Өлім бар жерде, құлпытасқа өмір бар
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Өлім бар жерде, құлпытасқа өмір бар

  • Мақпал ТӨРЕБЕК

Мәрмәрді қашап сәбиге, 

Жылайды зергер, 

Қай жерден қалай от басты? 

Мұңын да шағып айта алмай кетті-ау фәниге, 

Жасамашы аға, 

Көк тасты. 

Батырхан Сәрсенхан

Оқу мен білімді қажет етпейтін кәсіп түрлері күн санап артып келеді. Соның бірі – әлі аты да қалыптасып үлгермеген құлпытас жасау ісі. «Самал» базары маңындағы «Ескерткіштер» деген атауы бар шеберханаға бас сұққанымызда көктастардың отанына тап келгендей болдық. Құдды әрбір құлпытас бір-бір адамның ажалын тағатсыздана күтіп тұрғандай көрінеді. Алайда, біз не десек те, бұл қоғамға қажеттіліктен туындаған кәсіп.

Осынау атшаптырым ғимарат қазір Нұрғали Кеңестің меншігінде. Ешкімге бағынбайды, қарамағында өзі сияқты екі қызметкер бар. Өзін құлпытас жасаушы шебер деп таныстырған азаматтың қаржыға келгенде айтары аз болды. Яғни, құлпытастардың сомасын қалыңдығы мен ұзындығына қарай әртүрлі деп қысқа қайырды ол. Жаңа жылдан бері тапсырыс берушілер болмаған соң ба, ол кісімен емін-еркін отырып сөйлесудің сәті түсті. «Қыста осылай тапсырыс бола бермейді. Күннің суығында құлпытас қоюға да көп адам құлықты емес. Оның үстіне мазарат қала сыртында болғандықтан, күн азынап тұрады. Ал көктем мен жаз шығысымен тапсырыс берушілер де көбейеді»,-дейді ол. «Егер айлыққа жұмыс істесең қай уақытта үйге ақша келетінін біліп отырасың. Сол сияқты біз де күн ысығаннан суығанға дейін табыс табатынымызды білеміз. Ал қыста мұнда өзіңіз көріп отырғандай, өлі тыныштық». 

Ислам діні өлген адамның басына құлпытас қоюға да, әсіресе адамның бейнесін салуға оң қабақ танытпайды. Осы жөнінде шебер: «Негізі адамның суретін салуға болмайды. Оны біз жақсы білеміз. Кей кездерде бір ауыз ескертеміз, кейде өздері де сұрап жатады. Бірақ бейнесін көріп тұруымыз керек дегендер болады, оларға суретті салып береміз. Бұл біздің жұмысымыз болғандықтан, басқа жерге барыңыз деп айтпаймыз, әрине»,-дейді. Сондай-ақ, оқуды қажет етпегенімен бұл да ықтияттылық пен зейінді, сауатты қажет ететін кәсіп. Өйткені бір әріптен мүлт кетсең, суретің дұрыс шықпаса – қанша уақыт бойы еткен еңбегің еш кетеді. Оның үстіне қып-қызыл шығынға ұшырататыны тағы бар. Бірақ оның тәжірибесінде әзірге ондай қателік орын алмапты. Қазір құлпытастар сапасына қарай гранит және мәрмәр деп екіге бөлінеді. Гранитті құлпытастың құны мәрмәрдан біршама қымбатырақ болып келеді. 

Ал енді ең бағалы құлпытасты жасаған кезі, әрине, оның есінде. «Шамамен екі жылдай бұрын бір азамат 2,5 миллионға ата-анасына құлпытас жасатты. Барып орнатып бердік», – дейді шебер. Бірақ мұндай қымбат көктастарды қалтасы көтеретіндер болғанымен, ең арзан құлпытасқа қолы жетпейтіндер де бар екен. Айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын бір ауылдық жерде тұратын келіншек күйеуі қайтыс болғанын айтып, қайта-қайта көктастарды ұстап көріп кеткен. Сол жолы хабарласатынын айтып, шебердің нөмірін жазып ала кетеді. Арада біраз уақыт өтсе де, сол оқиға шебердің есінен кетпей қойыпты. Бір күні әлгі әйел хабарласып: «Аға, ең арзан көктасыңызды алып, ақшасын бөліп-бөліп төлесем бола ма?» – деп хабарласыпты. Сосын бір сауап іс жасайын деген азамат ауылға барып, қазақтың бір азаматының басына тегін көктас орнатып беріпті. 

Автовокзал маңындағы тағы бір шеберханаға бас сұқтық. Оның жұмысын бастағанына 10 жылдан асқан. 27 жасар Дидар Әлжанов 19 жасынан бастап осы кәсіппен айналысып келеді. Дидардың айтуынша, құлпытастар сапасына қарай гранит және мәрмәр деп екіге бөлінеді. Гранитті құлпытастың құны мәрмәрдан біршама қымбатырақ. Ол жасайтын құлпытастардың құны – қалыңдығы мен биіктігіне, сапасына қарай 20 000-120 000 теңге аралығында. Оған көктастарды Қытайдан, Самарқандтан тасымалдаушылар әкеліп береді. Ал дайын тасқа өрнек пен адамдардың есімін жазу, суреттерін салу – мойнында. «Мұны арнайы құралмен жасаймыз. Алдымен дайын құлпытасқа сызғышпен түзу етіп есімін жазып, суреттің нобайын сызып шығамыз. Сосын оны қашаймыз, арнайы құралмен қайта жазып шығамыз. Оқуы жоқ. Бірақ оңай да емес. Сондықтан алдын ала бір апта бұрын тапсырыс қабылдаймыз. Негізі жұмыс үш-төрт күнде бітеді», – дейді ол. Ал жазу жаздыру үшін көктастың бағасын білсеңіз жеткілікті. Өйткені атын жазып, аздаған өрнегін түсіру сол қаржының ішіндегі есепке енеді. Ал егер сурет салдыруды жөн көрсеңіз, онда құлпытастың бағасынан бөлек 10 000 теңге қаражат қоса төлейсіз. 

Жалпы, шеберханада тек қазақтардың емес, басқа ұлттардың да құлпытасы жасалады. Мұнда келетіндердің көбі, шебердің айтуынша, ауыл адамдары. Сондықтан шығар, қысы-жазы нәпақасыз қалатын күні аз. Осыдан бір-екі жыл бұрын оған ай сайын 20-25 тапсырыс түсетін болса, қазір бұл көрсеткіш 15-20 төңірегінде. Дидар мұны шеберханалардың көбейгенімен түсіндіреді. «Бірақ жасыратын несі бар, өкіметтің 50-60 мың айлығынан әлдеқайда жақсы»,-деп ағынан жарылды. Ақшасын алған соң оның сұрауы да болатыны белгілі. «Біздің өнімге қажеттілік қуанышта емес, қайғыда туады. Жақынынан айырылған жан алдыңа келгенде, артық сөз айтпай, көңіліне қаяу салмауға тырысасың. Әрине, оған ештеңе жаға қоймайтыны түсінікті. Сонысымен ауыр, қиын. Содан шығар, көбі әйтеуір бір ескерту айтып кетіп жатады. Оған түсіністікпен қарауға тырысамыз, әрине. Осыдан біраз уақыт бұрын бір әйел қайтыс болған қызының суретін салдырды. Сурет қолына ұстап тұрған суреттен айнымайды. Бірақ ол кісіге ұнаған жоқ. Кейін балалары келді, олар да ұқсап тұрғанын айтқанымен, әлгі кісінің көңілінен шықпады. Сосын болмай кеткесін көшедегі адамдарды алып келіп сұрадық. Сонымен құлпытас осы жерде бір апта тұрды. Кейін келіп, кешірім сұрап алып кетті. Ол бояулы суретте тірі адам сияқты болғанмен, көктаста олай шықпайды ғой», – деді азамат. 

Құлпытас жасау да оңай шаруа еместігін түсіндік. Алайда ол бізде күні кеше пайда болған кәсіп пе? Зерттеушілердің мәліметінше, ежелгі шумер, Мысыр, этрустар заманында құлпытастар адам мүсінінде жасалған. Яғни адамның мүсінін қашап, оны мәйітпен бірге қоятын болған. Бұл үрдіс бертін келе ғұн, түрік қағандығы, қыпшақ, түркештердің кезінде айрықша дамыды. Мұның астарында халқымыздың ата-баба әруағын ардақтайтын әдет-ғұрпының бары белгілі. Ал тарихқа көз жүгіртсек, Иоллық тегін әкесі Білге қағанға арнап балбалтастардан ескерткіш қалдырғанын білеміз. Ол 750-ге жуық балбал тастар орнатқан. Ал ғалым Әлкей Марғұлан Қарқаралы, Баянауыл өңірлерінде 350-ден астам балбал тастардың болғанын дәлелдеген. Ғалымдардың зерттеуінше, балбалдар өлген кісінің беделі мен абыройын білдірген. Олай болса бүгіндегі көктас, құлпытастар да сол балбал тастардан қалған дүниелер болса керек-ті.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

Error: No articles to display

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

  

E-mail: [email protected]

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter