Қауқары жоқ кәсіподақтардан не пайда?
GK Game News - шаблон joomla Продвижение
Айдарлар
Menu

 Кіру / Тіркелу

Қауқары жоқ кәсіподақтардан не пайда?

Қауқары жоқ кәсіподақтардан не пайда?
  • Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Біздегі жиі қозғалатын мәселе ретінде қарапайым жұмысшылардың құқығын айтуға болады. Редакцияға арызданып келетіндер де көбіне осы тақырыпты қозғайды. Бірі еңбек демалысы дұрыс есептелмей жатқанын сөз етсе, енді бірі күні-түні жұмысқа жегіліп жүргенін, бірақ жалақысының соған лайық болмай жатқанын айтады. Тағы бірі біраз жылдан бері ақылы еңбек демалысын алмағанын айтып, мұң шағады. Ал, әйелдер үшін «декреттен» кейін өзінің бұрынғы жұмыс орнын таппай қалу - қалыпты жағдай.

Міне, осындай кезде әділдік іздеген адам ең алдымен сол ұжымның кәсіподақ ұйымына шағымдануы керек. Бірақ, несін жасырамыз, бізде құқығы тапталған қызметкерлер кәсіподақтан «аттап», тіке құзырлы органдардың алдынан бір-ақ шығады. Ал, жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қарым-қатынастың қалыпты болуын, заңға қайшы әрекеттерге жол берілмеуін қадағалауға тиіс кәсіподақ көбіне назардан тыс қалып жатады. Осылайша бар-жоғы біліне бермейтін ұйымның жұмысы ұжымдағы мереке-мейрамды ұйымдастырумен ғана шектеліп қалады. Шын мәнінде кәсіподақ – еңбекшілердің құқығын, мүддесін жан-жақты қарастырып, керек болса, сотта да қорғайтын ұйым. Кәсіподақтар үкіметтің заңнамалық және қаржылық саясатына ықпал етіп, Халықаралық еңбек ұйымының кеңесін қолдана, пайдалана білетін жұмыскерлердің өкілетті органы болуы керек.

Кәрі тарихқа көз жүгіртсеңіз, қай заманда да жұмыс берушілер кәсіподаққа қырын қарағанын байқауға болады. Тіпті жұмыс-шылар одағына мүше болған жандарды қылмыскер санап, ондай ұйым құруға қарсы болып, қарадүрсін әрекетке барған елдер де бар. Басқасын былай қойғанда, өзін «демократияның атасы» деп атайтын Англияда 1799-1800 жылдары жұмысшылардың жиналысын заңсыз деп таныған, шеру өткізуге тыйым салған заңнамалық ережелер болды. Әрине, оның бәрі де қоғамның дамуын тоқтата алмады, керісінше, жұмысшыларды өз құқығын қорғау жолында біріктіре түсті. Соның арқасында 1824 жылы Англияда жұмысшыларға қарсы заңнамалар күшін жойып, іс жүзінде кәсіподақтар өмірге жолдама алды.

Осы тұста «тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болған Қазақстанда заман талабына жауап бере алатындай кәсіподақ құрылды ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Рас, жұмысшылар одағы жайлы сөз қозғала қалса, Әбілғазы Құсайынов төрағалық ететін ҚР Кәсіподақтар федерациясы еске түседі. Алты жүзден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар, оларға үш миллионға жуық адам мүше болғанын ескерсек, еліміздегі іргелі ұйым ретінде айтуға әбден лайық. Сондай-ақ, жоғарыдағы мақсатты көздеп жұмыс істейтін Мұрат Мәшкеновтың «Қазақстан еңбек конфедерациясы» мен Лариса Харькованың «Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтары» ұйымдары да ірілігі жағынан ешкімнен кем түспейді. Бірақ жұмыс көрсеткіші қандай? Қарапайым жұмысшының құқығын қорғап жүр ме? Егер аталмыш ұйымдар шын мәнінде ұжымдағы теңдік пен әділеттілікті қалыптастыруға қауқарлы болса, басшы мен қосшының айлығындағы айырмашылық жер мен көктей болмаған болар еді. Қап арқалап жүретін қарапайым жұмысшысы 20-30 мың теңгенің айлығын әрең алып жүргенде 3,5 мың доллар жалақыны місе тұтпай, өзіне қайта-қайта сыйақы жаздырып алатын «Поштабайдың» әрекеті сөзімізге айқын дәлел. Күні кеше «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен істі болған «Шымкентсыра» зауытының басшысы Тоқтар Төлешов те қолда барда қоныштан басып, айына екі миллион жалақы алғаны аздай тумаластарын да жұмысшы ретінде тіркеп қойып, айлық аудартып отырғаны айтылды. Біз сөз етіп отырған ұйымдар қолданыстағы заңды негізге алып, жұмысшы құқығын лайықты деңгейде қорғай білсе, басшылар да мұндай бассыздықтарға бармаған болар еді.

Жалпы, жұмыс барысындағы әділетсіздіктердің ақыры негізінен наразылық шерулеріне ұласып жатады. Тағы да тарихқа жүгінетін болсақ, 1989 жылы Польшада құрылған кәсіподақтың «Солидарность» атаулы ұйымы бүкіл елді аяғынан тік тұрғызғаны бар. Сол кәсіподақ үкіметті кетіріп қана қоймай, қоғамдық формацияның құлауына, өзгеруіне, ал, бұл оқиға түптің түбінде бүкіл Шығыс Еуропадағы коммунистік қоғамның құлауына себепкер болды. Өйткені, «Солидарность» шынайылыққа арқа сүйеді. Оны орта білімді, жай ғана электрик басқарды. Ақырында сол электрик ел президенті болып сайланды!

Жұмысшылардың ереуілі жайлы айтыла бастаса, есімізге 2011 жылы желтоқсанда орын алған Жаңаөзендегі жағдай оралады. Рас, Жаңаөзендегі жағдайға дейін еліміздің әр түкпірінде жұмысшылардың наразылық акциялары қылаң беріп тұрды. Бірақ оны тыңдайтын билік те, билік пен халықты ашық диалогқа шақырған кәсіподақ та болмады. Ресми дерек сол жылдары жұмысшылардың 50-ге жуық наразылық акциясы өткенін айтады. Ақыры ұзақ мерзімге созылған Жаңаөзен ереуілінің соңы қаншама адамның қан төгуіне апарып соқты. Бұл біздегі кәсіподақ атты жұмысшылар одағының жоқтығын, дұрысы, өз деңгейінде жұмыс істемегенін айқындап берді. Есесіне қазақ қазаққа қару кезенді деген қаралы сөз халқымыздың сүйегіне қара дақ болып таңбаланып қалды. Өз кезегінде билік те қарап қалмай, бұл қырғыннан соң Қылмыстық кодекске «Егер еңбек қақтығысы наразылық акциясына ұласса, онда кәсіподақ серкелері мен жұмыс берушілер темір торға түсуі мүмкін» деген өзгеріс енгізді. Айтпақшы, осыдан кейін біздегі кәсіподақ туралы заңды күшейту қолға алынды. 2012 жылы қолға алынып, 2014 жылдың орта шенінде «толғағы» піскен құжат үш бірдей Еңбек министрінің қолынан өтті. Заңды жасауды Гүлшара Әбдіқалықова бастап, оны сол кездегі ең жас әрі тәжірибесіз, ел аузында «потому что» деген атқа ие болған Серік Әбденов жалғастырып, Тамара Дүйсенова аяқтап шықты. Аталмыш заңның ерекшелегі сол - шетелдік азаматтардың кәсіподақ құру құқығына шектеу қойылды. Яғни, барлығы бірдей бір ұйымның – ҚРКФ-ның монополиясын күшейтуге күш салатын болды.

Қорыта келе айтарымыз, жұмысшылардан жарна жинағанда алдарына жан салмайтын, бірақ түсініспеушілік туындаса, бұғып қалатын кәсіподақтардың қазіргі заманда құны көк тиын екенін ескерген жөн. Тек туған күн сияқты той-томалақта ғана төбе көрсетіп, санаторийлерге жолдама үлестірумен ғана шектелетін кәсіподақтар, қалай айтқанда да, бүгінгі заман талабына сай «оянуы» керек. Жұмысшылардың, еңбеккерлердің құқығын кәсіподақтай жең түріп қорғай кететін ұйым да, орган да жоқ.

© 2015 "Корреспондент" газет материалдарын қолдану үшін www.korr.kz сілтемесін көрсетуіңіз міндетті.
Наверх

Басқа бас мақалалар

БАҚ: Баян Есентаева күйеуімен ажыраспақ болған

Күйеуі сабап қана қоймай, пышақтап, пышақ жарақатын алып ауруханадан бір-ақ шыққан Баян Есентаева жолдасының көзіне шөп салған болуы мүмкін.  NewTimes.kz ақпараттық агенттігі  WhatsApp арқылы таралып ...

Korrespondent.kz Оқиғалар

Әскерде "асылып өлді" деген сарбаздың мойны үзіліп, басы жарылып, денесі тігілген болып шықты

Ақмола облысынан әскерге аттанған сарбаз үйіне табытпен оралды. Жамбыл облысы, Отардағы бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіт казарма ішінде асылып өлген. Бірақ, бұл мәйітті туған жеріне әк...

Korrespondent.kz Оқиғалар

ОҚО-да ҰБТ-дан шектік балл жинай алмаған бойжеткен өзіне қол салды

Оңтүстік Қазақстанда мектеп бітіруші түлек Аида Сапарбай өзіне қол салып, қайтыс болды.

Korrespondent.kz Оқиғалар

«Дипломмен ауылға» барғандарға не береді?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы ауыл десе ат-тонын ала қашатын жастардың қарасын азайтуға қаншалықты үлес қосуда? Қаладан шалғай орналасқан елдімекендерге жастар шынымен ауылды көркейту үшін бара ма? ...

Мақпал ТӨРЕБЕК Экономика

Кіру / Тіркелу

Копирайт

Сайт материалдарын қолдану үшін сілтеме көрсетуіңіз міндетті. Авторлық құқықтар және жарнама құқықтар толық сақталады.

Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауап береді.

  DivideGroup — сайт әзірлеуші

Байланыс телефоны:  +7 (7252) 53 08 14

E-mail: korrespondent-kz@mail.ru

Мәтінде қате көрсеңіз, тінтуірмен белгілеп
пернені басыңыз: Ctrl+Enter