор болып жатады. 

Шәуілдірде ішкі орам жолдары көлігі барлары былай тұрсын, жаяу жүргіншілерді де әбден шаршатқан. Әсіресе Жібек жолы даңғылында қатар орналасқан екіқабатты №4 а,б үйінің тұрғындарын. Үй төрайымы Ақмарал есімді әйел кәріз жүйесін жүргізу үшін қазу жұмыстары күз айларында басталғанын алға тартты. «Жерді қазғалы бері, аулаға машина кіре алмайтын болды. Жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруы қиын. Жер батпақ. Жауынды күндері жүру тіптен мұңға айналады. Мұнда 16 пәтер бар. Әр үйден шыққан қоқысты санай беріңіз. Ал коммуналшылардың қоқысты соңғы рет алып кеткеніне екі айдай болды. Өйткені қоқыс жинайтын көлік ішке кіре алмайды. Оң қанатпен кіруге болатын еді. Бірақ онда үйдің бір бөлігін толығымен жергілікті азамат сатып алып, дүкен ашып қойған. Сол «Ардақ» есімді дүкен иесі көлікті өткізбейді. «Үй ескі, дарылдап келген көлік үйімді құлатып жібереді» деп айтады. Заң бойынша аула барлық тұрғынға тиесілі. Ауланы ешкім сатып ала алмайды емес пе? Бұл кісіге тіпті әкімнің де сөзі өтпейтіндей. Қоқысымыз тазаланбай, ауламыз батпақ болып отырмыз осылай», - деді үй төрайымы. 

Сондай-ақ, шәуілдірлік тұрғын Ақмарал аудан әкімінің елең еткізерлік жұмысын айтып бере алмады. «Полатов бізге әкім болып келгеннен бері бізге артезиан суы келді. Канализация құбыры жылдың соңына дейін кіреді дейді. Алайда, кіргізбей жатып топалаңы шығып жатыр», - деді 20 жылдан бері осында тұратын Ақмарал.
Шымкент пен Отырар арасында жолаушы тасымалдайтын Жандос есімді жүргізушіге «екі қойың, бір сом» секілді. Тіпті Полатов мырзаны ел ішінде қалай атайтынын да жасырып қалмады. Аудан басшысы туралы сұрағанымызда: «Аудан әкімін танымаймын. Бұрынғы әкім Бейбіт Сыздықовты танимын. Қазіргі әкім Арыстық екен деп естігенмін. Шынымды айтсам, кімнің әкім болғаны қызық емес. Бізге не керек, ел тыныш болса болғаны да»,-дейді.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.

Пікірлер  

Мақсат
-1 Мақсат 19.01.2016 14:51
Отырарлықтар әкімді Арыстың қожасы деп те атайды.))))
Жауап беру
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter