Черчилль мұсылман болған ба?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Черчилль мұсылман болған ба?

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

«Соғыс деген шын мәнінде өрескел қателіктердің каталогы» деген Уинстон Черчилль туралы ел аузында әңгіме көп. Бірі оның ұлы саясаткер екенін алға тартса, енді бірі белгілі журналист, бірі әуесқой суретші ретінде атағын аспандата атайды. Тіпті соғыс кезінде де мәдениетке қаржы қарастырып, БАҚ өкілдеріне үлкен құрметпен қарай білген оның өмірінде тағылымға толы жайттар жетерлік. Ең бастысы, Черчилль өткен ғасырдың бірінші жартысында әлемдегі ең атақты тұлғалардың бірі болатын.

Тәртібі сын көтермейтін

Уинстон Черчилль қарашаның соңғы күнінде Англияның Бленхейм сарайында дүниеге келген. Герцогтарынан мұраға қалған қожалықта туылған оның әкесі Мальборо 7-герцогының екінші ұлы, өз заманындағы белгілі саясаткер-тін. Ал оның анасы леди Рэндольф америкалық бақуатты бизнесменнің қызы болған. Мансап қуған ата-ананың ұлдарына уақыт бөлуге мүмкіндігі болмағаны айтпасақ та түсінікті шығар. Сондықтан кішкентай Черчильдің бүкіл жауапкершілігі бір жасқа толар-толмас кезінен-ақ бала бағушы Элизабет Энн Эверестке жүктелді. Ол өзінің қас-қабағына қарап қалған бағушысын ең жақын адамы санады, жақсы көрді. Сегіз жасында Сен-Джорджадағы дайындық мектебіне барған оны тәртіп бұзғаны үшін жиі жазалайтын. Денесіндегі көгерген жерлерін көріп жаны ауырған Элизабет оны Рэндольфқа айтып жүріп Брайтондағы Томсон мектебіне ауыстырғызады. Бірақ мұнда да оқу үлгерімі жоғарылағанымен, тәртібі сын көтермейтін. Осылай жүріп он екіге келгенде өкпе қабынуымен ауырған Черчилльді отбасы ақылдаса келе Хэрроуға жіберуге шешім қабылдайды. Мұнда ол он сегізінде мектеп чемпионы атанып, бір жыл өткен соң Ұлыбританиядағы ең атақты Сандхёрстегі Корольдік әскери училищесіне үшінші рет емтихан тапсырады. Осындағы даңқты жаяу әскер класын тәмамдаған соң 1895 жылы, яғни жиырма жасында 20 ақпанда кіші лейтенант шенін алған. Осы жылы ол қаңтарда әкесінен көз жазып қалса, шілдеде оның сүйікті бала бағушысы дүниеден өтеді.

Мойындау: «Бұл менің ісім емес!»

Шен алғаннан кейін-ақ Черчилль өзін әскери сала қызықтырмайтынын мойындады. Ол осы жылы анасына: «Мен неғұрлым ұзақ қызмет еткен сайын, маған қызмет ету соғұрлым көбірек ұнайды, бірақ бұл менің ісім емес екеніне соғұрлым көбірек көзім жетеді»,- деп хат жазған. Сонан соң анасының байланысуымен Кубадағы «Дейли График» газетінің әскери тілшісі ретінде жергілікті халықтың испандықтарға қарсы көтерілісін түсіндіруге жіберіліп, газетте бес мақаласын жариялады. Жұмыс барысымен біраз уақыт тұрақтаған Кубадан ол куба сигарын тарту мен түскі астан кейінгі сиеста-демалысы сынды екі дүниені бойына сіңіріп, өмірлік әдетіне айналдырды.

1896 жылы полкпен Индияға аттанған Черчилль көп оқып, көп ізденді. Офицерлік міндетіне адалдықпен қараған ол Виктория патшайымның мерейтойына орай Англияға, онан соң Калькутта мен Хайдарабадқа соғып, Үндістанда саяхаттады. Ал мұнан екі жыл өткенде Малаканд таулы аймағындағы көтерілісті басуға бағытталған экспедицияға қатысып, қатерге бас тіккен ол анасына: «Мен әлемде қандай нәрсе болмасын, батырлық атағына көбірек ұмтыламын»,- деп хат жолдаған. Бұл елден қайтқаннан кейін саясаткер Солтүстік Африкадағы британ армиясының шабуылына, Индиядағы жалпы ұлттық турнирге қатысты. Қысқа уақыт ішінде ол Англиядағы консерваторлардың митингінде бірнеше рет сөз сөйлеп, финалдық матчта жеңіске жетіп, бес жыл еңбегінен соң отставкаға шықты. 

Трансваль мен Сарғылт Республикасы Британияның ағылшын жұмысшыларына алтын жазумен сайлау құқықтарын беру туралы ұсынысын қабыл алмады. Осыдан-ақ соғыстың ұшы көріне бастаған еді. Сол кезде Черчилльге «Дейли Мейл» иелері Оңтүстік Африкаға әскери тілші боп баруға ұсыныс білдіріп, ол оған бірден келісім берді. Осылай өз мамандығына көңілі толмаған ол жастық шағын журналистік зерттеу жүргізумен өткереді. Тіпті белгілі шараларда журналист ретінде бірнеше рет қазылар алқасының мүшесі де болған.

Лагерьден неге қашты?

Африкадағы соғыс кезінде, Черчилльдің өзі жазғандай, бурлар қарсыласын берілуге шақырып, «адамгершілікке тең ерлікпен» шабуылдады. Содан Черчилль Холдейн солдаттарымен бірге тұтқынға түсті. Қанша қашып кетуге тырысқанымен оны бур кавалеристтері ұстап алып, әскери тұтқындарға арналған лагерьге апарып тықты. Амалын тауып қашпақ болғанында оның серіктері Холдейн мен сержант-майор Бруки күзетшілерге тұтылып, кейіннен Черчилльді жолдастарын тастап кетті деп жазғырды. Алайда солдаттарды тыста күте-күте қажыған ол, амалсыз тауар таситын пойызбен Уитбанкқа жеткен еді. Мұнда тау-кен инженері, ағылшын Даниэл Девснап оны біраз күн шахтада жасырып, майдан шебі арқылы шекара асып кетуіне көмектескен. 

Тұтқыннан сытылып шығуы оның атағын аспандатты. Осыдан кейін ол парламентке сайлауға түсуге бірнеше рет ұсыныс алды, көптеген ұрыстарға қатысты. 26 жасында Англияға қайта оралып, өз кандидатурасын ұсынған ол инженер Девснап сынды тұлғалардың қолдауымен Қоғам палатасының мүшелігіне ең ірі туындысы «Саврола» романын өмірге әкелді. Бұл шығармадағы кейіпкерді биографтар мен әдебиеттанушылардың көбі Черчилльдің өз бейнесі деп таныстырады. Осылайша ол: «Мен егер бур болсам, майдан даласында шайқасатын едім» деген сынды сөздерімен халықтың көңіліне жол сала білді. Табанды тірлігімен біраз іс тындырған Черчилльдің лауазымы 1908 жылы Кэмпбелл-Баннерманның денсаулығы күрт нашарлағанда тағы өсті. Бұрынғы орынтақ иесі Ллойд-Джорджпен сөзі бір жерден шықпаған ол министрлікке келіп жалақының ең төменгі шегі туралы заңның бастамашысы болып, Англиядағы ең алғашқы жұмыс күнінің ұзақтығы мен еңбекақы туралы норманы белгіледі. 1910 жылы 14 ақпанда 35 жастағы Черчилль ішкі істер министрі болды. Осыдан кейін әдебиеттен алыстап, саясатқа ден қойған ол араға он үш жыл салып қайта шығармашылыққа оралды.

«...Ол істі дүркін атыстармен шешуге құмар еді, ол қан төгілгенін аңсайды»

Ол аузын айға білеп отырған басшылардың қатарынан болған жоқ. Зергерлік дүкенді тонау, теңізшілер мен порт жұмыскерлерінің, Лондондағы теміржолшылардың ереуілге шықпақшы болуы сынды келеңсіздіктерге қол ұшын созу үшін аянып қалмаған. Ал осы әрекеттер салдарынан азық-түлік жетіспеушілігі байқалғанда ызаланған ол Ллойд Джорджқа қоңырау шалып: «Мен бұл туралы кеш білдім. Әрі қарай жалғастырғандары дұрыс болар еді, осылай жер-жебірлеріне жету керек еді»,-деп ашуланды. Сонда оның ең жақын досы Чарльз Мастерман: «Уинстон өте ашулы. Ол істі дүркін атыстармен шешуге құмар еді, картаға әскерлердің қозғалу маршрутын белгілегенде масайрайды, көзіне қан толып, ызаланып бюллетендерді толтырады, қан төгілгенін аңсайды» деп жазды.

1914 жылы 3 тамызда Ұлыбритания Бірінші әлемдік соғысқа кірісіп, 28 шілдеде Австрия-Венгрия Сербияға соғыс ашты. Соның салдарынан 2500 солдат қаза тапқанда биліктегілер орны толмас ресурстар мен адам өмірлерін жоғалтқаны үшін оны айыптады. Ал 1921 жылы Черчилль Колония істері жөніндегі министр болып тағайындалып, Ағылшын-Ирландия шартына қол қойды. Осыған орай Ирландия Еркін мемлекеті құрылды. Осылай сансыз қызметтердің басын шалып, басы-қасында болған ол атақ-абыройдан құралақан қалған жоқ.

Оны сан ажалдан құтқарған кім?

Өмірде жолы болғыш адам саналған Черчилльде көрегендік қасиет болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үш министрмен кешкі ас ішіп отырған ол орнынан атып тұрып, асханаға қарай тұра жүгіреді. Сөйтіп қызметкерлерінің бәріне тысқа шығуды бұйырып, қайта келіп тамағын іше береді. Кенет жау ұшағының бомбасы асхананың күл-талқанын шығарады. Оның осындай қауіпті жайттарды алдын ала сезетін қасиеті бар-тын. 

1941 жылдары болса керек, өзінің қызмет көлігіне қарай аяңдаған ол есігін ашып біраз дағдарып тұрып қалады. Сосын көліктің келесі бетінен келіп жайғасады. Жолда ол мінген мәшиненің бір бүйіріне бомба түсіп, ол ажалдан аман қалады. Бір таң қаларлығы, бомба әлгінде ол отырмақ болған бетке келіп түскен. Әйелі одан неге олай жасағанын сұрағанда: «Әлдебір дауыс маған «тоқта» деп бұйырды. Сосын көліктің келесі жағына отыруды ескертті»,-деген. Осылай ол «ішкі дауысына» құлақ асу арқылы талай өлімнен аман қалған.

«Түрік пашаларына ұқсап кетесің»

Черчилль Исламға қатты қызығушылық танытқан. Тіпті бір кездері Ислам дінін қабылдағысы келгенге ұқсайды. Кембридж университетінің ғалымы Уоррен Доктер тапқан, 1907 жылы Черчилльге ағасының әйелінің атынан жолданған хатта: «Өтінемін, Исламды қабылдама. Мен сенің Шығысқа өте қатты қызығушылығыңды байқап жүрмін, сен түрік пашаларына ұқсап кетесің», – деп жазған. Ал оған Черчиль: «Сондай болғым келеді», – деп жауап берген көрінеді. Ал, 1940 жылы ол 100 мың фунт стерлинг көлеміндегі қаражатын Лондондағы орталық мешіттің салынуына аударады.

Он бес жыл аурумен алысты...

Жетпіс бес жасында бірінші микроинсульт алған оған бес айдан соң жеке дәрігерлері «ми тамырларының қысылуы» деген диагноз қойды. Осыдан екі жыл өткенде қайтадан премьер-министр болып тағайындалғанда оның денсаулығы тағы сыр бере бастады. Бұл жолы жүректі емдегенмен араға екі жыл салып ол тағы бір инсульт алып, бірнеше ай тілден, ал бір жылдан соң денесінің сол жақ бөлігі істен шығып, сал болып қалды. Бірақ, осыған қарамастан өзінің қызметінен бас тартқан жоқ. Жетпіс тоғызында Патшайым оған лорд титулын табыстады. Осы жасында ол әдебиет жөніндегі Нобель сыйлығын иемденді. Жеңіс Эрнест Хемингуэйге емес, бұған бұйырып, Хемингуэй бұл атақты бірнеше жылдардан соң алды. Мұнан екі жыл өткенде барып, яғни сексеннен асқанында премьер-министрдің орнын босатты. Ал тоқсанға келгенінде 27 шілдеде қауымдастықтар палатасының отырысына соңғы рет қатысты.

Өлген саясаткердің «сценарийі» бойынша өткен жерлеу рәсімі

Әлем таңданысын оятқан тұлға тоқсанға келіп көз жұмды. Оның денесі Блейдондағы Әулие Мартин шіркеуінде жерленді. Әйгілі британ саясаткерінің жары Клементин Черчилль төрт қыз бен жалғыз ұлы Рэндольфты өмірге әкелген. Жазушының жерлеу рәсіміне көптеген елдерден мемлекеттік қайраткерлер қатысып, ақтық сапарға шығарып салды. Осылайша жарты ғасыр бойы Ұлыбританияның саяси аренасында үстем болған ол өмір жолын еліне қызмет етумен жүріп өтті. Оның жерлеу рәсімі де өзі жазып кеткен сценарий бойынша өткен. 

Би-би-си хабар тарату компаниясы 2002 жылы Уинстон Черчилльді тарихтағы ең ұлы британдық деп тапты.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter